Уақыт жетті, Болат кетті...

BC6B207C-031A-4A76-9EF8-8735A5A63623_mw1024_n_s

"Ақжолдың" нағыз жанашыры да, нағыз батыры да Әлекең болып шықты...

Дәп осыдан 12 жыл бұрын қазақ даласында Қазақстанның демократиялық таңдауы атты қозғалыс пайда болып, жарық күндегі найзағайдай әсер етіп еді... Ешкім күтпеген, көріпкел болжай алмаған құбылыс болды, бұл... Қазір “Таңдаудың” тарландары тарыдай шашырап кетті... Алтынбек Сәрсенбаев марқұм болды... Ғалымжан Жақиянов шетел асты... Мұхтар Әблязов француз түрмесіне тоғытылды... Ораз Жандосов қор басқарып, қор боп жүр... Жанат Ертілесова тележәшікке тығылды... Төлеген Жүкеев тәлтіректеп қалды... Тек, Әлихан Байменов қана ақылы мен айласын асыра алды... Енді, міне, Болат Әбілов бұлтаң етті... Болат болмысында саудагер ғой (90-жылдары «Бутя» фирмасының аты дүркіреп тұрды), тіпті, саясатты да саудаға салғысы келді: алдымен, Болат Әбілов «Отан» (қазіргі «Нұр Отан» партиясы. Қ.Ғ.) партиясының мәжілістегі депутаты болып сайланды; сосын, орыс билігінің ықпалымен құрылған Қазақстанның демократиялық таңдауына қосылды; әрі қарай, "Ақ жол" партиясының етегіне жабысты; кейінірек "Нағыз Ақ жолдың" шашпауын көтерді; “Әділетті Қазақстан” қозғалысына бас қосты, содан кейін "Азат" партиясын құрды, көп ұзамай ЖСДП-ға жапа-тармағай жабысты... Салқынқанды буржуазиялық-демократиялық оппозиция "серкелерінің" бірі Болат Әбіловтің Мұхтар Әблязов абақтыға жабылысымен, шұғыл Түркияға демалуға кетіп қалып, енді саясатпен қош айтысып, «шығармашылық демалысқа» шығуы – оның толық күйреуінің (түгелдей капитуляция) көрінісі ғана. Болат қанша тыраштанса да, ұлттық буржуазия арасында да, қалың қазақтың алдында да бедел жинай алмады. Әбіловтің әлтек-тәлтек абыройы халықтың көз алдында геометриялық прогрессия әдісімен әлсірей берді... 93608595-C694-447D-88D2-4031CCE28FE7_mw1024_n_s Қанша жерден "істің адамы" саналғанымен, Болат Әбіловтің өндірісті толық ұлттандыруға шама-шарқы жетпеді, яғни, әлемдегі өркениетті елдердің алтын қазығы болып табылатын "орташа тап" біздің қоғамымызда пайда болмады. Ол-ол ма, орысқолды Болаттың ақыл-парасаты халықаралық империализмнің тәуелділік тұжырымдарынан алшақ кетпеді. Нағыз демократиялық оппозицияның пайда болып, дамуы үшін жалғыз-ақ жол бар еді, ол – ұлттық бояуға қанық саяси радикалдық бағыт. Бөкең бұл бағытты болмысымен түсінбеді. Сондықтан, алға басқан қадамы – кері кете берді. Мысалы, ресми тіркеуден өткен, мөрлері тайға таңба басқандай қос ірі саяси ұжым, құзыретті қос құрылым «Нағыз Ақ жол» мен «Азат» партияларын өз қолыман тұншықтырып, өз ырқымен жалғыз өзі жауып тастады. "Сөз бостандығы" жөнінде сылдыр әңгімені сапырып жүріп, Гүлжан Ерғалиева екеуі демократиялық ұмсындағы «Свобода слова» газетін билікке жақын біреулерге пұлдап, еркін сөзді тұншықтырды. Тіпті, Болат өзіне қарасты «Қазақстан» мен «Эпоха» басылымдарының да тағдырын тәлкеке салып, түбімен құртты... ...Мен 2005 жылы Алтынбек Сәрсенбаев, Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Ораз Жандосовтар тең төрағалар болған "Нағыз Ақ жол" партиясының қарауына өзімнің жеке "Апта kz" басылымымды біржола беріп сол газетке өзім де қызмет еттім. Сонда бұрын шенеунік болған, әлі де билікке қарсылық әрекетті суқаны сүймейтін бір досым: "Осы жігіттердің ішінде Алтынбек қана қазақы жігіт, қалғандарының орысбайлықтары ұнамайды. Түбінде бұл партиядан, алдымен Ораз Жандосов, сосын Болат Әбілов, үшінші болып Төлеген Жүкеев кетеді, сөйтіп, жалғыз Алтекең қалатын шығар..." деп еді. 1d1e0b286590d5bba0ad2e20cad03673_big Қазір ойлап отырсам, досымдікі көрегендік екен. Бірақ, Алтекең қайғылы қазаға ұшырады...  Енді бүгінгі күнмен қарасақ,  Болат секілді екі рет партиясын өз қолымен жапқандардың қасында, қайта саяси жүрістермен партиясын аман-есен Парламентке алып шыққан Әлекең   емес пе?!.  Ендеше , "Ақ жолдың" нағыз жанашыры да, нағыз батыры да Әлекең болып шықпай ма?!

                                                                                                         Қажымұқан ҒАБДОЛЛА