БҚО-да референдум туралы сұрақ қойғаны үшін тәуелсіз байқаушылар ұйымына айыппұл салынды

БҚО-да референдум туралы сұрақ қойғаны үшін тәуелсіз байқаушылар ұйымына айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы "Жария" тәуелсіз байқаушылар бірлестігіне "сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізгені үшін" (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 120-бап 3-бөлігі) 65 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде бірлестіктің жетекшісі Бекнұр Сыражанов Азаттыққа хабарлады.

Оның сөзінше, қаулыға 20 ақпанда Facebook желісінде Jaria парақшасында жарияланған "15 наурыз күнгі референдумды бақылау керек пе?" деген "тақырыпта жариялаған сауалнамасы түрткі болған". Сауалнамаға 16 адам қатысқан деп жазылған прокуратура қаулысында.

"Референдум туралы заңға сәйкес, заңсыз сауалнама жүргізуге болмайтынын білеміз. Бірақ мен тек бақылаушыларды білу үшін сұрадым деп айттым. Желіде бақылаушы болғысы келетін бар шығар. Референдумға [бақылауға] қатысқысы келетіндер, өзінің үлесін қосқысы келетіндер бар шығар деп. Болғысы келетіндер боламын деп жауап береді, болғысы келмейтіндер бола алмаймын деп жауап береді. Бірақ үлес қосқысы келеді, бірақ басқалай көмектескісі келетіндер бар ғой" деді Бекнұр Сыражанов.

Ол бастапқыда "қаулымен келіспеймін" деп жазып бергенін, бірақ соттың әділ өтетіндігінен үміт болмағандықтан ақыры қаулымен келісіп, 65 мың теңге төлеуге міндеттелгенін айтты.

Қазақстанда бұған дейін де "қоғамдық сауалнама жүргізу ережесін бұзғаны үшін" бірқатар жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынған. Бұған дейін Орал қалалық соты "Уральская неделя" газетіне "Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу талаптарын бұзғаны" үшін 129 750 теңге (259 доллар) көлемінде айыппұл салған.

Фото Азаттық сайтынан алынды