Халықтық құрылыс - Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегемасы

Халықтық құрылыс - Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегемасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауы өзінің ауқымдылығы жағынан дәстүрлі шеңберден шығып, шын мәнінде, қазақ ұлтының стратегиялық дамуы бағыттарын бір емес, алдағы он жылдықтарға (әдеттегідей) айқындап берді. 

Жолдаудан әлеуметтік, экономикалық және негізгі құралы ретінде цифрландыру мен жасанды интеллектіге сүйенген мемлекеттік басқару сияқты үш базалық бағытты Президенттің "мұқият қайта қарау", "түбегейлі реформалау" сөздері арқылы әр салаға бөліп қарастыруға болады. 

Мемлекет басшысы Жалпыхалықтық ауқымды құрылыстың басталатынын жариялап, Үкіметке, өзі атап өткендей бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық жаңғырту Жоспарын әзірлеуді тапсырды. 

«Жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл — ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет», – деп атап өтті ол "Халықтық құрылыс" бағдарламасын таныстыра келе. 

Бағдарламаға сәйкес бүкіл ел бойынша әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандар бой көтермек, оған Ұлттық қордан 6,5 трлн тг бөлу жоспарланып отыр. 

Жолдаудың әлеуметтік бөлігіне келетін болсақ, Президент алғашқы кезеңнің өзінде-ақ аймақтарда 70 денсаулық сақтау, 50 білім, спорт, мәдениет нысандарын салып, іске қосуды тапсырды.

Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы, ТКШ саласына қомақты қаржы бөлу, газдандыру және елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады.

Қ. Тоқаев Жолдауының белсенді әлеуметтік басымдығы оның мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша емес, азаматтардың тұрмыс сапасы мен экономикалық қауқары арқылы бағалау керек деген сөзінен бірден аңғарылды.

Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыланып жатқан әлеуметтік көмек тәсілдерін қайта қарау мәселесін де айналып өтпей, дәйекті түрде барлығын өз атымен атады: әлеуметтік төлемдерді ұдайы арттыру бұған дейінгі жылдарда халыққа "қамқорсынудың" бір түрі болып келді.

Еске сала кетейік, барлық жылдарда Парламентте бюджетті талқылау барысында бизнес өкілдері мемлекеттік кірістегі теңгерімсіздікті, яғни, жаңа бюджет кірістерін қамтамасыз ететін шынайы секторға инвестиция салудың орнына, қайтарымсыз шығындарға қаржының көптеп жұмсалуын атап келген болатын. Соның салдарынан мемлекеттік қарыз есебінен жыртығы жамылатын тапшылық қалыптасатын. Бұл жағдайдың мәңгі жалғасуы мүмкін емес еді, себебі, тапқаныңнан жұмсағаның көп бола алмайды. 

Бұрынғы тәсілдің тағы да бір кемшілігі оның кешенді сипатта емес, фрагментарлық түрде болғандығы; сол көмектің өзін кейде шынайы мұқтаждар емес, табанды түрде талап еткендер алып жататын. Аз қамтылғандардың мәселесін жан-жақты шешу саясатының орнына, мемлекет ақшамен "басып" тастап отырды, бұл, әрине, мәселені одан сайын ушықтырды. Мұндай жүйе жемқорлыққа жол ашып, бюджет үшін де, азаматтар үшін де жағдайды өзгертудің орнына жыл сайын шығындарды ғана арттыратын.

Мәселені осыншалықты ашық әрі батыл көтеру үшін мемлекет тарапынан саяси ерік-жігер ғана емес, азаматтардың қолдауына деген сенім мен олардың өміріндегі нақты жағдайларды терең түсіну де қажет. Президенттің әлеуметтік саясатты жою емес, қайта бағдарлау туралы айтып отырғаны да кездейсоқ емес. Яғни, мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға бағытталуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. «Бұл сезімтал мәселеде шектен шығуға болмайды. Реформа жан-жақты ойластырылған, мұқият есептелген және адамдардың нақты жағдайын ескеретін болуы керек», – деп атап өтті ол.

Алайда, менің ойымша, Қасым-Жомарт Кемелұлының басты уәжі бұдан кейінгі сөздерінде айқын көрініс тапты: «Патернализмге бой алдырып, адамдарды әлеуметтік жәрдемақыларға тәуелді етудің орнына мемлекет әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға және азаматтардың өмірлік мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беруі тиіс». Бұрынғы жүйе адамдарды тәуелділікке, сенімсіздік пен түрлі айла-шарғыларға итермелесе, Президент Қ. Тоқаев әрбір азаматқа мұқтаждықтан арылып, қоғамнан өз орнын табуға ынта мен мүмкіндік беретін мемлекет құруда. Әділетті Қазақстан дегеніміз – осы.

Бұл үдерісте цифрландырудың да өзіндік орны бар. Оның міндеті мұқтаж жандарды анықтап, әлеуметтік көмек тағайындаумен ғана шектелмейді. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде миллиондаған отандасымыз маркетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру сервистерін, сондай-ақ басқа да көптеген қызмет түрлерін күнделікті пайдаланады. Алайда интернет – тек тұтыну мен көңіл көтеру кеңістігі ғана емес. Цифрлық орта шығармашылықпен айналысуға, табыс табуға мүмкіндік беретін алаңға, ал смартфон еңбек құралына айнала алады.

Креативті және цифрлық экономиканың үлесі артып келе жатқанын ескерсек, мұнымен келіспеу қиын. Оған қоса, ақпараттық технологиялар қолжетімділік ауқымын кеңейтіп, ынталы адамдарға жабдықтарды жөндеуден бастап қаржылық технологияларға дейінгі сан алуан базалық білімді меңгеруге мүмкіндік беріп, білім алуға немесе жаңа мамандықты игеруге жол ашады. Цифрландыру мен жасанды интеллект жақын болашақта тағы қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын тек болжауға ғана болады. Адамдарға осы мүмкіндіктерді мұқтаждықтан шығудың жолы ретінде пайдалануға көмектесу керек.

Жолдаудың экономикалық бөлігінде қолда бар ресурстарды «сарқуға» бағытталған тактикадан жаңа даму бағыттарын қалыптастыруға көшу қажеттігі айқын көрсетілген. Жаңа энергетиканы, көлік-логистикалық инфрақұрылымды ауқымды түрде дамытуға, инвестиция тарту саясатын біріздендіруге, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға және басқа да бағыттарға басымдық берілуін осылай түсінуге болады.

Президент Қ. Тоқаевтың осы басымдықтар қатарында мұнай-газ секторын (бюджеттің дәстүрлі тірегі) атамай, оның орнына ұлттық экономиканы әртараптандыру және технологиялық тұрғыдан күрделендіру үшін барынша әлеуеті жоғары салаларға басымдық беруі де назар аудартады.

Мәселен, ол логистикалық инфрақұрылымды осындай бағыттардың қатарына жатқызып, оның болашағын теңіз жолдарының осалдығы анықталған тұста әлемдік көлік дәліздерінің трансформациясымен байланыстырды. «Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, іс жүзінде Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналып», «халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы мәртебесіне көшуі қажет», – деп талап қойды Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол үшін «еліміздің аумағын өзара байланыстыратын және транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи теміржолдар мен автомобиль жолдарының желісін құру» қажет.

Бірақ, бұл аз. Транзитті қазақстандық логистикалық операторларды дамыту арқылы жаңа кірістерді генерациялау, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құру, көлік тораптарының айналасында отандық өндіріс пен сауда алаңдарын қалыптастыру үшін пайдалану қажет.

Президент бұл тұрғыда тағы да өзекті мәселелерді көтерді: «Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдардың жартысынан астамын шетелдік компаниялар жүзеге асырып отырғандықтан, автомобиль көлігімен жүк тасымалдаумен айналысатын отандық кәсіпкерлерді қолдауға басымдық берілуі керек», сондай-ақ «барлық автомобиль өткізу пункттерінің реконструкциясын аяқтау» қажет.

Бизнес өкілдері Парламентте Қытай және Каспий бағыттарындағы теміржолдардың құрылысы мен өткізу қабілетін арттыру мәселелерін бірнеше рет назарға алып, кәсіпкерлердің өтініштері бойынша «Ақ жол» Демпартиясының депутаттары Қорғас, Бақты, Жібек жолы, Сырым кеден өткелдеріне барып, олардың мәселелерін мемлекеттік органдар алдында көтерді. Қазақстандық автотасымалдаушылардың транзиттік бағыттардан ығыстырылуы мүлдем қордаланған мәселе әрі ұлттық мүдделерді қорғауды талап етеді. Сондықтан, нарықтың көптеген қатысушылары Президенттің бұл сөздерін алдағы оң өзгерістердің маңызды белгісі ретінде қабылдады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы шенеуніктердің электр энергиясы тапшылығын ұзақ жылдар бойы «бизнеске» айналдырғанына, Балқаштағы ЖЭО құрылысының тұралап қалғанына, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы энергетикалық қуаттарды іске қосу жұмыстарының орындалмағанына қатысты ескерту айтып, энергетика саласындағы жағдайды аса қатаң сынға алды. 

Ал өнеркәсіптің, құрылыстың, агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуы және деректерді өңдеу орталықтарын құру жоспарланып отырған жағдайда энергия тапшылығына жол беруге мүлде болмайды. Бұл ретте Президент «жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағыларын жаңғырту, электр беру желілерін дамыту, «таза» көмір генерациясын толыққанды өрістетіп, жаңартылатын энергетикаға, ең алдымен, күн электр станцияларына назар аудару» міндетін қойды.

Одан кейін өңірлердің салалық мамандануы туралы айта келе, Мемлекет басшысы аса маңызды ескерту жасады - негізгі нысандардың айналасында білім беру, логистика, қызмет көрсету саласы, аралас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті қамтитын толыққанды экожүйе қалыптастыру қажет. Бұл талап энергетика саласына да тікелей қатысты.

Құрылтайдағы «Ақ жол» фракциясы энергетика саласына мемлекет тарапынан бағытталып жатқан орасан зор қаражатты ескере отырып, энергетикалық машина жасауды дамыту қажеттігі туралы тұрақты түрде депутаттық сауалдар жасап келеді. Ескі ЖЭО мен ГРЭС-терді реконструкциялау және жаңа нысандар салу үшін генераторлар, турбиналар, компрессорлар және басқа да жабдықтар қажет. Қазақстанда мұндай машиналарды өндіруге және жобалауға қажетті өндірістік қуаттар мен кадрлар бар. Алайда, энергетикалық кәсіпорындар оларды шетелден сатып алуды табанды түрде жалғастырып келеді. Бұл отандық өндірушілерге тікелей зиян келтіреді.

Мысалы, Қарағандыдағы турбомеханикалық зауыты жуырда ірі тау металлургиялық компаниясы үшін еліміздегі алғашқы турбинаны әзірлеп шығарды, алайда, сайып келгенде тапсырушы шетелдік арзандау нұсқаны алғанды жөн көрген.

Әрине, бірлі-жарым өнімнің өзіндік құны жаппай өндірілетін тауармен бәсекеге түсе алмайтыны белгілі. Алайда мұндай шешімдер энергетиканың импортқа тәуелділігін күшейтіп, қазақстандық өндірістің жоғалуына әкеліп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың миллиардтаған қаражаты ұлттық экономикада қайта айналымға түсіп, жұмыс істеудің орнына шетелге кетеді.

Меніңше, Қасым-Жомарт Кемелұлы «ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қажетті отандық құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды өндіруді қамтамасыз етуіміз керек. Мұндай бастамалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізіне айналуы тиіс деп санаймын. Ұлттық қордың қаражатын импортты қаржыландыруға пайдалануға болмайды. Бұл – қағидатты талап», – дегенде дәл осындай теңгерімсіздіктерді меңзеген болуы керек.

Сонымен қатар экономикалық шындықты ескере отырып, Президент отандық өндіріске «озық технологиялары, қажетті сараптамалық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығуға мол мүмкіндіктері бар» жетекші әлемдік компанияларды тарту қажеттігін айтты. Бұл бағытта бес жыл бұрын Үкіметтің тапсырмасымен ірі шикізаттық инвесторлар құрған Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығы (IMBC) көп-көрім тәжірибе көрсетті. Бүгінде осы орталық арқылы қазақстандық зауыттар аталған салада халықаралық жоғары талаптарға сай заманауи жабдықтарды игеріп, өндіруге мүмкіндік алды. 2024 жылы тау-кен металлургия машина жасау саласын дамытуға арналған осындай орталық құру туралы ТМК алпауыттары – «Қазцинк», ERG және «Қазақмыс» та мәлімдеген болатын. Алайда оның қызметі туралы ақпарат жоқ. Жуырда бірқатар ірі шикізаттық компаниялардың акционерлері ауысқаннан кейін жаңа ұлттық инвесторлар бұл бастамаға қажетті серпін береді деп үміттенеміз.

Мүмкін, машина жасау саласындағы әлемдік көшбасшылармен және олардың жабдықтарын тұтынатын ірі қазақстандық кәсіпорындармен серіктестік негізінде осындай орталықтарды нақты құру, тіпті бірлескен кәсіпорындар ашу Мемлекет басшысы айтқан «елімізді индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамыту тетіктерінің» біріне айналуы да ықтимал. «Халықтық құрылыс» аясында экономикада болатын ауқымды өзгерістерді, пайдаланылатын жабдықтарды отандық өндіруді дамыту міндеттерін және IMBC тәжірибесін ескере отырып, машина жасау саласын дамытуға арналған осындай орталықтар тау-кен металлургиясы үшін ғана емес, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және құрылыс салалары үшін де пайдалы болар еді. Құрылтай депутаттары осы бағытта заңнамаға тиісті ұсыныстар әзірлейді деп үміттенеміз.

Әрине, Президент Жолдауының кәсіпкерлік мәселелеріне арналған бөлімі шағын және орта бизнес үшін аса өзекті болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметке ұзақ мерзімді қаржыландыру мен технологиялық жаңғырту шараларын қамтитын орта бизнесті дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау туралы тапсырмасын салық реформасы аясында қарастыруға болады. Өздеріңізге белгілі, бұл реформа шағын бизнес пен ірі кәсіпорындардың айналымдарын әжептәуір ажыратып, бұл бизнес қауымдастығының негізгі сын нысандарының біріне айналды. Сонымен бірге мұндай жіктеу кәсіпорындарды шағын бизнестен ортаға, одан әрі ірі бизнеске «өсіру» мәселесін өзекті етті.

Бұрынғы жүйеде мұндай өсуді ынталандыратын тетіктер іс жүзінде болмағанын, соның салдарынан кәсіпкерлер арасында орта бизнестің үлесі мардымсыз болып, шағын кәсіпорындар негізінен сауда мен қызмет көрсету саласында шоғырланғанын мойындау керек. Алайда экономикалық ынталандыру тек төмендетілген салық мөлшерлемелерімен шектелмейді. Президент атап өткен бағыттардың маңызы да бұлардан кем емес: қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру; негізгі капиталға (технологиялар мен жабдықтарға) инвестиция салуға арналған жеңілдіктер; корпоративтік нарыққа (ұлттық компаниялар мен ірі жер қойнауын пайдаланушылар) қол жеткізу және қолдау шаралары. Корпоративтік сатып алулар мәселесін Мемлекет басшысының жеке тапсырма ретінде белгілеуі де кездейсоқ емес: «Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастығына, соның ішінде олардың өнімдерін өткізуге жағдай жасау қажет. Сатып алынатын өнім көлемінің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындарға резервтеуге болады. Бұл ретте жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету қажет».

Бұл жерде қандай талаптар туралы сөз болып отыр? Меніңше, ең алдымен импорттық жеткізілімдердің демпингінен қорғау мәселесі жөнінде айтылып отыр, себебі, Ұлттық қордың қаражатын импортты қаржыландыруға пайдалануға тыйым салынғанын ескерсек, бұл мәселе айрықша маңызды («Халықтық құрылыс» бағдарламасы дәл осы Ұлттық қордан қаржыландырылады). Турбиналар мысалында айтылғандай, ірі сериялы өндіріс болмаса, өнімнің өзіндік құнын төмендетуді талап ету мүмкін емес. Ал, сериялық өндіріс тұрақты әрі ұзақ мерзімді келісімшарттарды қажет етеді. Өкінішке орай, бүгінде офтейк-келісімшарттардың өзіне де корпорациялар тарапынан «ревизиялау» жүргізіліп келеді. Ұзақ мерзімділік пен сатып алу көлемі және баға бойынша өзара міндеттемелердің орнына, кәсіпорындардың табыстылыққа (офтейк-келісімшарттың мәні осында) шығуына мүмкіндік беретін шарттар тапсырыс берушінің мүддесіне қарай қайта қаралып, түсіндіріліп жатады. Бұған жеткізілген өнімнің ақысын ұзақ уақытқа кейінге қалдыру талаптары да қосылады.

Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының жоғарыда аталған тапсырмалары бизнес пен депутаттарға ірі корпоративтік серіктестермен қарым-қатынаста ШОБ құқықтарын заңнамалық тұрғыдан бекітуге негіз береді. Бұл өндірісті кеңейтуге инвестиция салуға, шағын кәсіпорынның жеңілдетілген режимінен шығып, орта бизнеске өтуге жақсы ынталандыру бола алады.

Мемлекет басшысы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қарастырылуы тиіс екенін де мәлімдеп, көңіл көншітпейтін статистиканы келтірді: жеке кәсіпкерлер тарапынан жасалған заң бұзушылықтар саны 34 пайызға қысқарғанымен, айыппұл көлемі, керісінше, 11 пайызға өскен. Яғни, әкімшілік қысым кәсіпкерлердің заңға бағыну деңгейінің артуымен еш үйлеспейді, тіпті керісінше күшейіп отыр.

Партиямыз былтырғы көктемнен бастап жаңа салықтық (кеңірек айтқанда, экономикалық саясатты) енгізу барысында есептіліктегі болмашы сәйкессіздіктер үшін жазалаудың орнына, бизнеске жаңа реттеу және әкімшілендіру жағдайларына бейімделуге мүмкіндік беру үшін салықтық рақымшылық жасауды және өтпелі кезең белгілеуді бірнеше рет ұсынған. Сондықтан Президент Қ. Тоқаевтың 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ШОБ-ты тексеруге үш жылдық мораторий енгізу туралы тапсырмасы екі миллион кәсіпкердің көңіліне қуаныш ұялатып қана қоймай, ел басшылығының реформалардың ауыртпалығын көтеріп отырған азаматтардың оларды оң қабылдауына мүдделі екенін көрсететін саяси ерік-жігердің айқын көрінісі болды.

Бұл өзекті шешім Қасым-Жомарт Кемелұлының бүкіл ұлт үшін тағдырлы мәселелермен, соның ішінде сыртқы саясаттағы маңызды міндеттермен айналысып отырғанына қарамастан, ел ішіндегі ахуалды жіті бақылап, жүргізіліп жатқан реформаларға қоғамның кері байланысын үнемі ескеретінін айқын көрсетеді.

Осы тұжырымды растай түскендей, Мемлекет басшысы қоғамда үлкен резонанс тудырған салық мәселесіне тағы да тоқталып, Салық кодексі «қасиетті кітап» емес екенін, оның күшіне енуі кәсіпкерлер үшін бірқатар шығындар мен проблемаларға әкелгенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке бизнес тарапынан келіп түскен сигналдарды талдап, кодекске нысаналы түзетулер әзірлеуді тапсырды.

Бір жыл бұрын құжатты талқылау кезінде біздің фракция салық реформасындағы бірқатар олқылықтарды көрсеткен болатын. Біз бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруды қолдағанымызбен, ШОБ-қа шамадан тыс шектеулер қоймай, сараланған салық мөлшерлемелері арқылы, қаржы, шикізат секторларына түсетін жүктемені күшейту есебінен неғұрлым теңгерімді тәсілдерді ұсындық.

Енді Жолдау аясында ШОБ пен Құрылтайға Үкіметпен бірлесіп, жаңа Салық кодексін түзету жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік туып отыр.

Мемлекет басшысының қазіргі экономиканың талаптарына жауап беретін, қоғам, мемлекет және бизнес мүдделерінің өзекті тепе-теңдігін қалыптастыратын жаңа Азаматтық кодексті қабылдау туралы тапсырмасы да аса өзекті.

Еске сала кетейін, феодалдық тәртіптің негізін бұзған Наполеонның Азаматтық кодексінен кейін XIX ғасырда Еуропада өнеркәсіптік капитализм қарқынды дами бастады. Бәлкім, цифрлық дәуірдің Азаматтық кодексіне де біздің заманымызда осындай тарихи рөл атқару бұйырар.

Қасым-Жомарт Кемелұлының экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру қажеттігі туралы сөздерін де ерекше атап өткім келеді. Бұл бағыт бизнес ахуалы үшін негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы экономикалық және шаруашылық дауларды қылмыстық құқық аясында қарастыруға әрдайым қарсы болды. Біздің бастамамызбен 2017 жылы ҚР Қылмыстық кодексінен бұрын адал кәсіпкерлерге алаяқтардың заң бұзушылықтары үшін жауапкершілікті жүктеуге жиі себеп болған жалған кәсіпкерлік туралы бап алынып тасталды.

2025 жылы бес жылдық күрестен кейін Қылмыстық кодекске түзетуіміз енгізілді. Ол ресми кәсіпорындардағы лауазымдық міндеттерді бөлу фактісінің негізінде ғана бизнесті ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптауға жол бермеуді көздейді. Өкінішке қарай, бұл норма әзірге тиісті деңгейде қолданылмай келеді. Сондықтан біз бұл мәселеге қайта оралуға мәжбүр болдық.

Президент Жолдауында экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру қажеттігін тағы да көтергендіктен, Құрылтайдың қазіргі депутаттарына кәсіпкер өз тәуекелдері үшін бостандығымен емес, мүлкімен жауап беруі тиіс деген ұстанымды жүзеге асыру жолындағы жұмысты жалғастыруға мүмкіндік туып отыр.

Мемлекет басшысы экономиканы цифрландырудың кең ауқымды бағыттарын белгіледі. Оның мақсаты – бизнес-процестерді жеңілдетіп, барынша жеделдету, мемлекеттік реттеудің де, кәсіпорындардың табыстылығының да тиімділігін түбегейлі арттыру.

Мұны логистика мен көлікті цифрландырудан, су ресурстарын басқару мен геологиялық барлауда жасанды интеллектіні пайдаланудан немесе қаржылық технологияларды азаматтардың күнделікті өміріне енгізуден-ақ көруге болады.

Сонымен қатар, экономиканы цифрландыруды практикалық тұрғыдан қолдану бағдарламасын әзірлеу жоспарымен қатар, Президент Қ. Тоқаев: «Активтерді токенизациялау, яғни оларды цифрлық ортаға көшіру әлеуетін толық іске асыру қажет. Бұл азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иесі болуға, ал кәсіпкерлерге артық делдалдарсыз тікелей капитал тартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

Бұл бастаманың маңызы мен болашағы ерекше. Өйткені ол екі жақты міндетті шешуге бағытталған: кәсіпкерлерге инвестиция тартуды жеңілдету және халыққа аз ғана қаражатпен бизнестің бір бөлігіне айналуға мүмкіндік беру.

Цифрлық активтер болып табылатын токендер криптовалютаға ұқсамайды, себебі, олардың құндылығы нарықтың құбылмалылығымен емес, олардың эмитенттерінің активімен бағаланады. Мысалы, токен боп стейблкойндер (АҚШ долларына байланған USDT сияқты), немесе осы токендерді шығаратын қатысушылардың цифрланған шынайы активтерін (акциялар, меншік үлестері, шынайы мүлік) атайды. Бұл тұрғыдан алғанда токендер айналымықарапайымдылық, қолжетімділік, жылдамдық секілді өзінің цифрлық құралдарының артықшылықтарымен қор нарығын толықтырып, оның баламасы бола алады. 

Президент Жолдауы бұл жұмысқа мемлекеттік деңгейде серпін беретініне сенімдімін. 

Дегенмен, Қасым-Жомарт Кемелұлының экономикалық сала бойынша берген тапсырмаларының көбін аудиторияның консервативтік бөлігі түсіне алмай жатқан сияқты. Осыған байланысты ол: «Болашақ экономикасын құру үшін қалыптасқан стереотиптер мен ескірген тәсілдерден біржола арылып, қоғамымыздың мүлде жаңа тірек құрылымдарын қалыптастыруымыз қажет», – деп атап өтті.

Мемлекеттік аппаратты қалыптасқан инерция мен тоқырауды еңсеруге жұмылдыру қажеттігін алдын ала пайымдағандай, Президент жаңа тарихи кезеңнің шешуші факторы ретінде мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалауды белгіледі: «Цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға негізделген жаңа экономика үшін мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруымыз керек».

Мемлекет басшысының бұл реформаны нақты қандай бағытта жүргізуді көздейтіні, құзыреттер мен бақылау арасындағы тепе-теңдіктің қалай қалыптасатыны әзірге ашық күйінде қалды. Сірә, Президент қоғам мен лауазымды тұлғаларды осы міндетті өз бетінше саралап, ой елегінен өткізуге жетелеп отырса керек. Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін осы реформаның Кешенді жоспарын әзірлеп, ұсынуы тиіс. Қазіргі таңда бір нәрсе анық: бастамашылдық, жауапкершілік, технологиялық және технократиялық қағидаттарға негізделген мемлекеттік басқарудың бүкіл вертикалін толық қайта жаңғырту көзделіп отыр.

«Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымы цифрландыру жағдайында жұмыс істеуге және жасанды интеллектімен өзара іс-қимыл жасауға бейімделуі керек», – деп Президент Қ. Тоқаев реформаның мақсатын айқындады.

Мемлекеттік органдардың бастамашылдығы мен батыл шешім қабылдау қабілетін арттыру, өз өкілеттіктерін терең түсінуі, функциялардың қайталануы мен құрылымдық теңгерімсіздіктерді жою үшін жасанды интеллектіні пайдалану ынталандырылмақ. «Мемлекеттік аппаратты бюрократиялық жүктемеден және шешім қабылдауды баяулатып, прогреске кедергі келтіретін барлық нәрседен арылту маңызды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау Президент Әкімшілігіне СЖЖРА-мен бірлесіп әзірлеу тапсырылған ұзақ мерзімді стратегиялық даму жоспарымен тығыз байланысты болады деп пайымдауға негіз бар. Ал Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарын «осы құжатты әзірлеуге елеулі үлес қосуға» тікелей шақырғандықтан, біздің партия да осындай маңызды бастамадан тыс қалмайды деп ойлаймын.

Жолдаудан аңғарылғандай, Қазақстанның болашақта озық дамуына серпін беруге бағытталған экономиканы, әлеуметтік саясатты және мемлекеттік басқаруды ауқымды трансформациялау көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл міндетті тарихи ауқымдағы миссия деп атауы да кездейсоқ емес.

Президентпен ойы бір пікірлестері үшін бұл ауқымды бастамаға қатысты болу, оның барлық ауыртпалығы мен жауапкершілігін бөлісу үлкен мәртебе.

Азат ПЕРУАШЕВ, "Ақ жол" Демократиялық партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, doctor of business administration