Түркияның Кедендік одаққа қосылуы Кеңес Одағын құру идеясын жоққа шығарады

imagesҚазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кедендік Одаққа Түркияның қосылуын қостайды. Оның айтуынша, бұл Кедендік одақ астарында Кеңес Одағын қайта құру идеясы жатыр деген алып-қашпа әңгімелерді тыюға көмектеседі. "Түркия президенті Кеденік одаққа қосылу туралы өтінішін білдірді. Түркияны одаққа қосайық, осымен әңгіме бітеді", - деп ұсыныс жасады Н.Назарбаев. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев КО пен БЭК-тің кеңеюі барлығына бірдей ережемен жүзеге асуы қажет. Қазақстан Қырғызстан мен Арменияның сәйкес ниеттерін қолдайды, алайда олардың одаққа қосылуы келісімшартта көрсетілген талаптарға сай іске асуы керек. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық қауымдастықты (ЕурАзЭҚ) тарату қажет деп есептейді, себебі Ресей, Беларусь пен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құрғаннан кейін оның бірқатар міндеттерін қайталайтын ұйымның қажеті болмай қалады, деп хабарлайды РБК. "Бұл ұйымның бізге қажеті жоқ, оны жабу қажет, осы дұрыс", - деді Н.Назарбаев Минскіде өтіп жатқан Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес (ЖЕЭК) отырысында. ЕурАзЭҚ құрамындағы, бірақ ЕАЭО-ға қосылуға асықпай отырған Қырғызстан мен Тәжікстанды, Н.Назарбаевтың пікірінше, бақылаушы мемлекет ретінде Кедендік одақ құрамына қосуға болады, ал Армения Кеден одағының толыққанды мүшесі бола алады. Осы орайда Н.Назарбаев Кедендік одақ құрамына Түркияны қабылдау қажеттігін алға тартты. Оның пікірінше, бұл шешім Кедендік одақ аясында келмеске кеткен Кеңес одағы құрылып жатыр деген алып-қашпа әңгімеге нүкте қояр еді. Өз кезегінде Беларусь президенті Александр Лукашенко бүгінгі отырыстың ең басты мақсаты Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшарттың жобасын құру екенін еске салып өтті. "Жаңа ықпалдастық ұйымының болашағы мен оның өзге елдерге тартымдылығы біздің қабылдайтын шартымызға байланысты болады. Сондықтан біз барлығының мүддесін қамтитын құжат жасауымыз қажет. Арамызда шешілмей қалып жатқан даулы мәселелерді шешу үшін бір-бірімізді жағамыздан алып, сілкілегенше, келісілген шарттарға қайшы келмей, алға жылжу үшін бұл міндетті өзара тиімді шешімдер қабылдай отырып, мүмкін кейбір тәуекелдерге негізделе отырып, қысқа уақыттың ішінде арнайы мамандарға, үкіметтерге тапсыру керек" , - деді А.Лукашенко. Ал Ресей Президенті Владимир Путин өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта қазіргі Кеден одағымен салыстырғанда мүше-мемлекеттер ықпалдастығының әлдеқайда жаңа сапасы көрініс табуы қажет екенін алға тартты. Оның айтуынша, шартта мүше-мемлекеттер ықпалдастығының ұзақмерзімді мақсаттары қамтылуы қажет.