«Ақ жол» және Азат Перуашев: 15 жылдық қызметтің нақты нәтижелері
2026 ж. 13 маусым
262
2
2026 жылы Азат Перуашевтың «Ақ жол» демократиялық партиясын басқарғанына 15 жыл толды. 13 маусым күні Азат Перуашев өзінің партия төрағасы өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеп, партия съезінде төрағалыққа әріптесі, "Ақ жолдың" белді мүшесі, Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаеваны ұсынды. Съезд делегаттары бұл шешімді толық қолдады. Осы уақыт ішінде партия Қазақстанның парламенттік саясатының тұрақты қатысушысына айналып, кәсіпкерлікті қорғау, саяси реформаларды ілгерілету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы өткір мәселелерді көтеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Оның бірқатар бастамалары заңнамада көрініс тапса, енді біреулері қоғамдық пікір қалыптастырып, мемлекеттік шешімдер қабылдауға ықпал етті.
Әрине, бір мақалада тұтас 15 жылдық қызметтің барлық нәтижелерін қамту мүмкін емес. Дегенмен, өзімізге жақсы таныс біраз жайттарға тоқталуды жөн көрдік.
Парламенттегі тұрақтылық: төрт шақырылым қатарынан
«Ақ жол» Қазақстан тәуелсіздігі тарихында Парламентте ұзақ уақыт бойы тұрақты өкілдігін сақтап қалған санаулы партиялардың бірі болды. Партия 2012, 2016, 2021 және 2023 жылдардағы Мәжіліс сайлауларында депутаттық мандаттарға ие болды.
Азат Перуашев осыған байланысты «Біздің міндетіміз – тек сын айту емес, нақты шешім ұсынып, сол шешімнің заңға айналуына қол жеткізу», – деп бірнеше рет атап өтті.
Осы жылдары фракция жүздеген депутаттық сауал жолдап, қоғамдағы өзекті мәселелерді Үкімет деңгейінде көтерді.
Конституциялық реформалар: 50-ден астам ұсыныс
2022 жылғы конституциялық реформалар кезінде «Ақ жол» фракциясы белсенді жұмыс жүргізді. Азат Перуашевтың айтуынша: «Ақ жол» Конституцияға өзгерістер бойынша 50-ден астам ұсыныс енгізді.
Олардың қатарында:
* Парламенттің өкілеттігін кеңейту;
* Конституциялық сот институтын қалпына келтіру;
* саяси бәсекелестікті арттыру;
* азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру;
* билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту мәселелері болды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы Тоқаевтың бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамасын нық қолдады.
Азат Перуашевтың айтуынша, екі палаталы Парламент – бұл федералдық мемлекеттік құрылым институты, онда Сенаттың міндеті –федерация субъектілерінің заңнамасын ұсыну және үйлестіру.
«Қазақстан бірыңғай заңдары мен ережелері бар унитарлық мемлекет болып табылады. Біз Шемонаихадан Форт- Шевченкоға дейін, Бескөлден Шардараға дейінгі әртүрлі аймақтардағы адамдардың өмір сүру сапасы мен мемлекеттік қызметтерге бірдей кепілдік беріліп, қорғалуына ұмтыламыз. Бұл тұрғыда өңірлер мен олардың тұрғындарының мүдделері тең дәрежеде сақталуы тиіс», - деді Азат Перуашев бұл туралы.
Ал, партиялық тізімдер бойынша Парламент депутаттарын сайлауға көшу бөлігінде бұл ұстаным парламентаризмнің жинақталған халықаралық тәжірибесін көрсететінін атап өткен еді Азат Перуашев.
Оның пікірінше, пропорционалды жүйе сайланбалы органдарда қоғам мүдделерінің кең өкілдігін қамтамасыз етеді, мықты партиялардың өсуіне ықпал етеді және саяси практикадағы еуропалық трендтерге сәйкес келеді.
«Іске асырылып жатқан конституциялық реформа – бұл халықаралық тәжірибеге және парламенттік оппозицияның көп жылдық тәжірибесіне сүйенетін бүкіл конституциялық жүйенің шын мәнінде терең қайта жаңғыруы», – деп атап өтті Азат Перуашев сұхбаттарының бірінде.
Сонымен қатар, жаңа Конституцияда "Жер және жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі" деп тайға таңба басқандай жазылған соң, «Ақ жол» ӨБК (өнімді бөлу келісімдері) шарттарының ашықтығын арттыру мәселесін жиі көтеріп, табиғи ресурстар саласындағы келісімдер қоғам үшін жабық болмауы тиіс деген ұстаным білдірді. Азат Перуашевтың пікірінше, «мемлекеттік мүлік пен жер қойнауын пайдалану бойынша жасалған келісімдер халықтың бақылауынан тыс қалмауы керек» деген талап ашық басқарудың негізгі қағидаты болуы тиіс. Депутат бұл бағытта Үкіметке жолдаған сауалдарында: «ӨБК шарттарының негізгі баптарын жария ету – экономикалық әділеттіліктің бір тетігі» деп атап өткен. Сондай-ақ ол: «ұлттық ресурстарға қатысты келісімдер тек тар ведомстволық деңгейде емес, Парламент пен қоғам талқысынан өтуі қажет» деген бастама көтерді.
Бизнесті қорғау: кәсіпкерлік мүдденің парламенттік дауысы
«Ақ жол» өзін шағын және орта бизнестің саяси өкілі ретінде танытты.
Азат Перуашев бұл туралы «Кәсіпкерге қылмыскер ретінде емес, экономиканы дамытатын серіктес ретінде қарау қажет», – деп мәлімдеді.
Партияның бастамасымен:
* кәсіпкерлерге қатысты негізсіз тексерулерді азайту;
* экономикалық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікті ізгілендіру;
* рейдерлікке қарсы заңнаманы күшейту;
* мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілердің үлесін арттыру;
* салықтық әкімшілендіруді жеңілдету мәселелері тұрақты көтерілді.
Фракция рейдерлік фактілер бойынша ондаған депутаттық сауал жолдап, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуді талап етті.
Азат Перуашев жетекшілік еткен «Ақ жол» партиясы соңғы 15 жылда елдегі экономикалық монополияларға қарсы күресті өзінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Партияның пікірінше, Қазақстан экономикасындағы ең табысты салалар мен бизнестердің 162 адамның қолында шоғырлануы, ал шағын және орта бизнестің банк несиесіне белшеден батуы – жүйелі мәселенің көрінісі. «Ақ жол» депутаттары 2017 жылдан бастап теміржол тасымалындағы делдал-монополистердің негізсіз тарифтерін көтеру мәселесін көтеріп, фракцияның депутаттық сауалдары мен Мемлекет басшысының тапсырмасы нәтижесінде бұл тарифтер 12 есеге төмендетілді. Сондай-ақ партияның он жылдық табанды күресінің нәтижесінде 2017 жылы Қылмыстық кодекстен кәсіпкерлерге қысым құралына айналған «жалған кәсіпкерлік» бабы алынып тасталып, көптеген кәсіпкерлер бостандыққа шығып, мыңдаған қылмыстық іс тоқтатылды. Ал бес жылдық күрестің қорытындысында 2018 жылы салықтық тексерулердің мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды.
Мысалы, тек 2024 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді: 15 кәсіпкер қылмыстық жауапкершіліктен сот залында босатылды. ҚҚС даулары бойынша ірі істерде, соның ішінде «Маревен Фуд» компаниясына қатысты шамамен 7 млрд теңгенің 3,5 млрд теңгесі қайтарылды. Партия бірқатар кәсіпорындарды әкімшілік және санитарлық қысымнан қорғап, олардың жұмысын тоқтатпай қалуға ықпал етті. Көктемгі су тасқыны кезінде 200-ден астам техника жұмылдырылып, эвакуация мен гуманитарлық көмек ұйымдастырылды.
Алаш идеясы – әр қазақтың қанында бар
Азат Перуашевтің саяси қызметіндегі ең маңызды бағыттардың бірі – Алаш мұрасын жаңғырту. Оның өзі де бірнеше рет атап өткендей, бұл тақырып ол үшін жай ғана саяси ұран емес, әулеттік тағдырмен астасқан өмірлік ұстаным.
1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін кезінде Азат Перуашевтың атасы Перуаш Кәрімұлы Алаш идеясына адал болғаны үшін репрессияға ұшырап, жазықсыз құрбан болған. Ұзақ жылдар бойы отбасы оның тағдыры туралы толық ақиқатты біле алмады.
Азат Перуашев бұл туралы:
«Мен бала күнімде әкемнен: "Неге атамыз жоқ?" деп сұрайтынмын. Әкем "Оны жаман адамдар түрмеде өлтірген" деп қысқа ғана жауап беретін. Әкем өмір бойы жоғарғы сотқа, түрлі мемлекеттік органдарға хат жазып, атамыздың тағдырын анықтауға тырысты», – деп еске алады.
Кейін өзі Мәжіліс депутаты болған кезде де бұл ізденісті жалғастырады. Оның депутаттық сауалынан кейін 2013 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтерінен Перуаш Кәрімұлына қатысты құжаттар табылған.
Сөйтсе, ол «Шайшық Олжабаев және басқа да топтың қылмыстық ісі» бойынша сотталған жеті адамның бірі болып шыққан. Тергеу материалдарында олардың айыбы:
«Ұлтшылдық пен контрреволюциялық, антисоветтік әрекеті үшін. Алашорда стихиясын таратқан», – деп көрсетілген.
Азат Перуашев бұл анықтаманың өзіне ерекше әсер еткенін жасырмайды: «Өте дұрыс атап көрсеткен, меніңше, тергеуші. Себебі, Алаш идеясы әр қазақтың қанында, тегінде, рухында бар», – дейді ол.
Оның айтуынша, Алашқа деген қызығушылығы студенттік кезеңде басталған. Ресейде оқып жүрген кезінде америкалық тарихшы Роберт Конквестің қазақ даласындағы ашаршылық туралы «Жатва скорби» кітабын оқып, онда келтірілген Алаш қайраткерлері туралы деректермен танысқан.
Алайда бұл қызығушылық кейін жеке жауапкершілікке айналады.
«Мен үшін Алаш идеясы жай ұран емес. Өз атам Алаш идеясы үшін құрбан болған соң, бұл идеяға қызмет ету – біздің әулетіміздің борышы», – дейді Азат Перуашев.
Сондықтан да «Ақ жол» партиясы соңғы он бес жылда Алаш мұрасын насихаттауды өзінің басым бағыттарының біріне айналдырды. Партия бастамасымен:
* «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық байқауы тұрақты өткізіліп келеді;
* Алаш қайраткерлерінің саяси және экономикалық көзқарастарын зерттеу жұмыстары жүргізілді;
* 12 желтоқсанды «Алаш күні» ретінде ресми белгілеу ұсынылды;
Мысалы, 2015 жылы Азат Перуашев Үкіметке депутаттық сауал жолдап, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құру қажеттігін көтерді.
Азат Перуашевтың пікірінше «Қазақ үшін Алаштан асқан идея жоқ. Кеңес үкіметі де, большевиктер де, қызыл әскерлер де оны жоюға тырысты. Бірақ Алаш идеясы уақыт өткен сайын халықтың санасына сіңіп, елмен бірге жасап келеді».
Осы тұрғыдан алғанда, Азат Перуашевтың Алаш тақырыбына деген көзқарасы тек саясаткердің ұстанымы емес. Бұл – атасының тағдырынан бастау алған тарихи жады, отбасылық аманат және ұлттық идеяға деген жеке жауапкершіліктің көрінісі.
Партияның ұлттық бағыттағы ең танымал бастамаларының бірі – 12 желтоқсанды «Алаш күні» ретінде белгілеу ұсынысы болды.
2022 жылы фракция Үкіметке жолдаған сауалында «Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында 12 желтоқсанды – Алаш Республикасының құрылған күні ретінде – "Алаш күні" деп ресми белгілеуді сұраймыз», – деп мәлімдеді.
«Ақ жол» жыл сайын 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келеді. Алайда кей жылдары әкімдіктер түрлі себептерді алға тартып, бұл шараға ресми рұқсат бермеген жағдайлар болды.
-Бұл шеру де, митинг те емес. Сондықтан біз ешкімнен рұқсат сұрамаймыз. Біздің Қазақ Республикасының болашағы үшін құрбан болғандарға тағзым етуге толық конституциялық хақымыз бар,- деп мәлімдеген болатын бұл туралы Азат Перуашев 2019 жылы.
"Ақ жол" мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды Парламентте талап еткен Қазақстан тарихындағы жалғыз партия (фракция)
Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі бойынша парламенттік деңгейде ең табанды әрі жүйелі ұстаным білдірген жалғыз саяси күш – «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы. Партияның бағдарламалық құжаттарында да, Мәжілістегі депутаттық сауалдары мен заң жобаларында да мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» жеке заң қабылдау қажеттігі айтылған. 2012 жылы «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясы құрылғаннан кейін, ең алғашқы дайындағаны да дәл осы «Мемлекеттік тілді қолдану саласын кеңейту туралы» заң жобасы еді. Бірақ, Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы бұл заң жобасын қолдамай, өткізбеді.
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін «Ақ жол» партиясы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтерді.
2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық Кенес мүшелерімен кездескенде сол кездегі Мәдениет министрі бұл ұсыныстардың өндіріске алынып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай толыққанды Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілгенін мәлімдеді.
Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілге қатысты жеке заңды Парламент күн тәртібіне шығаруға жүйелі түрде бастамашылық жасаған саяси күш ретінде «Ақ жол» фракциясының рөлі ерекше.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі ұстанымы: сөзден іске көшкен әрекет
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамдағы ең ауыр мәселелердің бірі – қамауға алынған және сотталған азаматтардың тағдыры болды. «Ақ жол» фракциясы ұйымдастырушылар мен кездейсоқ оқиғаға ілігіп кеткен азаматтарды бірдей қарастыруға болмайтынын айтып, әрбір істі жеке қарауды талап етті.
Азат Перуашев бұл туралы «Қасақана қылмыс жасағандар мен кездейсоқ оқиғаға ілігіп кеткен азаматтарды ажырату қажет. Әр істің артында адам тағдыры тұр», – деп мәлімдеді.
Партияның бұл ұстанымы тек мәлімдемемен шектелген жоқ. «Ақ жол» депутаттары қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтармен кездесіп, олардың және туыстарының шағымдарын тыңдады. Тергеу барысында азаматтардың құқықтарының сақталуы, азаптау туралы арыздарды тексеру, бұлтартпау шараларын қайта қарау мәселелері көтерілді.
Фракция азаматтардың өтініштері негізінде Бас прокуратураға және құқық қорғау органдарына бірнеше депутаттық сауалдар мен ресми хаттар жолдап, әрбір істі объективті қарауды талап етті.
Кейін партия Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған азаматтардың жекелеген санаттарына рақымшылық жасау мәселесін де көтерді. Рақымшылық туралы заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» қоғамдық жараны жазу үшін әділеттілік пен ізгіліктің тепе-теңдігін сақтау қажеттігін атап өтті.
Осылайша, Қаңтар оқиғасынан кейін партия тек саяси баға берумен шектелмей, нақты құқықтық көмек көрсетуге ұмтылғанын көрсетті.
Қытайдағы қазақтардың мәселесін халықаралық деңгейде көтеруі
Азат Перуашев жетекшілік еткен «Ақ жол» партиясының ең маңызды гуманитарлық бастамаларының бірі – Қытайдағы қазақтардың құқықтарын қорғау мәселесін көтеруі болды.
2017 жылдың желтоқсанында Бейжіңде өткен әлемдік саяси партиялар форумында Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер департаментінің басшылығына Шыңжаңдағы қамалған 112 қазақтың тізімі қоса берілген арнайы хатты табыс етті.
Онда қандастардың тағдырына алаңдаушылық білдіріліп, олардың мәселесін қарау сұралды.
«Қытайдағы қамалған 112 қазақтың мәселесі Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер департаменті басшылығына ресми түрде жеткізілді», – деп хабарланды.
Кейін, 2018 жылы «Ақ жол» фракциясы Сыртқы істер министрлігіне депутаттық сауал жолдап:
«Қазір Қытайдағы кейбір қазақ қандастарымыздың жағдайы елімізді де алаңдатып отыр... олардың заңды және діни құқықтарының шектеліп жатқаны туралы ақпараттар қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда», – деп мәлімдеді.
Бұл – Қазақстандағы парламенттік партиялардың ішінде Қытайдағы қазақтардың мәселесін Бейжіңде тікелей көтерген алғашқы саяси қадамдардың бірі болды.
Сайлау реформалары бойынша ұстанымы
Көптеген жылдар бойы «Ақ жол»:
* Бірпалаталы парламент құруды;
* парламенттік оппозиция институтын дамытуды;
* әкімдерді тікелей сайлауды;
* жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуді;
* сот тәуелсіздігін арттыруды ұсынып келді.
Кейін Қазақстанда аралас сайлау жүйесі енгізіліп, ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі кеңейе бастады.
Әлеуметтік мәселелерді көтеруі
Фракция әлеуметтік мәселелерді де тұрақты түрде көтеріп отырды. Олар:
* жалғыз баспанадан шығаруға қатысты шектеулер енгізу;
* азаматтардың несие жүктемесін азайту;
* ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау;
* жастардың тұрғын үй мәселесін шешу;
* ауылдық инфрақұрылымды дамыту бойынша Үкіметке ұсыныстар жолдады.
Мысалы, «Ақ жол» демократиялық партиясы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдату бағытында 8 жыл бойы жүйелі түрде күрес жүргізді. Осы уақыт ішінде партия фракциясы бұл мәселені бірнеше рет Парламент деңгейінде көтеріп, азаматтардың қарыз жүктемесін жеңілдететін заңнамалық бастамалар ұсынды. Нәтижесінде 2023 жылы «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданды. Бұл әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды нәтиже, халықтың борыштық дағдарысын шешуге бағытталған нақты жеңіс.
Қорытынды
Азат Перуашевтың төрағалығымен өткен 15 жыл ішінде «Ақ жол» өзін тек сайлауға қатысатын ұйым емес, нақты заңнамалық бастамалар көтеретін парламенттік күш ретінде көрсете алды. Оның қызметін бағалау әртүрлі болуы мүмкін. Алайда кәсіпкерлер құқығын қорғау, конституциялық реформаларға қатысу, Алаш мұрасын жаңғырту, Қаңтар оқиғасынан кейін азаматтардың құқықтарын қорғау және Қытайдағы қазақтардың мәселесін халықаралық деңгейде көтеру сияқты нақты қадамдары партияның Қазақстанның саяси жүйесіндегі өзіндік орнын қалыптастырғанын көрсетеді.
Саясаттанушылар үшін де, қарапайым сайлаушылар үшін де «Ақ жолдың» осы кезеңдегі тарихы – парламенттік саясаттың мүмкіндіктері мен шектеулерін қатар көрсететін маңызды тәжірибе. Ал Азат Перуашевтың 15 жылдық төрағалығы Қазақстанның қазіргі саяси тарихында өзіндік ізі бар кезең ретінде бағалануға лайық. Ең бастысы осы 15 жылда "Ақ жол" атауы шынайы брендке айналғаны сөзсіз шындық.
Азамат Тасқараұлы, "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Бас редакторы