РЕСЕЙ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ БІРІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЕТСІН! - Түрік саясаткері
2026 ж. 05 қараша
49
0
Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Кюршад Зорлу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге Түркі мемлекеттері ұйымында (ТМҰ) бақылаушы мәртебесін беру туралы бастамасына қатысты маңызды пікір білдірді.
Ол 2021 жылғы Ыстанбұл саммитінде бекітілген талапқа сәйкес, ұйымға бақылаушы болғысы келетін мемлекет түркі немесе туыстас тілдердің бірін бүкіл ел аумағында мемлекеттік не ресми тіл ретінде тануы қажеттігін атап өтті. Бұл талап Ресейдің ұйымға қатысуы мәселесін жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік береді.
Ресей мен түркі әлемін ғасырлар бойғы ортақ тарих, мәдениет және географиялық кеңістік байланыстырады. Ресей құрамында татар, башқұрт, саха, тыва және басқа да түркі халықтары өмір сүреді. Олардың тілі мен мәдениеті – бүкіл түркі өркениетінің ажырамас бөлігі.
Егер Ресей түркі әлемімен жақындасуға ниетті болса, онда өз құрамындағы түркі халықтарының тілі мен мәдениетіне де лайықты құрмет көрсетуі керек емес пе? Мәселен, татар тілін Ресей көлемінде мемлекеттік немесе ресми тіл мәртебесіне көтеру туралы бастаманы неге талқыламасқа? Бұл орыс тілінің мәртебесін төмендету емес, көпұлтты мемлекеттің тілдік әралуандығын мойындаудың көрінісі болар еді.
Түркі мемлекеттерінің жақындасуына түрткі болып отырған тағы бір маңызды фактор – Орта дәліз. Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтады. Демек, ТМҰ-ның маңызы мәдени бірлікпен ғана шектелмей, геоэкономикалық мүдделермен де ұштасып отыр.
Қорытындылай айтқанда, Ресейдің түркі әлемімен жақындасуына қарсылық жоқ. Бірақ бұл ниет сөз жүзінде ғана қалмай, нақты іспен дәлелденуі керек. Түркі халықтарының тіліне, мәдениетіне және ұлттық құқықтарына құрмет көрсетілуі тиіс.
Проблема жоқ, Ресей түркі тілдерінің бірін мемлекеттік тіл етсін!
Өйткені шынайы интеграция геосаяси мәлімдемеден емес, өзара құрмет пен тең құқықтылықтан басталады.
ТМҰ жарғысын жақсы білетін біздің президент мәселені әдемі көтерді..
Өмір Шыныбекұлы,
Фейсбук парақшасынан