БЕЙБІТШІЛІК КЕҢЕСІ - БЕЙБІТ ӨМІР КЕПІЛІ БОЛҒАЙ!

БЕЙБІТШІЛІК КЕҢЕСІ - БЕЙБІТ ӨМІР КЕПІЛІ БОЛҒАЙ!

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат!»-деген ең басты қағидасы жолында ел болашағы үшін тағы бір ерекше қадам жасады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.

Қол қою рәсіміне Қазақстан Президентінен басқа 18 елдің басшылары мен өкілдері қатысты.

Сонымен әзірге 19 мемлекет басшысы қол қойған Бейбітшілік кеңесі құрылды.

АҚШ бастамасымен құрылған мұндай болашағы зор Бейбітшілік кеңесі Қазақстан үшін жаһандық диалогқа ықпал ететін, көпвекторлы саясатты бекемдейтін және аймақтық тұрақтылықты нығайтатын маңызды дипломатиялық құрал. Еліміздің халықаралық аренадағы бітімгер мемлекет ретіндегі беделін арттыруға мүмкіндік береді.

АҚШ-пен стратегиялық диалогты тереңдетіп, сенім артқан әріптес ретіндегі халықаралық беделін күшейтеді, геосаяси тепе-теңдікті сақтайды.

Экономикалық және инвестициялық жанама тиімділігі де бар.

Саяси тұрақтылық пен халықаралық сенім:

 • шетелдік инвестицияның өсуіне,

 • санкциялық тәуекелдерден алшақ болуға,

 • Қазақстанды “қауіпсіз әріптес” ретінде қабылдауға ықпал етеді.

“Бейбітшілік Кеңесі” ресми түрде құрылып, төрағасы болып сайланған АҚШ Президенті Д.Трампт құжатқа қол қою рәсімінде сөз сөйледі:

 «Бізде бүкіл әлемде бейбітшілік орнайды. Бұл бәріміз үшін тарихқа қосылған ұлы үлес болады.», — деп, мәлімдеді.

Әлемнің ең алып елі АҚШ-тың айтқаны болып, айдағаны жүріп тұрған атышулы президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік Кеңесі қазіргідей халықаралық геосаяси турбуленттік кезеңде Тәуелсіз Қазақ Елінің де бейбіт өміріне зор кепілдік бола бергей!

Алпауыт Американың алапат Президентімен иық тірестіріп, тең сөйлесіп, дипломатиялық диалогтың деңгейі қандай биік болатынын көрсете білген Ұлы Дала иесінің ұлық тұлғасын көріп, мерейіміз өсіп қалды. 

Әдібі түзу әдемі сөздің әдепті әзілі де көздеген жерге тиіп, келісімдерді келісті ететін мәні зор мәмілегерліктің мәнісі осындай әлемдік беделі зор келелі кеңестерден айқын көрінеді.

Көк Туымыз көкте мәңгі желбірей берсін!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты