Бақаш Кәдей. Елбасы Құлжаға келгенде

(эссе) 2004 жылы қыркүйектің 24 жұлдызы. Әбігер болғанымызға бір жұма. Дүние қазақтарының ұлы көсемі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізге сапарлай келетін күн. Сапарлай келгенде осы Құлжада болып, мемлекет және автономиялы өлкенің басшыларымен кейбір мәселелер туралы кеңеспек. Нәкеңнің көңілге алған тағы бір шаруасы – Қытайдағы қарапайым қазақтардың хал-жайын білу мақсатында бір жай отбасына бас сұғып, нан ауыз тиіп аттанбақ екенін ұққан соң, облыстық үкіметтің орналастыруы бойынша, белгіленген қонақ келетін отбасының қора-қопсысын тазалап, үйін реттеп, әйнегіне дейін сүртіп, кәдімгі той жасайтындай әбігер боп жүрген жайымыз осы. Белгіленген отбасы облыстық мәслихаттың бұрынғы төрағасы, зейнеткер басшы Әзімбай ақсақалдың отбасы болды. Себебі, қарапайым отбасы деп бір диқан немесе малшының отбасына  орналастырсақ, шеткерірек болып, жол алыстайды да уақыт жар бермейді, Олай болатыны берілген уақыт басында 40 минут делінген, кейін 20 минутқа қысқарды. Екіншіден, қалайда біз үшін шетел Президенті келетін болғандығы себепті, тиісті мемлекет құпиялығына кепілдік ету үшін сол отбасындағылар сөз-әрекетке ерекше көңіл бөлуі керек. Үйге қазақ патшасы келді деп, қуанышты сезіммен лепіре сөйлеп отырғанда, аузынан кейбір мемлекет құпиялығына саятын сөз-сөйлемдер шығып кетсе, «айтылған сөз атылған оқ», қайта жиып ала алмай ұятқа қалатын, тіпті үлкен істерге барып кесірі тиетін жағдай туылуы ғажап емес. Ол үшін ол кісілерге алдын ала «Отбасылық курс» ашу керек. Жөпелдемеде бұл мүмкін бола қоймайды. Сонымен саясидың қыр-сырына қанық, басшылық қызметте болған, қарт партия мүшесі Әзімбай ақсақалдың үйіне орналастырған жағдай осы. Құлегердей тыпыршыдық Бұл мен облыстық үкіметтің күтіп алу басқармасында істеп жүрген кезім. Басқарма бастығы Камаш апай, мен және кеңсе меңгермесінен  Изәт Әбілмәжінқызы, заң-түзім басқармасынан Нұрғайша Жұмашқызы қатарлы бірнешеуміз осы Әзімбай ақсақалдың үйін реттеуге жәрдемге келгенімізге бір апта. Елбасы келгенде әрқайсымыздың өз міндетіміз бар. Мен қой сойып, қазақша жіліктеп, балқытып пісіріп,табақ жасап, өзім бастап көтеріп кіріп, «әумин» деп бата сұрайтын болдым. Ал, Изәт пен Нұрғайша кәдімгі қазақ келіндері ретінде қаймақтап самаурынмен шай құяды. Камаш апай қажетті заттарды толықтауға кепілдік етуші. Елбасының нұр дидарын көру орайына ие болғандығымыз үшін қуаныштан бойымызда қан тулап, бір түрлі сезім билеп, ауыздықпен алысқан құлагердің күйін кешіп, сағат санап, ұйқы қашып, сол сәтті күттік. Күттік те, Әзімбай шалдың дәретханасына дейін айнадай етіп тазалап үлгердік. Әзімбай шалдың үйі қала орталығынан Іле өзенінің көне көпіріне қарай жүретін жолдың оң қатарындағы таскөпір ауылдық үкімет ғимаратының артында ғана, от-электр стансасына құлдап кететін көшенің бойында екен. Еуропа үлгісінде салынған бір қабат шатырша қаңылтыр төбелі, ортасы каридор, екі жағына бөлініп орналасқан үштен алты ауызды үй, каридордың тақалған басында қабат үйдегі секілді тазалық бөлмесі бар. Аула көлемі мөлшермен 5 фын(3 соток), қақпадан кіре беріс оң жағында бір ауызды шайханалық үй, оның жер асты бөлмесі көмірхана етіп орналастырылған. Үйдің артындағы көлденең ұзыншақ жердің көше жақ шетіне гараж салып, ішкі жағындағы қалған бөлігін ақ қалдырмай жеміс ағаштарын отырғызған. Ал алты ауыз үйдің каридор арқылы бөлінген батыс үш қанатының асты ас үй және азық-түлік қоймасы етілген. Үй қорғанының түбіне жүзім отырғызылып, сөремен кіре беріс шайхана үйге артып қойылған да, қақпадан кірген адамға жасыл каридордан кіргендей жанға жайлы әсер береді. Елбасы келетін күн де жетті әйтеу. Әзімбай шал, ұлы Шалқар үшеуміз қойды артқы аулада сойдық, сол араға ошақ салып, үлкен қазан асып, бір қойдың етін бірақ салдық, ет пісіп бола бере Елбасының арнаулы азық-түлік тазалығына жауапты қорғаушысы Айдар дейтін атан түйедей азамат келді де: – Етіңіз пісті ме?– деді. – Пісіп қалды, –дедім мен. – Бір кесіп беріңіз, – деді де, қолындағы көтеріп жүрген чемоданның ішінен қаттамалы қолфонға ұқсайтын аспабын алып шығып таңдайын ашты, бармақтай етті таңдайына басып жауып, бес он секунттай тұрды да экрандағы үздіксіз өзгерген цифырлар тоқтағанда барып: – Жарайды, етіңіз толымды, жеуге жарайды, – деп иығын бір қомдады да, аспаптарын жиыстырып, алдыңғы аулаға өтіп кетті. Айдар кешеден бері бар осында, ауланың төрт тарабының қауіпсіздігі мен ортасының тазалық өлшемін мұқият тексеріп жүрген. Денелілігі сонша, әдеттегі үйдің есігінен тура кірсе, екі иығы екі жақтауды соқпаса да сызып кіретіндей, бойы, Құдай-ау, екі метрден әлде қайда артық. Мен әдетте бойым 182 см, салмағым 98 де 101 килограм аралығында тартып жүретінмін. Кеше онымен есік алдында суретке түскеміз, бүгін әлгі суреттерімізді көрсек, Айдардың қасында токтан шыққан балапандай көрінеді екенбіз. Бүгін тәңертең Айдар бізге қадағалай тапсырып: - Сіздердің құбыр суларыңызды үлкен кісіге ішуге болмайды, өйткені сіздердің құбыр суларыңыз тұндыру барысында құрамындағы ас қортуға жәрдемші минаралдар сүзіліп тасталған, сіздер шайды да, етті де минарал сумен қайнатуларыңыз керек, – деген. Сосын кадімгі кеңселерге қойылатын электрлі су қайнатқыштың төбесіне төңкере салатын 20 килограмдық минарал судан 6 құтысын әкеліп, шай мен етке жалпы үш төртеуін істеткенбіз. Бұл кезде самаурындағы шай да қайнап, қаймақты сүтімен құя салатындай дайын боп тұрған. Дастархан толы тағам. Қонақтар келіп отырса, етімді тартсам ғана болды, менің міндетім біткелі тұр. Айдар мырза бір кезде, бір нәрсе есіне түскендей: . - Қандай шай дайындадыңыздар? – деп сұрап қалды. - Сүтті шай құямыз ба деп, – дедік үй иесі бәйбіше бар бәріміз. - Жоқ, болмайды. Үлкен кісіге сүтті шай ішуге болмайды. Ол кісі бір жыл болды, денсаулық үшін көк шай ішіп жүрген. Оның үстіне сіздердің сүттерңіздің сапасын біз әлі тексергеміз жоқ. Өйтсеңіздер үлкен кісіні ауыртып аласыздар,–деді. Шамасы сол кезде біздің елде аусылдың құтырып тұрғандығынан хабардар болса керек. - Көк шай да дайын, қажетіне қарай болар деп, алты-жеті түрлі шай дайындап қойғанбыз, таңдағанын ішеді, –деп біздің күтіп алу басқармамыздың бастығы Камаш апай сөз қыстырды. Сонымен көк шай ішілетін болды. Бір кезде Айдар менен: - Сіз бұл отбасымен қалай туысасыз?– деп сұрады. - Жоқ, менің бұл отбасымен туыстық қатынасым жоқ, облыстық үкіметтің орналастыруымен Елбасының қызметінде болуға жіберілгенмін, – дедім шынымды айтып. - Онда болмайды, – деді Айдар. - Үлкен кісі осы отбасына ғана келген. Бұл отбасымен туыстық қатынасы жоқ адамдардың мұнда болуына болмайды, әсіресе, әкімшіліктен адам қатысуына болмайды, сіздер дереу кетіп қалыңыздар, болмаса, артқы аулаға барып жасырынып қалуларыңызға болады. «Президент таяқ алып қумайды» Төбеме бір қойғандай болды, бір аптадан бері Әзімбайдың дәретханасына дейін тазалап, құрақ ұшып жүргендегі төрт көзбен күткен, аңсағанымыз осы сәт емес пе еді. Мыналарың қуып шықса не болдық сонда! Камаш апайға айттым: – Енді қайтемыз? Ол кісі: - Президент келгенде бізді таяқ алып қуып жүреді ғой дейсің бе, шықпаймыз осы ауладан, сонша уақыт тосқан бір орайды қалай қолдан бермекпіз. Қолын қысып, сәлемдесіп нұр дидарын көріп қалайық Елбасының, –деді.  Әлгі сөзді малданып, Камаш апайға арқаланып, айналсоқтап аулада жүріп алдық, Айдар бірнеше рет ескертті, бетбақтанып жүріп алдық, ол да бізді қуып шыға алмады. Өйткені біз отырақты елдің бұзауымыз ғой. Уақыт таяп келеді. Мен етімді түсіріп, үш табақ етіп жасап, тарта салатындай етіп дайындап қойғамын. Бата сұрау міндетім тағы бар. Тықыршып тұрмын. «Келді, келді» деп есік жаққа қалбалақтап жүгірді біреу, елең ете қалдық. Келгендер Қазақстан жақтың тілшілері болып шықты. Тұрқы шағын, сары шашты қазақ қыз, қолында қалам-қағазы бар, қасында алпамсадай аппарат көтерген қазақ жігіт келді де, өздерін қысқаша таныстырып, асығыс амандасты да, үй иелерімен танысып, аты-жөнін, қызмет орнын, отбасының басқа мүшелерінің де аты-жөні мен қызмет орындарын, осы отбасымен туыстық байланысын қағазға толық нақтап түсіріп жатты . - Отағасы қайсы кісі? -  Менмін, – деді Әзімбай ақсақал. – Аты-жөніңіз? – Әзімбай. – Не қызмет істейсіз? – Облыстық саяси кеңесте. – Саяси кеңес деген не? – Әкімшілік ақылшы орган. – Е, онда не істейсіз? – Жай кәдірмін (Елбасының талабы жай бұқараның хал-күйін көру, басшымын демей, жай кәдірмін деп айту саяси тапсырма болатын) . – Кәдір деген не? – Жай қызметкер деген сөз. – Мына кісі?–бәйбішесіне қарады. – Бұл кісі менің әйелім. – Қайда, не істейсіз, апай? – Облыстық достық доғдырханасында. – Шипагерсіз бе? – Иә, шипагермін. ... – Мыналардың бәрі сіздің балаларыңыз ба? – Иә, мынау үлкен келінім, мынау екінші ұлым, мынау қызым, мынау күйеу балам, мына жігіт жиенім, мынау бес жасар жиен немере қызым, – деп екеуі бала-шағаларын түгендеп шықты. – Үлкен ұлыңыз неге келмеген? – Ол қазір сіздердің елде жүр. – Жай ма? – Иә, туысшылап, сауда жасап, тіршілік жайымен деген сияқты. Таныстық хатқа түскен соң тілшілер, үлкен кісі келгенде сіздер қақпадан кіргеннен ретіңіз бойынша тізіліп тұрасыздар деп, қатарға тұрғызып қойды, қатардың соңына ала Камаш апай екеуміз орын көздеп қойдық, екі қызымыз үйде, самаурынның қасында. Артынша екі-үш қорғаушы кіріп келді, қасында Қытайдағы қазақ консульның сол кездегі бастығы бар. -Мына екеуі таң атқанша ұйықтамай, біздің үйдің төрт төңірегіне күзетке тұрды, –деді үй иесі Шалқар Әзімбайұлы төртеудің ішіндегі екі оққағарды көрсетіп. Оның артынан біздің елдің оншақты тілшісі топырлап бірақ келді. - Мыналардың бәрі не істейді?– деп иығын қомдап алақанын жайды қорғаушының біреуі. – Тілші. - Осынша көп тілшінің не қажеті бар? Бір оператор, бір тілші болса жетеді ғой. Басқа ақпарат пен телеарналарға осылар көбейтіп жолдап жіберсе болды емес пе? Екеуі қалып, қалғаны қайтсын мыналардың. Кім шешеді бұл жұмысты, қайтарыңыздар мыналарды. Сонымен саусылдағандардың екеуі ғана қалдырылып, қалғаны тұмсыққа қағылды. Маңызды істерді үкімет жағынан архивке алу үшін өзіміздің арнаулы фотографты әрең қостырдық, үшеуі қалды.   Бір түнде төселген асфальт   Елбасы келгенде кескінге алып, суретке тартамыз деп үй иесі әйгілі цифрлы аппараттар дайындап қойған болатын, оның бәріне жол қойылмады. Мемлекет жағынан белгіленген заңды тілшілерден басқа ешқандай жеке адамның кескінге, суретке алуына болмайды деп аппарат біткенді жиғызып тастаған. –Үлкен кісімен суретке түсіп естелік қалдыру мүмкіншілігі бола ма біздерге?– деп сұрадық әлгілердің бірінен. - Болады шай ауыз тиіп шыққан соң армансыз естелік қалдыратын боласыздар, ол орай беріледі барлықтарыңызға, – деп сендірді ол. –Келді, келді,–деген біреудің күңкілімен тағы елеңдей қалдық. Бұл жолғысы шын болды. Қақпаға келіп тоқтаған көліктің дауысын да естімей қалыппыз. Өйтетіні Іле өзені көпіріне кететін үлкен асфальт жолдан бері бұрылған 200-300 метр жерде кеше кеш біз қайтқанға дейін асфальт жоқ, шағын тастақ жол болатын, таңертең келсек, асфальт Әзімбай ақсақалдың қақпасына бірақ тіреліпті. Май төсеп, таптап, бетіне құрғақ цемент шашып, оны тегіс сыпырып, бозаң тартқан бұрын жатқызылған асфальт етіп үлгерген екен басшылық. Бір шайтаншақ та салдырламай өтпейтін жолға үйреніп қалған құлақ, тыныштықты сезбей қалыппыз. Бәріміздің көзіміз қақпада, бағанағы рет бойынша қатардың соңында, Әзімбай шалдың жиен ұлынан кейін Камаш апай екеуміз тұрдық. Камаш апай айтқандай бағанағы бізді қуалаған оққағарлар Елбасының төңірегіне жиналып, бізбен жұмысы болмай қалды. Бағана алдымен келген екеуінің ішінде қаңылтақтау, қоңыр көзді, сары жігіт Нәкеңнің оң жағында қатарласа кіріп келеді. Біз қақпадан кіре беріс сол жаққа тізілгенбіз. Орта бойлы, бурыл басты, қаракөк кастюмы, бойына құп жарасқан, ішінен киген ауакөк жейдесі мен қиғаш қылаң жолақты қара галстугі тіпті де мырза көрсеткен, иман жүзді, денесін тік ұстаған, сергек, бидай өңінен гөрі аққұбалау, көзі тоқтаусыз тездеу қимыл жасайтын, қолы бір адаммен амандасып болғанша көзі бес адамды шолып болатын сақ бейне Елбасын да өз көзімізбен тұңғыш көріп тұрмыз. Қақпадан кіре реті бойынша үй иесі Әзімбайдан тартып бірден қол алсып келе жатқан Елбасы бізге де жақындап келеді, жақындаған сайын жүрегіміз атқақтап, әлде қандай бір мақтаныш, қуаныш, мерей, шаттаныс араласқан алақызу сезім билеп кетті денемді. Міне, қол алысып та үлгірдік. - Ассалаумағалайком, – деп қол ұсындым. - Уағалайкүмассалам, –деп қолымды алған Елбасымен лездік көз түйілістегі жан дүниемді айтып сұрама. Лездік болса да адамға өте ыждағатпен, бар назарымен, мейіріммен, терең қарайды екен. Қасындағы оққағар менің бұл отбасының мүшесі емес екенімді бағана білген ғой. Елбасы бір басса бір, екі басса екі басып қатарласып еріп келеді. Елбасы кіммен қол алысса оның қою қоңыр көзі сода. Қағылез бақылайды. Бір қарасам тіпті маған келгенде көзі өңменімнен өтті. Мейлі, ол оның міндеті. Ал мен Елбасымен қол алысқаныма мақтанам. Қатардың ең соңы мен едім. Қол алысудан соң үйге кіре беріс басбалдақты нұсқап, «қане, үйге кіріңіздер» деп жол нұсқадым. Ол кісі жай басып үйге кіріп кетті. Артынан ерген топтың ішінде, ат-атағы белгілі, Уаң лы чуан, Асхат Керімбайұлы, Алпысбай Рахымұлы, сол кездегі облыс бастығы Қызайжан Сейілқожаұлы және бір топ ағалар, қасқа-жайсаңдар кіріп кетті, орталықтан және қатысты министрліктен, облыстық үкіметтен Қытай басшылар келді деген, солар болуы керек, қайсы бірін танимыз. Алды-артты орап, аппаратының шырағын жарқылдатқан тілшілер де бірге кіріп кетті.   Кәделі табақты әрең қабылдады Олар кіре салысымен, мен ас үйдегі дайындап қойған кәделі табағыма жүгірдім. Қонақ дастарханы ортадан кіре қалған сол жақ 1-бөлмедегі үлкен қонақ үйге жайылған. Кең де ұзын ас үстелін айналдыра 24 орындық қойылған. Қонақ саны 22, үй иесімен лық толады. Ал, оққағар, тілші, күтушілерге орын орналастырылмаған. Бір қойдың етін үш табаққа бөліп, келістіріп жасап қойғам. Бас табақты өзім көтердім, үш жігіт қонақ бөлмесінің есік алдына жетіп келдік. Нәкең бір аудармашы, жеті оққағармен жүр екен. Жеті оққағардың бағанағы қаңылтақ қоңыр көз және тұрқы сонымен қарайлас тағы бірі есіктің екі жағына мүсіндей қатып қарауылға тұра қалыпты. Қалған бесеуі ана бес ауыз үйді бірден кіріп қауіпсіздігін тексеріп жүр екен. Есіктегі екі қарауыл кәдімгі машинаны тоқтауға бұйырған жол сақшысының ишаратын істеп, оң жақтағысы сол қолымен, сол жақтағысы оң қолымен мені тоқтауға бұйрық етіп, екі иығымнан итере қалды. - Жоқ, мұныңыз болмайды. Үлкен кісі бұл отбасыға тек шай ауыз тиіп аттанамыз деген, ет жейміз деп айтпаған ғой, бүйтсеңіздер үлкен кісіні ренжітіп аласыздар, алып кетіңіз, – деп тігілді маған. Есік ашық тұр, Елбасы есікке қарсы қарап төрде отыр екен. Бәрін көріп тұр да, естіп тұр. Мүмкін өзінің салған шектемесі шығар. Екі иығым итерулі, қолымда бас табақ, есікте мен тұрмын. Нәкеңнің бір жағына Уаң лы чуан, бір жағына Асхат Керімбай, Алпысбай Рахымұлы қатарлы ағалар жайғасыпты, қалғандарын түгендеу менің міндетім емес. Есіктен кіре беріс орындықта, есікке артын беріп, облыс бастығы Қызайжан Сейілқожаұлы ағамыз жайғасыпты да, оның оң жағында үй иесі Әзімбай, одан бәйбішесі отырыпты. Әзімбайдың орны Нәкеңе қарама-қарсы екен. Ішкі жағын көре алмадым. Оққағардың сөзін үй іші түгел естіді. Бірақ ешкім ештеңе айтқан жоқ. Үй іші бір сәт құлаққа ұрған танадай тынды да қалды. Тыныштықты бұзып, қимылдаған, керемет кескін үкім жасаған Қызайжан аға болды. Орнынан қарғып тұрды да, маған келіп: . - Әкел, сені кіргізбесе мен алып кірейін, – деді де, қолымдағы табақты алып, үйге кіруге оңтайланғанда, әлгі оққағарлар, маған істегенін сөз әрекетін ол кісіге де қайталады. Қықаң әуелгі әдетімен әлгі екеуінің бетіне сыздап бір қарап алды да: - Тұр былай! Неменеңе әкіреңдейсің!  Қара мына шаңыраққа! Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа деген. Біз бұған бірдеңе қосып қойды ғой дейсің бе? Әумин деп бата сұрау атам қазақтың салты. Жемесе, алдынан қайтар. Босат, жолды! – деп зекіп тастады. Айтарға болмаса, мына екеуі сасқалақтап, жіберерін де, жібермесін де біле алмай, шайлығып қалды. Төрде отырған Елбасы онан арман қысылды. Бұл аралықта басқа бес ауыз үйді айналып тексеріп жүрген былайғы бесеуі де жақындап келді. Ішіндегі ең жасы үлкен, мұрты ұлтарақтай, бойшаңдау қара (сөйтсем мұным қазіргі Кәрім Мәсімов екен, кейін сайланғаннан кейін бірақ білдік): –Жіберіңдер, жіберіңдер, ұят болмасын, – деп еді, Қызайжан ағаның зекуінен шайлығып жібере салуға шақ қалып, өз жағынан бір емеурін күтіп әрең тұрған мына екеуі жандарына қарай бір-бір қадам сырғып жолды аша қойды. - Әумин! – деді Қызайжан аға басты алып кіріп. - Әумин! – дедік бәріміз. Сабасына түскен Елбасы қол жайып, әуелі сіздерден болсын дегендей, осы дастарқандағы өзінен басқа жерлік қазақтың үлкендері Асхат аға мен Алпысбай ағаға қарады. Ол кісілер де «сізден, сізден» деп қолдары жаюлы күйінде өзіне қарады. Елбасы батасын келіскен кең қазақтың сағым ойнаған даласындай кеңінен көсілтіп, көңілге нұр ұйытып, ағынан ақтарылып, дәстүрліге жуықтау бастап, заманаға сайдырып барып, ұзаққа созып жібермей өте дәмді де мәнді етіп жасап барып, бірақ бет сипады. «Аллаһуәкбәр!» деп бет сипаған бес қазақтың дауысы бүкіл Іле аңғарын бусандырып жібергендей болды.    Патша берген құлақ Табақ тартылып болған соң жетім балаша есіктен сығалап тұрудың орны жоқ, үшеуміз шығып кеттік. Қонақ үйдің аулаға қарайтын күнгей жақ терезесінен (биіктеу еді) үйдегі әңгіме күңгірлеп анық естілмейді екен. Бар арманым Елбасын ең жақын аралықтан көріп көз айдын болып, өз аузынан төл әңгімелерін естіп қалсам деген ой ғана. Бір нәрсе іздеген болып каридорға кірдім, есіктегі екі оққағардан екі қадам ары барып тұрып, үйдің ішіне құлақ түрмекпін. Елбасы қолындағы бастың құйқасын өз қолымен кесіп, әрбір адамға үлестіріп отыр екен. Кіріп бара жатқанымды көзі шалған Елбасы «Мә, мынаны жаңағы немере қызға берші»  деп қалды. Сөз маған айтылғандай болған соң, есікте тоқтай қалдым. Маған алдынала кесіп табақтың шетіне қойып қойған құлақты ұсынды, Қызайжан аға қол жалғады, мен оны Әзімбайдың аулада ойнап жүрген бес жасар жиен немере қызына ұстаттым. – Кім берді? – Ала ғой, жей ғой, саған бер, – деп патша берді. –  Патша берді?! – деп сәби жүрегі жарылардай қуанып, тебіреніп құлақты қолына алған бала, аулада жүрген басқаларға мақтанып, «Патша берді» деп бір көрсетіп, бір тістеп жеп жүрді. Әлденені сылтауратып сыртта тұра алмай қайта кірдім каридорға. Есіктен қарап өттім. Ақбоз кастюм  киген, нағыз қазақ тұлғалы, орта бойлы, толық жігіт, Елбасының жеке аудармашысы екені анық (бұл жігітті қыста телеарнадан қысқы олимпиаданың ашылу, жабылу салтанатында тағы Елбасының жанынан көрдім, ондағысынан едәуір семіріп кетіпті), Елбасы мен Уаң лы чуанның ортасынан артжақта тұрып, қайсы қытайдың сөзі болса да қалт жібермей, сәл еңкейіп, сыбырға жақын күбірмен Елбасының құлағына аударып тұр. Бізден қытайшаға аудару міндетімен облыстық парткомның аудармашысы, майталман аудармашы Мәди Тайторин кірген. Екі бұрышқа жаңағы бес ауыз үйді тексеріп жүрген оққағардың екеуі кіріп тұра қалыпты. Қалған екеуі ішкі бұрышта болса керек. Бұлар бағана қақпадан алғаш кіре қалғанда, жүгіре басып, ауланың бұрыш-бұрышын тексеріп, артқы ойлаға өтіп, үйдің алды-артында тұрып, бір-бірімен жағаларына орнатылған түймедей тілдескілері арқылы күбірлесіп жатқандар еді. Ет жемейтін қазақ қайда? Елбасы тамақтан ала отырып, байыппен, ыждағатпен әңгіме айтып отыр екен. – Дүниежүзінде өз ұлтын бір тудың астына жинаймын деп жар салған үш мемлекет бар, соның бірі біз. Алғаш егемендік алғанда жер шарына тарыдай шашылған қазақ қандыны бір көк тудың астына жинаймын деп бүкіл дүниеге жар салғанмын. Құдайға шүкір, содан бері оралмандардың көші үзілген жоқ. Бірақ әлі де әр елде көптеген қандастарымыз бар. Енді, адам деген солай ғой, қай жер өзіне жайлы болса, сол жерде тұрғысы келеді.Сіздер үшін де солай, бұл жақта тұрсаңыздар да болады, біз жақта тұрсаңыздар да болады, –деп жатыр екен. Есіктегі екеуі «Осыдан бір қауіп келе ме» дегендей, көзінің қыйығымен маған қайта-қайта қарай бергесін ақырын сыртқа шықтым. Көп өтпей қайта кірдім. Бұл кезде тамақ та желініп боп қалған сияқты, Елбасы арнаулы күтуші Изәт пен Нұрғайша құйған көк шайды сораптап қойып, қасындағы оққағарға қарап еді, ол бір жұдырықтай шағын төртбұрышты қорап ұсынды, қорапты қолына алып қақпағын ашқан Елбасы: - Мынау біздің Астана қаласының бедері түсірілген знак еді, естелік болсын, – деп Әзімбайға ұсынды. Онан ана бұрыштағы біреусіне қарап еді, ол мөлшермен тағы бір биіктігі екі қарыстай келетін төртбұрышты қорапты ұстата қойды.Патша арағы болар деп ойладым ішімнен. - Мынау біздегі алтын адам мұнарасының бейнесі, – деп ұсынды. Одан: - Балаларың әлемнің барлық жеріндегі жаңалықтардан хабардар болып, әлеммен тілдесіп отырсын деп бір компъютер ала келіп едім, аз болса да көптей көріп қабыл алыңыз, – дей бергенде, қай уақытта алып кіріп кеткенін кім білсін, ішкі жақтан екі оққағар екі-үш жәшікті көтеріп шықты. Әйгілі маркалы компъютер, лазерлі машинкасымен екен. Мұны көріп Әзекеңнің кіші ұлы Шалқар мұртынан күлді. Сыртқа қайта шықтым, жылтыңдап қайта-қайта кіріп-шығып, әсіресе есіктегі екі оққағарға сүйкімім кеткен шығар. Бірақ өзімді тоқтата алмадым. «Жерің тар екен, ә» «Шықты, шықты» деген біреусінің дауысымен аулада жүрген мен есікке қарадым. Елбасы шығып келеді екен. Есікке сиысынша оққағарлар екі жағында, артында келеді, басқалары дәрежесі бойынша шұбай еріпті. Үйдің басбалдағы тігілдеу, тарлау еді, сол қолымен решеткадан сипай ұстап түсіп келе жатқан Елбасы: – Мына басбалдағыңды кішкене кеңірек, жадағайырақ етіп жасасаң болмай ма, ана немерелерің құлайды ғой мынадан, – деп бір қойды. Басбалдақтан түсіп болған соң үйдің бұрышына барып арт жаққа бір қарап, 5 фын(3 соток) жерде тығылып отырған ауланы көзімен бір шолды да: – Әй, жерің тар екен ә,–деді де, басқа ешнәрсе айтпай қақпаға қарай беттеді. Жеті оққағар екеуі екі жанында бір метр аралық қалдырған, қалғандары артынан қолдарын өзара айқастырып, Елбасын жарты шеңбер формасында қоршады да, ешкімді жолатпай әкетіп бара жатты. Бағанағы екі оққағардың «шай ішіп шыққан соң суретке армансыз түсетін боласыздар» дегені алдаусыратқаны болды. Ешқандай естелік қалмайтын болды. Бір естелік суретім жоқ, Назарбаевтың қолын ұстадым дегенге кім сенеді. Естелік алып қалу керек еді. Енді қарманбасақ үлгермейтін болдық. Әне қақпаға да барды, аттап шықса, аржағында көлігі тұр, мінеді де кетеді. Қалатын болдық ит болып. Болмады. Шұбап келе жатқан топтың сыртымен жанай жүгіріп алдыға өтіп, Елбасының сыртынан қатарласа келіп: – Үлкен кісі, Сізбен бірер парша суретке түсіп, естелік қалдыруға болар ма екен?– деп қойып қалдым. Бұл кезде қақпадан шығып та болған еді. Біздің басшылар жағы жек көрген бейнемен бетіме ажырая қарасты. Өйткені тазшаның ханға бейберекет төте сөйлеуіне болмайды ғой, үй иесі мен «ұсақ» қазақтар жағы жүрегіндегісін жеткізгендей маған ризашылдығымен бір-бір қарасып алды да көзін, назарын Елбасына  аударды. - Иә, әбден болады ғой, келіңдер,–деді де тоқтап, екі жағын нұсқап тұра қалды. Осы сәтті тықырши күткен ел, дөрекілеу болғанына қарамастан асығыс-үсігіс Елбасының жан-жағына жапырлай ұйлығып жатты. Әкімшілікте істегендігім үшін де дәреже деген нәрседен өте алмай, алдымен үлкендер мен басшылар тұрсын деп тосып бақсам, маған кел, сенде суретке түсіп ал дейтін адам табылмайтын сияқты. Сосын ойладым, ешкім ішінен тынып үндемегенде, «суретке түсіп естелік қалдырайық» деп Елбасына тіке айтып тоқтатқан мен едім, енді мен не үшін шетке тұрады екем деп. Сөйттім де, жүгіріп барып орын таппай опыр-топыр боп жатқан топтың артына өтіп, Әзімбай шал екеуінің артынан, ортасынан келіп, Елбасының сол жақ иығынан қарап тұра қалдым.Айналасы бірнеше секунд қана болды, тілшілердің аппараттары найзағайша жарқылдап кетті. «Елбасы ұстаған қолымды жумаған күйі...»   Елбасы жүретін ыңғай байқатып көлікке қарай бет алғасын еріксіз орнымыздан біз де қозғалдық. Сақшы машинасының жол бастауымен, ерекше дәрежелі құрмет ретінде қорғауға алынған көліктер тізбегі, облыстық үкіметтің қарсысындағы он екі қабат «Жияңжұн-Шуаңчын» қонақжайын бетке алып аттанып кетті.Таңертеңнен бері сыртқа шықпаған соң білмеппіз, жолдың екі жағына әр 10 метрге бірден сақшы орналастырып тасталыпты. Камаш апай өз көлігімен сол топтың артынан ілесіп кетті, қонақжайға орналастыру мен онда ел атынан берілетін кешкі қонағасыда тиісті міндеті бар. Ал мен және Изат, Нұрғайша үшеуміз тапсырма бойынша артын жиыстырып, қонақжайға соңынан баратын болғанбыз. Шаруаны тындырып болып барайық десек, қонақжайдың төңірегіндегі көшелер жан баласын өткізбей жатыпты. Амалсыз кешкі қонағасыда Елбасының қызметкерлерінің қатарында бола алмай қалдық. Ол күнгі ерекше шаттанған біз ғана емес, облыстық ән-би үйірмесіндегі қонағасыда арнаулы өнер көрсетуге барған өнерпаздар да қол алысып, жүздесіп, суретке түсіп естелік қалдырыпты. Арнаулы дайындалған шағын концерттің басын Елбасының сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның әні "Елім меніңмен" бастағанда, елең етіп, әңгімесін шорт тоқтатып, кесесін қойған Елбасы орнынан тұрып, сахнаға жалғыз шығып, әншілермен қол алысып, ән аяқтағанша бірге айтып тұрды деп, әншілер ертесі жарыла қуанып әңгімеледі. Солардың ішінде, әйгілі жас әнші Тоқтар Мейірқан ұлының ерекше толқыныспен: – Елбасы ұстаған қолымды жумаған күйі үйге барып ұйықтап жатқан төрт жасар қызымның маңдайына бастым, – деген әңгімесі әлі есімде. Елбасының нұр дидарын көріп, қолын ұстаған басқа әншілер де сондай сезімде болған шығар... Айтпақшы, сондағы суреттен үкіметтің арнаулы фототілшісі тартқан екі суретті көзімнің қарашығындай аялап, өмір бойы сақтауға бекідім. Алғаш «Ассалаумағалайкүм» деп сәлемдесіп, қол беріп тұрған сурет пен, соңындағы топтық сурет ең баға жетпес асылдарым менің. Тым құрыса кейін сәті түсіп атажұртқа барып жатсақ, «бір ел бір жерде жүріп сендер жүзін көре алмаған Елбасының қытайда жүріп қолын ұстап, бірге суретке түскем мен» деп мақтануға да керек шығар. (Ескерту: түпнұсқада автордың жазу мәнері сақталды) Abai.kz