Президент Таяу Шығыстың бітімге келу туралы келісімін құптайды
2026 ж. 08 сәуір
75
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф пен Пәкістан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің араағайындығы арқылы Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату және бітімге келу туралы келісімге қол жеткізілуін құптайды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті.
— Бұл келісім АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниеті мен парасаттылығының арқасында мүмкін болды. Мемлекет басшысы әлемдік сауданың дамуына және барлық мемлекеттің экономикалық өркендеуіне жағдай жасау мақсатында қол жеткізілген бітімгершілік келісімнің ұзақ мерзімді сипатқа ие болатынына үміт білдірді, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Таяу Шығыстағы шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған маңызды қадам жасалғанын жаздық. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соққыларды уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдегеннен кейін, ресми Тегеран екі апталық бітім шарттарын қабылдады. Тараптар арасындағы келіссөздер жұма күні Исламабадта басталмақ.
Америка Құрама Штаттары Иранның азаматтық инфрақұрылымына ықтимал соққы жасауды екі аптаға кейінге қалдырды.