МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК!

МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК!

Мәдениетін сақтаған ұлт өзін сақтайды. 

Ақпараты қауіпсіз мемлекеттің іргесі берік. 

Ұлттық идеологиясы мықты елдің болашағы зор.

ЕЛ СЕНІМІ — ЕҢ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Биылғы тамылжыған тамыздың аяғы мен қырманы мол қыркүйектің басы шынында да, саясаттағы тың жаңалықтарға толы күндер болды.

Еліміздің жаңа Конституциясы өмірімізге еркін ене бастады. Құрылтай сайлауы өтіп, төрағасы сайланды. Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа дәуір басталды. Жаңа Конституция негізінде Вице-Президент институты қайта енгізілді. Үкімет қайта жасақталды. Бірнеше министр мен бір облыс әкімі ауысты.

Еліміздің саяси өміріндегі соңғы елеулі өзгерістерді айтқанда, Ерлан Қаринның ҚР Вице-президенті болып тағайындалуын ел ерекше қоштап, әлеуметтік желілер қолдауларға толып кеткенін айту керек, бұл туралы біз жаздық. Сонымен қатар Арман Қырықбаевтың Мәдениет және ақпарат министрі болуын да жұрт жақсы қарсы алып, жаппай қолдауда. 

✅ Иә, есімі елге белгілі қайраткеріміз Арман Қырықбаевтың идеологиялық саланың тізгінін ұстауын қоғам жылы қабылдады. 

Біріншіден – ұлт руханияты үшін маңызы зор бұл жауапты қызметке кездейсоқ адам емес, жүйені жақсы білетін, сыннан өткен кәсіби білікті кадр келді.

Арман Оразбайұлы бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі және Президент көмекшісі секілді жауапты қызметтер атқарған. 

Яғни, оның тәжірибесінде ішкі саясат та, мәдениет те, ақпарат та, мемлекеттік коммуникация да, өңірлік басқару да бар. Сондықтан, Арман Қырықбаевтың мәдениет және ақпарат министрлігіне келуі идеологиялық және ақпараттық саясатта жаңа серпіліс болады деген үміт туғызады.

Бүгінгі Қазақстанда мемлекетті басқару тек экономика немесе әкімшілік шешімдермен шектелмейді. Қоғамның көңіл-күйін түсіну, халықпен дұрыс сөйлесу, ұлттық құндылықтарды қорғау, ақпараттық кеңістіктегі мемлекеттің ұстанымын сауатты жеткізу қазір бұрынғыдан да өзекті.

Осы тұрғыдан қарағанда Қырықбаевтың бұл маңызы зор қызметке келуінде белгілі бір логика бар – қоғаммен, мәдениетпен және ақпаратпен жұмыс істейтін негізгі алаңға келді.

Халық мемлекеттен бүгін бұрынғыдан да көп нәрсе күтеді: ашықтықты, кәсібилікті, әділеттілікті, ең бастысы ұлттық мүддеге адалдықты және нақты нәтижені көбірек талап етіп келеді. Демек, Мәдениет және ақпарат министрлігіне келген жаңа басшы бұл саланың проблемаларын, ақпараттың қалай жұмыс істейтінін де, мемлекеттің қоғаммен қалай сөйлесуі керектігін де жақсы біледі.

Міне, қоғамның Қырықбаевқа деген үмітінің бір себебі осы.

Ел сенімі – кез келген лауазымның ең басты өлшемі. Ал сенім артылған жерде жауапкершілік те еселенеді.

Қазіргі заманда мемлекеттің күші тек қабылданған шешіммен өлшенбейді. Оның күші – сол шешімді халыққа қаншалықты түсінікті жеткізе алуында, халықтың қалай қабылдауында.

Сондықтан қоғамның жаңа кадрларға қоятын талабы да жоғары.

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ - МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ КАПИТАЛЫ 

Мемлекеттің қуаты тек экономикасымен, әскерімен немесе табиғи байлығымен өлшенбейді. Мемлекетті мемлекет ететін ең басты күштердің бірі — Ұлттың рухани қуаты, тарихи жады, тілі мен мәдениеті және ақпараттық кеңістігі.

Мәдениет пен ақпарат – мемлекеттің жай ғана бір саласы емес, ұлттық сананы қалыптастыратын, мемлекеттің идеологиялық және рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық күш.

✅ Мәдениет – ұлттың жады. Ақпарат – қоғамның санасы. Тіл – ұлттық бірегейліктің өзегі. Ал осы үшеуін біріктіретін мемлекеттік саясат – мемлекеттің рухани қауіпсіздігінің қалқаны. Ал Рухани қауіпсіздік – Ұлттық қауіпсіздік!

✅ Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деді. Себебі тіл — мәдениеттің басты өзегі, ал мәдениет — ұлттың тарихи жады. Ал тарихи жадынан айырылған қоғам сырттан келген кез келген идеологиялық ықпалға әлсіз болады. Яғни ақпарат пен мәдениеттің өзегіндегі тіл – ұлттық мемлекеттіліктің іргетасы.

✅ Декларациясында мәдениетті ұлттық бірегейлік, әлеуметтік тұтастық және білім экономикасының өзегі ретінде қарастыратын ЮНЕСКО ұстанымында: «Мәдениет – біздің кеңістік пен уақыттағы кім екенімізді айқындайды»-деп атап көрсетілген.

ЮНЕСКО мәдениеттің білімнен бастап әлеуметтік тұтастыққа, диалог пен бейбітшілікке дейінгі көптеген салаларға ықпал ететінін атап көрсетеді. 

«Мәдениетсіз даму – жаны жоқ өсім». Бұл мемлекеттік саясат үшін өте маңызды ой: экономикалық өсімнің өзі жеткіліксіз; мемлекеттің рухани мазмұны, мәдени негізі болуы керек. 

Кім өзінің мәдениетін, тілін, тарихи жадын сақтайды — сол өзінің ұлттық болмысын сақтайды.

Ал ақпарат – қоғамның санасына әсер ететін күш, мәдениет – сол сананың мазмұны. Ақпарат кеңістігінде өз сөзін айта алған мемлекет қана өз күн тәртібін өзі белгілейді. Бүгінгі заманда ақпарат қоғамның көзқарасын қалыптастырады. Кім ақпарат кеңістігін қалыптастырса, сол қоғамдық пікірге ықпал етеді. Жалған ақпарат, тарихи фактілерді бұрмалау, ұлттық құндылықтарды әлсірету немесе сырттан келетін идеологиялық ықпал — мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Демек, мәдениет — ұлттың жады болса, ақпарат — қоғамның санасы.

✅ Бүгін Қазақстанға мәдениеті заманауи, бірақ тамыры терең; ақпараты ашық, бірақ ұлттық мүддесі айқын саясат керек.

Өйткені экономика мемлекеттің материалдық қуатын арттырса, мәдениет оның рухани қуатын қалыптастырады.

Ал рухани қуаты мықты мемлекет қана жаһандық ақпараттық кеңістікте өз сөзін айта алады.

✅ Мәдениетін сақтаған ұлт — өзін сақтайды. Ақпаратын басқарған мемлекет — болашағын өзі қалыптастырады.

Сондықтан мәдениет пен ақпаратқа салалық мәселе емес, мемлекеттің стратегиялық мәселесі ретінде қарауымыз керек.

Мәдениет және ақпарат министрлігін тек театр, кино, кітап, өнер немесе бұқаралық ақпарат құралдарына жауап беретін ведомство деп қабылдау — мәселенің стратегиялық мәнін төмендету.

✅Ұлттық мүддені қорғауы тиіс Мәдениет және ақпарат министрлігі — ұлттық сана мен рухани бағытқа, тарихи жадыны нығайтуға, ұлттық мәдениетті қолдауға, мемлекеттік тілді дамытуға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғамдық диалог пен мемлекеттік құндылықтардың насихатына тікелей жауапты стратегиялық маңызы зор мемлекеттік институт.

Мәдениеті әлсіз ұлттың рухы әлсірейді. Ақпараттық кеңістігі әлсіз мемлекеттің үні де әлсіз. 

✅ Арман Қырықбаевтың Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне келуі – уақыт талабынан туған маңызды таңдау. Өйткені, бүгінгі үкіметтегі идеологиялық тізгінді ұстаған министрге тек мәдениет саласын басқару аздық етеді. Ол – қоғамның рухани ахуалына, ақпараттық кеңістігіне, ұлттық құндылықтардың қорғалуына және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогқа жауапты тұлға болуы тиіс.

Осындай ауыр жүк арқалаған Арман Қырықбаевтың алдында зор міндет тұр:

✅-Мәдениетті саясаттың қосшысы емес, елдің алтын арқауына айналдыру, мемлекеттің рухани іргетасы деңгейіне көтеру;

✅-Ұлттық идеологияны жолға қойып, ұлттық құндылықтарды мемлекеттік саясаттың өзегі ету;

✅-Бірегей ұлт саясатын қоғамдық келісімнің негізі ретінде қалыптастыру;

✅-Ақпаратты жай есеп үшін емес, қоғаммен шынайы диалог құралы жасау міндеті тұр.

Халықтың қолдауының қайтарымы – нақты нәтиже.

Жаңа министр мәдениет пен ақпарат саясатын қоғамның шынайы сұранысына жақындата алса – бүгінгі қоғамдық қолдаудың ертең нақты сенімге айналары сөзсіз.

✅ Ұлттық мәдениетке есеп-қисаптың өлшемімен қарайтын емес, оны мемлекеттің рухани капиталы деп түсінетін саясат керек.

Негізгі басымдықты есімі елге белгілі Арман Қырықбаевтың тек кәсіби қабілетіне ғана емес, қоғамдық сенім, ұлттық мәдениет, ақпараттық саясат және идеологиялық тұтастық мәселелері тұрғысынан қараған дұрыс болар.

✅ Өткен аптада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарын айқындап, бірқатар нақты міндеттер қойды. Мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуды, тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан мәдениетін халықаралық аренада дәріптеудің маңызын атап өтті. Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға, соның ішінде заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіруге күш салу қажет деп санайды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыру, жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөнінде міндет жүктеді.

Иә, бүгінгі қоғам мәдениеттен енді тек концерт пен фестиваль ғана, ақпараттан жаңалық қана күтпейді. Қоғам өзінің ұлттық болмысына сын көзбен қарап, «Біз кімбіз?», «Қайда бара жатырмыз?» деген беймаза сұрақтарға бекем жауап іздейді.

Сондықтан Арман Қырықбаевтың министр ретіндегі басты миссиясы – мәдениетті сақтау ғана емес, оны жаңа Қазақстанның рухани қозғалтқыш күшіне айналдыру; ақпаратты басқару ғана емес, қоғамның сеніміне ие болатын ақпараттық орта қалыптастыру.

✅ Біріншіден, ұлттық мәдениетті елдің стратегиялық капиталы ретінде орнықтыру қажет. Қазақ мәдениеті – тек мұра емес, Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастыратын саналық күш.

✅ Екіншіден, ақпараттық кеңістіктегі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту. Бүгін ақпаратты кім жылдам әрі сапалы жеткізсе, қоғамдық пікірге де сол ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік ақпарат саясаты жаңа дәуір талабына сай бейімделуі керек. Әлеуметтік желі мен цифрлық медианың ықпалы күшейген заманда мемлекет ақпаратты жай ғана таратушы емес, қоғаммен ашық әрі сенімді коммуникация жасайтын институт болуы тиіс.

✅ Үшіншіден, қазақ тіліндегі сапалы контенттің көлемін ғана емес, беделін де арттыру аса маңызды. Ол үшін мемлекеттік тіл ең алдымен биліктің тілі болуы тиіс. Ұлттық тіл әдебиеттің ғана емес, заманауи киноның, музыканың, жасанды зерде мен цифрлық өнімнің және жаңа медианың тіліне айналуы керек.

✅Төртіншіден, шығармашылық индустрияны нақты экономикалық секторға айналдыру міндеті тұр. Кино, театр, музыка, кітап, дизайн, анимация, цифрлық өнер – таланттың ғана емес, жұмыс орны мен экспорттық әлеуеттің де көзі.

✅Бесіншіден, қоғамдық диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажет. Мемлекет қоғамды тек тыңдап қана қоймай, оның ұсынысын шешім қабылдау процесіне енгізе алғанда ғана сенім нығаяды.

Ал ең бастысы – ұлттық құндылық пен заманауи Қазақстанның идеясын бір арнаға тоғыстыру.

ҰЛТТЫҚ ТАМЫРЫ БАР МӘДЕНИЕТ ҒАНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚҚА АЙНАЛАДЫ

Мәдениет пен өнер ұлттық құндылық болуы үшін ең алдымен Ұлттық идеология болуы керек. Өйткені ұлттық негізден тамыр тартқан дүние ғана ғұмырлы келеді. Ал тамырсыз дүние баянсыз болады. Ұлттық болмысты қалыптастыру үшін ең алдымен өз болмысымызды жат болмыстан қорғай білуіміз керек! Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда ұлттық маңызы бар шығармалар мен Ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің рөлі зор!

✅ Ұлттық болмысты қалыптастыратын ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті. Әдебиеті мен өнері! Білім-ғылымы! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру» екеніне баса назар аударды.

Яғни, Әділетті Қазақстан қағидаттары ең алдымен Ұлттық жаңа болмысты қалыптастыруға қызмет етуі керек.

✅Ұлттық болмыс дегеніміздің өзі - Ұлттың жаны! Ұлттық болмысымыз - Ұлттық кодымыз.

Ұлттық идеологиясы мықты елдің болашағы зор.

Сондықтан да ең бастысы, Ұлттық болмысымыз Ұлттық мүддемізді қорғауға лайық болуы үшін мәдениетіміздің мәйекті болуына басты назар аударуға тиістіміз.

✅ Ал біздің рейтинг қуалаған телеарналардағы қаптаған өзге елдің телесериалдарының елге әсері үкіметтің бұйрықтары мен заңдарымыздан да ықпалды болып кететінін ұмытпайық. Кейде теріс тәрбиеге, ұлтсыздыққа шетелдік ақпараттық экспансиямен бірге өзіміздің ұлттық ұғымнан жұрдай түрлі фильмдеріміздің де, жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақтық шу мен шоулардың әсері де аз емес. 

Қарапайым ғана күнделікті мысал, тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер экранға шығып жатқанда, шолақ шалбарлы шоумендер шолақ ақылын күні бойы әлеужеліде әлеуметке қақсап жатқанда, жалпы осы біздің ұлттық идеологиямыздың өзі бар ма деп ойлауға тура келеді... Қазір қоғамдағы мылтықсыз майдан ұлттық мүддемізге, ұлт мәдениетіне қарсы жасалып жатқан жоқ па деп ойлауға мәжбүрміз. Отыз жылда да жолға қойылмаған Ұлттық идеологиямызды енді қолға алып, Ұлттық болмысымызды Ұлтшылдық негізде қалыптастырмасақ, көрген күніміз бұдан да кері кете береді.

✅ Бізде мәдениетке, әдебиет пен өнерге екінші сортты сала ретінде қарау тыйылмай келеді. Қандай жағдайда да, қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор! Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның әйгілі премьері Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Үкімет басшысы "Мәдениетке бөлінген қаржы қайда, жоқ қой?" деп сұрайды. "Қайдағы мәдениет, соғыс кезінде?" депті министр. Сонда Черчилль: "Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті қорғап қала алмасақ?" деген екен.  

Қазір мемлекетіміздің халықаралық қарым-қатынаста ұстанып отырған салиқалы саясатының арқасында ешқандай дау-жанжал мен қақтығыстар болып жатқан жоқ, құдайға шүкір… Бірақ, Парламентте жалпы мәдениеттегі күрделі жағдайды 2021 жылдан бергі уақыттың өзінде бес жылдан бері бірнеше рет көтердік, әлі нәтиже шамалы... Тек кино саласының өзінде қаншама мәселе қаптап тұр?!. 

✅ Иә, “Егер Тілің мен Мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес!”-деп, Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Мандела турасын айтқандай, елдің ең басты қорғаны - Тілі мен Мәдениеті. Сондықтан да, ең бастысы, Ұлттық болмысымыз Ұлттық мүддемізді қорғауға лайық болуы үшін, мәдениетіміз мәнді, әдебиетіміз бен өнеріміз нәрлі болуы басты мақсаттарымыздың бірі болуы тиіс.

✅ Арман Қырықбаевтың алдында тұрған ең басты, маңызды міндеттің бірі – қазақ мәдениетін жаңа деңгейге көтеру. Ұлттық өнерді сақтап қана қоймай, оны заманауи шығармашылық индустрияға, жастардың рухани таңдауы мен Қазақстанның халықаралық мәдени брендіне айналдыру қажет.

Ал ең бастысы – мәдениет пен ақпаратты қоғамның рухани иммунитетін күшейтетін күшке айналдыру.

Бұл оңай міндет емес. Бірақ ел сенімі бар жерде жауапкершілік те бар. Ал нәтижелі іс — ең мықты жауап.

ҰЛТТЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК - ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Ұлттық болмысымыздың негізін сақтап қалып, жаңа қырынан дамыту үшін алдымен жат болмыстан қорғанатын ұлттық идеологиялық, рухани ақпараттық қорғаныс тетіктерін жасау керек.

Өз басым мұндай Тәуелсіз Елдің іргесін бекемдеп, түтінін түзу ұшыруда маңызы зор саланы басқаруда іскерлік дарыны да, арыны да бар Арман Қырықбаевқа сенемін! Неге?

✅ Өйткені мен Арман бауырымды кемі он бес жылдан бері жақсы білемін. 2011 жылы қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы Қарағанды мен Қарқаралыда тағылымды да, тартымды түрде дүрілдеп өткенде, Арман Қырықбаев осы республикалық рухани ірі шараға тікелей жауапты қызметте - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары еді.

Бүкіл республикадан қаншама халық келген Қасымның тойында барлық шаруаны ұйымдастырып, басқарып, ең алдымен өзі шапқылап жүрген Арманды әшейінде басшыларды жақтыра бермейтін қаламгер қауым қатты ұнатып қалған еді. Сол тойда ақын-жазушылар арасында Қасымнан кейін көп аталған есім Арманның аты болған шығар...

Кейін мәдениет пен өнердің ордасы, ең үлкен қоғамдық-саяси орта Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып, еліміздегі ең үлкен мегаполистің идеологиясы мен мәдениетін, әлеуметтік саласын екі рет басқарғанда да іскерлігі мен қабілетіне ел разы болған еді. Яғни, Арман Қырықбаев мәдениет пен зиялы қауымның өз адамы.

Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып, еліміздің идеологиясы мен ішкі саясатына, мәдениеті мен тіл саясаты, ақпарат саласына жетекшілік еткенде ұлттық мүддені қорғауда жүзі жарқын болғанын жақсы білемін. Елдік мүддеде тізе қосып, қайрат көрсеткен кезіміз де аз емес.

✅ Мемлекет пен ұлт мүддесін қорғауда кімнің кім екені білінген, талай қалам ұстаған қайраткерлер мен саясаткерлер сынға түскен, қоғамдық ортада көп талқыланған бір оқиғадан нақты дәлел келтірейін:

Осыдан 14 жыл бұрын, 2012 жылғы 30 қазанда Астана қаласында «Қазмедиа орталығының» ғимаратында Қазақстан журналистерінің Этикалық Кодексі қабылданды. Ал қалай қабылданғаны туралы сол кезде «Жас қазақ үні» газетіне шыққан мақала сөйлесін.

«Жүзден аса журналистер қатысқан отырысты Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейтқазы Матаев жүргізіп отырды. Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай Қазақстан журналистерінің Этикалық кодексін ЕҚЫҰ ресми өкілі Дуня Миятович жоғары бағалап, мұндай құжаттың журналистер үшін қажеттігін баса айтқанын жеткізді. Бас-аяғы 8 баптан тұратын Кодексті қабылдауда тартыс болмай қалмады. Жарыссөзге белгілі қаламгерлер мен журналистер, «Қазақстан» РТРК төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Нұрлан Оразалин, «Егемен Қазақстан» газеті президенті Сауытбек Абдрахманов, Central Asia Monitor газеті бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, КТК телеарнасының белгілі журналисі Артур Платонов, «Президент және халық» газеті бас редакторы Марат Тоқашбай, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «7 арнаның» төрайымы Бибігүл Жексенбай, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов, «Жас қазақ үні» газеті бас директоры Қазыбек Иса, «Нұр Медиа» холдингі бас директоры Ерлан Байжанов, «Жас өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Түркістан» газеті бас редакторы Шәмші Пәтте, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, «1 канал Евразия» арнасы төрағасының орынбасары Камиль Рашидов және т.б. қатысты. 

Жалпы Журналистердің Этикалық Кодексі қысқа да нұсқа, нақты тұжырымдар қамтылған құжат болып шыққан. Дегенмен, "Жас қазақ үні" газеті бас директоры, ақын Қазыбек Исаның Журналистердің Этикалық Кодексінің «Кәсіби парыз» аталатын 1 бабының 1 тармағына, яғни журналист қызметіне "Ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктікті сақтау" деген талапты енгізген ұсынысы қатты тартысқа түсті. 

✅ «Мемлекеттік мүдде мен ұлттық мүдде бір ұғым, дамыған елдердің бәрінде солай екенін жақсы білесіздер. Бізде ұлттық һәм мемлекеттік мүдделер тартысында мемлекетіміздің ақшасына шығып, еліміздің нанын жеп отырған баспасөз құралдары талай рет көрші елдердің сойылын соғып кеткеніне куә болдық. Меншігіне қарамай мемлекетімізде шығатын барлық баспасөз құралдары мемлекеттік мүддені қорғау керек. Ендеше неге журналистің кәсіби парызына ұлттық ақпараттық қауіпсіздік жатпауы керек? Мен осы бапқа «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау» деген сөйлемді қосуды ұсынамын.»-деді ол. 

Тәуелсіз ел үшін маңызды да, ең қажетті, мемлекет мүддесін қорғаған бұл тармаққа басқа-басқа емес, “Нұр Отан” билік партиясының органы - «Нұр Медиа» холдингі бас директоры Ерлан Байжанов қарсы шықты. Оның сондағы айтқан сылтауы: «Ұлттық қауіпсіздікпен айналысатын арнайы орган бар, оның журналистер кодексіне қажеті жоқ»-дегенге сайды. Оны заңгер Марат Башимов та қолдады.  

✅ Оларға қарсы Қазыбек Иса: «Ендеше бұнда Кодекс жобасында келтірілген «Конфессияаралық келісім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтаумен» де арнайы айналысатын органдар бар ғой. Олар Кодекске кіргенде неге ең бастысы - Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау кірмеуі тиіс. Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті ойламайтын ол қандай журналист, қандай басшы?»-деп тойтарыс берді. 

✅ Қазыбек Исаның ұсынысын Арман Қырықбаев, Бигелді Ғабдуллин, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов, Марат Тоқашбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Мәди Манатбектер табанды түрде қолдап шықты. Ақырында 1 баптың 1 тармағы үшінші рет жеке дауысқа салынып, басым дауыспен бірауыздан қабылданды. Бір ғана адам – Ерлан Байжанов қарсы болды. Ақын Қазыбек Исаның Журналистердің Этикалық Кодексіне "Ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктікті сақтау" бабын енгізгені қалам ұстаған ағайындардың жазуынша «Қазақ журналистерінің жеңісі» болды. 

Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығында ел журналистері бір шешімге ұйыса біліп, бір ауыздан қабылдаған «Қазақстан Республикасы Журналистерінің этикалық Кодексі» мәжбүрлейтін заңды құжат болмағанмен, санада тұратын мәнді құжат ретінде журналистер басшылыққа алып, бағдар ұстайтын этикалық Кодекске айналатыны анық.”- деп жазды сонда “Жас Қазақ үні” газеті «Кодекстегі «Ұлттық қауіпсіздікті сақтау» талабына Байжановтар неге қарсы шықты?!.»-деген мақаласында (2012 жыл, 30 қазан).

✅ Үкіметтегі әр қадамы, әр сөзі жауапты Мәдениет және ақпарат вице-министрі болмақ түгілі, билікке қарайтын газеттердің редакторы болғанға, әшейінде ұлттық мәселеде ақыл айтқыш әріптестеріміз ұлт мүддесін қорғауда жұмған ауыздарын ашпай, басшылары Байжановқа жалтақтап отырғанда, вице-министр Арман Қырықбаевтың жарқылдап сөйлеп, жарқ етіп көрінгені, ұлттық мүддені қорғап шығып, алдымен қолдап дауыс бергені көп нәрсені аңғартады. 

Кейін біз парламентте бірнеше рет көтерген осы Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мәселесі - қазір халықаралық геосаяси жағдай қиындап тұрған кезеңде ең басты мәселелердің бірі болып тұр. 

✅ Ал осыдан 14 жыл бұрын мемлекеттің ұлттық ақпараттық қауіпсіздігі секілді маңызы зор мәселенің тағдыры таразыға түсіп тұрғанда қорғап, қолдаған сол кездегі вице-министр Арман Қырықбаев енді міне, Мәдениет және ақпарат министрі болып отыр. Демек, қазір барлық жауапкершілікті арқалап, ақпарат пен мәдениет, ұлттық идеология саласын басқаруға келді.

Бұл – үлкен міндет. Үлкен міндетті арқалай алатын тұлғаға ел де үлкен үміт артады.

✅ Арман Қырықбаевтың Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне лайықты тұлға екеніне ел сенімі – ең басты дәлел. Бұл - бір адамға емес, тұтас саланың болашағына артылған сенім. Ендігі мәселе – сол сенімді нақты іспен ақтау.

Ендеше, Қазақ Елі Тәуелсіздігінің рухани негізі Ұлттық идеология мен мәдениетіміздің дамуы қарқынды болу жолында Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдары депутаты. Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері