Халық өзінің тағдырын өзі шешуі керек

Елбасына емеурін

 

Белгісіз бағытқа бет алдық...

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа арналған ашық әңгіме

  Қазақстан егемендігінің 21 жылында еліміз өркендеп-өсті, елеулі табыстарға жетіп, дүниежүзi танып-мойындады. Әлемдік деңгейде, халықаралық нарықта өз орынымызды ойып алып, абыроймен қарым-қатынастар жасап жатырмыз. Қазақстанның жержүзіне танылып, елеулі жетістіктерге жетуiне, ел мәртебесінің өсуіне Сіздің – Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде – теккен теріңіз мол, қосқан үлесіңіз зор. Өзіңіз көптеген қарқынды реформалардың, жаңа идеялардың, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың және елдің стратегиялық дамуының басты да басым бағыттарын айқындайтын 2030-2050 жылдарға арналған жарқын жобаларының бастамашысы болдыңыз. Халықтың тыныс-тұрмысын, әл-аухатын, көңіл-күйін әрдайым назарыңызда ұстап келесіз. Дегенмен, қазіргі жаһандану мен дағдарыстың қосарласқан кезеңінде, өзінің "Жасампаз капитализм" деген еңбегінде миллиардер Билл Гейтс: "Капиталистер тек баюды ғана ойлап, жер бетінде миллиардтан астам адам аштықтан қырылып жатқанда, керек десеңіз – жаңа технологиялардың нәтижесінің өзін жеке бастарының баюына ғана жұмсауда..." – деп жазды. Адамзатқа қажет рухани құндылықтар ұмытылды, табиғатты сақтау мен аялау аяққа басылды, есепсiз басылып шыққан доллардың көлемi дүниежүзі сатып алатын тауардың көлемінен 10-12 есеге асып кетті. Осындай келеңсіз жағдайлардың кесірінен АҚШ бастаған капиталистік елдердің дені дағдарысқа түсті. Қазiр Еуропалық Кеңес елдерінің әлеуметтік-экономикалық аса жағдайы мүшкіл, жұмыссыздық деңгейі кейбір елдерде 25 пайыздан асып кетті. Дүниежүзілік дағдарыстың екінші толқыны қашан, немен бiтері белгісіз? Турасын айтқанда, белгісіз бағытқа бет алдық, қайда табан тіреп, тоқтарымыз беймәлім?!. Мұқағали ақын айтпақшы, "бір бұлдыраған сағым сияқты...". Осындай ойымыз ойран, бағытымыз бұлдыр жағдайда Сізден, қадірменді Елбасы, Ата заңымыздың кепілі ретіндегі тікелей құқығыңызды еліміздің бірлігін сақтауға пайдалануыңызды сұраймын. Себебі, кеше ғана Парламенттің Мәжілісі және Сенатының депутаттары әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 58 жастан 63 жасқа дейін көтеру туралы заңды бірінші оқылуында мақұлдады. Бұл шешімге бірен-саран ұлтжанды депутаттардың қарсы дауыстары еш әсер етпеді. Көп жылдан бері қолданыста келе жатқан зейнетақы жүйесінің кемшілігін әйелдердің "ұзақ өмір сүруінен" іздеу – халықтың адамгершілік құндылықтарына қол сұғудан басқа ештеңе емес. Қазіргі әлемдік дағдарыс тұсында, халықаралық мәселелердің ушыққан шағында, жер бетіндегі ауа-райының құбылмалы кезеңінде, әртүрлі лаңкестіктің күшейіп, жемқорлықтың жағадан алған сын уақытында біздің елімізге ең қымбаты – ұлтымыздың амандығы, халқымыздың тыныштығы, ұлтаралық мызғымас бірлік пен татулық, деп білемін. Талас жоқ, бүгінгі таңда қазақ экономикасы көптеген елдермен салыстырғанда, қарқынды дамып, оза шауып отыр. Ұлттық қорымыздағы қордаланған қаржымыз 90 миллиард АҚШ долларына жуық. Статистикалық дерек бойынша, макроэкономикалық көрсеткіштеріміз тәуір, жұмыссыздық деңгейі төмен мөлшердегі 5,3 пайызды құрайды. Есеп комитетінің баяндауынша, 200 миллиард теңгені игермеппіз және қосымша мүмкіндіктер мен резервтеріміз бар. Жер қойнауындағы байлығымыз әлемдегі 9-шы тұғырға көтерді. Қазақстанның қазына-байлығы мен жетістіктері жалпы халықтың ерен еңбегінің арқасы десек, әйелдердің үлес-салмағы өте орасан. Яғни, халыққа ауыртпалық түсірмеуге толық мүмкіндік бар. Ат төбеліндей аз халыққа аса қажетті қадам – халқымыздың санын көбейту, демек, аналар мен балаларға қомақты қолдау жасап, тұрақты саясат жүргізген жөн. Сонымен қатар, зейнеткер құқықтары да шектелмей, шама-шарқы жететін зейнеткерлердің толыққанды еңбектенуіне жол ашылғаны мақұл. Халқымыздың тамырлы тағдырын шешетін күрделі мәселелерді түбегейлі де тиімді шешуді Парламент пен Үкіметтің де, Ұлттық банк пен партиялардың да құзырына жекешелеп беруге болмайды. Өзінің тағдырын халық референдум арқылы өзі шешуі керек немесе халық сайлаған Президент шешу керек! Сондықтан, құрметті Елбасы, Сізден сұрайтыным: 1. Әйелдердің зейнеткерлікке шығуын 58 жастан 63 жасқа дейін созу туралы Парламент қабылдайтын заңға "Вето" жасап, кері қайтарсаңыз екен; 2. Халық сенімін ақтамаған Парламентті тарату. Демократиялық жолмен көппартиялы Парламент сайлауын қайта жүргізу. Парламенттік-Президенттік құқықтарға тиісті өзгерістер еңгізу арқылы Мемлекетті жаңа басқару жүйесiне көшіру, үкiметтi, заң және әкімшілік жүйесін жаңадан жасақтау т.б.; 3. Сіздің ең озық идеяңыз – "Қазақстанға инновациялық серпіліс "беру арқылы өркениетті елдердің қатарына жету үшін "Қазақстанды түбегейлі модернизациялау жүйесін" жасау қажет. Әйтпесе, бiздің мәңгi шикiзат елi болып қалуымыз да, алпауыттарға жұтылып кетуiмiз де әбден мүмкін. Біздің азаматтық борышымыз – өз елімізді, жерімізді, тілімізді қорғау және қымбатты аналарымыздың рухын сындырмай, аялап-құрметтеу.  

Оразалы СӘБДЕН,

экономика ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының академигi,

Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Ғалымдар Одағының Президентi,

Қазақстан Парламентінiң 4 мәрте экс-депутаты.