Ұлттық компаниялар мен мемхолдингтер БАРЛЫҚ ТАБЫСЫН бюджетке аудару керек - "Ақ жол"
2025 ж. 22 қазан
112
0

Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 2026-28 жылдарға арналған бюджет жобасы бойынша партия ұстанымын жариялады.
"Қазақ үні" баяндама мәтінін оқырманға ұсынады.
***
Құрметті әріптестер
2026-28 жылдарға арналған бюджет жобасын қарастыру кезінде, «Ақ жол» Демпартиясы, отандық өндірісшілер мен кәсіпкерлердің өкілі ретінде, Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында қойған міндеттері аса маңызды деп санайды.
Бұл міндеттер:
● Инвестициялық саясатты қайта қарау, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру, даму институттары мен квазимемлекеттік сектор жұмысын түбегейлі қайта құру, банктерді экономиканы қаржыландыруға тарту, инфляция сын-қатерлерін еңсеру және т.б.
● Алайда, ұсынылып отырған бюджет жобасында бұл міндеттер толығымен қарастырылмаған.
Оның үстінде, Жоғарғы аудиторлық палатасының пікірінше, Үкімет болжамдары мен Ұлттық банк пен халықаралық институттардың болжамдары арсындағы алшақтық – ұлттық экономиканың әлеуетінің асыра бағаланғанын айғақтайды.
Атап айтқанда, «Ақ жол» фракциясы бюджеттің кіріс бөліктеріне келесідей күмән келтіреді:
● Кірістердің 80%-ы салықтан, оның 53%-ы ҚҚС-тан түседі деп жоспарлануда.
Алайда, бір апта бұрын Президенттің экономиканы азаматтардың мүдделеріне қарай бұру туралы тапсырмасынан кейін, Үкімет АСР бойынша рұқсат беру тізімінен бас тартып, «Ақ жол» фракциясы талап еткендей, тыйым салу тізімінде тек 44 ЭҚЖК түрін қалдырды.
Енді ШОБ-тың 1067 қызметі ҚҚС төлеушілерден алынып тасталды. Алайда, жоғалған шығындар бойынша кірістерді түзету жүргізілген жоқ. Демек, әу бастан кәсіпкерлерді дүрліктірлмей, ақылға қонымсыз бұл шаралардан бас тартуға болатын еді.
Алайда, Үкімет өз жоспарлары іске асса 300 мың шағын кәсіпорын жабылып қалар еді деп немқұрайлы талқылаулар жүргізіп отырды. Олардың әрқайсысында кем дегенде бір адам жұмыс істейді — демек, сіздер кем дегенде 300 000 адамды жұмыссыз қалдыруды жоспарлағансыздар. Сол себепті «Ақ жол» фракциясы Үкіметпен соңына дейін тартысты, біз Президентке ШОБ-ты қолдағаны үшін алғыс айтамыз, бірақ мұндай идеяның қалай пайда болғанын анықтау қажет деп санаймыз.
● Салықтық әкімшілендіруді жақсартудан кіріс көлемі 60 миллиардқа артады деп жоспарлануда – бұл айыппұлдар есебінен бе? Президент: «Мемлекеттік органдар алдын алу шараларын қолданудың орнына бизнеске қатысты ең қатал әкімшілік шешімдерді қабылдауды жалғастыруда. Бұған жол беруге болмайды».
Яғни, әкімшілік емес, алдын алу шараларына баса назар аудару керек. «Ақ жол» фракциясы алғашқы әкімшілік айыппұлдардың орнына алдын алу шараларын қолдану туралы өзінің заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің Заңнама комитетіне жіберді.
● FitchRatings агенттігінің бағалауы бойынша экономиканың 38%-ын құрайтын квазимемлекеттік сектор сияқты орасан зор ресурс іс жүзінде бюджет кірісінен алынып тасталды. (https://www.fitchratings.com/research/ru/international-public-finance/fitch-affirms-kazakhstan-swf-samruk-kazyna-at-bbb-outlook-stable-23-11-2023).
Мәселен, 2026 жылы мемлекеттік холдингтерден түсетін дивидендтер 112 млрд теңгені құрайды, бұл 2025 жылғы деңгейден екі есе аз.
Ал, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің таза табысы 2,5 трлн теңге (ҰӘҚ 2 трлн теңге, «Бәйтерек» 400 миллиард теңге) деңгейінде деп жоспарлануда. Яғни, квазимемлекеттік сектордың бюджетке салымы олардың таза табысының 5 пайызын ғана құрайды деген сөз.
Естеріңізге сала кетейін, «Ақ жол» демпартиясы ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтерден түсетін БАРЛЫҚ пайданы бюджетке аударуды үнемі талап етіп келеді. Өткен жылы мұндай түзетулер (жартылай болса да) Бюджет кодексінде қабылданған. Бірақ, көріп отырғанымыздай, олар да орындалмай жатыр.
Сондықтан, ЖАП квази мемлекеттік сектордың өз табысын бюджет аясынан тыс шығындауы бюджет жүйесінің ашықтығын төмендетеді де әділ айтып отыр.
“Ақ жол” партиясы кезекті рет мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың табысын қоғамға ашық парламенттік процедуралар арқылы бюджетке жіберуін талап етеді.
Оның үстіне (Жоғарғы аудиторлық палатасының мәліметі бойынша) триллиондаған кіріске қарамастан, квазимемлекеттік сектор соңғы бес жылда бюджетке табысының 12 пайызын ғана төлеген. Ал, мәселен, сол «Самұрықтың» өзі қалған жүздеген миллиардтардың қалай жұмсалғаны туралы пост-фактум есеп бере алады.
Кірісі бюджетке аударылуы керек компаниялардың тізімін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының өзі белгілейді екен (сол себепті онда 11 еншілес ұйым енгізілмеген); ал бюджетке түсетін пайданың 50%-ы үкімет нұсқауларынан кейін қалған «қалдық» пайданың 50%-ы ретінде рәсімделген.
Ал, одан ештеңе қалмайды және 2026 жылы 2 триллионнан астам қаржы Парламенттің қарауы мен бекітуінсіз бағытталмақ, «Самұрық-Қазына» қорынан 2026 жылға бюджетке түсімдер жоспарланбаған, 112 миллиард дегеніміз «Бәйтерек» холдингі табысының ¼ бөлігі.
Сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорындар жеке бизнесті мемлекеттік сатып алудан ығыстыруды жалғастыруда. Былтыр “Ақ жол” фракциясы тендерге жеке бизнес қатысқан жағдайда квази мемлекеттік кәсіпорындардың өтінішін кері қайтаратын етіп, “Мемлекеттік сатып алулар туралы” заңға өзгеріс енгізген болатын. Алайда, қаржы министрлігі бұйрық арқылы бұл шектеуден “Самұрық-Қазына” қорының компанияларын шығарып тастады. Олар табысын бюджетке өткізбестен, жеке кәсіпкерлердің нанын тартып жеп отыр.
Қандай жағдай орын алғанын түсінесіздер ме? Парламент Президент жарлығын іске асыруға бағытталған заң қабылдайды, ал, мемлекеттік органдар актілері арқылы оған тосқауыл қояды.
Президент жолдауында мемлекеттің экономикаға араласуын реттеу керектігін дұрыс айтып өтті.
● 2026 жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін қаржы 4 трлн 124 млрд, яғни, 2025 жылға қарағанда 1,4 трл теңге аз.
Өнімді бөлу туралы келісімдегі (ӨБК) Қазақстан үлесінен түсетін кірістер – Ұлттық қордың жалпы кірісінің 27% құрайды деп жоспарланған, яғни 1 трлн 125 млрд теңге.
Алайда, Қазақстанның ӨБК-дегі қай үлесі туралы сөз болып отырғаны белгісіз.
Биылғы жылдың қаңтарында президент Қ. Тоқаев Конституцияға сай ("жер және жер қойнауы халыққа тиесілі") Үкіметке ӨБК шарттарын жақсарту туралы келісімдерді жандандыруды тапсырды. Сонда ӨБК бойынша түсімдер бюджеттің барлық шығынды бөлігімен пара-пар болар еді. Бірақ, бюджет жобасында мұндай жақсартулар көрінбейді.
Бюджет шығындары бойынша ескертпелер:
● Негізгі шығын әлеуметтік сала мен жалпы мемлекеттік шығыстарға тиесілі, олар 80% құрайды.
Оған қоса, мемлекеттік шығыстардың көп бөлігі үкіметтік қарызды өтеуге жұмсалады, бұл шынайы сектордың қаржыландырылуын төмендетіп, бюджет мүмкіндігін шектейді. Осылайша, 2026 жылы кірістердің 36%-ы (Ұлттық қордан трансферттерді қоспағанда) және республикалық бюджет шығыстарының 26%-ы қарыздарды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге бағытталады; 2028 жылға қарай бұл шығыстар кірістердің 42% және шығыстардың 35% дейін өседі.
2028 жылға қарай қарыздарға қызмет көрсету шығындарының өсуі денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемінен немесе білім беруге, қорғанысқа, қоғамдық тәртіпке, жылу-энергетика кешеніне, жер қойнауын пайдалануға, көлік пен коммуникацияға жұмсалған барлық шығыстардың жалпы сомасынан екі есе көп болмақ.
2026 жылға мемлекеттік қарыз 46,5 триллион теңге (ЖІӨ-нің 25,3%), 2027 жылға – 52,5 триллион теңге (ЖІӨ-нің 25,5%), 2028 жылға – 57,5 триллион теңге (ЖІӨ-нің 25%) деңгейінде белгіленді.
2019 жылдан 2028 жылға дейін мемлекеттік және үкіметтік қарыз 3,5 есе өседі.
● ЖАП мемлекеттік қарыз бойынша төлемдерді жаңа несиелер тарту арқылы жабу борыштық міндеттемелерді басқарудың жоғары тәуекелді әдісі болып табылады.
● Олардың төмендеуіне ықпал етудің орнына бюджетке жүктемені арттыратынына үнемі назар аударады.
● Мәселен, 2026 жылы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 10,6 трлн тг, жалпы мемлекеттік және әкімшілік шығыстар 12 трлн тг, ал нақты экономика секторына бөлінетін қаржы бар болғаны 2,2 трлн тг құрамақ.
Яғни, Үкімет болашақта табыс әкелетін бағыттарға қарағанда қайтарымсыз шығындарға 10 есе көп қаржы жұмсауға дайын.
2028 жылға қарай бұл жағдай одан әрі өршіп, әлеуметтік, мемлекеттік және әкімшілік шығыстарға 25,2 трлн тг, ал нақты секторға бар болғаны 1,5 трлн тг бөлінбек. Яғни айырмашылық 10 емес, 17 есе.
Өнеркәсіптің өзіне небәрі 30 млрд тг бөлініп, кейін бұл сома 12 млрд тг дейін қысқармақ, оның басым бөлігі экспортқа жәрдемдесуге бағытталады.
Ал өнеркәсіп салаларының өз дамуына бар болғаны 12,8 млрд тг (2,2 млрд тг дейін азаяды) бөлінеді. Яғни, өндіріске бөлінетін қаржы нақты секторға бөлінеді деген инвестициялардан мың есе аз (12 млрд қарсы 12 трлн; 2 млрд қарсы 2 трлн) болып отыр.
Біздің ойымызша, бұл Үкіметтің бюджеттік саясатының аса теңгерімсіздігі, ол экономиканың негізгі қағидаттарына қайшы келеді: салықтық базаның симметриялы өсуінсіз шығыстардың артуы — инфляция мен импортқа тәуелділіктің өсуіне әкеледі.
Өткен жылы «Ақ жол» фракциясы 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту кезде мұндай тәсіл сақтала берсе Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеруді жалғастыратынын, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің тонаушылық сипаты сақталып, инвестициялардың тиімсіз, теңге бағамының тұрақсыз болатынын ескерткен болатын.
Біз бұл болжамдардың айна-қатесіз орындалғанына еш қуанбаймыз, алайда, айқын теңгерімсіздіктерді түзетуді талап етеміз.
Мұндай жағдай өнеркәсіптік негіз қалыптастыру мен Президент айтқан даму моделінің басқа сапасына көшу міндеттеріне сай келмейді деп есептейміз.
● Дегенмен, жоба өңдеу өнеркәсібінде (6,5%), құрылыста - 11,0%, саудада - 6,7%, ауыл шаруашылығында 3,9% құрайтын өнімнің нақты көлем индексінің сенімді орташа жылдық өсуін қарастырады.
Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне машина жасау өндірісінің орта есеппен 10,5%-ға, химия өнеркәсібінің 9,0%-ға, металлургияның 7,3%-ға, фармацевтика саласының 8,3%-ға артуы ықпал етеді деп жоспарлануда.
Алайда, инфляцияға әсер ететін негізгі фактор бұлар емес, тұтыну тауарлары —азық-түлік, киім, аяқ киім және коммуналдық тарифтер.
Мұнда бағалардың өсуіне әкімшілік тыйым салу тек уақытша шара болуы мүмкін. Бірақ осы салалар бойынша нақты нарықтық шешімдер бюджет жобасында қарастырылмаған.
Бұл ретте, ЖАП атап өткендей, «Бәйтерек» холдингі еш есеп-қисапсыз және бюджеттік бағдарлама паспортынсыз, сондай-ақ нысаналы индикаторлар мен нәтиже көрсеткіштерінсіз экономиканың нақты секторындағы жобаларды қаржыландыру үшін жыл сайын 1 триллион теңге сомасындағы жаңа бастамаларды жоспарлап отыр.
Бұл бюджет арқылы өтетін дүниелер. Дегенмен, квазимемлекеттік сектор табысының негізгі бөлігі (2 триллион теңгеден астам) бюджеттік процедуралардан тыс және Парламентегі талқылауларсыз жұмсалатынын жоғарыда атап өттік.
Парламенттегі талқылаулар үшін не жобалық, не қаржылық құжаттамалары әзірленбесе бұл шығыстардың қалай таңдалып, бекітілетінін тек елестетуге болады.
Сонымен бірге, бюджетті одан әрі нақтылау жағдайында бұл қаражатты жобалардың аяқталуына қарай әкімшілерге бөлу жоспарланып отырғанын ескере отырып, біз ЖАП-тың бұл сомадан 2 трлн 350 млрд теңгені қайта алу туралы талабын қолдамаймыз. Себебі, қазақстандық тараптың қоса қаржыландыруы әдетте шетелдік инвестицияларды тартудың маңызды шарты болып табылады және жобада Холдинг экономиканың нақты секторындағы жобаларды қаржыландыру үшін жыл сайын 7-ге 1 қатынасында қосымша 7 триллион теңге тартуды көздейді. Яғни, аталмыш норма 20 трлн тг жаңа инвпстициялар тартуы керек, бұл әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруға кететін шығындармен тең.
Бұл біздің аталмыш бюджет жобасына қарсы болмауымыздың маңызды дәйегі.
Біздің ұсыныстарымыз дұрыс қабылданады деп сенеміз.
Үкіметке алға қойған міндеттерді орындауда табандылық пен табыс тілейміз.