Ашхабадтағы «жетімдер жиыны»
2026 ж. 18 сәуір
97
0
1991 жылдың 13 желтоқсанында Өзбек КСР, Қазақ КСР, Тәжік КСР, Қырғыз КСР және Түрікмен КСР басшылары Ашхабадта бас қосты.
Бұл оқиғадан бес күн бұрын, 8 желтоқсанда Беловеж тоғайында Ельцин, Кравчук және Шушкевич үштігі КСРО-ны ресми түрде таратып жібергеннен кейін далада қалған «жетімдердің жиыны» еді.
Ол кездегі сұрақ бір күнде әкесінен де, шешесінен де айырылған жетім баланың халіне ұқсас болатын:
«Енді не істейміз?
Бізді кім жетелейді?
Иесі өлген қой секілді қалдық қой».
Өйткені бұл бес республиканың басшылары жаңартылған одақ шартына қол қойып, КСРО құрамында қалуға әзір отырған еді.
Тіпті бұл шарт Өзбекстанның тәуелсіздік декларациясына да енгізілген болатын.
КСРО-дан бөлініп, жеке тәуелсіз болу, түрікмендер айтқандай, «арқаны үзілген түйедей» бетімен кету бұл бес кеңестік коммунист басшының жоспарында жоқ еді.
Тіпті КСРО тарап кетсе де, осы бес республикадан сайланған КСРО халық депутаттарының ертесіне Мәскеудегі съезд сарайына барғаны аңызға айналған.
Сол кеңесшіл Орта Азия депутаттарын съезд сарайының еден жуушысы «Кетіңдер енді, КСРО жоқ болды!» деп сыпырғышпен қуалап шыққан деседі.
Сонымен, 1991 жылдың 13 желтоқсанында Ашхабадта «есектің аяғы сырқырайтын» сары аяз еді. КСРО-ның құлағанынан қорыққан бес басшының түрі одан да суық көрінетін.
Жиынды ашқан Түрікменстан Компартиясының бірінші хатшысы Сапармұрат Ниязов мынадай ұсыныс тастады:
«Масқара болып, КСРО тарап, көшеде қалдық. Өз күнімізді өзіміз көрейік. Бесеуіміз бірігіп, бір мемлекет, бір жұдырық болып өмір сүрейік. КСРО кезінде де бізде газ, электр энергиясы, суару жүйесі, метеорология ортақ еді. Түркістан әскери округі деген армия да бесеуімізге бір болатын. Діни жағынан да бес республиканы бір мүфти басқаратын. Осыны сақтап қалып, бір мемлекет болып, бір-бірімізге сүйеніп өмір сүрейік. Мұны «Орта Азия Одағы» деп атайық».
Бұл тарихқа мөрленген ең дұрыс ұсыныс болуы мүмкін еді!
Өзін білімді санайтын Назарбаевтан да, либерал-демократ санайтын Ақаевтан да, өзін ең қу санайтын Каримовтан да мұндай ақылды сөз шықпаған еді.
Бір қызығы, бұл үшеуі Ниязовты «ақымақ, не айтып отырғанын білмейтін алжыған» деп есептейтін.
Тіпті Каримов үлкен бір жиында Ниязовты ауыр сөздермен балағаттағаны да белгілі.
Қайтадан 13 желтоқсанға оралсақ. Ниязовтың ұсынысынан Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Назарбаев шошып кетті.
«Славяндарды ренжітіп алуға қалай батылымыз барады?» деп жиын үзілісінде Каримовқа өз қаупін айтты.
Каримов та Орта Азиядағы бес бұрынғы кеңестік елдің бірігіп өмір сүруіне үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Осылайша, екі номенклатуралық тұлға Ниязов ұсынған ұлы идеяны бұғаттап тастады.
Бұның орнына, бұл екеуі ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы) деген желеумен қайтадан Мәскеуге бағынуға келісті.
Тарих — ұлы ұстаз.
Бабалар рухы — қасиетті.
Авторы: Шухрат Бабажанов,
Өмір Шыныбекұлы фейсбук парақшасынан