ҮНДІ МҰХИТЫНА ШЫҒУ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

ҮНДІ МҰХИТЫНА ШЫҒУ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

Астана, Ташкент және Абу-Даби Пәкістанның теңіз порттарына баратын Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан, яғни CASA (Central Asia South Asia – Орталық Азия – Оңтүстік Азия) жаңа темір жол бағытының жобасын бірлесіп пысықтауға кіріспек. Өткен аптада сондай ниетпен Қазақстан мен Өзбекстанның Көлік министрліктері және Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАЭ) Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында CASA жобасы аясындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.  

Аталған жоба Орталық Азия мен Оңтүстік Азияның көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатындағы жаңа теміржол бағытын қалыптастыруға, халықаралық тасымал, сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға жол ашады.    

«Меморандум аясында тараптар техникалық, экономикалық зерттеулер мен талдау жұмыстарын жүргізуді, қажетті теміржол инфрақұрылымын және онымен байланысты нысандарды дамытудың орындылығын зерделеуді көздейді. Қазақстан мен Өзбекстанның дамыған теміржол инфрақұрылымы және айтарлықтай транзиттік әлеуеті бар. Біріккен Араб Әмірліктері көлік инфрақұрылымы, логистика және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру саласында халықаралық тәжірибеге ие. Осылайша тараптардың ынтымақтастығы CASA жобасын жан-жақты пысықтауға және оны іске асырудың оңтайлы тетіктерін айқындауға мүмкіндік береді», – делінген Үкімет хабарламасында. 

Сондай-ақ, тараптар әрі қарай жасалуға тиіс қадамдар мен бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын талқылады. Бұл орайда жобаның техникалық, экономикалық және қаржылық мәселелерін жан-жақты пысықтап алу жайы айтылды. Ол үшін арнайы Жұмыс тобын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. 

Пәкістан – екі бағыттың бірі  

Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан сонау Үнді мұхитына шығу мүмкіндігіне ие болғысы келіп отыр. Бірақ оның жолы оңай емес. Өйткені ол жаққа кілең саяси жағдайы тұрақсыз елдер арқылы өтуге тура келеді. Қазақстан үшін, жалпы Орталық Азия мемлекеттері үшін Үнді мұхитына шығудың негізгі екі бағыты бар. Осы екі бағыт мүдделі тараптар арасында өте көп талқылануда.  

Сонымен, біріншісі – Ауған елі арқылы Пәкістанға өту. Бұл – жаңағы айтылған, БАӘ атсалысатын CASA жобасы бойынша жасалатын бағыт. Осы жоба аясында Пәкістанның Карачи, Касим және Гвадар кемежайларына Ауғанстан жерімен өтетін жаңа теміржол желілері салынбақ. Бұлар – Арабия теңізіндегі тереңсулы кемежайлар. Ал бұл теңіз Үнді мұхитының солтүстік жағында орналасқан. Егер жоба жүзеге асса, жүктер Қазақстанның шекарасынан Пәкістанның кемежайларына дейін бар болғаны 11-12 күннің айналасында жеткізілмек. 

Исламабад жоғарыда аталған Карачи, Касим және Гвадар кемежайларын Қазақстанның пайдалануына беруге дайын. Сонымен қатар, еркін экономикалық аймақтарда бірлескен кәсіпорындар ашу жайы қарастырылуда. Бұл туралы жазда Пәкістанның Теңіз істері федералдық министрі Мұхаммад Жунайд Ануар Чаудри мәлімдеді.   

– Пәкістанның теңіз кемежайлары Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағына транзит торабы ретінде қызмет ете алады. Сөйтіп, Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Чаудри мырза. 

Ауғанстанмен арамыз жақсы

Былтыр сәуір айында еліміздің Ауғанстанда теміржол төсеуге 500 миллион АҚШ долларын бөле алатыны мәлім болды. Бұл үшін Герат қаласында логистика және көлік компаниясын ашу жоспарланған. 

Жалпы, Қазақстан аталған елмен қарым-қатынас, алыс-берісті жан-жақты дамытуға барынша күш салып жатыр. Сол өткен жылдың көктемінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған үлкен сапартоп Ауғанстанға барып қайтқан еді. Оның құрамында еліміздің шенеуніктері, бизнесмендер мен түрлі саладағы мамандар болды. 

Сол кезде жер қойнауындағы қазба байлықтарды игеру жайы да талқыланды. Ауған жағы бұл мәселе бойынша қазақтардың қолын қақпайтынын білдірді. Қайта өз тарапынан да барынша қолғабыс жасамақ. Екі мемлекет арасында бірлескен техникалық комитет пен жер қойнауындағы қорды геологиялық барлау және зерттеу жөніндегі комиссия құрылды. Сөйтіп, біздің тарап ол жерден сирек кездесетін және түрлі-түсті металдар өндіруді көздеп отыр. Бұл елмен басқа салаларда да ынтымақтастық арта түседі.  

Осы сапар қорытындысы бойынша Ауғанстанмен арада 140 миллион доллар көлеміндегі сауда келісімдері жасалды. Негізі, бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ оған да теміржол қатынасының дамығаны керек қой...  

Екінші бағыт – Иран

Ал енді тікелей тақырыпқа келсек, Қазақстан, жалпы оның төңірегіндегі Орталық Азия елдері үшін Үнді мұхитына шығудың екі жолы бар екенін жоғарыда айттық. Екінші бағытымыз Иран болып тұр. «Болып тұр» дейтініміз, бұл да оңай жол емес. Өйткені Тегеранның да халықаралық саяси аренадағы жағдайы баршаға мәлім. Бірақ соғыс өз алдына, біз өз тіршілігімізді жасауымыз керек. Қазақстан сыртқы саясатта о бастан көпвекторлы бағытты ұстанып келеді.   

Біздің елден Иранға Түрікменстан арқылы өтетін халықаралық теміржол желісі бұрыннан бар. Ол 2009-2014 жылдар аралығында салынған. Қазақстан Парсы шығанағы (Бендер-Аббас кемежайы) мен Ормуз бұғазына шығуға дәл осы бағытты пайдаланбақ.  

Биыл біздің мемлекет Иранмен де шикізат экспорты үшін кемежай инфрақұрылымына қолжетімді жағдай орнатуға қатысты келісім жасады. Енді Тегеран Қазақстанға Ормуз шығанағындағы Шахид Раджаи (Бендер-Аббас қаласы) кемежайынан жер бөлуге тиіс. Сондай-ақ, парсылар Чабахар кемежайында Қазақстанның жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге дайын екенін айтып отыр. Бұл нысан Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына тікелей шығуды қамтамасыз етеді. 

Осы мақсаттағы Чабахар – Захедан теміржолы өткен аптада салынып бітті. Оның ұзындығы – 730 шақырым. Үндістаннан Ауғанстан, Орталық Азия елдері және Ресейге, сосын кері қарай да жүк тасымалын ағылтатын бұл құрлықтағы бағыт алдағы үш-төрт айда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ол Үнді мұхитының жағалауында орналасқан жаңағы Чабахар кемежайын Иранның бүкіл көлік желісімен байланыстырады. Бұл Үндістанның жүк тасымалын Пәкістан жерін айналып өтіп жасауына да мүмкіндік береді.  

Дүниежүзілік банктің қолдауы 

Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды табыс әкелетіндей деңгейде жүзеге асыруына халықаралық қаржы институты қолдау білдіретін болды. Жақында Премьер-министр орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағындағы әл-ауқат мәселелері жөніндегі өңірлік директоры Абебе Адугнамен кездескен. Олар алдағы ынтымақтастық жайын талқылады. 

Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан асты. Ол 33 жылда елімізде жалпы құны 8 миллиард АҚШ доллары болатын 50-ден аса жобаның жүзеге асуына септігін тигізді. Бұл – көлік, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, цифрландыру және экологиялық технология салаларындағы жобалар. 

Ұлттық экономика министрі біздің мемлекет инфрақұрылымды дамытуды тек ішкі қажеттілік тұрғысынан ғана емес, аймақ шеңберінде де қарастыратынын мәлімдеді. Қазақстан осы мақсаттағы жобаларды жүзеге асыруға, оның ішінде Орталық Азияны және өзге де аймақтарды байланыстыратын логистика жүйесін дамытуға аса мүдделі. Ал Дүниежүзілік банк қаржыландыру жағынан қолдау білдіруге дайын.   

– Әңгіме тек біздің ішкі жолдарымыз бен теміржолдарды жақсарту туралы ғана болып отырған жоқ. Бұл жолдардың барлығы бізге де, көрші елдерге де тиімді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Серік Жұманғарин.   

Тиімділік пен қауіп  

Біз үшін сонау шалғайдағы Үнді мұхитына шығудың тиімділігі қандай? Оған жететін бағыттың бойындағы саяси жағдайы қиын елдерден қандай қауіп күтуге болады? Сөз соңында осы мәселеге сәл тоқталсақ. 

Қазақстан әлемдік мұхитқа немесе теңізге тікелей шыға алмайды. Бұл халықаралық логистикада кәдімгідей қиындық тудыратыны аян. Сондықтан, экономистердің ойынша, қазір еліміздің теңіздегі тікелей транзитсіз «тұншығып» отырған жайы бар. Осы жағынан келгенде, әлемге шығатын мұхит пен теңіздің қай-қайсысы да біз үшін тиімді болғалы тұр. Мысалы, жоғарыда сөз болған оңтүстік бағыт сәтімен жүзеге асса, Орталық Азия (оның ішінде, әрине, Қазақстан) әлемдік жол торабына айналмақ. Сол арқылы отандық тауарлар үшін Үндістанның, Парсы шығанағы, Шығыс Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің аса ірі нарығына даңғыл жол ашылады. Бұл транзитті дамытуға ғана емес, қойма инфрақұрылымдарын, құрлықтағы айлақтарды қалыптастыруға, шекара маңында жаңа өндіріс орындарын ашуға мол мүмкіндік береді.  

Ал қауіп жағына келсек, оның бесенеден белгілі тұсы бар. Бұл – Ауғанстан мен Иранның геосаяси жағдайы. Тым күмәншіл сарапшылардың ойы осыған саяды. Олар билігінде Талибан қозғалысы отырған Ауғанстан арқылы теміржол төсеу ісіне үлкен күдікпен қарайды. Иран төңірегіндегі жағдайдың да мәз еместігі мәлім. Үнемі санкциялық қысым мен аймақтық қақтығыстарға ілігіп жатады. Оның үстіне, әсіресе, Ауған жері арқылы өтетін Пәкістан бағыты аса мол қаржыны қажет ететіні тағы бар. 

Бірақ, қалай десек те, әлемдік су жолдарына шығу Қазақстанға ауадай қажет. Қауіпсіздік жағын қамтамасыз ету мәселесі шешілер. Қаржы да табылар. Дүниежүзілік банк көмек қолын ұсынып жатыр ғой. Сондықтан бұл жерде «шешінген судан тайынбастың» әрекеті жөн. 

Оразәлі БАЙМҰРАТ,

Қазақ үні