"Біз есігімізді теуіп кірген Тәуелсіздікті қолдан бермеуге тиіспіз!"
2013 ж. 09 шілде
2446
14

«Кәрі құлдар» ешуақытта бас көтере алмайды...
–Қабдеш аға соңғы кездері Ресейді жақтап сөйлеп «Қазақ елі Ресейдің губерниясы болуы керек» деп пікір білдіретіндер пайда болды. Тіпті олардың арасында Олжас Сүлейменов дейтін замандасыңыз да бар. Таяуда оның «Біз сияқты елге Тәуелсіздік – қауіпті әрі мүмкін емес» деген сұхбаты шығыпты. Замандасыңыздың бұл ұстанымын қалай бағалайсыз? Расында бізге Тәуелсіздік – қауіпті әрі мүмкін емес пе? – Соңғы кездері шынымен де өзің айтқандай үрдіс байқалып жүр. Орыс газеттері «КСРО-ға қайта оралайық» деп ашық жазып жатыр. Бұрын мұндай сөздер Жириновский, Зюганов сынды бірнеше азаматтың аузымен айтылатын. Қазіргі таңда «Кеңес үкіметін қалпына келтірейік» деген әңгіме жаппай айтылатын болды. Бұл нәрсе тегін емес. Өйткені Путиннің өзі «ХХ ғасырдың ең басты тарихи апаты – КСРО-ның күйреуі. Мүмкіндік болса, сол одақты қайтадан қалпына келтіруіміз керек» деп мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда Ресейдің идеологтары осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай осы жұмыстарға қазақтан шыққан орыс тілді азаматтар да қосылып кетеді. Жалпы орыс тілді қазақтар Тәуелсіздіктен не үшін қорқады? Өйткені ол өзі және түгел бала-шағасымен қазақ тілін білмейді, сондықтан да орыс тілінде сөйлейді. Тәуелсіздік нығайып, қазақ ұлтының рухы оянатын болса, олар далада қалғандай күй кешеді. Ал Олжас Сүлейменов баяғыдан бері Кеңес үкіметін көксеп жүрген қазақтардың бірі. Тіпті, кезінде ол қазақтың Тәуелсіздік алуын емес, Кеңес құрамында конфедерация болуды ұсынған адам. Оның Тәуелсіздікке қарсы болу себебі – орыс тілді адам. Оны біз әйтеуір «Қазақтың ақыны» деп сырттан малданып, мақтанып жүреміз. Бірақ әдебиетшілер Олжасты «Орыс әдебиетінің өкілі» деп есептейді. Менің ойымша, шығармашылық адамы қай тілде жазса, сол ұлттың ақын-жазушысы болады.
Парламентке тағайындала салатын Ассамблея өкілдері қазақтардан артық болып тұр...
– Ресейдің сойылын соғушы тағы бір қазақ Нұрлан Ерімбетов «Қазақстан жастары қазір өте қатты радикалданып кетті, өйткені Кеңес одағының не екенін білмейтін, Ресеймен, Кавказбен тарихи немесе туысқандық байланыстары жоқ ұрпақ өсіп шықты» деп қамығыпты. Саясаттанушының «Жастар өте қатты радикалданып кетті» деген пікіріне қосыласыз ба?

Біз Тәуелсіздіктің қадірін білмейміз...
– Жасыратын несі бар соңғы бір-екі жылда «тәуелсіздігімізді сақтап қала алар ма екенбіз» деп алаңдап қалдық. Бірақ мемлекет басшысы Астананы салып, Қазақ елін мүмкіндігінше аяғынан тұрғызды. Осынау қыруар шаруаны жасап алып, бір күнде азаттықты қолдан бере салмайтын шығар. Әлде, мен қателесемін бе?
– Жоқ. Мен де Мемлекет басшысы Тәуелсіздікті қолдан бере салмауға тиісті деп ойлаймын. Жалпы Н.Назарбаевқа Қазақ елінің тұңғыш президенті деген атақтан басқа атақ керегі жоқ. Кейбір жағымпаздар мемлекет басшысына түрлі атақтарды жабыстырады. Міне осы жағымпаздар адамның ойын бұзуы мүмкін ғой. Мәселен үнемі бірыңғай мақтай берсе адамның өзі де «Мен шынымен мықты екенмін» деп ойлап қалады. Жалпы біздің «тәуелсіздікке ие боламыз ба, болмаймыз ба» деп қорқуымыздың себебі мынада. Біз одақтас елдердің ішінде ең соңғы болып азаттығымызды алдық қой. Мәселен өзіміздің қырғыздар тамыздың 31-і күні, ал өзбектер қыркүйектің 1-і күні азаттығын жариялады. Ал біз осылардан кейін табандап үш жарым ай отырып алдық. Мен қырғыз бен өзбектерден кейін көп ұзамай тәуелсіздігімізді жариялайтын шығармыз деп ойлағанмын. Себебі азаттығымызды алуға бөгет болып отырған ешкім жоқ. Өзіміз алғымыз келмей отыр. «Әлде қалай болады» деп өз өзімізге сенбей отырмыз. Желтоқсанның 8-і күні империяның үш бұты Ресей, Украина, Белорусия үш жаққа тарап кетті. Осыдан кейін империяның көшкен жұртында 8 күн отырып, желтоқсанның 16-сы күні әрең дегенде азатығымызды алдық. Тәуелсіздікті алмасақ болмайтын еді, себебі жұрт бізді халық деп танымас та еді. Содан не керек амалсыздан тәуелсіздік жариялауға тура келді. Біз осы тәуелсіздікті қиналып, қан төгіп алған емеспіз. Тәуелсіздіктің қадырын білмейтіндігіміз осыдан. Бұл есігімізден өзі теуіп кірген Тәуелсіздік қой. Егер біз азаттықты Индия сияқты елдердей күресіп жүріп алсақ бүгінгідей болмас едік. Ашығын айтқанда тәуелсіздікке дайындықсыз келдік. Есесіне қазақ халқы азаттық алуға ХХ ғасырдың басында яғни, Алашорда мемлекеті құрылған кезде дайын болды. Олардың қай-қайсын алсаңызда шетінен президент болуға жарайтын азаматтар болатын. Алаштықтардың ішінде министр болуға әлеуеті жететін 20-30 азамат болды. Шіркін, біз сол кезде азаттық алып кетсек, жаңағы алаштықтар бір-бір бақан болып тұра қалар еді. Бұл енді әрине өкініш. Қолдан шығып кеткен мүмкіндік.Біз Алаш арыстары көрсетіп кеткен жолды ұстануымыз керек.
– Қазіргі кезде тұлғаларды бір біріне айдап салу үрдісі байқалып қалады. Мәселен Алашордашылар мен қазақтан шыққан болшевиктерді, сондай-ақ, түрікшілдік идеясын ұстанған азаматтарды бір біріне айдап салады. Бізге осылардың ішінде кімдер жақын деп ойлайсыз?
– Бізге ең жақын, халықтың қамқоры болған, қазақ халқына не керек екенін білген ол Алаш қайраткерлері. Біз Алаш арыстары көрсетіп кеткен жолды ұстануымыз керек. Кейінгі ұрпаққа Алашордашылардың ерен еңбегін үлгі етіп ұсынуымыз керек. Өкінішке қарай Әлихан Бөкейханның 145 жылдығы мен Алашорда Ұлттық үкіметінің 95 жылдығын жетім қыздың тойындай да атап өткен жоқпыз. Әйтеуір бір-екі газетке мақала жазған болдық. Шындап келгенде олардың мерейтойын атап өту алаш арыстарына керек емес, оның артында қалған ұрпақтарына керек еді. Алашордашылар азаттық үшін басы кететінін біліп отырып Кеңес үкіметімен күресті. Бүгінгі кейбір шенеуніктер солардан өзін артық санайды. Алаш арыстарын көтерсе өзі төмендеп қалатындай көреді. – Шығармаларыңыздың көпшілігі көшкен қазақтарға арналғаны белгілі. Ал бүгінгі көш неге тоқтап қалды? – Расында менің «Соңғы көш», «Атамекен» деген романдарым осы көшкен қазақтарға арналған. Әу баста біздің елімізде көші-қон жұмыстары жақсы басталды. Өкінішке қарай оның аяғы сиырқұйымшақталып кетті. Үкімет сырттағы қазақтарды елге әкелуге 20 мың квота бөлгенде қуанып едім. Өйткені бұл 20 мың квотаның артында 80-100 мың қазақ тұр. Ал енді «2015 жылға дейін шет елден қазақ келтірмеу керек» деген моратория қайдан шықты? Жұрттың қалтасына кететін милиардттаған ақшаны үнемдеп қазақтың жолын кесіп отырмыз. Менің ойымша бұл қазақ халқына жасалған қиянат. – Кейбір азаматтар «Шеттегі қандастарды түгелімен елге әкелудің қажеті жоқ. Келетіндер келе берсін, ал сонда қалғандарына тілі мен дінін сақтауға қолдау көрсетуіміз керек. Олар қазақтың атын шетелде де шығарып, жарнамалай алады» деген пікірде. Менің ойымша шеттегі бауырларымыздың тілі мен дінін сақтап қалудың бір ғана жолы бар – ол қандастарымызды тездетіп елге әкелу. Сіз қалай ойлайсыз? – Менің ойымша шет елдегі қазақ біздің алтын қорымыз. Бұған дейін біздің алтын қорымыз аман-сау сақталып келді. Бірақ ол бұдан кейін дұрыс сақталмауы мүмкін ғой. Шеттегі қазақтар банкке салып қойған ақша емес, керек кезінде ала салатын. Халық тірі организим болғандықтан ассимиляцияға ұшырайды. Енді 10-15 жылдан кейін «Елім» дейтін азаматтар азайып кетеді. Себебі Өзбекстандағы қазақ өзбектеніп, Қытайдағы қазақ қытайланып бара жатыр. Ал Ресейде 1 млн. астам қазақ болғанымен ондағылар ана тілінде оқи алмай отыр. Сонда ондағы қазақтардың күні не болмақ? Жаңағы пікір қазаққа жаны ашыған адамның пікірі емес. Егер біз 5 млн. қазақтың 3 млн. елге көшіріп ала алсақ, онда көп мәселе өзінен өзі шешілер еді. – Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек» деп үндеу тастаған екен. Жалпы өзіңіздің сондай-ақ, қазіргі ақын-жазушыларымыз өз шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қаншалықты қорғап жүр? – Өте орынды сұрақ. Мен өзім не нәрсе қазақ ұлтына пайдалы болса, соны қолдаймын. Ал не нәрсе қазақ ұлтына зардап әкелсе мен оған қарсы боламын. Менің шығармаларымның дені тарихи шығармалар. Олардың бәрінде қазақ ұлтының мүддесін қорғауға тырыстым. Мен «Дарабозды», «Абылай» мен «Қабанбайды» қазақ ұлтының рухы көтерілсін деп жаздым. Ал біздің кейбір жазушыларымыз «тек қана ұлттық мәселемен шектелмей, бүкіл адамзаттық мәселелерді қозғауымыз керек» дейді. Ал мен оларға «сендер адамзаттың мәселесін қозғай беріңдер. Мен ұлттың жазушысы боламын» дер едім. Өйткені ағылшындар, жапондар «Жұмаділов не айтады екен» деп күтіп отырған жоқ. Ал қазақтар «не істеу керек» дегенді бізден сарғайып күтіп отыр. Ұзын сөздің қысқасы қазақты дұрыс жолға салып алсам да маған аз олжа емес. – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!Серік ЖОЛДАСБАЙ,
www.qazaquni.kz