Ұлттық тарихтың ұлттық мемлекет құрудағы рөлі зор

ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерттеп білу мәселесі                                                  жайындағы баяндамасына орай

Мемлекеттік хатшының ұлттық тарихты зерттеу жайындағы баяндамасы баршамызды серпілтті. Ол Президенттің соңғы Жолдауындағы бағдармалық сөздерінен туындата келе, ұлттық тарихтың түйінді мәселелерін түгел атап айтты. Күмән жоқ, шынайы ұлттық тарих жазылу керек. Сол шынайы ұлттық тарих негізінде заман талабына сай ұлттық сана, ұлт­тың жаңа тарихи дүниетанымы қалыптастырылуға тиіс.  Мемлекеттік хатшы  бұл үшін тарих зерттеушілерін жаңа әдістемемен қарулануға шақырды. Шынайы ұлттық тарих біздің мемлекеттігіміздің одан әрі нығая түсуінде, шын мәніндегі қазақтың ұлттық мемлекетін құрып, мың жылдық ғұмырын баянды етуде аса зор рөл атқарады. Мемхатшының баяндамасынан осыған жоғарыда терең мән берілгенін, мәселені жаңаша ұғынып, мүлдем жаңаша парықтау әм пайымдау жасалғанын ұқтық. Алға үлкен міндеттер қойылды. Тарихи білім беруді дамыту жолдарын қарастыру, азаматтарымыздың бекем патриоттық сана-сезімін қалыптастырудағы басым бағыттарды белгілеу қажеттігі айтылды. Тарих ғылымының өкілдері ғылымды, білімді, мәдениетті дамыту саласына, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсене атсалысу керек екені көрсетілді. Бұл өте орынды талап, өйткені халықты, жастарды тарих   арқылы тәрбиелеу – еліміздің азаматтарына, тәуелсіздік туын алып жүрушілерге аса қажет отаншылдық сезімнің ұшталуын қамтамасыз етеді. Мен бұдан өз басым, мәселен, өзімнің көп жылдан бері жазып жүрген тарихи-танымды шығармалардан тұратын «Рух-Сарай» атты топтамамның мақсаты дұрыстығын көрдім. Мемхатшы іргелі мәселелерді көтерді. Ғалымдар тарихты зерттеуде жаңа әдістемені пайдаланбай жүр деді. Ол қазіргі тарих ғылымына таным әдістерін сыни тұрғыда қайта қарау талабы қойылатынын еске салды. Бүгінгі тарихшы-ғалым тек фактілерді тізіп, суреттеп беруші, оқиғаларды түзіп,  тіркеу­ші ғана емес, зерттеуге алынған нақты қоғамның құндылықтарын, ережелерін, ахлақи келбетін түсініп, аша алатын пайымдаушы болуға тиіс деді ол.  Сонда ғана ұлттық тарих өзінің күллі күрделі де бірегейлігімен жаңғырып, еліміздің болашағын бекемдеуге қызмет ететін рухани азыққа айнала алады. Біз бұған кәміл сенеміз. Солай болуға тиіс. Осы орайда ел Президентінің халқымызға тұңғыш рет 1996 жылы жасаған Жолдауында «өз тарихымызды жаңаша оқудың негізінде ғана  ұлттық идеяны қалыптастыра алуымыз мүмкін» екенін атап айтқанын еске ала кету орынды.  Тарих ғылымын дамытуға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ осылайша зор маңыз берілген. Алайда тарих арқылы ұлттық идея қалыптастырылыпты деген хабар бүгінге дейін естілген жоқ, демек, отандық тарих ғылымын дамытудағы жаңа кезеңнің бұл реттегі міндеттерін  терең түйсініп, батыл зерделеу парыз. Жаңа әдістемемен қарулануды – советтік дәуірдегі дәстүрлерден біржолата бас тартып, ұзақ жылдар ой-сананы билеген евроцентристік көзқарастан іргені аулақ салу, төл тарихыңды өзіңнің ұлттық-мемлекеттік мүддең тұрғысынан, жалпыадамзаттық тарих түпмәтінінде, әділ, объективті түрде қарастыру деп білген дұрыс. Мәселен, халқымыздың Ұлы Даланы төрт мың жыл бойы мекендеп келе жатқанын, содан бергі әр кезеңде әртүрлі атаумен аталған мемлекеттік құрылымдарды түзгенін, этностық бет-бейнесінің және мемлекеттігінің Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін, Жошы ұлысы кезінен жаңа тұрпатта қалыптаса бастағанын, бүл тарихи үдерістің Ақорда тұсында нақтылана түсіп, ақыры, тарих сахнасына бүгінгі өз атымен шығудың негізін 1456 жылы қалағанын түбегейлі дәйектеп, батыл тұжырымдау қажет. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша, қазақ тарихына қатысты орыс, қытай, парсы, моңғол, түркі дереккөздеріндегі мәліметтердің жинастырылғаны, тың зерттеулердің жарық көргені мәлім. Соларды мұқият зерделеп, қазақ мемлекетін басқарудың 18-ғасырда орын алған түрін әділ талдау керек. Күрделі геосаяси ахуалда ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан алып  елімізді оңтайлы басқару, сыртқы күштерге төтеп беруді қамсыздандыру мақсатында Тәуке хан жасаған реформаны дұрыс талдап, түсіндіру жөн. Ол  үш өлкеге үш хан сайлатты. Бұл кезеңді кейбір тарихшылар біртұтас қазақ хандығының өмір сүруі аяқталған, бұдан былай оның орнына бірнеше бірліктің – қазақ хандықтарының сахнаға шыққан кезі деп біледі. Яғни бір мемлекет (хандық) үш бөлікке (үш хандыққа) бөлінді деп санайды. Алайда осылай жаңаша құрылымдалу кең-байтақ аумақты алып жатқан елімізді басқару ісін тиімді жолға салып, тұтастықты нығайта түсудің бірден-бір дұрыс әдісі болатын. Осыны өзіміздің ұлттық-мемлекеттік мүддеміз тұрғысынан қайта пайымдау орынды. Бас хан, ұлы хан, қаһан ретінде, Тәуке хан ортақ елдік мүддені үш жүздің хандарымен шешіп отырған. Ол 1715 жылы дүние салғаннан кейін  үш өлкедегі хандардың ішіндегі ересегі әрі беделдісі – Орта жүздің және Кіші жүздің бір бөлігінің билеушісі Қайып хан – аға хан, ұлы хан ретінде танылды. Оны 1718 жылы бақталастары өлтірген соң, осы мәртебеге Кіші жүзді және Орта жүздің бір бөлігін билеуші Әбілқайыр хан 1719 жылдан ие болып, отыз жылдай ұстады. Әбілқайыр қаза тапқан соң, бұл лауазым 1748 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбетке өтті. (Оларды шонжарлардың бірқатарының аға хан ретінде мойындамауы басқа әңгіме, бастысы – аға хан институты болған). Ол өмірден көшкен 1771 жылы хан тағына Абылай отырып, он шақты жыл аға хан, ұлы хан мәртебесін алып жүрді. 1781 жылы Абылай хан қайтыс болғаннан кейін ешкім де аға хан аталған жоқ. Өйткені патша үкіметі қазақ ішіне хан сайлаудың тізгінін өзі қолына бекем алып, қазақтың тұтастығын ыдыратуға ашық кіріскен еді. Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге ұмтылған 19-ғасырдың 40-шы жылдарындағы әйгілі Кенесары хан қозғалысы тарихтың қаһармандық беттерін құрайтыны мәлім. Ал сол ғасырдың басында ұйысқан Ішкі Орда, яғни Ресей империясының тіке өз ішінде, өз аумағы есептелетін жерде шаңырақ көтерген қазақ автономиялық құрылымы – Бөкей хандығы – жері де, халқы да шағын әрі ғұмыры қысқа болғанмен, сол кезгі өркениетке сай, империя құрамында мүмкіндік берілген деңгейде ұлттық мемлекет орнатудың үлгісі іспетті-тін. Бұл белесті де әділ талдауға алу ләзім. Жаңа көзқарас, тың әдістеме, әсіресе – ХХ ғасырдағы қазақ мемлекеттігін жаңғырту жолын және совет өкіметі тұсындағы үміт пен күдікті, ұтыстар мен ұтылыстарды, шарықтау мен құлдырауды, қол жеткен жетістіктерді әділ таразылап, пайымдау үшін керек. Егер біз ұлттық тарихымызда халқымыздың атамекенінің қазіргі аумақтан әлдеқайда кең болғанын көрсетіп, оның тарылу себептерін, қазақтың экономикалық тұрғыдан тартылу орталығы болып тұрған ірі қалалардан айрылу себептерін, халқымыздың көп жағдайда жасанды сипат алып үш дүркін соққан ашаршылық сынды зұлмат салдарынан ұлттық апатқа ұшырағанын, солайша босатылған кеңістікте орын тепкен лагерьлерде казармалық социализм көрігі қыздырылғанын, жерімізге түрлі желеулермен өзге жұрттың лек-легімен көшіріп әкелінгенін, тиісінше олардың жергілікті ел-жұрттың тарихи құқтарының шектелуіне жанама түрде болса да әсер еткенін  ашып түсіндіре алсақ – онда тарихымыздың қасіретті сәттері мол мұндай әділ, шынайы беттері, сөз жоқ, бүгінгі көп этносты еліміздің бірлігін арттыра түсуге  қызмет ететін болады. Мемлекеттік хатшының алқалы жиында алға қойған мәселелері тарихшыларды осындай  қадау-қадау жұмыстар атқаруға міндеттейді.

 Бейбіт Қойшыбаев