2040 жылға қарай су тапшылығына тап болуымыз мүмкін

voda1307Қазақстан таңдаған «жасыл экономика» жұрт­шылық­тың тұрмыс жағ­дайын көтеріп қана қой­май, болашақ үшін таби­ғи қорларды үнемді һәм ұтымды пайдалану мәселесін қаузайды. Осын­дай мәуелі миссия Қор­ша­ған ортаны қорғау министр­лігіне жүктелген-ді. Кеше мәжілісмендер алдына есеп беруге келген министр Нұрлан Қаппаров «жасыл» дамудың жайын ғана емес, елдегі экологиялық проб­лемалардың шешілу барысын да қозғады. Мәжіліске жасыл галстукпен келген министрдің жұмысы да жаман бағаланған жоқ. Елбасы айқындаған стратегия бойын­ша 2050 жылға қарай Қазақстанның энер­гия тұтынымының 50 пайызын жаңартыла­тын һәм балама қуат көздері құрауы тиіс. Бұл міндет аясында арнайы тұжырымдама қабылданып, заңнамалық тетіктер де іске қосылған. Әлемдік тәжірибелер де зерде­ле­ніп жатыр. Мәжіліс алдындағы баянда­ма­сын осы жайттан бастаған жасыл гал­стук­ті министр Нұрлан Қаппаров «жасыл» дамуда Қазақстанның өз даңғылы бола­тынын аңғартты. «Жалпы, біз жаңартыла­тын энергия секторын дамытуда басқару­сыз траекториямен кеткен жекелеген еу­ро­палық елдердің қателіктерін қайтала­май­тын боламыз. Сондықтан да өткен жолы қабылданған заң жаңартылатын эн­ергия секторын қадағалауға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, Қазақстан жаңарты­ла­тын энергетика секторы нарығына жа­ғым­ды кезеңде еніп отыр. Нарыққа бірінші болып енген Германия, Испания секілді ел­дер Еуропадағы пісіп-жетілмеген техно­ло­гия­лардың ірі салымшылары болып тұ­салып қалған еді. Ондай нысандардың құ­ны соңғы онжылдықта айтарлықтай тү­сіп кетті. Сондықтан да аталған елдердің жү­ріп өткен тәжірибелерімен салыстыра отырып, құны айтарлықтай тұрақтанған тех­нологияларды дамыту бойынша бізде таңдау мүмкіндігі баршылық», – дейді елі­міздің бас экологі. Министрдің мәліметіне сүйенсек, Қазақ­стан­да жаңартылатын эн­ер­гияны дамытуға жергілікті және халық­аралық инвесторлар тарапынан қызығу­шы­лық соңғы уақытта арта түскен. Нәти­жесінде 2011 жылдан бері Ақмола, Алма­ты, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында жалпы қуаты 16,5 МВт құрайтын су, жел, күн жә­не биогаз қуатын өндіретін эл­ектрстансы­лар салынған. Ағымдағы жыл­дың соңына дейін жалпы қуаты 9 МВт құ­райтын бірқа­тар жобалар да пайдалануға берілетінге ұқсайды. Жалпы, жаңартылатын энергия көз­дерін қолдау аясында 2020 жылға қарай қуаты 1 ГВт болатын 31 жа­ңар­ты­ла­тын қуат көзінің нысаны пайда­лануға бе­ріледі. Сегіз су бассейнінің алтауы тапшылыққа ұрынуы мүмкін Бұған дейін Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің қарамағында болған су ре­сурстарын басқару мәселесі де Қазақстан­ның күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айна­лып келе жатқан тәрізді. Айталық, 2050 жылға дейінгі стратегияға сәйкес, елімізде 2020 жылға қарай халықты, ал 2030 жыл­ға қарай ауыл шаруашылығын сумен тұ­рақ­ты қамтамасыз ету мақсаттары меже­ленген болатын. Алайда министр Нұрлан Қаппаров мырза суды тұтынудың өсу үр­дісін, «тіршілік көзін» тиімсіз пайдаланудың артып отырғанын айтып, өңірдегі су тап­шы­лығына ұрындыратын қауіптің бар еке­нін алға тартты. «Қазақстанда сегіз су бас­сейнінің алтауы 2020 жылға қарай тапшы­лыққа ұшырауы бек мүмкін. Егер су ре­сурс­тарын пайдаланудың және басқару­дың тиімділігін көтермейтін болсақ, онда 2040 жылға таман су тапшылығы арта тү­се­ді. Бұл халықты сумен қамтамасыз ету­ге де, экология жағдайына да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін», – дейді министр. Сон­дықтан да Қоршаған ортаны қорғау ведомствосы мұны қаперде ұстап, арнайы бағдарлама әзірлеуге кірісіпті. Әлгіндей бағдарлама болса, су тапшылығының ал­дын алуға да болатын көрінеді. Мәселен, министрдің мысалына сүйенсек, суды үлес­ті тұтынуды төмендету және оны тиімді пай­далану шаралары арқылы жылына ор­таша құны 15 миллиард теңгені құрай­тын 9,5 текше метр суды үнемдеуді қамта­ма­сыз етуге болатын көрінеді. Ал мұндай жетістік үшін, ең алдымен, су шаруашылы­ғы саласындағы ұлттық саясат айқын болуы шарт. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі дәл осы ұлттық саясатты анықтау үшін ве­домствоаралық кеңес құруды да сол үшін ұсынып жатқанға ұқсайды. Талқылау ба­ры­сында депутаттар дәп осы су мәселесіне қатысты дүниелерді ортаға салып, бір­қанша мәселені көтерді. Бірі ауызсу тап­шы­лығын айтса, екіншісінің су сапасына көңілі көншімейді. Ал Ро­за­құл Халмұрадов ауыл шаруашылығы са­ла­сында қордалан­ған мәселелерді уақ­ты­лы шешу қажеттігін айтады. «Ауыл шар­уашылығы саласына 1992 жылы 26 тек­ше шақырым су пай­да­ланылса, өткен жы­лы бар-жоғы 9,5 текше шақырым су жұм­салыпты. Себебі су жетіс­пейді, ал соның салдарынан миллион гек­тар­ға жуық жер айналымнан шықты», – дейді депутат Халмұрадов. Су мәселесімен ұштастыра отырып министр мырза балық шаруашылығының жай-күйін, орман мен аң шаруашылы­ғы­ның ахуалын айтты. Қалдықтарды басқару саласындағы проблемаларға да тоқталды. Министрді коммуналдық-тұрмыстық қат­ты қалдықтардың жыл сайын артып отыр­ғаны алаңдататын көрінеді. «Бүгінгі күні ел аумағындағы барлық қалдықтар қоқыс төге­тін орындарға көму үшін апары­лады. Алайда Астанадан басқа ешбір қоқыс орны көмудің санитарлық нормаларына, экологиялық стандарттарға сай емес. Қо­қыс көмілетін барлық полигонның мерзім­і өтіп кеткен. Республикада қоқыс сұ­рыптау стансыларының бірде-біреуі жұ­мыс істеп тұрған жоқ. Бұл жерлерде қайта­лама материалдық ресурстарды, сондай-ақ «жасыл» энергия мен компост өндіру үшін кәдеге жаратуға биологиялық ірігіш­тер алу мақсатында қалдықтарға терең сұ­рыптау жүргізсе де болар еді. Ақыр аяғы бізде ең құрығанда қалдықтарды бөлек жинау немесе тұрмыстық қатты қалдық­тар­ды түзілу кезінде сұрыптау жүйесі мүл­дем дамымай отыр», – деп кейіді министр Қаппаров. Ал қордаланған бұл проблема­ны қалай шешу керек? Нұрлан Жамбылұлы қалдықты басқарудың кешенді бағдарла­масы, оның ішінде өнеркәсіптік қалдықтар­ды басқару бағдарламасы әзірленіп жат­қа­нын тілге тиек етеді. «Көк жайлау» Шымбұлақтың кебін кимесе игі Жасыл галстукті министрдің мәліметте­рін тыңдап, бяндамасын талқылауға кіріс­кен­де депутаттар қоғам арасындағы бір­қа­тар өзекті мәселелерді көтерген бола­тын. Ерген Досаев Алматыда салынғалы жатқан «Көк жайлау» тау шаңғысы шипа­жайына қатысты қоғам арасындағы қай­шы пікірді еске салып, министрдің ұстаны­мын байқап көрген-ді. «Қазақстандықтар­дың алаңдайтын жөні бар-ау. Елімізде мұн­дай ғажайып орындар көп емес. Оның ішінде «Көк жайлау» тау шаңғысы курорты құрылысының экожүйеге тигізер салдары да мазалайды. Министр ретінде бұл жоба­ның орындылығын қалай бағалайсыз?» – дейді депутат Досаев. Өз кезегінде қо­ғам­ның мәселеге өткір қарауына түсіністік білдірген министр Нұрлан Қаппаров ұста­нымын былай білдірді: «Жобаның орын­ды-орынсыздығына Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жауапты. Ту­ризм­ді дамыту бағдарламасы да, жоба да солардың қолдарында тұр. Ал сол жобаға сүйенсек, «Көк жайлау» Қазақстандағы ту­ризмді дамытудың зәкіріне (якорь) ай­налмақ. Ал учаскенің таңдалуына оның экологиясы жағынан келсек, біз бұл жоба­ның барысын жіті қадағалап отырмыз. Ал­дағы уақытта да экожүйеге зақым келмеуін баса қарайтын боламыз», – дейді министр. Әлбетте, экожүйеге теріс әсерін қалдыр­май­тын экотуризмді дамыту – Қазақстан үшін әбден қажет-ақ дүние. Дегенмен жұрт­шылық арасында «Көк жайлау» ку­рор­ты Шымбұлақтың кебін киіп, қаптаған коттедждің құрсауында қалмаса деген ті­лек бар екені белгілі. Министр Қаппаров өз ұстанымын жария еткенде де осы мә­се­ле қаперде болатынын білдірді. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – «Жасыл экономика» тұжырымдама­сын­да бүгінгі және болашақ ұрпақтар мүд­десіндегі табиғи ресурстарды ұқыпты пай­далану көзделеді. Шын мәнінде, болашақ ұрпақ мүддесі мен табиғи ресурстарды ұқып­ты әрі ұтымды пайдалану үшін не істе­ліп жатыр? Бұл – өзекті мәселе. Өйткені мұ­най­ды өндіруді біз жылдан-жылға көтеріп келеміз. Мұнай министрі 2030 жыл­ға қа­рай мұ­най­ды өндіру 130 млн тоннаға же­тетінін айт­ты. Ал 2050 жылға қарай бұл 40 млн тон­наға дейін кемиді екен. Сөйтіп, бір­тін­деп азая береді. Сонда бұдан қандай ұқ­ып­тылықты көріп отырмыз?  Серікбай НҰРҒИСАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Кезінде қасіретке айналған Қызыла­ғаш су қоймасындағы жұмыс толығымен аяқталып біткен жоқ. Біз қазір үш жылдық бюд­жетті қарап жатырмыз, алайда Қызыл­ағаш суқоймасына қатысты атқарылатын шаралар онда қамтылмаған. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, егер Қызылағашқа су келіп, барлық мәселе шешілгеннің өзін­де оның төменгі тұсындағы проблемалар алдан шығуы мүмкін. Олай болатын себе­бі, кезінде қойма суы Қызылағаш ауылын тұтастай шайып кеткенде, ондағы 3000-ға тарта үй-жай мен қора-қопсының үйіндісі төменгі алқапты тұтастай басып қалған болатын. Мұның жайы қалай? Гидрожүйесі не болып жатыр? Мұндай сұрақтарға жа­уап әлі жоқ. Халық соған алаңдаулы.

Қанат Қазы, "Алаш айнасы"