Алашордалық насихаты үшін сотталған Перуаш Кәрімов туралы құжат табылды

AZAT

76 жылдан соң қолға түскен бұл тарихи құжат Азат Перуашевтың өміріндегі зор маңызға ие

 

3 қазан күнгі «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесі президиумы отырысы алдында партия төрағасы, Мәжіліс депутаты, Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясы жетекшісі Азат Перуашев өз өміріндегі ерекше маңызы бар тарихи құжатты жария етті.   Кеңес империясының қаһарлы 37-ші зұлмат жылдарындағы  Алашордалық,   ұлттық насихат жүргізгені үшін сотталған Перуаш Кәрімов туралы құжат табылыпты.

 -76 жылдан соң қолға түскен атамның тағдыры туралы бұл тарихи құжат менің өмірімдегі, жалпы Перуаш әулеті үшін  зор маңызға ие. Бұл құжатқа қолы жетпей әкем өмірден өтіп кетті... Енді , міне, талай жылдан бері сұрау салып жүріп, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті берген атамыз Перуаш Кәрімов туралы мұрағаттық анықтама  қолға тиді. Мен оқып отырып, еріксіз көзіме жас үйірілгенін жасыра алмаймын... Атам сол кездегіні білетін ел айтып келгендей, Алашорда ісін үгіттеп,  ұлттық насихаттаумен айналысып жүріп, құрбан болған екеніне көз жетті... Бұл – бір түнде қара мәшинемен қарулылар үйден алып кеткен соң... біз 76 жылдан бері  күтіп келе жатқан тағдырлы да, тарихи құнды құжат - атам Перуаш Кәрімовтың келесі жылы толатын 100 жылдығына жасалған тарту деп білемін. Алла жар болсын! - дейді Азат Тұрлыбекұлы. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы төрағасы Азат Перуашевтың атына келген Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті департамент басшысы орынбасары М.Комиссаровтың жауабында іс құжаттарымен тергеу процесінен тыс деңгейде танысу үшін ҰҚК-ге келуге болатынын жазады. Сонымен бірге П.Кәрімовты ақтау жөніндегі анықтаманы алу үшін жаппай саяси репрессия жылдарындағы репрессия құрбандарын ақтау прокуратура құзіретінде болғандықтан, ҚР Бас прокуратурасына хабарласу керектігін айтады. Ал, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мемлекеттік арнайы мұрағат басшысы М.Жакеевтың 2013 жылғы 11 қыркүйекте қол қойған П.Кәрімовке байланысты Мұрағаттық анықтамасының толық мазмұны мынадай: «Перуаш Кәрімовке байланысты Қылмыстық іс Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Орталық мемлекеттік арнайы мұрағатында сақтаулы. Іс материалы бойынша, Перуаш Кәрімов 1914 жылы Ақмола облысында туған. Партияда жоқ, ВЛКСМ қатарынан шығарылған, СССР азаматы. Білімі 7 кластық, бұрын сотталмаған. Тұтқындалғанға дейін Ақмола облыстық Еркіншілік ауданының инспекторы болып істеген.   1937 жылы 14 наурызда НКВД Еркіншілік аудандық бөлімі революцияға қарсы әдебиеттер таратқаны және колхоз жұмыстарына зиянкестік жасағаны үшін тұтқындаған. Қарағанды облыстық соты Арнайы коллегиясының  1937 жылғы 8-9 қыркүйектегі үкімімен босатылады да, 14 қазанда жаңадан тергеуге алынады. Қарағанды облыстық сотының 15 қаңтардағы үкімімен  РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабымен 5 жылға сотталады. Тергеу барысында «Байшылдық элементтері балаларымен, контрреволюциялық-ұлттық бағыттағы тұлғалармен байланыста болып, олардың ықпалына түскенін, Алашордалық әдебиеттерді таратып, ұлттық насихат  жүргізгенін» мойындаған. ҚазССР жоғарғы соты арнаулы коллегиясының 1938 жылғы 11 ақпандағы анықтауымен Қарағанды облыстық сотының 1938 жылғы 15 қаңтардағы үкімі  күшінде қалдырылған. Қазақ ССР жоғары соты Президиумының 1961 жылғы 30 наурыздағы  қаулысымен Перуаш Кәрімовке байланысты Қарағанды облыстық сотының 1938 жылғы 15 қаңтардағы үкімі  және ҚазССР жоғарғы соты арнаулы коллегиясының 1938 жылғы 11 ақпандағы анықтауы жойылған және өндірістегі іс  оның әрекетінде қылмыстық құрамның жоқтығына орай тоқтатылған. Тұтқындау кезінде отбасында әйелі – Ерке, ұлы – Түрлыбек болған. Негізі – № 1088 ф.6. қылмыстық іс.» Иә, 76 жылдан соң табылған тарихи  құжатта сол сол бір зобалаң жылдардың суық лебі есіп тұр...  Бір адам, бір отбасы, бүкіл бір елдің тарихы мен тағдырынан хабар беретін анықтама көп нәрсеге көз жеткізеді. Әсіресе, 2011 жылы «Ақ жол» партиясының тізгінін алғанда Азат Перуашевтың «Ақ жол партиясы – Алаш партиясының ізбасары. Біз Алаш арманын іске асыруды басты мақсатымыз санаймыз»-деп батыл мәлімдеуінің астарында ата-бабадан келе жатқан тарихи сабақтастық, тектік байланыс, қандық жалғастық бар екені анық болды! Енді "Ақ жол" көтеріп келе жатқан Алаш туралы депутаттық сауалдар, әсіресе, 1930-56 жылдардағы жаппай саяси репрессия құжаттарын жариялау жөніндегі депутаттық сауалдардың жалғасы таба беруі керек.  Бүгінде Парламентте дауысы айқын шығып келе жатқан «Ақ жол» партиясының енді Алаш аманатын іске асырудағы арыны одан сайын күшейе беретіні айқын!

Қ.Жарылқасынұлы

www.qazaquni.kz