Мемлекеттік тілді барлық қазақстандық білуге міндетті!

Мәжіліс депутаты Ахмет МҰРАДОВ осылай дейді.

– Ахмет Сейдарахманұлы, көнекөз қариялар соғыс жылдары шешендер мен ингуштердің сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, қазақ ауылдарына көшіп келгенін, аштық пен суыққа шыдай алмай, олардың көбі қайтыс болғанын айтады. Ескі қорымда қазақтармен бірге жерленген екен. – Иә, сіз айтқандай еліміздің көптеген өңірінде белгі қойылмаған, бірақ қоршауы бар қорымдар бар, оны бауырластар бейіті деп те санауға болады. Біз олар үшін Ал­ладан иман сұрап, ана өмірде оларға жұмақтан орын тілейміз. – Қасіретті жылдар қалай басталып еді? – Шешен – Ингуш АССР-і – 100-200 шақырымды алып жатқан өте шағын аумақ. Күшпен шығарылғандардың бәрінің де нақты дерегі бар. Кеңес Одағы кезінде санақтар өте дәлдікпен жүргізілген. Мәліметті Берия үнемі Сталинге баяндап отырған. Көшірілгендердің жалпы саны – 498 мың. Өзімнің журналистермен болған бір әңгімемде депортацияның себептері, шарттары туралы айта келіп, 2004 жылы Еуропа кеңесінің парламенттік ас­самблеясының (ЕКПА) халықаралық заңгерлерінің ең мықты талдау жасағанына тоқталдым. Бұл – ешкім дауласа алмайтын нақты құжат. Шешен жері кішкентай аумақ бол­ғанмен, оның кейбір таулы аймақтарына машина бара алмайды, тек ат немесе адам ғана жүретін жерлер бар. Ол жерде де адамдар тұрады. Шешенстанның таулы аймағында екі ауыл бар, бірі – Хайбах, екіншісі – Зумсой. Зумсой – менің ата-бабам, әкем және оның ата-бабаларының жері. Ол жерден тек атпен, шанамен, жаяу алып шығу керек болғасын, кейбіреулерді депортациялай алмаған. Онда жүкті әйелдер мен ауру, қарт адамдар қалған. Шешендер мен ингуштер үй құры­лысына өте шебер, нақты істің адамдары. Сондықтан олардың өмірін, жағдайын жасайтын ең жақын туыстары да қастарында болған. Олардың бәрін қуып алып шығып, ұрып-соғып, отқа жағып жіберді. Қашуға тырысқандарды сол жерде атып тастады. Бұл туралы айтқан адамдар да, оны рас­тайтын құжаттар да бар. Кавказдағы осындай белсенді жұмыстары үшін көптеген офицерлер мен генералдар наградалар алды. Кейіннен Қазақстанға қарашайлар, балқарлар, қалмақтар депортацияланды. Халықты қуып, Отанын жойып жіберу – олардың атын тарихтан сызып тастау емес пе?! Міне, осындай жағдай орын алған. Адам қанша жыл өмір сүрсе де, бұл жалған дүниеден дұрыс өмір сүріп өткісі келеді. Ата-бабаларын еске алып, өзі өмірден өткенде оны да біреулер еске алғанын қалайды. Вайнахтардың бейітіне адам бойымен шамалас үлкен тас қойылады. Оны мықты етіп қоюға тырысады. Шешенстанға қоныс аударғандар үй құрылысын салу үшін бейіттердегі құл­пытастарды материал ретінде пайдаланған. Осылайша ата-бабаларымызды да тыныш жатқызбаған. Болатын нәрсенің бәрі болды. Біз Қазақстанға қоныстандық. Депортация тақырыбы біршама зерттелді. Көп адам зардап шекті. – Жергілікті тұрғындар күштеп қоныс аударылғандарды жатсынбай, қолдарындағы барымен бөліскен. Сол бір қаһарлы жыл­дардың көрінісі тарихтан өшуі мүмкін емес. Ал сіздің отбасыңыз Қостанай облысына қашан, қалай келді? – Менің ата-анам депортация алдында 1944 жылы өте жас болған. Анам мектеп жасында, әкемнің жасөспірім кезі екен. Ал олардың отбасының үлкендері Шешенс­танның әртүрлі жерлерінде тұрған. Әкем Шешен-Ингуш АСР-ның тау жақ бөлігінде, анам Терек өзенінің бойында, жазық жерде тұрыпты. Менің ата-анам тағдырдың жазуымен қазақ жерінде, Қостанай облысында кездесіп, отбасын құрған. Жастық шақтарынан қиын-қыстау өмірге бейімделіп, жақсы өмір үшін күрескен. Қазақстан картасын қарасаңыз, де­портацияланған вайнахтар келмеген бір ғана жер бар, ол – Маңғыстау өңірі. Қа­зақстанның басқа барлық аймақтары бойынша Атыраудан Семейге және де Қытай шекарасына дейінгі барлық жерге вайнахтарды таратып жіберген. 1944 жылы ақпан айында Қап тауынан Қазақстанға күштеп көшірілген ингуштер мен шешендерді әкелген кезде күн өте суық, қатты аяз, ызғырық жел болыпты. Мысалы, биыл бір адамның әкесі қай­тыс болды. Оны күннің суықтығына бай­ланысты дер кезінде жерлей алмады. Жердің тоңы екі метрге жуық қатып қалған екен. Мәйітті жер қойнына тапсыру үшін мықты жігіттердің өзі көп күш салуының арқасында қатып қалған жер әрең қа­зылды. Ал сонау ауыр жылдарда адамдар жерлеуді бар мүмкіндіктеріне қарай атқарды. Тіпті кейбіреулер жерленбей де қалды. Күртік қармен беті жабылғандар да болды... Ал сондай ескі қорымдарда Сіздің аталарыңыз бен менің аталарымның бірге жерленуі біздің осы өмір мен ана дүниеде де бірге екендігіміздің куәсі емес пе?! Тағы бір ескеретін жайт, Қазақстанға түрлі себептерге байланысты депортациялау кезінде келген басқа ұлт өкілдері – біздер жоғалтқан адамдарымыз туралы айтып жүрсек те, ал осы тәуелсіз Қазақстанда тұ­рып жатқан қазақтардың сонау ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары қаншама адамынан айырылып қалғаны және өз жерінде көрген қорлығы туралы көп біле бермейміз. Бұл туралы Қазақстандағы шешендер мен ингуштерді депортациялау тарихын зерттеумен айналысқан кезден бері айтып келемін. Біз барлық қолжетімді жерлердегі депортациялауға байланысты мұрағаттық құжаттарды көтердік. Оны Президент мұрағаты, Ұлттық мұражай, тағы да басқа дерек көздерінен алдық. Соның нәтижесінде мынадай екі сұмдық дерекке тап болдық. Шешендер мен ингуштерге 5 жылда (1944 – 1949 жылдары) бір-ақ рет 1949 жылы санақ жүргізілген екен, онда 40 пайыздан астам адамдар шығыны болған. Оның өзі жаңадан дүниеге келгендерді (1945 – 1949 жылдары) есепке алғандағы дерек. Ал қазақ халқының шығыны адам айтқысыз, И.В. Сталиннің басшылығымен болған халықты қыру, қуғын-сүргін, аштықтың аза­бы ұлттың тең жартысын жойып жі­берген! – Әр адамға туған жері ыстық. Сіз қай жерде дүние есігін аштыңыз? – Қазақтардың қолдау көрсеткені шешен халқы үшін – үлкен мәртебе. Жер аудару кезінде шешендер мен ингуштердің көптеген балалары дүниеге келді, тұтас бір ұрпақ Қазақстанда өсті десем де болады. Солардың бірі – менмін. Қостанай об­лысының Ершовка ауылында дүниеге келгенмін. Онда өзендер мен көлдер көп болатын. Ол жерде бізге дейін депортацияланған немістер, эвакуация жасалған украиндар тұрған. Мұны айтып отырған себебім, менің анам украин тілін өте жақсы білді. Ол бұрын шешен тілінде ғана сөйлейтін. Қазақтармен бірге тұрған соң, ата-анам қазақша да жақсы сөйледі. Менің ағаларым да қазақ мектебінде оқып, қазақшаны өте жақсы меңгерді. Ол кезде осылай аралас болып, бір кішкентай кеңістікте бірнеше ұлттар бірге тұрдық. Бәрі де жан-жақтан келгендер. Өмірдің қиындығын көріп, бір-бірінің қадірін түсініп, мықты дос болып кетті. Осылайша жер аударылып келген әртүрлі ұлттар Қазақстанға келіп, жаңа өмір жолдарын бастады. Қазақтар ежелден қайырымды жандар. Сондықтан олар басқа біреулердің аш­тықтан, аурудан зардап шегіп жатқанын көргенде, шыдап тұра алмай, қолдарынан келген көмектерін көрсетті. Біздің Ше­шенстанда тұратын үлкендеріміз, әлі күнге дейін көздеріне жас алып, қазақтардың қалай көмектесіп, олардың өмірін қалай сақтап қалғандары туралы айтып оты­рады. Шешенстанға кері көшіп келгеннен кейін радиодан бір ән жиі орындалып жүрді. Егер вайнах тілінен тікелей аударсақ, ол әннің «Қазақтар, қырғыздар, бауырлар...» деген сөздері әлі есімде. Әнші бұл сөздерді жай көрерменге ұнау үшін емес, бауыр­ластар арасындағы сезімді жеткізу үшін беріле орындағанын түсінуге болар еді. Вай­нах­тардың Қазақстанға, Қырғызстанға, Өзбекстанға депортацияланғаны бірнеше ұлттардың бірігуіне алып келді. Қазақтар – мұсылмандар және мұсылмандық қадір-қасиеттерін таныта білді. Шешендер мен ингуштер де мұсылмандар. Шешендер мен ингуштердің Қазақстанға жер аударылғанын ойға алсақ, бұл тұрғыда олардың бағы бар екен. Әйтпесе, оларды қырылып қалсын деп Қиыр Шығысқа, Сібірге көшіру жөнінде де жобаның бір нұсқасы болған екен. Бір шындықты айта кетейін, кезінде шешендерді кінәлағаны белгілі. Алайда шешендер де соғысқа қатысқан, олар 40 мыңнан астам адам болды. 100-ден астам адам Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған. Олар Эльбаға дейін барып, Берлинді алды, Рейхстагқа ту тікті. Майдан жолынан өзге ұлт өкілдерімен бірге шешендер де өтті. Бірақ та оларды немістермен ынтымақтасты деп кінәлады. Ресми кінә тағу осындай болды, алайда ондай ынтымақтастық болғанын ешкім де дәлелдеп бере алмады. Қалай болса да, кінәлау керек болды, міне, сондықтан оларға кінә тақты. Тек Сталиннің өлімінен кейін ғана бұл жалған кінә екені дәлел­денді. 1956 жылы Сталиннің қабылдаған шешімдері арнайы қаулылармен жойылып, Шешен-Ингуш Автономиялық Респуб­ликасы қайта қалпына келтірілді. Алайда шешендерден кінәнің алып тасталғаны және халықтың ақталғаны жөнінде айтуды «ұмытып» кеткен сияқты. Жай ғана өз ел­деріне баруға рұқсат берді, ешкімнен ке­ші­рім сұраған жоқ, ешқандай өтемақы тө­ленбеді, қандайда болсын басқа да заңды іс-әрекеттер де жасалған жоқ. Сондықтан қайта қоныстану процесі ұзаққа созылды. – Сіздің балалық шағыңыз қазақ жерінде өткен екен. Ата-аналарыңыз Шешенстанға қашан көшті? – 1950 жылдары Қазақстанда үлкен серпіліс болды. Егін бітік шығып, мал басының саны өсті. Біздің ата-аналарымыз механизатор, жүргізуші, тракторшы, комбайншы сияқты бірқатар маман­дықтарды меңгерді. Кейбіреулері әртүрлі деңгейде білім алды. Яғни 13 жыл бойғы де­­портациялаудан аман-есен өткен адамдар әрі қарай өмір сүру мүмкіндігіне ие болды. Ал Шешенстанға қайта оралған кезде де олар сондай депортациядан өтті. Орыстар айтқандай, қайта қоныстану – өрттен де жаман. Бұл қайта қоныстану халыққа көп шығын әкелді. Біз Ершовка ауылында алты жылдай тұрдық та, 1957 жылы Шешенстанға көштік. Дегенмен көптеген проблемалар туындады. Республиканы қайта қалпына келтірді дегенмен, бұрын шешендерді көшіріп жіберген үйлерде басқа адамдар тұрып жатты. Алдымен олардың пробле­масын шешу керек еді. Бұл мәселе ұзақ уақыт шешімін таппай келді. Біз көшкен кезде көктем болатын. Бала болғасын ол сапар біз үшін көңілді қыдырыс сияқты көрінді. Алайда ата-аналарымыз үшін үлкен сынақ болды. Өйткені олар стансаға келген соң, заттарын түсірді де, бұрын өздері тұрған тауға көтерілеміз деп ойлады. Бірақ шешендерге таулы ай­мақтарға қоныстануға рұқсат бермеді. Кезінде бәрін көшірді ғой, ал көшуге келіспегендерді өртеп жіберген. Сондықтан тауға жібермеді. Біз біреудің төрт бөлмелі үйін сатып алдық. Онда ағайынды жігіттердің төрт отбасы тұрды. Әр бөлмеге бір отбасы кірді. Ал бесінші отбасы сыймай қалды. Сон­дықтан сарайдағы сиырды далаға шығарып, ішін ақтап, сол жерге орналас­тырды. Аулаға пеш салды, оған бірнеше рет тамақ пі­сі­рілгендіктен, біздің аналарымыз сыртын жиі-жиі ақтап отырды. Біз үшін бәрі қызық сияқты, су әкелуге жүгіріп кетеміз, отын жарамыз... Біздің отбасымыз кейін Са­машки селосына көшіп барды, сол жерде өсіп-өндік. Бір жағынан алғанда, бізді тау жаққа жібермегені де жақсы болды, әйтпесе, біз әлі тауда жүретін бе едік, кім білсін?! Әкем бала-шағасын асырау үшін амалсыздан Грозныйдан жұмыс іздеді. Үй салып алыңдар деп бізге алты сотық жер берілді. Әуелі анамызбен бірге үйдің іргетасын құятын жыраны қаздық. Ол кезде отбасындағы балалардың үлкені мен едім, жасым 10-да болатын. Не керек, 1961 жылы шешен жерінде өз қолымызбен үй салдық. Бұл – мен үшін үлкен әріптермен жа­зылатын Үй. Сол үйде оқушылық кезеңім өтіп, 1969 жылы мектепті бітірдім. Оқуға Мәскеуге барғым келді. Біз мектепте белсенді оқушылар болдық, спортпен айналыстық, спартакиадаларға қатысып жүрдік. Математика пәнін өте жақсы көрдім, осы пән бойынша олим­пиадаға қатысып, өте жақсы нәтиже көрсеттім. Сондықтан мұғалімдер мені Мәскеуге жібергілері келді. Мәскеу мемлекеттік университетіне түсуге мүмкіндігім болды. Мақтанғандықтай көрінбесін, бірақ жоғары сыныпта оқып жүріп мен мұғалімнің рұқсатымен мектепте математикадан сабақ бердім. Менің алдымда таңдау тұрды: әскерге бару, жұмыс істеу, институтқа түсу. Армияға әлі ерте болды. Содан институтқа түсуге бардық. Сыныптастарыммен бірге Грозныйдың мұнай институтына түстім. Әкем мені ешқайда жібергісі келмеді. «Осы Грозныйда оқи бер. Егер оқығың келмесе, армияға бар» деді. Әкем заңды мойындайтын адам, оларды сол кездегі жүйе заңдарды қатал орындауға үйретті. Екіншіден, ол ислам дінінің қағидаларын сақтайтын нағыз мұсылман еді. Ол үшін харам мен халалдың арасы анық айқын­дал­ған және өз өмірінде дін бойынша рұқсат етілмеген іс-әрекеттерден аулақ болуды берік ұстанды. Жалпы, мен құрылыс саласының маманы болғым келіп еді, әкем оларды жақсы білетінін, құрылысшылардың өз жұмыстарын шынайы атқармайтынын айта келіп, маған мұнайшылар оқуына баруым қажет екенін, олар таза жұмыс істеп, жақсы табыс табатынын ескертті. Мұ­найшылардың кім екенін білместен, мұнай саласында жұмыс істемей тұрып, әкем мені Грозный мұнай институтының мұ­най кәсіпшілігі факультетіне оқуға жіберді. – Нәтижесінде сіз оқи келе, мұнай және мұнай саласы дегеннің не екенін танып-білдіңіз бе? Алғаш рет мұнайдың иісін қалай сезіндіңіз? – Бірінші таным – бұл теория. Ал мұнайдың иісін алғашқы танысу прак­тикасынан өткенде, Грозныйдың мұнай кәсіпшілігінде сезіндім. Одан кейін өндірістік тәжірибе басталды. Каникул басталған сәтте 1973 жылы Қазақстандағы Өзенге (қазіргі Жаңаөзен қаласы) келіп, тәжірибеден өтіп, еңбек еттік. Сол жылы Маң­ғыстауда мұнай саласы жоғары қарқынмен дамыды. Ол Кеңес Одағы бойынша әйгілі болып, атағы шықты.   Менің бірінші өндірістік практикам Өзен мен Жетібай кен орындарының ашылуына тұспа-тұс келді. Осында жүріп-ақ өнімді еңбек етіп, жұмыс жасау­дың рақатын көрдім деп айта аламын. Неге? Өйткені біз студентпіз, бар болғаны 40 сом стипендия алушы едік. Ал бұрғылауда жұмыс істеп, 600 сом алдым, ол кезде мұндай көлемдегі ақшаны тек армандауға болатын еді. Аталған оқу орнын 1974 жылы бітірдім. Мамандығымның ауыр екенін және ғажап ерекшелігін Қазақстанның мұнай кен орындарында жұмыс істеген кезде анық сезіндім. Әуелі Өзенде, 1977 жылдан бастап Жетібайда еңбек еттім. Кейіннен Қаламқас, Қаражамбас және т.б. қазіргі таңда мұнай өндіріп жатқан кен орындарында болып, біз көптеген мұнай ұңғымаларын бұрғы­ладық. – Естуімізше, Шешенстан да мұнайға бай көрінеді әрі оның мұнайы сапалы дейді. Тіпті дайын бензин деп айтады. Бұл қаншалықты шындыққа саяды? – Сіздің айтып отырғаныңыздың барлығы дұрыс, шынымен де, солай. Грозный мұнайының сапасы бұрын да, қазір де өте жоғары. Шынымен де, кейбір кен орындарында шикі мұнайды жанармай ретінде автокөліктерге құйған, өйткені оның сапасы А-66 бензиннің деңгейінде, дизельдік отынның орнына тракторларға да құйған. Бір-екі мысал. Бұдан 100 жыл бұрын Ресей патшалығы заманында да ағылшындар мұнай кен орнын ашып, өнімін тасымалдаған. Гитлер де кеңес армиясын соғысу мүмкіндігінен айыру үшін Грозный мен Бакуден жеткізілетін жанар-жағармай жолын бөгеп тастағысы келген. Сондай-ақ тағы да бір шындық, Грозный мұнай және май зауытында зымыран тех­никасына жарамды және нәзік аг­регаттарға арналған май өндірілді. Сондықтан бір кездері онда қорғаныс саласына қажетті мәселелер шешімін тауып еді. Ал Қазақстан мұнайына келетін болсақ, ең сапалы мұнай Қызылорда облысындағы Құмкөл кен орнына тиесілі. Сондықтан мұның барлығы география­лық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ мұнай кешенінде бірыңғай жүйе бар, соған орай мұнай көрсеткіштері әртүрлі тәсілдермен реттеледі және қажетті өнім алуға болады. – Сізді Қазақстан халқы ассамблеясы­ның сессиясында отырғаныңызда алғаш рет теледидар арқылы көрдім. Басыңыздағы папахаңызға назар аударып, кавказдық шығар деп ойладым. Кейін сіздің шешен екеніңізді білдім. Ал Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған соң, жұмыс то­бының отырысында сіздің мамандығыңыз мұнайшы екенін біліп, тағы да таңғалдым. Сондай күрделі ортадан саясатқа, Ассам­блеяға қалай келдіңіз? – Бұл да менің өмірімдегі бір заңдылық шығар. Шешендер де қазақтар сияқты қоғамда ұжымдасып өмір сүруге бейімделген халық. Ата-аналарымыз бізді өзіңнен бұрын басқа адамдардың жағдайын ойлауға тәрбиеледі. Мектепте жүрген кезімде мені қоғамдық жұмыстарға жиі тартты. Өз отбасыңдағы жұмыстармен қатар, егер біреуге шөп шабу қажет болып қалса, енді біреуге отын әкеліп беру қажет болса немесе сиырын өріске шығару керек болса, мені сонда жұмсап жіберетін. Бала күнімізден мұқтаж адамдардың бау-бақшасының жерін қопарып беруге, басқа да күнделікті жұмыстарына көмектестік. Институтта оқып жүрген кезде де қоғамдық жұмыстарға белсенді араластық. Студенттік құрылыс жасақтарында жұмыс істедік. Айтқандай, 1971 жылы Торғай облысы алғаш құрылып жатқанда, Арқалық қаласына келіп, үй салдық. Одан кейін «Мурманск-Ленинград» автожолын, темір жолын салу жұмыстарына қатыстық. Карелиядағы ГРЭС құрылысына да атсалыстық. Онда біз инженерлік жұ­мыстарды емес, өте ауыр әрі күрделі бетон құю, асфальт салу, жер қазу сияқты қолымыздан келетін жұмыстарды өз еркімізбен және адал атқардық. Комсомол ретінде құрылыс жасақтары, спорттық шаралар мен қоғамдық тәртіп жұмыстарын бірге алып жүрдім. Институтты бітіргенше оның жедел жасақтарын басқардым. Сондықтан менің бұрғылау жұмысына келгенге дейін қоғамдық, комсомолдық жұмыстардан жинаған тәжірибем болды. Институтты бітіргеннен кейін мені Грозный бұрғылау жұмыстары басқармасының көмекшісі етіп жіберуі керек еді. Сол кезде партия бірден шешім шығарды, мені өзіміздің мұнай институтына кері жіберіп, институттың комсомол комитеті хатшы­сының орынбасары етіп сайлады. Сөйтіп, институт тарихында мұндай қоғамдық жұмысқа тартылған бірінші шешен бол­дым. Бізде жастардың көшбасшысы – комсомол комитетінің құрамы өте ауқымды болатын. Күндізгі бөлімнің өзінде 6 мың комсомол, сырттай оқитындар саны 3 мың болды. Бұл Шешен – Ингуш АССР-ның республикалық үлкен комсомол ұйымы еді. 1974 – 1977 жылдары мен комсомолдың әйгілі қайраткері болдым. – Ал Қазақстанға қашан қызмет ауыстырдыңыз? – Өмір заңдылығымен үйлендім. Бірақ алатын айлығым өте аз болды, жеке үйіміз болған жоқ, әкеммен бірге тұрдым. Ойлана келе, Маңғыстауға кеттім. Сөйтіп, 1977 жылы мұнай өндірісіне, «Маңғыстаумұнай» бірлестігіне жұмысқа кірдім. Мұнай са­ласында жұмыс істеп жүріп, бұрғылау­шының көмекшісі, бұрғылаушы, шебер және сол сияқты еңбек жолының барлық сатысынан өттім. Мұнайлы ауданы жаңадан құрылған болатын. 1987 жылы мені партия коми­тетінің хатшысы етіп сайлады. Ол жұмыста жүргенде ұлттық мәселелермен емес, қоғамдық қызметпен айналыстым. 1989 жылы өндірістік қызмет пен партия жұмысынан біраз тәжірибем болды. Сол кездерде біз Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қа­тысумен өтетін республикалық іс-шара­ларға барып қатысып жүрдік. Алматыға жиі келіп жүрдім. Сол кездерден бастап маған саяси және қоғамдық жұмыстармен тікелей айналысуға тура келді. Маңғыстауда ұлттық-мәдени орталықтар құрыла бастады. 1990 жылы мені Шешен-ингуш ұлттық-мәдени ор­талығының төрағасы етіп сайлады. Өзім мұ­най­шы, партия қызметкері әрі вай­нахтардың жетекшісі болсам да, ол кезде менің таңдау мүмкіндігім азғана болды. Біріншіден, біздің қазақтарға жау емес екендігімізді түсіндіру керек болды. Осылайша өмір маған жаңа міндеттерді жүктеді. – Сол тұстағы саяси оқиғалар да қайшылыққа толы болды емес пе? – Иә, 1989 жылы «Тіл туралы» заң қабылданғанын білесіз. Сол кезеңде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мәртебесін халықаралық құқықтық дербес субъектісі ретінде бекітетін көптеген заңнамалық құжаттарды қабылдады. Мем­лекет ретінде, қазақтардың елі ретінде Қазақстанның ұлттық бейнесін айқын­дайтын көптеген істер атқарылды. Сол кезде қазақ зиялылары көкейкесті мә­селелерді көтерді, қозғалыстар құрылды. Осындай жағдайда бәріміз жиналып, біздер – қазақстандықтармыз, ортақ мүддені көздеушілерміз деген ұстанымда болдық. Ол кезде қазақ халқы, қазақ тілі және қазақтардың өңірлік, діни, тұрмыстық проблемалар туралы мәселелер ашық айтыла бастады. Ақын Олжас Сүлейменов КСРО халық депутаттарының І съезінде Кеңес Ода­ғындағы халықтарды ақтау мәселесін көтерді. Жаңғырту үдерісін қандай қадамнан болса да, бастау керек болды және ондай қадам жасалды. 1989 жылғы күзде КСРО халық депутаттарының съезінде Н.Назарбаев «Қайғылы оқиғаларды бастан кешкендеріне орай қазақ халқынан кім кешірім сұрайды?!» деген мағынада залдағыларға сұрақ қойды. Одан әрі Қазақстанда ұлттық жаңғыру қалай жүзеге асатыны туралы ойларын анық жеткізді. Содан кейін елдің басшылығы мен қоғам ұлттық мүддені мәдениет пен тіл арқылы жаңғыртуымыз қажет екенін айқындап алды. Мен бұл жерде қазақ ұлты туралы айтып тұрмын. Бірақ қазақ ұлтының мүддесі туралы сөз еткенде, өзге ұлттар туралы ойламауың мүмкін емес. «Тіл туралы» заңға сәйкес біздер – қазақстандықтар да өз міндеттерімізді айқындап алдық. Яғни осы заңның негізінде қазақ тілін оқып-білуіміз қажет. Өзім басшылық жасайтын кәсіпорында жұмыс уақытында қазақ тілін оқыту курсын ұйымдастырдық. Ол кезде «Қызыл бұрыш» болатын, соған адамдарды жинап отыр­ғыздық та, мұғалімді шақырдық. Алғашқы дәрістер өте проблемалы болды. Біріншіден, «оқушылар» тілді білмейді, екіншіден, мұғалімдер де мүлдем тілді түсінбейтін адамдарға қалай үйрету керек екенін білген жоқ. Себебі ол кезде қазақ тілін үйрететін мұғалім деп алған адамдарымыз қазақша жақсы сөйлей білетін зейнеткерлік дема­лыстағы бұрынғы әскерилер немесе ми­ли­ция қызметкерлері еді. Ірі кәсіпо­рын­дардағы орыстілді ұжымға байланысты мәселе туындады. Егер де ұжымның 99 пайызы орыстар болса, айталық, машина жасау министрлігі, атом өнеркәсібі мен күрделі өндіріс орындарында қазақ та, өзге ұлт өкілдері де жоқ. Сол кезде пікірталас туды. Бірі «бізді оқытудың керегі жоқ» десе, екіншілері керек екенін айтты. Мен ұжымның партия ұйымының хатшысы болғандықтан, анық, нақты және бәріне түсінікті ұстанымды таңдауым керек болды. Оларға «Құрметті достарым, әріптестерім! Мен орыс та, қазақ та емеспін. Ана тілі туралы айтсақ, менің ана тілім – шешен тілі. Алайда біз шындық пен әділдік жағында болуымыз керек. Ендеше, Қа­зақстанда тұрып жатқанымызды ескеріп, тек қана тілі мен мәдениетін қайта түлету арқылы өз халқын жаңғыртуға және оның мүддесін қорғауға болатынын айтып отырған қазақтардың проблемасын түсінгеніміз жөн. Сондықтан біздер қазақ тілін үйренуге міндеттіміз» дедім. Осындай міндетті алға қойдым. Ол кезде зиялы қауым өкілдері қазақ­тардың ұлттық жаңғыру мәселесін өткір қоя бастады. Бірақ ондай үндеулер өзге ұлт өкілдеріне жікке бөліну, ұлттық шеттету сияқты көрінді. Дегенмен шешілуін талап еткен мәселелер, жалпы алғанда, әділ болатын. Оның ішінде тарихи шындықты қалпына келтіру, ұлттық салт-дәстүрге және діни сенімге құқылы болу, елді ме­кендердің тарихи атауларын қайтару және басқа мәселелер көтерілді. Бұл мұсылмандар үшін қалыпты, түсінікті жағдай, ал өзге дін өкілдеріне Қазақстанда ұлттық жаңғыру туралы айтылған пікірлерді қабылдау қиын болды. Осы кезде көптеген қарама-қай­шылықтар туындады. Әртүрлі пікірталастарда қазақтар ұлттық рухты, патриотизмді, мәдениет пен тілді дамыту мәселелерін көтерді. «Тіл туралы» заң этникалық топтардың өз тілдерін дамыту жөніндегі ой-армандарын толық іске асыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға сәйкес барлық өңірде ұлттық бірлестіктер құрылды. Мысалы, 1989 жылы Алматыда біздің вайнахтар орталығы құрылды. Осыған ұқсас кәрістер, еврейлер, поляктар, гректер және т.б. ұлт өкілдері өз орталық­тарын құрды. Сөйтіп, Қазақстанда алуан түрлі ұлттық бірлестіктердің іргесі қаланды. Қазір бізде барлық ұлт пен ұлыстар бір шаңырақтың астына бірігіп отыр ғой. Ал алғашқы кезде әр ұлт өзінің киіз үйінде отырғандай еді. Ұлттық орталықтар Алматыдан емес, Ыстамбұлдан, Гроз­ныйдан, Мәскеуден, Варшавадан, Берлиннен қолдау күтетін. – Неге өз Отандарынан қолдау күтті? – Ұлттық салт-дәстүрдің, мәдениеттің, тілдің тамырын қайдан іздеуге болады? Ұлттық құндылықты қайта дамытуды қалай бастауға болады? Түріктер Түркиядан, немістер Германиядан, орыстар Ресейден іздеді. Сондықтан этникалық жаңғыртуды ойлағанда, әр ұлт өздерінің тарихи Отандарына қарай бет бұрды. Германияда немістерді туған Отанына көшіріп алу туралы ұлттық бағдарлама әзірленді. Поляктар Польшаға, гректер Грекияға қоныс аудара бастады. Тіпті бастапқыда кәрістер де өз елдеріне қарай қозғала бастады. Сол кезде тарихи Отанындағы кәрістер ақылды шешім қабылдады. «Жоқ, біз кәрістер қай жерде тұрса, сол тұрған жерінде кәрістерге көмектесеміз» деген шешімге келді. Бүгінде олар оның нәтижесін көруде. Ал басқа ұлттар өз елдеріне көшіп кетті, сондай-ақ біздің шешендер де өз Отанына оралды. Біздерді де шақырып: «Туған жерлеріңізге келіңіздер, біз сіздерге жер береміз, құрылыс материалдарын және несие береміз» деді. Бірақ біз өз жолымызды айқын таңдап алдық. «Қазақстанда тұрамыз және осында өмір сүріп, өсіп-өнеміз, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді және тілімізді дамытамыз, Қазақстанның шешендері боламыз» деп шештік. Осы тұста Қазақстанға Шешенстаннан келген босқындарға қолдау көрсеткен барша адамға, бірінші кезекте Н.Назарбаевқа ризашылық білдіргеніміз әділетті болар еді. Бұл жақсылықты Шешенстандағылар да ұмытқан жоқ. Грозныйда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімімен лицей ашылды. Қазақстан халқы ассамблеясының бір сессиясында шешен босқындары туралы мәселе қозғадым. Сол кезде Н.Назарбаев: «Олар да біздің адамдар, елімізге келді, біздің заңдарымызды орындап, өмір сүре берсін. Біз оларға барынша қолдау жасауымыз керек» дей келіп, барлық мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарына тапсырма берген еді. Сондықтан Н.Назарбаевтың осы ұстанымы – бізді Елбасы сенімін ақтайтын жағдай қалыптастыруға міндеттейді. - Әңгімеңiзге рақмет. Жігер БАЙТІЛЕСОВ, Айбатыр СЕЙТАҚ, Астана
"Айқын"