Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы: шындығы мен келешегі

20121010103121Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас қос мемлекеттің ғылым өкілдері һәм сарапшыларын толғандырып отыр. Осы орайда жуырда «Мир Евразии» сараптамалық клубында «Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары: шындығы мен келешегі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Шараға қатысушылар екі мемлекеттің қарым-қатынасындағы маңызды мәселелерді, аймақтық һәм кедендік әріптестікті, отын-энергетикалық және ғарыштық саладағы мәселелер мен мемлекетаралық ұйымдар аясындағы екі мемлекеттің рөлін талқыға салды. Жиын барысында қатысушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас ақпараттық кеңістікте тиісті дәрежеде толыққанды қамтылмайтындығын ерекше атап өтті. Саясаттанушы  Эдуард Полетаевтың айтуынша, саяси ғылым қазіргі таңда өз маңыздылығын жойған. Өйткені саяси жағдайға толыққанды сараптама жасайтын мамандар көбіне қайсыбір идеяны ортаға тастап, қоғам қайраткерлерінің рөлін атқарады, ал ғылыми тұжырым өз маңызын жояды. «Байыпты, байсалды сараптама сирек кездеседі, бар болған жағдайда да қалың бұқараның назарынан тыс қалады» деді ол. Дөңгелек үстелде екі ел арасындағы саяси, экономикалық һәм мәдени қарым-қатынастарға жан-жақты сараптама жасалды. Жиын барысында қозғалған әрбір мәселенің өзіндік маңызы бар. «Мәселен, жуырда ғана Астанада өткен жиында да атап өтуге болады. Айта кету керек, дәл сол жиында бірқатар экономикалық мәселелер қамтылды, тіпті біз бұрын-соңды естімеген сандарды да білдік. Ресей өз елінде еңбек ететін қазақстандықтардың санын жариялады. Барлығымыз таңғалдық. Қазақстан миграциялық донор ел емес сияқты еді. Дегенмен Ресейде 600 мың қазақстандық еңбек етеді екен. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Кедендік одақ құрылғалы бері халық қос мемлекеттің екіжақты қарым-қатынасы жайында Кедендік одаққа қатысты сыни пікірлер жайында ұмытқан сияқты. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан – Ресей қарым-қатынасын сөз етер бірқатар іс-шаралар өткізілген еді. Ал қазір қоғамда, БАҚ-та интеграция мәселесі ғана сөз болып жүр. Дегенмен интеграция екіжақты қарым-қатынасты тежеймейді, керісінше байланыстыра түсетін сияқты. Осы ретте Ресей саясатындағы қазақстандық фактор және Қазақстан саясатындағы ресейлік фактор жөнінде кеңінен талқыласақ» деді Эдуард Полетаев. Расында, дөңгелек үстелде Кедендік одақ аясындағы қос мемлекеттің қарым-қатынасындағы ерекшеліктер мен артықшылықтар жан-жақты талқыға салынды. Журналист Владислав Юрицынның айтуынша, Қазақстанда тілді үйрену мен Кеңес одағын аңсау ерекше көрініс табады. «Орыстілділер балаларын қазақ мектебіне береді. Өйткені мемлекеттік тілді меңгерсін дейді. Керісінше, қазақтілділер балаларына орыс тілін үйретіп әлек. Мұндай үрдіс Тәжікстан мен Қырғызстанда көрініс тапқан. Енді Қазақстанға да жетті. Ал Кеңес Одағын аңсау 2008 жылдан бері басталды. Дәл сол кезде капитализмнің дәуірі аяқталды, халық Кеңес Одағының тұсында әлеуметтік әділеттілік болғанын, жұмыссыздық мүлдем болмағанын еске ала бастады. Былайша айтқанда, халық өткен күнді көкседі. Қазақстан, Украина, Ресей, Белорусь – бұрынғы КСРО-ның негізгі өзегі. Бұл кеңістіктен Өзбекстан мен Грузия бас тартқаны геосаяси тұрғыда қауіпсіз емес, ал кеңістікті Қазақстан немесе Украина тастап кетсе, онда бұл үлкен қауіп. Мен үшін Қазақстан мен Ресейді байланыстырудағы негізгі және басты мәселе – евразиялану идеясының біркелкі болмауы. Егер бұл идея біркелкі болып, халыққа жетсе, ер-азаматтар аз ішіп, көп жұмыс істер еді, әйелдер қауымы дүниеге бала әкелуді жиілетіп, шенеуніктер  халықты тонауын доғарар еді, кәсіпкерлер мемлекетке дер кезінде салық төлер еді. Яки евразиялану идеясының өзіндік мән-мағынасы қалыптасар еді. Дәл қазір бұл идея өз дәрежесінде насихатталмай отыр. Тағы бір айта кетерлігі, қос елдің интеграциясына қарсылық білдірген топ қалыптасып үлгерді. Бастысы, бұл топтың күші қаншалықты екенін анықтау» деді Владислав Юрицын. «Ресей – Қазақстан қарым-қатынасы көпшілікті мазалайтыны аян. Өйткені екі мемлекеттің ортақ ұқсастықтары бар. Дегенмен қос мемлекеттің байланысында қарама-қайшылықтар да кездеседі.  Журналистер мен саясаттанушылар һәм элитаның көзқарасының арасында қарама-қайшылықтар көп. Қос елдің ортақ ұқсасықтары болғанымен, бізде бір үрей бар сияқты. Біз әлі күнге дейін өзімізді жеке бір ел ретінде қабылдамаймыз. Үнемі салыстыру бар. Яки өзіндік саясатымызды жүргізбейміз. Біз үнемі салыстыру арқылы, қарсы тұрғымыз келеді. Біз өз-өзімізді бағалай алмаймыз. Еліміздегі жемқорлықты әлі де артта қалушылық дер едім. Өйткені Еуропада да жемқорлық бар, бірақ жемқорлық арқылы жымқырылған ақша халықтың игілігі үшін жұмсалады. Тағы бір кемшілік, бізде әлі күнге ұлттық идея жоқ. Өйткені жеке ар-абырой сезімі жоқ. Біз үнемі өзімізді ресейліктермен салыстырамыз. Өз кезегінде Ресей антиамерикалық саясат жүргізіп отыр. Мұның өзі – толық қалыптаспағандықтың белгісі. Қос елдің БАҚ өкілдері де әлсіз. Біз ресейліктерден көшіргенді жөн көреміз, ресейліктер біздің еліміз туралы толыққанды ақпараттанбаған. Қазақстанның журналистері, сарапшылары көбіне орыстілді дереккөздерге жүгінеді. Осыдан келіп, «Неге әлі күнге дейін Ресейге тәуелдіміз?» деп аң-таң боламыз» деді журналист Ботагөз Сейдахметова. Сонымен қатар жиында қос елдің экономикалық байланысы да кеңінен талқыланды. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан мен Ресейдің интеграциясынан қорқудың қажеті жоқтығын айтып, ортақ құндылықтарды кеңінен насихаттау керектігін атап өтті. Ресейдің Қазақстанның экономикасындағы үлес салмағының басым екенін ескерсек, қос мемлекеттің байланысы әлі де нығая түсетінін аңғаруға болады. Жалпы, екі елде евразиялану идеясы бірқалыпты жүргізілмей келеді. Жиыннан түйгеніміз, әр мемлекет өзінің ішкі рухани құндылығын жоғары сақтаса, өзге мемлекетке тәуелділік болмайды. Қанша қарсылық білдірсек те, Қазақстан саясатында ресейлік фактор, Ресей саясатында қазақстандық фактор орын алады және мұны жою мүмкін емес. Жиын соңында Қазақстан – Ресей қарым-қатынасы маңыздылығын жоймайтынын, әлі де талқыланар мәселелердің көп екендігі аңғарылды.

 Әйгерім Досым, "Айқын" газеті