Сеулдегі келісімдер: Қазақстан өз байлығынан қалай көбірек пайда таба алады?

Сеулдегі келісімдер: Қазақстан өз байлығынан қалай көбірек пайда таба алады?

Кореямен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін басты мүмкіндігі — табиғи байлықты технологиямен ұштастырып, ел ішінде жаңа өндіріс қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында қол қойылған 19 млрд долларлық коммерциялық келісімдердің стратегиялық мәнін осы тұрғыдан бағалауға болады. Бұл — алдағы жобалардың ауқымын көрсететін сома. Нақты қайтарымы олардың қаншалықты сапалы іске асатынына байланысты. 

Меніңше, сапардың негізгі экономикалық қисыны — Қазақстанның ресурстық мүмкіндігін өндірістік артықшылыққа айналдыру. Кореяға сенімді шикізат жеткізілімі мен жаңа нарықтар қажет. Қазақстанға сол шикізатты терең өңдейтін технологиялар, инвестиция және инженерлік тәжірибе маңызды. Өзара мүдденің осындай тоғысуы ұзақмерзімді әріптестікке негіз болады. Оның іргетасы бар: Кореядан тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 12 млрд доллардан асты, елімізде корей капиталы қатысатын мыңнан астам компания жұмыс істейді. 

Келісімдердің мазмұны осы бағытты айқындайды. Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 9 млн тоннаға дейін кеңейту, Түркістан облысындағы 1 000 МВт электр станциясын қаржыландыру көзделген. Бұл жобалардың әсері өз салаларынан әлдеқайда кең: жеткілікті энергия мен отын жаңа кәсіпорын ашуға, өндірісті ұлғайтуға және өңірлерге инвестиция тартуға жағдай жасайды. Демек, энергетикалық жобалар экономиканың басқа секторларындағы өсімге де негіз бола алады. 

Табиғи байлықтың экономикалық құны оны өңдеу тереңдеген сайын артады. POSCO Holdings компаниясымен сирек жер элементтерін өңдеу технологиялары жөніндегі меморандумның маңызы осында. Қазақстан үшін келесі міндет — өңдеу қуаттарын ел ішінде орналастырып, технологияны отандық мамандардың игеруіне қол жеткізу. Сонда ресурс экспортымен қатар инженерлік еңбекке, жергілікті жабдық пен қызметке сұраныс қалыптасады. Бұл экономиканы әртараптандырудың нақты жолы. 

Инвестицияның қоғамға пайдасы адамның өміріндегі өзгерістен көрінеді. Қостанайдағы KIA Qazaqstan жобасы 1 500 тұрақты жұмыс орнына есептелген. Мұндай өндірістердің айналасында бөлшек жеткізетін, тасымалдайтын, жабдықтарды жөндейтін отандық кәсіпорындар көбейсе, инвестицияның әсері кеңейеді. Ал Алатауда KAIST филиалын ашу жөніндегі келісім осы өндірістерге қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Менің пайымымша, ең құнды нәтиже — Қазақстанда зауыттармен бірге сол зауыттарды дамыта алатын кәсіби ортаның қалыптасуы. 

Корея тәжірибесі қоғамдық оптимизмнің де практикалық негізін көрсетеді. Ауыр тарихи сынақтардан өткен ел білімге, инфрақұрылымға және технологияға жүйелі инвестиция салу арқылы дамыды. Қазақстан үшін мұндағы тағылым — тарихи жадты сақтай отырып, өз болашағын қалыптастыруға қабілетті қоғам болу. Ертеңге сенім адамның білім алып, еңбек етіп, тұрмысын жақсарта алатынын сезінуінен басталады. Осы тұрғыдан жаңа өндіріс пен сапалы жұмыс орны қоғамдық оптимизмге нақты тірек бола алады. 

Осы келісімдерден кейін Қазақстан өзі не өндіре алады, қандай технологияны меңгереді және азаматтары қандай жұмысқа орналасады? Жауап осы үш бағытта айқындалса, Сеулдегі сапардың нәтижесі ұзақ жылға қызмет етеді. Қазақстанның мақсаты — әрбір ірі инвестициямен бірге елдің өз мүмкіндігін де кеңейту.

Алмат Нүкенов,

Фейсбук парақшасынан