Оралмандарды тезірек бейімдеудің жүйелік шараларын қабылдау қажет

  Оралмандарды ел тыныс-тіршілігіне тезірек бейімдеудің жүйелік шараларын қабылдау қажет. Бұл туралы бүгінгі өткен Парламент мәжілісінің отырысында «Ақ жол»  фракциясының атынан Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Нұрлан Жазылбеков мәлімдеді. Бүгінгі күні Қазақстанда оралмандар үлкен әлеуметтік топ болып отыр. Этникалық қазақтар, тарихи отанына қайтып оралып, әлеуметтік бейімделу және азаматтық-құқықтық сипаттағы проблемаларға тап болуда. Нұрлан Жазылбеков қазіргі таңда оралмандардың Қазақстандағы  жергілікті елмен бір тұтас болып кірігіп кетуіне  кедергі келтіріп  отырған мәселелерді үшке бөліп атады. Бірінші. Мақсаты оралмандарды  оңтайлы түрде қоныс аудару және оларды орналастыруда жәрдем көрсету болып табылатын «Нұрлы көш» бағдарламасы тиімді болып отырған жоқ. Оның үстіне, оралмандарды жекелеген кенттер мен аймақтарда орналастыру саясаты олардың жергілікті қоғаммен сіңісіп кірігуіне кері әсерін тигізеді. Көрнекі мысал ретінде, жуырдағы Өскемен қаласының жанындағы Шығыс ауылында орын алған оқиғаны атауға болады. Оралмандар ауылдағы 170 үйдің электр энергиясынан ажыратылу салдарынан республикалық маңыздағы жолды жауып тастаған. Шын мәнінде, жергілікті тұтынушылар өз еркінен тыс электр қуаты үшін 42 млн. теңгеге қарызданып қалған. Себебі «Нұрлы көш» бағдарламасымен салыңған үйлер тек электр қуатымен жылытылады. Өткен жылы да осындай жағдай болған және мәселе тек облыс әкімінің араласуымен шешілген. Алайда, «Ақ жол» партиясы  оралмандарды оқшауландыратын емес, оларды елге бейімдеудің жүйелік шараларын қабылдау керек деп есептейді. Екінші. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білмейтін оралмандар (Ресейден келген иммигранттарды қоспағанда) тіпті жоқ деуге болады. Алайда, олардың барлығы да ресми тілді қолдануға қатысты тіл кедергілеріне тап болып отыр. Халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар өздерін қай тілде оларға жүгінсе сол тілде қызмет көрсетуге міндеттіміз деп санамайтындығы туралы дабылдар келіп түсуде. Әрине, мұндай жағдайларда оралмандарға мемлекеттік органдардың әкімшілік жүйесінің тәртібін түсіну қиынға түседі. Яғни, жергілікті тұрғындардың төрешілдікпен және тәкаппарлықпен қарауы туралы оралмандардың наразылығы орынды. Көптеген елге оралған бауырларымыз ана тілінде еркін сөйлеп, ана тілінде қазақ келінде өмір сүрудің қиындығын сезінуінен артық қорлық жоқ деп санайды. Мұны Н. Жазылбеков  Қостанай облысында сайлаушылармен кездескенде елге оралған отандастардың осыны  күйінішпен айтқанын  атап өтті. Бұл да қазақ халқының бірігу үрдісіне  кері әсерін тигізеді. Үшінші мәселе, Қазақстанға келген көптеген оралмандар ұзақ уақыт бойы азаматтығын ала алмай жүр. Мысалы, тек қана Қостанай облысы Рудный қаласында шамалы 80 отбасы азаматтығын ала алмай жүр. Міне мұның бәрі шет елдердегі қандастарымыздың көшу үрдісін бәсендетті. Ресми статистикалық дәйектерге сәйкес, 2003 жылдан бастап оралмандар санының орнықты түрдегі төмендеу серпіні байқалады (2003 жылы – 65 мың адам, 2011 жылы 38 мың адам). Осыған ора, оралған отандастар мүддесін қорғаудың тиімділігін қалай арттырамыз деп алаңдаған «Ақ жол» партиясының фракциясы Үкіметтен оларды ел өміріне бейімдеудің жүйелік шараларын қабылдауды сұрады.  

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі,

6 маусым  2013 жыл.

www.qazaquni.kz