Жауыздарға тек өлім жазасы лайық! «Елім» деп келген ерді еңіреткеніміз қалай?

11 маусым күні кешқұрым 1 өзбек және 2 қазақ жігіті Алматыдағы М.Мақатаев пен Д.Қонаев көшесінің қиылысында орналасқан 6 қабатты пәтердің тұрғыны Ержан Сатыбалды қандасымыздың шаңырағын ортасына түсіріп кеткен болатын.

   Бұл қанды оқиға кешқұрым орын алған. Ихбол Турдиев есімді өзбек азаматы марқұм болған жандардың пәтеріндегі өткен жылы бітпей қалған жөндеу жұмыстарын аяқтауға арнайы Өзбекстаннан келген екен. Арам пиғылды өзбек азаматы бұл ойын алдын ала жоспарлаған көрінеді. Отағасы үйінен шығып кеткен кезде қанды қол қылмыскер өзінің сыбайластарын шақырып, үйдегілерді аяусыз жайратып салғанымен қоймай, ақша толы сейфті қолды қып кеткен. Десе де, қан сасыған әлгі үшеуі көп ұзамай құрықталды. Ихболдың сыбайластары, қара басқанда, өзіміздің қарагөз қазақ жігіттері болып шықты. Бейбіт күннің астында қазақтың қолынан қазақтың қаза тауып жатқаны қабырғамызды қайыстырып өтті. «Ертең жынды екен, ербі екен, наркоман екен деп, шығарып жіберуіне болмайды. Өзбек емес, жанында екі қазақ та бар. Бірдей тарту керек жазасын. Оны бұл жерде өзбек-қазақ деп бөлшектеуге болмайды. Ол – тек қылмыскер», деп ашынған марқұмның туыстары бұл істің әділ шешімі шығып, қылмыскерлер тиесілі жазасын алмайынша тыныш­талмайтындарын айтты. Бұл оқиға туралы құқық қорғау орындарына марқұмның көршілері хабарлаған екен. «Пәтерге кірген бойда ең алдымен қонаққа келген ұлты қазақ Қытай елінің азаматын ұрып, есінен тандырады. Сосын пәтер­дегі әйелді ұрған. Оларды үтіктің бауымен буындырып өлтірген. Сол өлтіріп жатқан кезде аулада ойнап жүрген екі баласы үйге кіріп қалады. Ол екеуін де, ваннаға су толтырып, тұншықтырып өлті­реді», – дейді Алматы қалалық ІІД-ті баспасөз қызметінің жетек­шісі Ермек Болтаев.

Осылайша, аузынан ана сүті кетпеген  3 жастағы Сләмнұр мен 7 жастағы Сырмұхамедтің (суретте) өмірлері басталмай жатып үзілді. Айдың, күннің аманында қалың қайғының құша­ғында қалған әкенің көңілі құла­зулы. Жазықсыз сәбилерді қалай ғана қолдары барып, тұншықтырып өлтірді екен. Дәл осындай жауыз­дықты адами кейіптен мүлде ада болған жандар істемесе, басқасы­ның қолынан келмес.

13 маусым күні қара жамылған Сатыбалдылар әулеті 4 бірдей жанды ақтық сапарға шығарып салды. Өкінішті әрине, тал түсте туғандарынан айырылу жауыңа да тілемейтін ауыр қайғы. Ендігі кезекте қанды қол қылмыскерлердің әділ жазасы беріледі деп сенеміз. Оларға тек - өлім жазасы лайық! Өлім жазасына шектеу қоятын мораторий деген түкке керегі жоқ, қылмысты қоздататын бәлені алып тастау керек!

Бірақ, «елім» деп еміреніп келген ерді еңіреткеніміз ұлттығымызға үлкен сын.

Д.АМАНГЕЛДІҰЛЫ

Ихбол Турдиев деген жауыз осы...