Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайдан неге сырт қалады?

2
2836

Бұл  министрліктің немен айналысып жатқанынан жұрт әлі күнге дейін хабарсыз…

Қазақстан Республикасының

                                                                           Премьер-Министрі 

                                                                           С.Н. Ахметовке

 

             Құрметті Серік Нығметұлы !

 

Үстіміздегі жылдың 2 шілдесінде, «Байқоныр» ғарыш айлағында  «Протон-М» зымыраны апатқа ұшырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында мамандар «Протон-М» зымыран тасығышынан гептил мен амилдің 500 тоннаға дейін улы компоненті жерге себілуі мүмкін деген ақпары бар.

Бұл оқиғаны төтенше жағдай деп есептеуге толық құқымыз бар. Қазіргі таңда, орын алған төтенше жағдайлардың зардабы мен оны жоюды зерттеу жұмыстарымен үкіметтік комиссия және жергілікті әкімшілік айналысуда. Елімізде, нақты дәл осындай мақсаттта құрылған және қаржыландырылған салалық ведомство – Төтенше жағдайлар министрлігі бола тұра, осы оқиғадағы аталған (ТЖМ) министрліктің әрекетсіздігі дәлелді сұрақтар туындатып отыр.

Қазіргі таңда, Парламент Мәжілісінде, қолданыстағы басқа да заңдарды үйлестіретін, даулы «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңының жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Жазба көлемі 107 беттен тұратын заң жобасын талқылау барысында, бірінші оқылым кезінде-ақ депутаттардан 1500 түзету ұсынылып; екінші оқылым алдында «Ақ жол» ҚДП фракциясы тағы да 100 түзету дайындап отыр. Бұл дегеніміз, заң жобасының бір жазба бетіне орта есеппен 15 түзетуден келеді. Осындай дайындығы үшін мектепте оқушыларға ойланбастан «екі» бағасын қояр еді. Ал бізде, әбігерге салған жобаны «созуды» жалғастырып келеді.

«Протон-М» зымыраны құлауына байланысты төтенше жағдайлар министрігінің қамсыздығы тікелей осы заң жобасымен сабақтас және «заңдастырылған». Заң жобасы аясында, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі негізгі жауапкершілікті салалық министрлік жергілікті атқарушы органдарға ысырып салғандығы жөнінде  (15-ші баптың 1-ші тармағы және т.б.) «Ақ жол»  ҚДП Парламенттік фракциясы бірнеше рет мәселе көтеріп, назар аударттық. «Байқоныр» ғарыш айлағында орын алған оқиғада аталған заң жобасы өз қиғаштықтарын көрсетті. Төтенше жағдайлар министрілігінің қамсыздығы осының бір айғағы. Осындай төтенше апатты жағдайлардың алдын алуға және жоюға, одан кейінгі әрекеттер үшін Төтенше жағдайлар министрлігі бюджетінде миллиардтаған қаржы (оның үстіне: ТЖМ қызмет көрсету жүйесі ақылы) қарастырылса да, ауқымды төтенше жағдай туындағанда салалық ведоство бұғып қалып отыр. Онда, Үкіметке әрекетсіз құрылым не үшін керек?! Бюджеттен қаржы алып, өртке қарсы міндетті қызметі үшін мекемелерден коммерциялық ақы жинау үшін бе?

Шілденің 31 жұлдызында, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы апат болған өңірде болды. Өкінішке орай, бұл жолы да төтенше жағдайлар министрі Владимир Карпович Божко мырза үкімет мүшелерінің арасынан көрінбеді. Нақты жағдайда, бұл  министрліктің немен айналысып жатқанынан жұрт әлі күнге дейін хабарсыз. Министрлік бюджетінде қаржы қарастырылып, мүмкіндігі бола тұрса да, азаматтарына көмек қолын созбаған министрдің міндеттері қандай? Әлде Қазақстан Республикасының жері бен оның азаматтарына жаны ашымағаны ма?!

Қазіргі таңда, Үкімет және облыс әкімшілігі, ғарыш айлағының маңында тұрып жатқан халқымыздың мұң-мұқтажын ескеріп, өңірдің экологиялық мәселелерін екі жақты кешенді шешу үшін «Байқоныр» ғарыш айлағы туралы халықаралық келісімге экологиялық және табиғатты қорғау мәселелері бойынша қосымша хаттамаға қол қою жұмыстары, сондай-ақ, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағы маңында орналасқан ауылдардағы халықтың денсаулығына келген зардап бойынша экологиялық өтемақы мәселесі көтеріліп, жұмыстар жүргізілуде.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтер бойынша, болған апаттың себептері аяғына дейін зерттелмей, оның зардабы есептелмей және толық жабылмай жатып «Байқоныр» ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыранының келесі ұшуы үстіміздегі жылдың 17 қыркүйегіне жоспарланған.

«Ақ жол» партиясы Парламенттік фракциясы депутаттары, бұл мәселені апаттың себептері аяғына дейін зерттелгеннен кейін, азаматтарымызға тиісті көмек көрсетіліп, зардабы мен толық есебі жабылғаннан соң және болашақта апаттың алдын алу шаралары жасалғаннан кейін ғана қарастыруға болады деп есептейді. Бұл ретте, негізгі жұмыс Төтенше жағдайлар министрлігіне жүктелуі тиіс деп білеміз.

Оның үстіне, болған төтенше жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасыздығы, әрекетсіздігі, дәрменсіздігі ашық байқалғандықтан, тиісті қызметтік тергеу жұмыстары жүргізілуі тиіс деп санаймыз. Егер, осындай жағдайларда, «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасы Төтенше жағдайлар министрлігін жауапкершіліктен шығарып, жауапкершілікті басқа Мемлекеттік органдарға – ең алдымен жергілікті атқарушы органдарға жүктейтіні жөніндегі біздің қауіпіміз расталса, Үкіметті заң жобасын қайтарып алып, концептуальді қайта дайындап және оның базалық ережелерін қайта қарауға шақырамыз.

Өкілетті Мемлекеттік орган (ТЖМ) төтенше-апатты жағдайларда қатардағы азаматтарымыздың мәселелерінен шетте қалмай, төтенше  жағдайлардың алдын алуға және жоюға, одан кейінгі әрекет жұмыстарымен айналысу үшін құрылған.

 Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП

Парламенттік  фракция мүшелері          А. Перуашев

                                                                                               А. Тұртаев

                                                                                              Е. Никитинская

                                                                                              А. Әбілдаев

                                                                                              М. Қазбекова

                                                                                              Н. Жазылбеков

                                                                                              С. Кадралиева

                                                                                              Т. Ерғалиев

www.qazaquni.kz

2 ПІКІРЛЕР

  1. Депутаттық сауал: «Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайдан неге сырт қалады?»
    Бұл министрліктің немен айналысып жатқанынан жұрт әлі күнге дейін хабарсыз…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз