Отандық өндірушілер жаңа тізілімнен тыс қалуы мүмкін – «Ақ жол» дабыл қағуда
2025 ж. 30 қыркүйек
390
0

Бүгін «Ақ жол» демпартиясының орталық ғимаратында отандық тауар өндірушілердің тізілімін (ОТӨ) қалыптастыру мәселесі жөнінде жиын өткіздік. Атап өту керек, «Өндірістік саясат туралы» заңына сәйкес, «Атамекен» ҰКП тарапынан кейде бұлыңғыр шешімдермен шығарылатын қолданыстағы индустриялды сертификаттар мен СТ-KZ сертификаттарының орнына осындай тізілімді енгізу туралы шешім қабылданған болатын.
Осыған байланысты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевтың өзінің телеграм арнасында жариялаған жазбасын оқырман назарына ұсынамыз.
***
Парламент ұсынылған тәсілді қолдады, себебі, ол тауардың Қазақстанда шыққанын анықтау критерийлерін өзгертуді көздейді, осылайша, қосымша құнды бағалаудың орнына (көбінесе өнімсіз шығындар есебінен жасанды түрде өсіріледі) технологиялық операцияларды меңгеру критерийі енгізіледі, яғни, кәсіпорындардың құзыреттілігін және техникалық жаңғыртуды ынталандыру.
Бұл тәсіл автокөлік және ауылшаруашылық машиналарын жасау салаларындағы Өнеркәсіптік жинақтау келісімдері аясында өзін жақсы жағынан көрсетті, сондықтан, депутаттар бұл тәжірибені өндірістің басқа салаларына да қолдануға келісті.
Дегенмен, айтылған тәсілдің жүзеге асырылуы отандық өндірушілердің өздерін қатты алаңдатып отыр, мұны өткен талқылау айқын көрсетті.
Жиынға «Ақ жол» фракциясының депутаттарынан басқа, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің (Өндірістік инфрақұрылым және мемлекет ішілік құндылық департаментінің директоры А. Рақымжан), Энергетика министрлігінің (вице-министр И. Бақытжан), Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (вице-министр Н. Құрмалаев) және басқа да ведомстволардың өкілдері; сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (Ж. Қалдан), салалық қауымдастықтар – Сүт одағы (В. Кожевников), Машина жасаушылар одағы (Е. Мақанов), Жеңіл өнеркәсіп ұлттық қауымдастығы (Г. Уахитова), Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы (Қ.Ибраев), Электротехникалық машина жасау қауымдастығы (Ғ.Бұлатов), Сараптамалық орталықтар қауымдастығы (Р. Цой) және т.б. қатысты. Талқылау Қазақстанның барлық аймақтарымен бейнеконференция арқылы өтіп, Қарағанды, Алматы, Тараз және басқа қалалардың кәсіпкерлері өз ұстанымдарын білдірді.
Айтпақшы, барлық мемлекеттік органдардың ішінде вице-министр И.Бақытжан айтып өткен Энергетика министрлігінің нақты ұстанымын атап өткен жөн.
Заң жобасын талқылау барысында жарияланған жоспарға сәйкес, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2025 жылғы 1 шілдеге дейін ОТӨ тізілімін және өтініш берушілерді цифрлық верификациясын қалыптастыру критерийлерін, технологиялық операциялардың (салалар бойынша) тізбесін, өндірістік қуатты анықтау әдістемесін, кәсіпорындардың ақпараттық скринингін жүргізу әдістемесін әзірлеп, ақпараттық жүйені тестілеуге тиіс болатын.
Содан кейін ӨҚМ кәсіпкерлерді Тізілімнің жұмыс тәртібімен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар бизнес өкілдерінен кері байланыс алып, олардың ескертулері негізінде жүйені нақтылап, Тізілім 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық жұмыс істей бастайтындай техникалық іске қосуды жүзеге асырып, бұрын берілген «Атамекен» ҰКП сертификаттары өз күшін тоқтатауы керек еді.
Негізгі баяндамашы, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және ішкі құндылық департаментінің директоры А.Рақымжанның айтуынша, барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде жүргізілуде, Тізілімнің негізгі ережелері 27 тамыздағы бұйрықпен бекітілген (барлығы түрлі ведомстволардың 60-тан астам бұйрықтарына өзгерістер енгізілуі керек), өнімнің әрқилы түрлері бойынша шамамен 3 мыңға жуық технологиялық операциялар тізілімі құрастырылған, деректерді верификациялау бойынша цифрлық жүйелердің интеграциясы жүргізілуде және т.б.
Алайда, бұл түсініктемелер кәсіпкерлердің арыз-шағымдары мен мәселелеріне шек қоя алмады. Талқылау барысында бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар арасында ақпараттық жүйенің дайындығының негізгі тәсілдеріне және Тізілімнің өзіне қойылатын критерийлерге қатысты елеулі келіспеушіліктер туындады. Атап айтқанда, әзірленген 26 критерийдің (көрсетілген 100-дің орнына) кейбіреулері өндірістік процестерге қатысы жоқ, керісінше салықтық талаптар, экспорттық көрсеткіштермен және т.б. байланысты. Одан бөлек, бұл тәсіл (мысалы, кәсіпорынның міндетті салық мониторингінде болуы) шағын және орта бизнесті тыс қалдырып, тек ірі кәсіпорындарға бағытталғаны атап өтілді.
Бұл күдікті ӨҚМ өзі де цифрлық жүйенің, белгілі болғандай, 36 ірі кәсіпорында сынақтан өтіп жатқанын, ал, ШОБ тестілеу процесіне еш қатыспайтынын растады.
Қазіргі уақытта қызу талқыланып жатқан АСР-дың тыйым салу тізімі және Үкіметтің барлық өңдеуші кәсіпорындарды осы режимнен шығару жоспары аясында бұл мәселе «Ақ жол» депутаттық фракциясының елеулі алаңдаушылықтары мен түбегейлі қарсылықтарын тудыруда.
Талқылау ОТӨ анықтау реформасын бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына тәсілдерімен үйлестіру, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП салалық қауымдастықтармен өзара іс-қимылын реформалау қажеттігін көрсетті.
Мәселен, кәсіпкерлер кез келген отандық өндіріс мемлекеттің назарына және қолдаудың артуына сенуі үшін технологиялық операциялардың күрделілігі бойынша (төмен, орташа, жоғары) категориялауды енгізуді ұсынды. Импортталатын машина жиынтықтарының («дөңгелектерді бұрай салады» деп сыншылар айтатын) ірі түйінді жинақталуынан, шағын түйінді жинақтау мен құрамдас бөліктер мен бөлшектердің отандық өндірісінің құрылуына дейінгі жолдан өткен автоөнеркәсібі секторына деген тәсіл мұның айқын мысалы болып табылады.
Бұл ретте Өнеркәсіп министрлігі мен Электротехника өнеркәсібі қауымдастығы мемлекет қолдауына тек белгілі бір технологиялық деңгейге жеткен зауыттар ғана иек артуы тиіс деп есептеп, мұндай градацияға қарсы шықты.
Ірі компаниялардың алынатын кірістерін қайта инвестициялау негізінде нарыққа біртіндеп кіру стратегияларын ескере отырып, біз әртүрлі жеңілдік пакеттері арқылы тіпті осы тәсілді ынталандыруды да ұсынып, басқа да компромистік нұсқаларды талқылауға дайын екенімізді білдірдік. Әйтпесе, бастапқы инвестициялар ынталандырудан айырылады, ал, осы орайда толықтай импорттық материалдарды пайдаланатын өндіріс орнын ашудың өзі, ең болмағанда, жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке кіріс әкеледі.
Бірнеше салалық қауымдастықтар кәсіпорындардың Тізілім шарттарына сәйкестікті бағалаудан тыс қалып, тек апелляциялық комиссия құрамының мүшесі рөлімен шектеліп қалуына қарсылық білдірді. Олардың пайымдауынша, цифрлық көрсеткіштер салалық ерекшеліктерді ескермейді және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті азайтады. Өнеркәсіп министрлігі Тізілімді құрудағы мақсат процедураларды цифрлық форматқа көшіру және адам факторын жою екендігіне тоқталып, қауымдастықтар өзара бәсекелес компаниялардың өкілдерінен тұрады деп қарсылық білдірді.
Осы дәлелмен келісе отырып, ОТӨ тізілімін жүргізудегі салалық бірлестіктердің рөлін, мүмкін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымындағы функцияларды қайта бөлу арқылы күшейту керек шығар деп есептеймін.
Кәсіпорындардағы технологиялық операцияларды мониторингтеу үшін камераларды орнату тәсілі де даулы болды. Бұл шешім «Техникалық реттеу туралы» және «Өлшеу құралдарының бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңдарын бұзатынын, онда мемлекеттің өнімге тек айналымға шығарылған кезеңінде ғана мониторинг жүргізуге құқылы, алайда, өндіріс процесіне кедергі келтірмеуге тиіс екендігін атап өттік.
Сонымен қатар, мұндай шаралар коммерциялық құпияға және техникалық әзірлемелердің авторлық құқықтарына қауіп төндіреді және өнеркәсіптік тыңшылыққа әкеп, бүкіл елдің іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Камералар тек шикізат пен материалдардың сақталуын, дайын өнімнің жөнелтілуін және энергия шығынын бақылау үшін ғана рұқсат етіледі, бірақ технологиялық операциялардың өзін фиксациялауға емес.
Сонымен қатар, агрессивті ортасы бар өндірістік желілерде (құю зауыттары, химиялық цехтар); сондай-ақ, технологиялық процес түгілі, дайын өнімді суретке түсіруге тыйым салынатын қорғаныс келісімшарттарын орындайтын зауыттарда камераларды орнату мәселесі тағы бар.
Әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген басқа да мәселелер көтерілді.
Осылайша, OTӨ тізілімі жүйесінің дайындығына күмән баршылық. Бір қызығы, осы қарсы уәждерге жауап ретінде Өнеркәсіп министрлігінің өкілі Тізілімнің мақсаты бизнесті мемлекеттік қолдау шараларымен өзара әрекеттесуінде емес, өз бетінше жұмыс істеуінде екенін айтты.
Заңға сәйкес, Тізілімді енгізгеннен кейін бұрынғы Индустриялды және СТ-КЗ сертификаттарының күші жойылатынын, ал Тізілімнің өзі олардың қызметін алмастыруға — өндірістің отандық мәртебесін растауға және мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналғанын еске салуға тура келді. Егер Тізілім тек есеп беру мақсатында пайдаланылса, оны Статистика агенттігі мемлекеттік преференциялар жүйесіне кедергі келтірмей енгізе алар еді.
Заңның күшіне енуіне небәрі үш ай уақыт қалды, алайда, жүзеге асуы тиіс көптеген ережелер әлі жүзеге асырылмай тұр. Логикалық тұрғыдан алғанда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мыңдаған отандық өндірушілер өздерінің бұрынғы сертификаттарын пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық компаниялардың сатып алуларына қол жеткізе алмайды. «Жағдай хэлп» болып тұр.
«Ақ жол» фракциясы бұл мәселені өз бақылауына алады, проблемаларды тез арада шешуге және бизнес үшін тәуекелдерді азайтуға тырысамыз.
Азат ПЕРУАШЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы