Тоқаевтың ұсынысын БҰҰ Бас хатшысының қолдауы - әлемдік сенсация!!!

Тоқаевтың ұсынысын БҰҰ Бас хатшысының қолдауы - әлемдік сенсация!!!

Иә, әлеуметтік желілерде елімізге осындай баға берген жазбалар көптеп жүр. 

Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымын, Қауіпсіздік кеңесін реформалау туралы ұсынысын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гуттериштің қолдауы зор маңызға ие болуда! Бұл туралы “Қазақ үні” порталы жазды.

Діндер лидерлерінің съезіне бейнеүндеу жолдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериштің айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің реформасы – қазіргі заман талабына сай маңызды қадам. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің бүгінгі құрамы қазіргі әлемге сәйкес келмейді деп отыр.

Қауіпсіздік кеңесінің құрамы қазіргі заманға емес, 1945 жылғы жағдайға сай жасалған. Бұл тек заңдылық мәселесін ғана емес, сонымен бірге тиімділік мәселесін де туындатып отыр, – деді Бас хатшы.

Сондай-ақ ол Қауіпсіздік Кеңесінде вето құқығын шектеу идеясын қолдайтынын жеткізді.

Әсіресе адам құқықтарының жаппай бұзылуы немесе соған ұқсас күрделі жағдайларда вето құқығын шектеу жөнінде ұсыныстар болды. Бұл бастаманы Франция мен Ұлыбритания көтерген еді. Мен бұл ұсынысты оң қабылдаймын, – деп атап өтті Гуттериш.

Бейбітшілікке арналған әлемдік дін жиынында бейбітшілікті сақтау үшін БҰҰ реформалау туралы Қазақстан Президенті Тоқаевтың ұсынысын БҰҰ Бас хатшысы Гуттериштің қолдауы Қазақстанның беделін әлемдік аренада көтеріп кетті.

Бұл әлемдік маңызы зор ұсыныстың мәні неде?

 Біріншіден, әлемдік жоғары мінберлерден жасалып жүрген Тоқаевтың бұл ұсынысы әлемдік аренада ресми түрде назарға алынды.

 Екіншіден, БҰҰ Бас хатшысының қолдауы — бұл тек символикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі легитимді бекіту деп білеміз.

Ал саяси және геосаяси маңызына келсек, санап тұрып, саралап беруге болады.

 1.Орта державалар ішінде өзін бейтарап ел және көпжақты диалог алаңы ретінде көрсетіп келе жатқан Қазақстанның рөлі артады.

БҰҰ басшысы тарапынан қолдау Қазақстанның халықаралық беделін күшейтетіні анық.

 2.БҰҰ реформасына келсек, Қауіпсіздік Кеңесі екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жағдаймен 80 жылдан бері өзгеріссіз қалып қалған. Мысалы, бүгінде Африка, Латын Америкасы, Азия мемлекеттері Қауыпсіздік Кеңесінде теңдей өкілдік етпейді. Тоқаев осы мәнді мәселені көтеру арқылы дамушы елдердің мүддесін білдіруде. Сондықтан Қазақстан басшысының ұсынысын қолдайтындар көп болатыны анық.

 3.Ұсыныс глобалдық қолдауға ие болуда: Гутериштің реакциясы реформаны ұзын арқан-кең тұсауға салып қойып, созылып кетуден сақтап, нақты прогресс жасауға ықпал етуі әбден мүмкін.

Тоқаевтың сөзі дипломатиялық тұрғыда байыпты, бірақ батыл ұсыныс – реформа туралы нақты үндеу болды.

Ал Гутериш Қазақстанның бастамасын қолдап, бейбітшілік жолындағы күш-жігерін жоғары бағалады. Реформалау идеясын орынды әрі уақытылы деп таныды.

Гутериштің қолдауы халықаралық ұйымның ең жоғарғы өкілі тарабынан бекемдеу деуге болады. Бұл Қазақстанның бастамасын әлемдік күн тәртібіндегі өзекті тақырып ретінде бекіту.

БҰҰ күн тәртібіне ресми түрде ену ықтималдығы артады деп білеміз. Қазақстанның халықаралық имиджі күшейіп, бейбітшілік бастамашысы ретіндегі беделі күшейеді.

Қазақстанда өтіп жатқан Діндер съезінде айтылған мемлекет басшысының ұсынысы, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысының қолдауы – бұл әлемдік жиын тек діни диалог қана емес, жаһандық саясатты қайта құру мәселесін батыл қозғауы арқылы бұл форумның маңызын да көтеріп жіберді.

4.Қауіпсіздік кеңесін реформалау – ұзақ әрі күрделі процесс, бірақ Гутериштің қолдауы реформаны талқылауға серпін беретіні белгілі.

Бұл қадам Қазақстанды тек аймақтық емес, әлемдік саясаттағы бастамашы мемлекет ретінде көрсетуге мүмкіндік беруде.

Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымы дегеніміз қандай ұйым?

Ол – әлемдегі ең ірі, халықаралық деңгейде ұсынылған және ең қуатты үкіметаралық ұйым.

Бас кеңсесі – АҚШ-та Нью-Йоркте орналасқан. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның құрамына 193 мемлекет кіреді.

«Біріккен Ұлттар» атауын АҚШ президенті Франклин Рузвельт ұсынған. 

Декларациясы 1945 жылы 24 қазанда Сан-Францискода қабылданды. 24 қазан БҰҰ күні деп жарияланды.

Ұйымға мүше барлық мемлекеттер кіретін Бас Ассамблея Біріккен Ұлттар Ұйымының бас органы болып саналады. БҰҰ-ға мүше елдердің әрқайсысы шешім қабылдау кезінде бір дауысқа ие болады. Жалпыға ортақ ерекше маңызды мәселелер, атап айтқанда, бейбіт­шілік пен қауіпсіздік, Ұйымға жаңа мүше­лер мен оның бюджетін қабылдау мәселе­лері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің үштен екісі қатысып, дауыс беру қорытындысы бойынша шешіледі.

Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуына арналған Бас Ассамблеяда ҚР Президенті Қ.Тоқаев сөз сөйлеп, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ұсынысын жасайды. 

Иә, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың уақыты жетті.

Мысалы, кез келген ұйымның құрылтайшылары ауысқан кезде, ұйымда құрылымдық өзгеріс болады. Ал 1945 жылы құрылған БҰҰ-дағы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше 5 мемлекеттің , АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және КСРО мемлекеттерінен қазір КСРО-ның әлемдік картадан жойылып кеткеніне 34 жыл болды. Бұрын 15 одақтас республиканы біріктірген Кеңес Одағының орнын кезінде тәуелсіздік алған өзге 14 ел секілді өздері де КСРО-дан тәуелсіздік алған Ресей иеленіп отыр қазір…

Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері қатарын көбейту жөніндегі мәселе де біраз жылдардан бері қозғалып жүр. Иә, бұл да, 193 елден Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері болып, тек 5 мемлекеттің ғана болуы да көп сұрақ туғызатын өзекті мәселе.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ реформасы идеясын дәйекті, жүйелі және ғылыми негізде ілгерілетуде.

Алдағы Бас Ассамблеяның мерейтойлық жиынында Тоқаевтың салмақты, жан-жақты, дәлелді ұсыныстары көптеген елдердің көңілінен шығып, олардың қолдауына ие болады деп сенеміз.

Әлемдік аренада Қазақ Елінің беделі арта беруі Тәуелсіздіктің Көк туының көкте мәңгі биік желбірей беруі деп білеміз.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты