Тарифтың тазалығы – әлеуметтің әлеуетін әрлендіреді

8
1050

«Ақ жол» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев  

    Көкшетау қаласында коммуналдық қызмет мамандары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, монополистер және партия белсенділерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілді. Күн тәртібінде «Тариф ашықтығы, халықтың төлем қабілеттілігі», – деген тақырып талқыға түсті. Басты мақсат – жергілікті жұртқа инфлияция жағдайында коммуналдық бағалардың жай-жапсарын түсіндіру. Жиынға «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев қатысты. 

Соңғы жылдары әртүрлі желеумен монополистер бағаны қалауларынша көтеріп келе жатқаны жасырын емес. Бағаны ауыздықтауға антимонополия агенттігінің де шамасы жетпей жатады. Әрине, «қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса»-ның керіне салған кейбір коммуналдық қызмет қожайындары құбылмалы тарифтің себеп-салдарын да түсіндіруден қалды. Үйіне бір жапырақ төлемақы келгенде ғана қарапайым жұрт қалтасын қармана бастайды. Жариялық жоқ жерде ашықтық жоқ. Сондықтан, «тариф тазалығы үшін монополистер халықтан жиналған қаржының қайда жұмсалатынын, баға не себептен көтерілгенін ашық айтып отыру керек» деп есептейді «Ақ жол» партиясының белсенділері.
Жыл сайын монополистер «жарық бағана­ларына, су, жылу құбырларына жөндеу жүргіздік» деген желеумен бағаны тағы да белден басады. Халық арасында тағы да түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Сол жөндеу жұмыстарына жұмсалып жатқан қаржының діттеген жеріне дөп тиіп жатқанына күмәнімыз бар. Бәрі сақадай сай болса, қақаған қыста қазандықтар жарылып, құбырлар тесіліп, пәтер ішіндегі жылу жүйелері жиі істен шықпас еді. Қыстың қамын жаз ойланса, былайғы жұрт бүрсеңдеп жүрмес еді. Бір ғана мысал, мына тиіп тұрған Шучинск қаласында кәдімгі көп қабатты пәтерлерде терезеден мұржа шығарып, көмірмен пеш жағып отырғандар бар. «Неге солардың үй іші құбырлары жөнге келіп, ортақ қазандыққа қосылмайды?» деген пайымды пікірлер де айтылды. Мұндай ұтымды сөзді дөң­­гелек үстелге жиналған өзге партия өкілдері де қолдады.
Кеңесте соңғы жылдары енгізілген ор­тақ есептегіш құралдарының жай-күйі де талқы­ланды. Бастапқыда бұл қондырғылар монополистер есебінен қойылғанымен, қазіргі шығын тағы халықтың қалтасынан шығып отыр. Оның үстіне, есептегіштерді орнатарда тұрғындардың төлем қабілеттілігі қадағаланбайды. Бір айлыққа қарап отырғандар да, байлыққа белшесінен батқандар да бірдей ақша шығаруға тиісті. Мұндай ала-құлалық пен адам құқығын бұзу жағдайы қарыздары төленбеген тұтынушыларға да қатысты. Яғни, бір көпқабатты үйде коммуналдық төлемақыны кешіктіргендер үшін, қарызсыз тұрғындардың құқығы бұзылып жатады. Ештеңеге қарамайтын әпербақан тексерушілер барлық тұрғындардың жарық пен жылуын кесіп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе, мұндай жағдайлар кәсі­бін жаңадан ашқан кәсіпкерлердің басында бар екен. Экономиканы алға сүйреуші күш орта және шағын бизнес өкілдері десек, оларға ерекше қолдау көрсетіп бастапқыда түсіністікпен қарау керек. Ал, бізде, кері­сінше, «ол бизнесмен, ақшасы көп» деген парықсыз пікір қалыптасып, баға тым жоғары қойылады. Сондықтан, «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының төрағасы монополистерді мемлекеттік қадағалауға мықтап алу керектігін ескертті. Немесе халыққа керек сала болып саналатын коммуналдық қызмет түрлерін басы бүтін мемлекетке өткізу керек деп есептейді. «Жарық, су, жылу – бұл халыққа қажетті стратегиялық тауарлар. Оны жекеменшікке беріп, бей-жай қарау елдің ертеңін ойламағандық болар» деген байлам айтты партия өкілдері. Осындай пікірлерін ортаға салған қоғамдық тыңдау мүшелері монополистерден ашықтық пен жариялықты талап етті. «Қанша қаржы, қандай мақсатқа жұмсалды, бағаның өсу себебі неде, жаңғырту бойынша нендей жұмыстар атқарылып жатыр?» дейтін сауалдарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа дер кезінде хабарланып отыру керектігі бүгінгі кездесудің тобықтай түйініне айналды.
Қоғамдық тыңдаудан кейін облыстық филиал төрағасы Серік Бейсембаев журна­листерге арнайы сұхбат беріп, тағы бір тың мәселенің бетін ашты. Ол – талай жылдан бері жұрт сарыла күткен көгілдір отынның келуі.
Серік Бейсембаев былай деді: «Көкшетау өңіріне келер жылы газ тартылады» деп халық қуанып жүр. Бірақ, ол қалай тартылады? Жер астымен тартыла ма, әлде үстімен жүргізілмек пе? Егер жер астымен тартылса, биыл ғана жөнделген жолдар қайта қопарылып, шығынға батпай ма? Газ әр үйдің маңына келіп оны жеке- жеке қосуға тұрғындар өздері қаржы төлейтіні тағы бар. Оның құны қанша болмақ? Қарапайым жұрттың қалтасы көтере ме? Көтерген күннің өзінде өмірі газ болмаған көпқабатты пәтерлердегі ескірген, іштерін тот басқан құбырлар газ қысымына шыдай ма? Олар қашан ауыстырылады?..
Небәрі бір жыл қалды. Бұл келетін газдың бағасы қанша болмақ? Мүмкін, біз қазір пайдаланып жүрген жылуымыздан да қымбат болып кететін шығар. Өйткені, газ Өзбекстан немесе Түркіменстаннан емес, ең қымбат Ресейден тартылмақ. Мәселен, 1 маусымнан басталған Қазақстандағы тұңғыш ақылы жол Астана-Шучинск бағыты бастапқыда әр шақырымы бір теңгеден болады деп жар салынған. Бас аяғы 200 шақырым 200 теңге болып бекітілген. Ал, қазір ерекше ережелер пайда бола бастады. Жеңіл көліктерге 1 теңгеден, автобустар 5-10 теңге, жүк көліктері салмағына қарай 5-20 теңгеге дейін деген баға шықты. Өзгерту де, өсіру де монополистердің өз қолдарында болып тұр. Айналып келгенде, тағы да алданатын баяғы қарапайым жұрт. Сондықтан, осы бастан халыққа түсіндіру жұмыстары неге жүргізілмейді? Сағына күткен көгілдір отын көпшілікті сан соқтырып тағы әбігерге сала ма деп қорқам…
Сосын, бізде кез келген коммуналдық тауар бастапқы бағасынан алшақтап кетеді. Өндірушіден тұтынушыға жеткенше ортадағы делдал компаниялар бағаны өсіріп жібереді. Бір компания тасымалдайды. Енді бірі үйіне кіргізеді. Үшіншісі төлемақыны жинайды. Міне, біздегі монополизим. Ал, өндірушіден тұтынушыға тікелей тасымалданса, баға сәл ғана өзгеріске ұшырар еді. Бағаны қолдан жасайтын жеке компанияларға қарапайым халық жем болып отыр. Адамдарға ауадан кейінгі қажетті жарық, жылу, су мемлекеттікі болсын дегенім осыған байланысты… »
Рас сөз. Қашанда тың бастамалардың жаршысы болып жүрген Ақжолдықтар бұқара халықтың мүддесі үшін маңызды мәселелерді көтеруге дайын екендіктерін тағы бір дәлелдеді.

Жасұлан ЛЕСБЕКҰЛЫ
Ақмола облысы

 

 

8 ПІКІРЛЕР

  1. Бағаны көтергенге бас шұлғып отыра беруге болмайды. Қарапайым халықтың сөзін сөйлеп, жанын түсінетін бас көтерер азаматтар әрдайым көптің қолдауына ие.

  2. Бұқара халықтың қамын ойлайтын Серіктей ел азаматтары мен шындықты жазатын журналистеріміздің бары көңілге медеу. Алатын зейнетақымыз осындай коммуналдық төлемдерден артылмайды, қартайғанда денсаулықты күту үшін шипажайларда демалу тек арманға айналған.
    Еңбектерің жана берсін, қарақтарым!

  3. Соңғы жылдары әртүрлі желеумен монополистер бағаны қалауларынша көтеріп келе жатқаны жасырын емес. Бағаны ауыздықтауға антимонополия агенттігінің де шамасы жетпей жатады. Әрине, «қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса»-ның керіне салған кейбір коммуналдық қызмет қожайындары құбылмалы тарифтің себеп-салдарын да түсіндіруден қалды. Үйіне бір жапырақ төлемақы келгенде ғана қарапайым жұрт қалтасын қармана бастайды. Жариялық жоқ жерде ашықтық жоқ. Сондықтан, «тариф тазалығы үшін монополистер халықтан жиналған қаржының қайда жұмсалатынын, баға не себептен көтерілгенін ашық айтып отыру керек» деп есептейді «Ақ жол» партиясының белсенділері.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз