2040 жылға қарай су тапшылығына тап болуымыз мүмкін

2
2920

Қазақстан таңдаған «жасыл экономика» жұрт­шылық­тың тұрмыс жағ­дайын көтеріп қана қой­май, болашақ үшін таби­ғи қорларды үнемді һәм ұтымды пайдалану мәселесін қаузайды. Осын­дай мәуелі миссия Қор­ша­ған ортаны қорғау министр­лігіне жүктелген-ді. Кеше мәжілісмендер алдына есеп беруге келген министр Нұрлан Қаппаров «жасыл» дамудың жайын ғана емес, елдегі экологиялық проб­лемалардың шешілу барысын да қозғады. Мәжіліске жасыл галстукпен келген министрдің жұмысы да жаман бағаланған жоқ.

Елбасы айқындаған стратегия бойын­ша 2050 жылға қарай Қазақстанның энер­гия тұтынымының 50 пайызын жаңартыла­тын һәм балама қуат көздері құрауы тиіс. Бұл міндет аясында арнайы тұжырымдама қабылданып, заңнамалық тетіктер де іске қосылған. Әлемдік тәжірибелер де зерде­ле­ніп жатыр. Мәжіліс алдындағы баянда­ма­сын осы жайттан бастаған жасыл гал­стук­ті министр Нұрлан Қаппаров «жасыл» дамуда Қазақстанның өз даңғылы бола­тынын аңғартты. «Жалпы, біз жаңартыла­тын энергия секторын дамытуда басқару­сыз траекториямен кеткен жекелеген еу­ро­палық елдердің қателіктерін қайтала­май­тын боламыз. Сондықтан да өткен жолы қабылданған заң жаңартылатын эн­ергия секторын қадағалауға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, Қазақстан жаңарты­ла­тын энергетика секторы нарығына жа­ғым­ды кезеңде еніп отыр. Нарыққа бірінші болып енген Германия, Испания секілді ел­дер Еуропадағы пісіп-жетілмеген техно­ло­гия­лардың ірі салымшылары болып тұ­салып қалған еді. Ондай нысандардың құ­ны соңғы онжылдықта айтарлықтай тү­сіп кетті. Сондықтан да аталған елдердің жү­ріп өткен тәжірибелерімен салыстыра отырып, құны айтарлықтай тұрақтанған тех­нологияларды дамыту бойынша бізде таңдау мүмкіндігі баршылық», – дейді елі­міздің бас экологі. Министрдің мәліметіне сүйенсек, Қазақ­стан­да жаңартылатын эн­ер­гияны дамытуға жергілікті және халық­аралық инвесторлар тарапынан қызығу­шы­лық соңғы уақытта арта түскен. Нәти­жесінде 2011 жылдан бері Ақмола, Алма­ты, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында жалпы қуаты 16,5 МВт құрайтын су, жел, күн жә­не биогаз қуатын өндіретін эл­ектрстансы­лар салынған. Ағымдағы жыл­дың соңына дейін жалпы қуаты 9 МВт құ­райтын бірқа­тар жобалар да пайдалануға берілетінге ұқсайды. Жалпы, жаңартылатын энергия көз­дерін қолдау аясында 2020 жылға қарай қуаты 1 ГВт болатын 31 жа­ңар­ты­ла­тын қуат көзінің нысаны пайда­лануға бе­ріледі.

Сегіз су бассейнінің алтауы тапшылыққа ұрынуы мүмкін

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің қарамағында болған су ре­сурстарын басқару мәселесі де Қазақстан­ның күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айна­лып келе жатқан тәрізді. Айталық, 2050 жылға дейінгі стратегияға сәйкес, елімізде 2020 жылға қарай халықты, ал 2030 жыл­ға қарай ауыл шаруашылығын сумен тұ­рақ­ты қамтамасыз ету мақсаттары меже­ленген болатын. Алайда министр Нұрлан Қаппаров мырза суды тұтынудың өсу үр­дісін, «тіршілік көзін» тиімсіз пайдаланудың артып отырғанын айтып, өңірдегі су тап­шы­лығына ұрындыратын қауіптің бар еке­нін алға тартты. «Қазақстанда сегіз су бас­сейнінің алтауы 2020 жылға қарай тапшы­лыққа ұшырауы бек мүмкін. Егер су ре­сурс­тарын пайдаланудың және басқару­дың тиімділігін көтермейтін болсақ, онда 2040 жылға таман су тапшылығы арта тү­се­ді. Бұл халықты сумен қамтамасыз ету­ге де, экология жағдайына да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін», – дейді министр. Сон­дықтан да Қоршаған ортаны қорғау ведомствосы мұны қаперде ұстап, арнайы бағдарлама әзірлеуге кірісіпті. Әлгіндей бағдарлама болса, су тапшылығының ал­дын алуға да болатын көрінеді. Мәселен, министрдің мысалына сүйенсек, суды үлес­ті тұтынуды төмендету және оны тиімді пай­далану шаралары арқылы жылына ор­таша құны 15 миллиард теңгені құрай­тын 9,5 текше метр суды үнемдеуді қамта­ма­сыз етуге болатын көрінеді. Ал мұндай жетістік үшін, ең алдымен, су шаруашылы­ғы саласындағы ұлттық саясат айқын болуы шарт. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі дәл осы ұлттық саясатты анықтау үшін ве­домствоаралық кеңес құруды да сол үшін ұсынып жатқанға ұқсайды. Талқылау ба­ры­сында депутаттар дәп осы су мәселесіне қатысты дүниелерді ортаға салып, бір­қанша мәселені көтерді. Бірі ауызсу тап­шы­лығын айтса, екіншісінің су сапасына көңілі көншімейді. Ал Ро­за­құл Халмұрадов ауыл шаруашылығы са­ла­сында қордалан­ған мәселелерді уақ­ты­лы шешу қажеттігін айтады. «Ауыл шар­уашылығы саласына 1992 жылы 26 тек­ше шақырым су пай­да­ланылса, өткен жы­лы бар-жоғы 9,5 текше шақырым су жұм­салыпты. Себебі су жетіс­пейді, ал соның салдарынан миллион гек­тар­ға жуық жер айналымнан шықты», – дейді депутат Халмұрадов.

Су мәселесімен ұштастыра отырып министр мырза балық шаруашылығының жай-күйін, орман мен аң шаруашылы­ғы­ның ахуалын айтты. Қалдықтарды басқару саласындағы проблемаларға да тоқталды. Министрді коммуналдық-тұрмыстық қат­ты қалдықтардың жыл сайын артып отыр­ғаны алаңдататын көрінеді. «Бүгінгі күні ел аумағындағы барлық қалдықтар қоқыс төге­тін орындарға көму үшін апары­лады. Алайда Астанадан басқа ешбір қоқыс орны көмудің санитарлық нормаларына, экологиялық стандарттарға сай емес. Қо­қыс көмілетін барлық полигонның мерзім­і өтіп кеткен. Республикада қоқыс сұ­рыптау стансыларының бірде-біреуі жұ­мыс істеп тұрған жоқ. Бұл жерлерде қайта­лама материалдық ресурстарды, сондай-ақ «жасыл» энергия мен компост өндіру үшін кәдеге жаратуға биологиялық ірігіш­тер алу мақсатында қалдықтарға терең сұ­рыптау жүргізсе де болар еді. Ақыр аяғы бізде ең құрығанда қалдықтарды бөлек жинау немесе тұрмыстық қатты қалдық­тар­ды түзілу кезінде сұрыптау жүйесі мүл­дем дамымай отыр», – деп кейіді министр Қаппаров. Ал қордаланған бұл проблема­ны қалай шешу керек? Нұрлан Жамбылұлы қалдықты басқарудың кешенді бағдарла­масы, оның ішінде өнеркәсіптік қалдықтар­ды басқару бағдарламасы әзірленіп жат­қа­нын тілге тиек етеді.

«Көк жайлау» Шымбұлақтың кебін кимесе игі

Жасыл галстукті министрдің мәліметте­рін тыңдап, бяндамасын талқылауға кіріс­кен­де депутаттар қоғам арасындағы бір­қа­тар өзекті мәселелерді көтерген бола­тын. Ерген Досаев Алматыда салынғалы жатқан «Көк жайлау» тау шаңғысы шипа­жайына қатысты қоғам арасындағы қай­шы пікірді еске салып, министрдің ұстаны­мын байқап көрген-ді. «Қазақстандықтар­дың алаңдайтын жөні бар-ау. Елімізде мұн­дай ғажайып орындар көп емес. Оның ішінде «Көк жайлау» тау шаңғысы курорты құрылысының экожүйеге тигізер салдары да мазалайды. Министр ретінде бұл жоба­ның орындылығын қалай бағалайсыз?» – дейді депутат Досаев. Өз кезегінде қо­ғам­ның мәселеге өткір қарауына түсіністік білдірген министр Нұрлан Қаппаров ұста­нымын былай білдірді: «Жобаның орын­ды-орынсыздығына Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жауапты. Ту­ризм­ді дамыту бағдарламасы да, жоба да солардың қолдарында тұр. Ал сол жобаға сүйенсек, «Көк жайлау» Қазақстандағы ту­ризмді дамытудың зәкіріне (якорь) ай­налмақ. Ал учаскенің таңдалуына оның экологиясы жағынан келсек, біз бұл жоба­ның барысын жіті қадағалап отырмыз. Ал­дағы уақытта да экожүйеге зақым келмеуін баса қарайтын боламыз», – дейді министр. Әлбетте, экожүйеге теріс әсерін қалдыр­май­тын экотуризмді дамыту – Қазақстан үшін әбден қажет-ақ дүние. Дегенмен жұрт­шылық арасында «Көк жайлау» ку­рор­ты Шымбұлақтың кебін киіп, қаптаған коттедждің құрсауында қалмаса деген ті­лек бар екені белгілі. Министр Қаппаров өз ұстанымын жария еткенде де осы мә­се­ле қаперде болатынын білдірді.

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– «Жасыл экономика» тұжырымдама­сын­да бүгінгі және болашақ ұрпақтар мүд­десіндегі табиғи ресурстарды ұқыпты пай­далану көзделеді. Шын мәнінде, болашақ ұрпақ мүддесі мен табиғи ресурстарды ұқып­ты әрі ұтымды пайдалану үшін не істе­ліп жатыр? Бұл – өзекті мәселе. Өйткені мұ­най­ды өндіруді біз жылдан-жылға көтеріп келеміз. Мұнай министрі 2030 жыл­ға қа­рай мұ­най­ды өндіру 130 млн тоннаға же­тетінін айт­ты. Ал 2050 жылға қарай бұл 40 млн тон­наға дейін кемиді екен. Сөйтіп, бір­тін­деп азая береді. Сонда бұдан қандай ұқ­ып­тылықты көріп отырмыз? 

Серікбай НҰРҒИСАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Кезінде қасіретке айналған Қызыла­ғаш су қоймасындағы жұмыс толығымен аяқталып біткен жоқ. Біз қазір үш жылдық бюд­жетті қарап жатырмыз, алайда Қызыл­ағаш суқоймасына қатысты атқарылатын шаралар онда қамтылмаған. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, егер Қызылағашқа су келіп, барлық мәселе шешілгеннің өзін­де оның төменгі тұсындағы проблемалар алдан шығуы мүмкін. Олай болатын себе­бі, кезінде қойма суы Қызылағаш ауылын тұтастай шайып кеткенде, ондағы 3000-ға тарта үй-жай мен қора-қопсының үйіндісі төменгі алқапты тұтастай басып қалған болатын. Мұның жайы қалай? Гидрожүйесі не болып жатыр? Мұндай сұрақтарға жа­уап әлі жоқ. Халық соған алаңдаулы.

Қанат Қазы, «Алаш айнасы»

2 ПІКІРЛЕР

  1. Мына міністірдің не айтқысы келгенін түсінбедім, бірақ өзіміз суды сатып ішіп отырмыз. Бүкіл Көкшетау қаласында крандағы су ішуге жарамсыз, шамасы жеткендер суды сатып алады, жетпегендер тұндырып ішіп жүр. Сексен Көлі бар деп жар салатын Бурабай аймағындағы жағдай осындай екенін Қаппаров біле ме екен. Ішу былай тұрсын бас жусаңыз да шашымыз түсіп таз болатын болдық.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз