Еспаеваның Құрылтай басшылығына келуі - маңызды саяси оқиға - академик
2026 ж. 29 тамыз
55
0
Міне, еліміз аз уақыттың ішінде жаңа Конституцияны қабылдап, алғашқы Құрылтай сайлауын да өткізіп алды. Ел өміріндегі осындай ауқымды саяси өзгерістердің артында, әрине, мемлекетті нығайтуға, қоғамды жаңғыртуға бағытталған үлкен мақсаттар тұрғаны анық.
Биліктің де мақсаты – елді дамыту, мемлекетті күшейту. Халықтың да тілегі сол.
Сондықтан Құрылтайдан халықтың күтетіні де аз емес.
Біреу кәсіпкерлікті дамытуды, біреу ғылым мен білімді өркендетуді, енді біреу әлеуметтік әділеттілікті көздейді.
Бәрінің түпкі мақсаты бір болуы керек – Қазақстанның қуатты әрі біртұтас мемлекет болуы.
Осы тұста Құрылтай төрағасының орынбасары болып сайланған Дания Еспаеваның жаңа қызметіне де тоқталғым келеді.

28 тамызда «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Құрылтай төрағасының үш орынбасарының бірі болып сайланды.
Бұл – оның жеке саяси жолындағы ғана емес, «Ақ жол» партиясының жаңа саяси жүйедегі орны үшін де маңызды оқиға.
«Қазақ үнінен» журналист Қайнар Олжайдың Дания Еспаева туралы мақаласын оқып, оның өмір жолына тереңірек қанықтым. Туғанынан жетімдіктің тауқыметін көріп өскен қазақ қызының ел ісіне араласып, үлкен саяси жауапкершілікке жетуі – өз алдына бір тағылым.
Қазақ тарихында тағдырдың талқысынан өтіп, елге қызмет еткен қайсар әйелдер аз емес. Әлия Молдағұлова бастаған қазақтың батыр қыздарының рухы бүгінгі ұрпаққа да жауапкершілік жүктейді.
Дания Еспаеваның да жаңа қызметінде халықтың үмітін ақтайтынына сенгіміз келеді.
Өйткені «Ақ жолдың» саяси ұстанымында кәсіпкерлікті қолдау, отандық өндірісті дамыту, экономикалық еркіндік пен әділ бәсеке сияқты мәселелер бар. Ендігі міндет – осы ұстанымдарды нақты істерге айналдыру.
Ал ұлттық мүдде мен мемлекеттік тіл мәселесінде де Құрылтай басшылығында тұрған азаматтардан батыл қадам күтеміз.
Құрылтай – халықтың үмітін ақтай ма?
Жаңа саяси кезең басталды.
Енді Құрылтайдың жұмысын сөзбен емес, нәтижемен бағалайтын уақыт келеді.
Халық Құрылтайдан не күтеді?
Әділет күтеді.
Ашықтық күтеді.
Елдің сөзін еститін билік күтеді.
Мемлекеттік тілдің нақты үстемдігін күтеді.
Ұлттық құндылықтардың қорғалуын күтеді.
Жастардың болашағына жол ашатын шешімдер күтеді.
Ең бастысы – халықтың үміті мен биліктің мақсаты бір арнада тоғысуы керек.
Құрылтай тек заң қабылдайтын орын емес, елдің мұңын еститін, қоғамның талабын жеткізетін, ұлттық мүддені қорғайтын саяси мінбер болуы тиіс.
Сондықтан жаңа Құрылтайдың әрбір мүшесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Мәселе – Қазақстанның ертеңінде.
Мандат – уақытша.
Лауазым – өткінші.
Ал елдік мүдде – мәңгілік.
Әйіп Рәшитұлы Ысқақов, биология ғылымдарының докторы, Қазақ аграрлық ғылымдар академиясының академигі