“ЗАҢДЫ” БІЛМЕГЕН НАНДЫ БІЛЕ МЕ?!.
2026 ж. 12 сәуір
48
0
“Заңды тұлға” дегенді де түсінбейтіндер қалай заңды вице-министр болып жүр?!.
✅ Сауатсыздарды көтеріп жүрген үкіметтегі жауапсыздар кімдер?!.
Осы аптадағы, 2026 жылдың 8 сәуіріндегі ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына заң жобасын талқылауға келген ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев “заңды тұлға” деген сөзді де түсінбей қара басты…
Үкіметтен келіп, тақыр жерде сүрініп, құлап жатқан вице-министрді тұрғызбақ болып, депутат Нұртай Сабилянов біраз шүйліккенмен, оның оңалатын түрі байқалмады… Ақыры “жедел жәрдемге” Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың өзі келіп, “заңды тұлға” мен “жеке тұлғаның” не екенін бірінші сынып оқушысына үйреткендей, ежіктеп тұрып түсіндіріп беруге мәжбүр болды…
Бірақ, білдей бір вице-министрге парламентте өткізілген бұл “ликбез”, яғни сауатсыздарға әліппе үйрету сабағы түк те әсер етпегені оның түрінен анық байқалып тұрды…
Бұл “оқиға” осы аптада парламентте көтеріліп, әлеуметтік желілерде “хит болған ит тақырыбынан” да, аса күрделі дін мәселесінен де асып түсті…
Сонда қазақша айтқанда, “Заңды тұлға” дегенді де түсінбейтін Жазықбаев қалай заңды вице-министр болып жүр?!.
Мемлекеттік тілде, өзінің ана тілінде “заңды тұлғаны”, яғни “заң” деген сөзді білмеген адам “нан” деген сөзді біле ме?!. Бұл кісіні вице-министр етіп кім тағайындаған?!.
Сауатсыздарды көтеріп жүрген үкіметтегі жауапсыздар кімдер?!.
Ең үлкен министрлік, Халықпен тығыз жұмыс істейтін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі болуына Жазықбаев қана жазықты емес, соны сонда сүйрелеп, көтермелеп, тағайындағандар жазықты ең алдымен!!! Мәжіліске сол тағайындаушылары бірге келіп, Жазықбаевқа аудармашы болуы керек еді…
Демек, үкіметтегі вице-министрді тағайындаушылар да мемлекеттік жоғары лауазымда отырып, мемлекеттік тілді білмейтін немесе сөйлемейтіндер болып тұр ғой?!.
Міне, мәселе қайда, мырзалар?!.
Парламентте “Мемлекеттік қызметке тест тапсыру сынағында “Қазақ тілі қашанғы нөл болады” деп мәселе көтергеніміз осы ғой?!.
Міне, соның кесірінен министрліктерде “нөлдердің” де аз емес екеніне куә болып, үкіметте өріп жүрген “үштіктер” мен “екіліктерге” жылап көрісетін ауыр жағдайдамыз…
Бұл түрімізбен қайда бара жатырмыз?!.
Талай жылдан бері “Тіл дамымай, тірлік оңбайды”, сондықтан “Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек”, деп дабыл қағып және сол үшін кінәлі болып жүргеніміз осы ғой…
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні