КЕШІРІМ БОЗТАЕВ КІМ ЕДІ? СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫН ЖАБУДАҒЫ ОҚИҒАЛАР...

 

 

2013 жылы белгілі мемлекет және оғам қайраткері

КЕШІРІМХАН БОЗТАЕВ – 80 ЖАСҚА ТОЛАДЫ!

 

 

Бірінші бөлім

ҚАРСАҢДА

(Кіріспе орнына)

  Көзі қарақты оқырмандар менің бірнеше жылдан бері өз замандастарым туралы тізбекті деректі мақалалар жазып жүргенімнен хабардар болар деп ойлаймын. Ол мақалаларымда елімізге танымал тұлғалар өмірінен сыр шерткен болатынмын. Мәселен, Балташ Тұрсымбаев, Жармахан Тұяқбай, Ғалымжан Жақиянов, Хасен Оралтай, Ердоған Асылүйже, Сейдахмет Бердіқұлов, т.б. бұл сөздеріме дәлел бола алады. Ол мақалалардың дені әртүрлі басылымдарда, өзім басқаратын «Таным.ТВ» сайтында жариялануда. Бүгін сіздердің назарларыңызға марқұм, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кешірімхан Бозтаев туралы жазылған дүниемді ұсынбақпын. Алдымен Кешірімхан Бозтаев қандай азамат еді және ол кісіні қайдан, қалай білемін деген сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғамақпын. Бұл сұрақтарға жауап табу үшін алдымен төмендегі екі шағын мақаланы оқып шықсаңыздар екен деймін. Бұл мақалалар1991 жылы тамыз айында сол кездегі еліміздегі тұңғыш саяси ұйым, өзім мүшесі әрі басылым бас редакторының орынбасары (бас редактор марқұм Батырхан Дәрімбет еді) болған  Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының үні «Азат» газетінде жарық көрген болатын. Бұл екі дүниеде менің кейіпкерім, марқұм Кешірімхан Бозтаевқа тікелей қатысты. Осы жазбалар арқылы марқұм өміріндегі ең елеулі бір кезең - Семей полигонының жабылуы екенін ашық айтамын. Біреулер Семей полигонын Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей»  жапты десе, екінші біреулер, жоқ, оны Амантай қажы Асылбеков басқаратын «Аттан» жапты деп қоймаса, енді бір жақ, оны Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы белсенділері жапты дейді. Енді бір топ, жоқ, полигонды Кешірімхан Бозтаев жапқан деген уәжді алға тартады. Осы сұрақтарға сәуле түсірер деген оймен екі мақаланы үзіндіге келтіріп отырмын. Қалған ұзақ әңгімені осы бірінші бөлімді жазып бітіргеннен кейін ғана баяндай жатармын.

 

 

1.«...Бозтаев - жарылыс жанашыры

 

...Қазақ даласын жайлап кеткен қатерлі қауесет шынға айналды. Әскери-өндірістік кешен 42 жыл жасап келген қылмысын онан әрі жалғастармақшы. Семей полигонына жан енгізіп, тағы да екі ядролық жарылыс жасауға даярлық жүргізіп жатыр. Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитетінінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев басқа жұмысының бәрін тастап, Семейдегі полигонда ядролық жарылысты қайта болдыру үшін үгіт жүргізуде. Ол полигонмен жапсарлас жатақан Абай, Абыралы аудандарының тұрғындарымен кездесіп, оларды жарылысты жалғастыра беріңдер, біз қарсы емеспіз деген қағазға қол қоюға мәжбүр етіп жүрген көрінеді. Семей қаласының мекемелерінде дәл осы бағыттағы жиналыстар өтіп жатыр. 1 шілде күні Семей облыстық телерадио комитетінде де осындай басқосу болып, комитет төрағасы Мұрат Әлин журналистерді ядролық жарылыстарға қарсы емеспіз деп қол қойыңдар деп көп үгіттепті. Бір-екі орыс ағайын төлем ақшаны көп берсе, қол қямыз дегенімен, қазақ журналистер одан үзілді-кесілді бас тартыпты. К.Бозтаев, М.Әлин декоммунистер. Олар өз партиясының қазақ халқына жаулық ниетін әлі де қоймай отырғанын сезе ме екен? Осындай ұлт коммунистері жайлы орын үшін туған халқын қашанғы саудаға сала бермек? «Азат» газеті, 1991 жыл, 1-5 шілде, №11 (15) (Бұл қысқа хабарды сол кездегі осы газеттің бас редакторы Батырхан Дәрімбет жазған. Бірақ, қолын қоймағанын жақсы білемін. Ж.Кенебай)».  

 

2.«...Полигонды кім жапты?

  КСРО президенті Михаил Горбачев маусым айында Қазақстанға келген ресми сапарында қалтасына екі атом бомбасын сала келген еді. Президенттің қайғы мен қасіреттен көз ашпаған қазақ еліне әкелген «сыйының» сиқы осы. Оның 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан Зобалаңынан кейін қазақтарға «ұлтшылсың» деп ат қойып, айдар таққаннан кейін, айналалсындағылардың барлығы да теріс айналып, сырттарын бергеннен кейін қазақ еліне жолы түскені де сол болатын. Бейбіт елге 42 жыл бойы жасалып келген жауыздық қылмыс Горбачев үшін әлі аз болып көрінетін. Ұялмай- қызармай тағы да  екі жарылыс жасауға халықтан рұқсат сұрауға келіпті. 1986 жылғы қанды қырғыны үшін қазақтардан кешірім сұрау, оның ойында болмады. Сонымен төзімі таусылған қазақтар жарылысқа наразылық ретінде әр жерден бой көрсете бастады. Қожайындарының алдына «ләпбай, тақсырлап», жаман үйреніп алған Компартия басшылары Горбачевтың аузынан шыққан жарлықты асыра орындауға жанталаса кірісіп те кетті. Неше түрлі өсек-аяң, жел сөздер қаулап шыға келді. ...25 тамызда Семей қаласында Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы ұйымдастырған үлкен митингі болып өтті. Митингіге облыстық Кеңестің төрағасы Кешірім Бозтаев бастаған облыс, қала басшылары түгелдей қатысты.     Бізге жетіп жатқан хабарларға қарағанда Бозтаев жарылыс жанашыры еді. Бірақ, митингіде сөйлеген сөзі мүлдем керісінше әсер етті. Облыстық Кеңесте Семей ядролық полигоны командованиесінің басшыларымен болған кездесуде генерал-майорлар: И.Парфенов, Ф.Сафоновтар ешқандай жарылыс болмайтынына сендіріп бақты. Бұл арада да К.Бозтаев жарылыс жанашыры емес, керісінше, қасірет шеккен жерлестерінің жағында екенін айқын байқатты. Сөйтсек, кейін білгеніміздей, әскери өндірістік кешеннің алпауыттары полигонға қарсы шыққан облыс басшыларына небір қоқан-лоққы, зымиян әрекеттерге дейін барған екен... ...28 тамыз күні қазақ халқына ажал отын шашып келген полигонның іргесіндегі Курчатов қаласында үлкен митингі өтті. Оған дейінгі аралықта Қазақстанның 11облысынан келген «Азат» қозғалысының 50-ден астам мүшелері полигонды жабу жөніндегі жарлықты тезарада берулерін өтініп, КСРО президенті Горбачев пен Назарбаевтың атына үш рет жеделхат жөнелтті. Митингіде: Жамбыл, Шымкент, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Кереку, Талдықорған, Жезқазған, Семей, Алматы, т.б. облыстардан келген «Азат» қозғалысының тең төрағалары, ұйымдастырушылар Семей полигонын жабу жөнінде бір ауыздан шешім қабылдады. Полигон бастығы, генерал-лейтенант А. Ильенко, генерал-майор Ф.Сафонов полигонның жабылғаны жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдеме «Азат» қозғалысы мүшелеріне табыс етілді. ...29 тамыз күні Семей қаласында қаралы митингі өтті. Митингінің бел ортасында тағы да «Азаттықтар» жүрді. Алматыдан арнайы келген Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының тең төрағасы М.Есенәлиев, облыс активтері, сондай-ақ, полигон басшыларымен бірнеше рет кездесулер өткізді. Әйтеуір Семей өңірінде сол күндері «Азат» мәртебесінің биік болғаны анық. ...Тамыздың 29 күні КазКСР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу жөніндегі жарлығы шықты. Бұл жарлықтың тездеп дүниеге келуіне «Азат» қозғалысының аз үлес қоспағаны белгілі болса керек. «Азат» қозғалысының Жамбыл облыстық бөлімшесінің басшылары: А.Сырғабаев, А.Үсіпәлиева, Ж.Абдуллаева, Н.Әлімқұлов, Ш.Жалжанов,т.б. Жамбылдан арнайы автобуспен, өз киіз үйлерімен, асқа соятын малдарымен келгенін көздерімен көрген семейліктер ән риза болды. Алаш қаласындағы Алаш аралында семейліктер: Р.Алтайұлы, С.Сыпатайұлы, Г.Қажыкенқызы келген қонақтарға мал сойып, ас берді. Қаланың кәсіпорындарында еңбек ететін жас қыз-жігіттер Әлихан Бөкейхановтың ордасы тігілген жерге комсомол билеттерін өртеді. Мың жыл жасаған жуан емен ағашының басында «Азаттың» көк байрағы желбіреп тұрды. Сонымен Семейдегі атом полигоны жабылды. Ажал апанын жабуға кімнің қалай үлес қосқанын тарих өзі дәлелдей жатар. Бірақ, "Азат" қозғалысының мүшелері аз еңбек етпегенін ұмытпаған жөн.  

Жұмаш Көкбөрі,

«Азат» газеті, 1991,№16 (20)»

 

 

 

Екінші бөлім

    Айтпақшы, Кешірім Бозтаев тірі болғанда, осы жылы 80 жасқа толады екен ғой. Ойпырай, зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай, десеңші!..     Қадірлі оқырман, сіз, Кешағаңа байлансты екі мақаланы да оқып шыққаныңызға мен кәміл сенемін. Онсыз да барлығы түсінікті болуы керек. Менің оларға алып, қосарым жоқ. Бәрі де айқын болуы үшін, мемлекет және қоғам қайраткері Кешірімхан Бозтаевтың бұрынғы Семей облысының түлегі, сол облыстың бірінші хатшысы да болғаны туралы қал-қадарынша әңгімелеп берсем бе деймін...   Өз көзіммен көрген және куә болған оқиғаларды рет-ретімен баяндамастан бұрын, ол кісінің қысқаша өмірбаянына тоқталғанды дұрыс көрдім.  

Кешірімхан Бозтаевтың өмірбаяны

    «...Кешірім Бозтаев – 1933 жылдың 25 шілдесінде бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келген. К.Бозтаев Шығыс Қазақстан және Семей облыстары өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосты. Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап еткен тұңғыш азамат. КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінің қарсылығына 0арамастан, полигонды жабу жолында 1991 жылға дейін үздіксіз күрес жүргізді. Өзі Қазақстан Компартиясы Семей обкомының бірінші хатшысы бола тұрып, 80-жылдардың соңында құрылған «Семей-Невада» қозғалысына қолдау көрсетті.   КСРО Қорғаныс министрлігінен ядролық сынақтардың радиациялық салдарлары туралы материалдарды жариялауын және бұл ақпараттарды Қазақстанға беруін, Семей полигонының маңайында орналасқан елді мекендерге қаржылай көмек көрсетілуін, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жағдайының жақсартылуын, сондай-ақ, өңірдегі радиоэкологиялық жағдай мен тұрғындардың денсаулығын тексеретін комиссияның құрылуын талап етті.   Кешірімхан Бозтаев – Қазақстан Республикасының1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы Заңының, ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық оңалту бағдарламасының авторы.   1996 жылы Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге Халықаралық «Полигон-29 тамыз» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды. 2002 жылы бұл Қор БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінде консультативтік мәртебеге ие болды.   К.Бозтаев – үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері. 1997 жылдан Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу Академиясының (Мәскеу) толық академик-мүшесі. «Экология» халықтық академиясының академигі, Семей мемлекеттік медициналық академиясының Құрметті профессоры, Семей қаласының Құрметті азаматы...».   Бір қараған жанға, осы қысқаша өмірбаянда Кешірімхан ағаның тұтас ғұмыры қамтылған сияқты. Оның әр сөзіне, сөйлеміне шұқшия үңілетін болсаңыз, сандаған томдарға жүк болатын мол мағлұматтардың соншалықты молдығына қайран қаласыз. Бұған адами күйзеліс пен сапырылысқан сезімдер толқынын қоссаңыз, тіпті, шеті мен шегі жоқ, мұхит айдынына жалғыз шығып кеткен дәрменсіз жандай сезінесіз өзіңізді...   Кешағаңның өмірбаянына тереңірек үңілсең, мынаны байқауға болады. Бұл азамат жер жәннаты, табиғаты ғажайып сұлу Ақшатау ауылының Қалғұты атты жерінде дүниеге келген. Осы Қалғұтыдағы менің арғы атам Садық Кенебайұлы, Мұсабай, Мұсағиларымен бірлесе тұңғыш рет Семей «Алашорда» Үкіметінің серкелері баталарын берген «Ақ школ» атты бастауыш мектепте білім алғаны, одан кейін Аягөз қаласындағы №8 орта мектепті ақшатаулық , КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,профессор Зада Қарғажановпен, аягөздік, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты кәсіподағын басқарған, Қазақстан түсті металдар министрлігінде, Орталық комитетте жауапты қызметтер атқарған  Жолдасбек Смаиловпен, т.б. есімдері республикаға машхүр талай азаматтармен бірге бітіріп шыққаны, Алматыдағы Ленин атындағы Политехтың Тау-кен иниститутын қызыл дипломмен тамамдағаны, еңбек жолын Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында қатардағы болат балықытушыдан бастап,  Шығыс Қазақстан облыстық және Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін көтерілгені - ғажайып ерлікпен бара-бар еңбек еді.   Бір таң қаларлығы, Кешірімхан Бозтаев - қылшылдаған жас кезінде-ақ, Қазақстанда алғаш рет фантастика жанрына қалам тартқан дарынды фантаст-жазушы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Ең бастысы, Кешірімхан Бозтаев, туған ұлтын жанындай сүйе білген және сол ұлты үшін қандай қиындықтарға да қарсы тұра алған ержүрек тұлға еді. Асыл азамат Семей полигонының ауыр зардаптарымен белшеше күресіп жүріп, ақырында өзі де осы бір аты жаман аурудан небары 64 жасқа толар-толмастан,тым ерте көз жұмған болатын...

***

...Мен Кешағаң дүниеге келген өңірдің азаматы едім. Бірақ, тағдыр бізді 1991 жылға дейін жолықтырмай қойған болатын. Ақшатау орта мектебін бітіре салып, Алматыға оқуға кетіп, ақыры сол қалада тұрақтап қалғаным, ел жақтағы ата-анама жыл сайын еңбек демалысымда ғана қысқа уақытқа барып тұрсам да, бірде-бір рет Кешірім ағаға жолықпаған жанмын. Кешағаңның ауылда тұратын інілері:  Назархан, Серғазы (бірқызығы, оны ел Секен дейтін) Төлеухан және ол кісінің туған жиені, менің сыныптасым Ақашаев Кәкіммен (ел жұрт оны Кәлкентай дейтін) жақын қатынаста әрі жақын аралас-құраласта болдым. Ол жылдары бір жағынан, менің ол кісіге жолығатындай аса маңызды себептерім де болмаған.   Кешірім ағаның жеке өмірінен де біраз хабарым бар. Кеңес заманында коммунистерге  тек, ру туралы айтуға қатты тыйым салғаны белгілі ғой. Нағыз коммунист Кешірім аға ондайға жуымағанмен, ел іші ол жағын жақсы білетін.  Бұл кісінің Сыбанның атақты Марқа  батыры немесе Қарабас батырының тікелей ұрпағы екенін де, Кешағаңнң анасы Балқия апай екені де, ол анамыздың кезінде аса көрікті әрі ақылды адам болғаны, жарының есімі Күлзия екендігі, ұлының  Нұрлан, қыздарының есімдері: Табиғат, Жанат екендеріне шейін Ақшатаудың адамдары сырттай болса да, жақсы білісетін. Сонымен бірге мені ол жағынан  сауаттандырған Болат Дүйсембі аға екенін де несіне жасырамын.   Кешірім Бозтаевты жақсы білетін жандардың айтуына қарағанда, бұл ағамыз табиғатынан аса салмақты, білімді де білікті жан болыпты. Кісі боп біреуді сыртынан жамандамаған да осы Кешағаң екен. Рас, ол кісінің жұмсақтығы, сақтығы тағы бар. Және біреудің ала жібін аттап көрмеген өте таза адам екен. Өзі мүшесі болған Кеңес Одағы Коммунистік партиясына қатты берілген, нағыз коммунист екеніне менің де көзім талай рет жеткен адаммын...   Кешірімхан Бозтаевтың тағы бір мінезі– прнципшіл турашылдығы, өзінің жақын ағайындарын, ақшатаулық туыстарын өзі басқарып отырған облыс деңгейінде жоғары қызметке көп тартпағаны болса керек. Оған дәлел, менің ақшатаулық жерлесім әрі он жылдықты бірге бітірген сыныптасым Белгібай Бұрқырмановтың ол ағамызға күні бүгінге дейін өкпесі қара қазандай екендігінен жақсы білемін...   Енді сол тарихи 1991 жылға қайта оралайын. Ол кезде Қазақстандағы тұңғыш саяси ұйым - Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының «Азат» газеті бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеп жүрген кезім. «Азат» қозғалысы сол тұста Қазақстанның барлық облыс орталықтарында, ірі қалаларында, аудан орталықтарында, тіпті, кейбір ауылдарға шейін құрылып болып, оның мүшелерінің саны бірнеше есе жүз мыңдап өсіп, біздің қозғалыстың аты дүрілдеп шығып тұрған тұс болатын. Басқаша айтқанда, елімізде «Азатты» білмейтін жан жоқ десе де болатын.   Семей полигонының зардаптары елге ашық айтылып, Олжас Сүлейменов басқаратын «Невада-Семей» халықтық қозғалысының да аты шыққан тұс. Ол жылдары ел Олжекеңе қатты сенім артқан еді. Кейін, осы ағамыз Қозғалыстан гөрі жеке бастың баю жағын күйттеп кеткенінен де бүгінгі жұрт жақсы хабардар. Оның үстіне жазушы Ғаббас Қабышұлы ағамыздың «Невада-Семей» қозғалыстарының небір сұмдық блықтарын ашып жазған мақалаларынан да Олжекең тобының шын мәнінде немен айналысқанынан өз басым жақсы хабардармын..   Иә,елдің бәрінің назарында Семей ядролық сынақ алаңынында екі жарылысболатын. Оның үстіне, соңғы кезде Кеңес Одағы басшылығының полигонда қалған сол екі атом бомбасын сынайтындары жөнінде және жарылыстың жанашыры - Семей обкомының бірінші хатшысы Кешірімхан Бозтаев екендігі, гу-гу әңгімеге айналған. Демократияның ыстық лебімен оянған озық ойлы азаматтар пікірлерін ашық білдіре бастаған. Осы кезде біз «Бозтаев - жарылыс жанашыры» деген мақаланы «Азат» газетіне жариялап та жіберген едік. Осы бір қысқа мақаланың көтерген шуы ересен үлкен болып, барша қазақтың ашу-ызасын оятқан...   Алматыда дереу «Аттанайық, полигонға!» штабы құрылып, оны сол кезде Алматы обкомынының бірінші хатшысы Төлебековтың көмекшісі әрі Олжас қозғалысының мүшесі Амантай Асылбеков деген азамат басқаратын болған. Алдын ала озып айтсам, сол қозғалыс кейін Амантай ағаның жеке құралына, яғни, «Аттанға» айналып, күні бүгінге дейін құны-перен, екі өкпесін соққылап, шауып келеді. Әзірге оның тоқтайтын түрі де жоқ...   1990 жылы «Азат» қозғалысының тең төрағасы Сәбетқазы Ақатай, Батырхан Дәрімбет және мен Семейге арнайы барып, облыстық «Азат» қозғалысын құрған болатынбыз. Оның басында Рахат Алтайұлы, Самат Сақалұлы, Гүлшат Еруова және басқалар жүрді. Мұнда да «Азаттың» аты дүрілдеп шығып тұрды. Мәселен, осы жақтың «азаттықтары» Абыралы ауданының бірінші хатшысы Хафиз Матаевты, Аягөз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Серібаев деген бір азаматты күштеп тақтарынан түсіріп, «Азаттықтардың» халық сеніміне молдап енген тұсы еді. Жұрт жаппай «Азатқа» зор сенім арта бастаған бір керемет заман еді ол!..   Семей полигонындағы ядролық жарылысты тоқтату жөнінде «Азат» бастама көтеріп, Қазақстанның барлық облыстарынан ашық қолдау тапқан. Алматыдан бастап, еліміздің көптеген қалаларында «Азаттың» бастамасымен күнде митингі өтуде. Осының алдында ғана «Азат» белсенділері Оралда бас көтерген орыс казактарын тәубесіне келтіріп, тағы да ел алдында мол бедел алғанын кім білмейді? Және де ел арасында «Азаттықтар» полигонға атпен келеді екен. Сөйтіп, қырық жыл қырғын жасап келген жалмауызды атпен таптап, оның күлін көкке ұшыратын болыпты...» деген қауесет ел ішін кезіп кеткен.Осы алып-қашпа қауесеттен бұл кезде Семей полигонының орталығы - Курчатов қаласы тұрғындары күндіз - күлкіден қалып, түнде - ұйқыдан қалып дегендей, балаларын мектепке, балабақшаға жібермей, тұтастай үрей құшағында отырған болатын. Бұл турасында өзім куә болған әңгімелердің алда екенін ескерте кеткім келеді.   Бүкіл Қазақстанда «Азаттың» арқасында демократия лебі есіп, қалың жұртшылық біздің соңымыздан еруге дайын тұрғандай болатын. Мен бүгінде сол бір дүрбелеңге толы болған жылдарымды сағына есіме аламын. Ол кезде адамдар да мүлдем басқа кейіпте еді. Ал, бүгін ол айбаттың сесі қайтып, қалың елдің жүні жығылып қалғандай әсер етеді...   Қазақстанның барлық облыстарынан «Аттанайық, Полигонға!» бөлімшелері құрылып, Семейге атпен аттануға тек бізден бұйрықты күтіп тұрғандай еді. Біз Алматыдан Сәбетқазы Ақатай, Батырхан Дәрімбет, Амантай Асылбеков және мен, «Азат» газетінің Полигонға арналған, атап айтқанда ішінде «Бозтаев - жарылыс жанашыры» деген әйгілі мақала және менің «Аттан, елім!» деген толғауым бар соңғы санын арқалап, поезбен Семей қаласына да жеткен едік. Бізді вокзалдан семейлік «Азаттықтар»: Рахат Алтайұлы, Самат Сақалұлы, Гүлшат Еруова және Серік атты тағы бір жігіт бар,қолдарына ұрандар мен плакаттар ұстаған бір топ азаматтар тап бір төңкеріс кезіндегідей, зор өрлеу үстінде қарсы алып, сол вокзал алдындағы алаңда шағын митингі өткізіп те үлгерген болатынбыз. Біздің бір байқағанымыз, сол күндері Семей қаласы үлкен бір оқиғаны асыға күткендей, дүрілдеп тұр екен...   Бір қызығы, біздің Амантай Асылбековымыз бірден уақытын бос өткізбей, вокзалдан бастап, өзінің суреті бар плакаттарын ыңғайлы жерге жапсыра бастаған. Ол кісі осылайша өзін шаптап жүріп, бізден адасып қалғаны тағы бар. Ол жуан дауысымен күркірей сөйлеп, өзінше шешендік үлгісін көрсететін де, маңына адамдарды тез жинап ала қоятын.   -Мен, «Аттанның» бастығы Амантай Асылбеков боламын!-деп бастайтын әр сөзін.   Біздің «Аттан» ағамыз, сол ұрандатқан, қолына жуан аса таяқ ұстаған, үстіне етегі шұбатылған ұзын шапан, басына қырғыздың айыр қалпағын киген, қолында тасбиығы, аузында Алласы бар,  кез келген жерге өзінің суретін шаптай беруден - күні бүгінге дейін тайған емес. Онда бұл көрініс- семейліктерге таңсық еді.  Ол кісіге тек жоғарыдан бұйрық болса болғаны, «Аттан!» сап, шаба жөнеледі. «Жоғары жақтың» қандай құдіреті барын бәріміз жақсы білеміз...     Міне, біз, бір топ сол кездегі астанамыз Алматыдағы«Азат» қозғалысының белсенділері осылайша бір кездегі  Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Айымауытұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, т.б.  қасиетті «Алаш» көсемдерінің астанасы болған Семей шахарына  аса жауапты міндетті арқалап, келіп те қалған едік. Ол оқиғалардың қалай өрбігені турасында, келесі бөлімде жан-жақтылы баяндайтын боламын...

Үшінші бөлім

СҮЙІНШІ, СЕМЕЙДЕГІ АЖАЛ АПАНЫ ЖАБЫЛДЫ!

  Сонымен 1991 жылдың тамылжыған тамыз айы Семей шахарын бұрынғыдан да ажарландырып жібергендей еді. Бұл қаланың адамдары да сол тұста соншалықты белсенді сияқты өте бір әдемі болып көрінді маған. Семей шахары: Семей және Жаңа Семей болып екіге бөлінеді. Екі ортада сонау ХІІ ғасырда Иналыш хан, Таян хан, Күшлік хан Шыңғыс ханмен шайқастан қайтып келе жатып,астандарындағы аттарын суаратын қасиетті Ертіс дариясы біртүрлі  тұнжырай, мұңға батып, білінбей ағып жатады. Ертістің екі жағы сыңсыған қалың орман. Тамыз айында осынау қалың орман алтын түске енеді. Бір қызығы, кейбір ағаштар қып-қызыл өрттей болса, енді  бірі әлі күз түспегендей, жап-жасыл түске малынған. Ал, орманның денінің жапырақтары сап-сары алтын түске боялған. Оның үстіне, биылғы күз Семейге аса жайлы келді. Аспанда түйір бұлт жоқ, шайдай ашық. Үзбей соғатын желі де ішін тартып, тынып қалған. Семей күзі керемет жайлы болып тұрды халқына.  Семей шахарының табиғаты қандай сұлу болса, семейліктердің жүздері де соншалықты ажарлы болатын. Оның себебі, адамдар әлде-неден қатты үміттенетін.Үміті бар жанның жүзі жарқын келеді. Міне, содан барып, семейліктер  әдемі болып шыға келгендей еді. Ал, біз келген күннен бастап, Семейде күнде митингі. Батырхан Дәрімбет көп ұзамай, Алматыға қайтып кеткен. Өйткені, газет уағында шығып тұруы керек. Мен күн сайын телефон арқылы редакцияға Семейдегі жағдай туралы үзбей хабар беріп тұрдым.  «Азаттықтар» «Алаш аралында»  көбінде бір кезде «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханұлы өз қолымен отырғызған дәу емен ағашының түбінде басқосулар өткізуді әдетке айналдырып алған болатынбыз. Тап бір Семей шахары біздің туған қаламыздай болып кеткен еді. Бұл қалада «Азаттың» шақырумен Қазақстанның барлық облыстарынан келген азаматтар да өте көп болды. Бір күні мені, Амантай Асылбековты, Семей обкомының бірінші хатшысы Кешірімхан Бозтаев қабылдады. Оның қабылдау бөлмесінде облыстың жауапты қызметкерлері, журналистер және біздер болдық. Кешірім ағаның жүзі сондай ажарлы екен. Үлкен аялы көздері адамға мейірім шаша қарайды. Бойы да сұңғақ, нағыз қазақ азаматына жарасатын келбет екен. Мен сырттай сүйсіне қарадым, облыс басшысына. Ақшатаудағылар Кешағаңды анасы Балқияға тартқан, аса келбетті жігіт деп отырысатын. Олардың айтқандары рас болып шықты. Обком басшылары біреуді күткендей, қайта-қайта қол сағаттарына қараумен болды. Бір кезде түстері сынық,екі орыс генералдары кешірім сұрап, ішке кірді. Кешірім Бозтаев болса, олардың келуін сол үшін күткендей, бірден Амантай екеумізді таныстыра бастады. Төрде отырған Амантай Асылбековты «Қазақстан Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері» дей бергені сол еді, Амантай аға жын ұрғандай: -Встать, генералы!-деп, жуан дауысымен бақырып жібергені. Онсыз да тап берсең, қаша жөнелуге әзір тұрған әрі мына қатты дауыстаншошып кеткен екі генерал орындарынан атып,атып тұрып, мына «орталық комитеттің жауапты қызметкеріне» есеп бере бастады. Басқа заман болса, бұл генералдар қазақты көздеріне де ілмес еді. Мына заманның олардың емес, қазақтардың пайдасына көшіп бара жатқанын сезіп, олар құрдай жорғалады. Бір сөзбен айтқанда, орекеңдердің жүндері жығылып қалыпты. Қос генералдың айтуына қарағанда, Курчатов қаласының халқы «қашан қазақтар аттарымен таптап кетеді» деп, олардан әбден береке кетіпті. Балалар, балабақша мен мектепке барудан қалыпты. Бұлардың келген себебінің бастысы, сол Курчатовтықтарды тыныштандыру үшін астанадан келген бізді ертіп кетпек екен. Желігіп алған Амантай аға бірден келісімін берді. Мен қашқақтап едім, Кешірім аға менің де сонда болуымды өтінді. Амалсыз келістім. Генераль Ильенконың қара волгасына қайқайып мініп алған біздер, кеш бата Курчатов қаласына да келіп кірдік. Қала көшесінде жүрген бейсауат адам жоқ. Қалада өлі тыныштық. Ана генералдардың айтқандары рас екен, оған көзіміз жетіп келеді. Офицерлер клубының алдына келіп тоқтадық. Ішке кірсек, зал толы адам. Гнерал бірден іске кірісіп, «қазақтардың атпен келіп, полигонды талқандамайтындары жай сөз екенін, сенбегендерінің ол жайында, мына жаңаң ғана келген бізден сурауын өтінді. Бірінші болып сөз алған Амантай Асылбеков күндей күркіреген жуан дауысымен «егер полигон жабылмаса, атпен келетіндерін» айтып салып, айды аспанға бірақ шығарғаны. Залда дүрбелең, балалар жылап, ересектер үрейленіп, апыр-топыр болды да қалды. Жағдайды түзеу үшін мен амалсыз жаман орысшаммен халықты сабырға шақырып, әзер деген де елді тыныштандырған болдым. Біз қайтайық десек, генералдар біздің осында қонып, ертең әскери қалашықты аралуымызды сұрады. Амантай аға көнгенмен, мен көнбедім. Себебі, бағанағы Асылбеков әңгімесінен кейін біздің мұнда қалуымызға болмайтын еді. Генералдар бізді түнделетіп Семейге әкеліп салды. Біз ертесінде тура обкомның ақ үйінің алдындағы Ленин ескерткішінің түбінде митингі өткіздік. Оған обкомның бірінші хатшысы Бозтаев бастатқан облыс мықтылары тегіс қатысты. Мен сөйлеп тұрмын: -Сіздер, мына тас құдайға әлі табынасыздар, оның күні біткен,-дей бергенімде қарасам, әлгі обком қызметкерлерінің бәрі тайып тұрыпты. Мен артық кеткенімді, сонда барып бірақ білдім. Кешке жақын мен жатқан «Ертіс» қонақ үйіне Кешағаңның көмекшісі Сайлаубек деген жігіт келіп, мені екі сөзге келтірмей, өзімен бірге ертіп кетті. Біз обкомға емес, бірден Кешірім ағаның үйіне келдік. Мен сәлем беріп, үйге ендім, көмекші жігіт есіктен қайтып кетті. Сәлемімді алған Кешағаң дауыстап: -Мында келіңдер, әлгі мені жамандап жүрген туысым, Жұмаш Көкбөрінің өзі келді, қарсы алыңдар,- деді. Үстел басына келіп отырдық. Дастархан үсті майысып тұр. Көп ұзамай буы бұрқыраған етті Күлзия жеңгей алдымызға қойды. Дастархан басында Кешағаңнің анасы Балқия апай да отыр екен, амандастым. Ел сыртынан айтса, айтқандай аса ажарлы адам екен және Кешағаң осы кісіден аумай қалыпты. Алдымызға ұзын мойын ақаң да келді. Содан молырақ құйған Кешірім аға екеуміз тартып, тартып тартып жіберіп, табақтағы етке қол салдық. Еттен кейін шай ішіп, Кешағаңның жұмыс бөлмесіне бардық. Төрт қабырға сірескен кітап. Мұнда әлем әдебиеті классиктерінің барлық томдары тұр. Тағы да қасымызға Балқия апай келіп: -Жұмаш балам, сенің Садық атаң, маған да ата еді, марқұм. Сен де бізге туыс болып келесің. Менің Кешірім балама соқтыға бермесеңші. Ол да осы аты жаман полигонды жабу үшін жанын салып жүр,-деп біраз әңгіме айтып, шығып кеткен соң, Кешірім аға екеуіміз оңаша қалып, ұзақ сырластық. Ол кісінің айтуына арағанда, мына екі атом бомбасын жармаса болмайтынын, оны апаннан қайта алып шығудың мүмкін емесін, түбі жарылмай қоймайтынын, егер осы екі атом бомбасына рұқсат алсақ, Семей халқына көп мөлшерде өтемақы төленетінін, КГБ-ның өзінің де соңынан түсіп, бірнеше рет арандата жаздағанын, генералдармен жауласудан түк шықпатынын, т.б. мен бұрын көргенді қойып, құлағым естімеген неше түрлі сұмдықтарды айтқанда, менің төбе шашым тік тұрған. Мен бұл үйден мүлдем басқа адам болып, аттанып кеттім. Кейін, Кеңес одағы құлғаннан соң да келіп, осы Кешірім ағаның көмегімен өзім сол тұста шығарып жүрген "Алашорда" газетіне семейлік екі азамат Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақиянов көп көмек көрсеткенін «Ғалымжан Жақиянов» деген мақаламда толық баяндап шыққандықтан, бұл арада оларға толық тоқталмаймын. Кейін, осы Кешағаңнан біздер құрған «Көпбалалы отбасы» қорына көмек те сұрап, үлкен ұлым Болатқазыны, досым Мұхит Мұртазинді ертіп келіп, Сатыпалды деген іні тапқаным да, өз алдына бөлек әңгіме. Кешағаңның үйінде болған күннің ертесінде «Азат» қозғалысының белсенділері тағы да обкомның ақ үйінің алдында митингі өткізген болатынбыз. Осы митингіде «Аттан» штабының бастығы Амантай Асылбеков айғайлап сөйлеп, елдің берексін ала бастағанда, менің қасымда тұрған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Мәркен аға Шайжүнісовтың маған сыбырлап: -Мына жындыны қайдан таптың. Егер сендер болмасаң бар ғой, тура ит қосып, қуар едім,- деген сөзін күні бұгінге дейін ұмытқам жоқ. Біз күн сайын Мәскеуге Семей полигонын жабу жөнінде жедел хаттар жолдаумен болдық. Семейдің «Большеичка» фирмасының жастары комсомол билеттерін өртеп жатқанда, бізАмантай ағаға да өзінің парт билетін өртеуін сұрағанымызда, ол кісінің түсі бұзылып, өзі қатты шошып кетіп, бір жаққа зытқанына бәріміз жабыла күлген едік. Ал, сол кезде дәрмені құрыған Амантай аға да өңжоқ еді. 28 тамыз күні Семейге «Азат» қозғалысының төрағасы Михаил Есенәлиев келді. Ол кісі де Кешірім Бозтаевтың қабылдауында болды. Бұрын Қазақстан сыртқы істер министрі болып, аса жауапты қызмет атқарған Есенәлиевті Мәркен аға да, Кешірім аға да қатты сыйлайды екен. Біз, соған қуандық. Обком үйі- біздің екінші үйімізге айналған. 29 тамыз күні Мәскеуден қуанышты телеграмма алдық. Оны Семей обкомның бірінші хатшысы Кешірімхан Бозтаев митингіге шыққандар алдында оқып берді. Сол кісінің ұйымдастыруымен полигон құрбандарына арналып, құран оқытылып, ас берілді. Ертіс өзеніне шырақ жаққан қағаздар ағызып, таң атқанша тойлағанымыз, сол ұлы тойда Семей обкомының бірінші хатшысы Бозтаевтан бастап, барлық жауапты қызеткерлер, бізбен бірге болып, қуанышымызды бірге бөліскенін қалай ұмытайын. Кейін, осы Кешағаң мені шақырып алып, тараған Компартияның бір мүлігі - су жаңа шағын автобусты «Азат» қозғалсына сыйлағанын, мен оны семейлік «азаттықтарға» уақытша тастап кетіп едім, кейін, олар менімен ақылдаспастан да сол көлікті Самат Сақалұлы деген інім сатып жіберіп, оның орнына үй алғанын естіп, адамдардың осындай қызық мінезеріне қатты күйзелгенім бар. Дәл осындай су жаңа көлікті Талдықорған облыстық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Сағынбек Тұрсыновтан сыйға алып, Алматыдағы «Азат» штабына алып келіп, оны жігіттерге қалдырып, өзім Алматы қалалық әкімдігіне қызметке кеткенім де, ұзақ әңгіме. Ол туралы алда жазылатын «Батырхан Дәрімбет» деген мақаламда толық баяндап шығатын боламын. Сонымен бірге ГКЧП кезінде Батырхан екеуміздің жасырын түрде «Азат» газетінің «Бүлікшілер» деген санын қалай таратқанымыз да өз алдына жеке тақырып екенін ескерте кетейін. Бүгін Амантай Аыслбеков Семей полигонын «Аттан» жапты десе, кейбіреулер оны Олжас Сүлейменов жапты длесе, тағы біреулер оны «Азаттықтар» жапты десе, енді бір азаматтар оны жабуға күш салған Кешірімхан Бозтаев дейді. Кім не десе, о десін. Мен бұл мақаламда  өз көзіммен көрген жайларды қаз-қалпында баяндадым. Менің қолымда ол айтқандарымды растайтын құжаттар да бар. Ал, Олжас Сүлейменов жапты дейтіндерге бір айтарым, Семей шахарында біз болған бір айдың ішінде Олжекең төбе көрсеткен емес. Бұл да имандай шыным.  Кешірім ағаның да сол Олжекеңе деген өз көзқарасы болғанын, мен жақсы білемін. Ал, «азаттықтар» Семей полигоны жабылғанша, сол Семейден кеткен емес. Осы жылы шілде айының 25-інде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Семей полигонын жабуға өлшеусіз үлес қосқан, менің Ақшатау жағынан жерлесім, Кешірімхан Бозтаев аман болған да, тура80 жасқа толар еді. Кешағаң да ақыры сол Семей полигонының құрбаны болған еді. Рас, Аягөзде Кешірім Бозтаев атындағы мектеп бар. Десе де, Семей шахарының орталығына осы Кешімхан Бозтаевқа арнап, үлкен ескерткіш қойса, нұр үстіне нұр болар еді! Бұл әзірге арман болып тұр. Түптің-түбі мына заман түбірімен өзгергенде келер ұрпақ Кешірім ағаға зор қүрмет көрсететініне, өз басым имандай сенемін. Бұл шағын мақалам, менің Кешірімхан Бозтаев сынды қазақтың атпал азаматына қойған бір ескеркішіндей саналса, мен де басқа тілек жоқ!  

Жұмаш КЕНЕБАЙ (КӨКБӨРІ)

Алматы қаласы,

21.04.2013 жыл.

      PS. Айтпақшы, 24 шілде 1991 жылы жазылып, полигон жабылғанша, «Азаттықтардың» ұранына айналған, өзім жазған «Аттан, Қазақ!» атты толғауымды «Қазақ елі» газетінде жарық көрген нұсқасы бойынша? сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Меніңше, бұл жырдағы ойды уақыт өшіре алмаған сияқты ма, қалай?..

 

 

 

Аттан, Қазақ!

Абай жері тағы үрейден бұлқынды,

Туды халқым, тыйяр кезің күлкіңді.

Аттан, елім!

Жалтақтамай, атқа қон,

Аттан, Қазақ!

Аттанатын күн туды!

 

Есінемей, елім, жина есіңді,

Сеніп келген үміт жолы кесілді.

Омырауы көрінбейтін темірден,

Темір жанды генералдар есірді.

 

Тұрса егер де ұрпақ қамы ойыңда,

Болсын, халқым, өр намысың бойыңда.

Генералдар Компартия арқылы,

Ел тағдырын айналдырды ойынға.

 

Істер іс бар, шындықты айтар ауыз бар,

Бұл партия, өз ұранын уағыздар.

Қызыл қырғын жасаса да қырық жыл,

Қызыл қанға тояр емес, жауыздар!

 

 

«Ұлы Октябрь», «Ұлы Ленин» ұраны,

Өзі суайт, «Үш әрібі» қырағы!

Білсең, халқым, жалғыз Семей жері емес,

Бүкіл жерің полигоннан тұрады!

 

Құр уәдеге, нанба, халқым, сырғытпа,

Шындық болып, қарсы тұршы, сұмдыққа!

Қайран, Қазақ!

Егер түптеп түсінсең,

Көп ұзамай, көзің жетер Шындыққа!

 

Сұрама, елім, сен, кешірім жауыңнан,

Сен кіретін есік қатты жабылған.

Қатын-балаң, әке-шешең, туысың,

Шеттерінен дертке ұрынған, жарымжан.

 

Көтеріліп... Жараспайды, басылу,

Шұбатылмай, керек халқым, асығу.

Бұл құқайға қалай ғана төзерсің,

Болмас сірә, бұдан артық басыну?!

 

Көсемінің алдында олар, тік тұрар,

Тек ұранмен ақылдарын ұқтырар.

Өлсе бермес, уысынан билікті,

Биліктегі анау өңшең «мықтылар».

 

 

Қулығына құрық жетпес бұлардың,

Ішіндесің әлі елім, тұманның.

Сілкін, Қазақ!

Айналаңа зер салшы,

Біле білсең, көзің алды буалдыр.

 

Қазағымды сырттан жебеп жүр, Әруақ,

Сен, аттансаң, түседі олар бір аунап!

Шаршадың ғой, құр айғайдан, халқым-ай,

Жетпіс төрт жыл, улап-шулап, ұрандап!

 

Қазақ жері, тағы үрейден бұлқынды,

Туды халқым, тыйяр кезің күлкіңді.

Аттан, елім!

Жалтақтамай, атқа қон!

Аттан, Қазақ!

Аттанатын күн туды!!!

 

Жұмаш КӨКБӨРІ,

24  шілде 1991 жыл.