Жармахан жар алдында тұр ма, ар алдында тұр ма?...

Қазір қалам ұстаған екінің бірі: «Қазақ үшін отқа да, суға түсіп жүрмін!», – деп, ентігін баса алмайды. Дәлел-дәйек сұрасаң, көзімен жер шұқиды... Шындығында, қазіргі замандас түбегейлі өзгерді: болмысымен де, мінез-құлқымен де, пейіл-ниетімен де, іс-әрекетімен де. Өкініштісі: жағымсыз әдеттері көбейіп кетті. Әділдік, адалдық, тазалық, ақиқат, заңдылық, имандылық сияқты асыл қасиеттерден арылып-айрылып барамыз... Еркін ел болғанымызбен, ел ішін үрей мен қорқыныш жай­лаған. Қазір билік тар­мақ­тарының жемқорлыққа бел­шесінен батқандығын, кез кел­ген заңды белінен басатын жүгенсіздігін білмейтін адам жоқ. Түптің-түбінде осынау орасан бассыздық – ерте ме-кеш пе – әрбіріміздің үйіміздің есігін қағатындығын түйсіне бермейміз. Аурудың алдын алмаса асқынады. Тәртіпсіздік пен тасырлыққа қарсы тас ату керек, кескілескен күрес жүргізу керек. Жеріміз бен ті­лімізді сақтау, табиғи байлық­та­рымызды қорғау, ұлттық мүдделерімізді қолдау жайын­дағы жиында­рымызға 1,5-2 млн халқы бар үлкен Алматыда небәрі екі-үш мың адам шығады. Өйткені, халық қалың ұйқыда. Көпшілік кешегі кеңестік масыл мінезден де, құлдық түсініктен де әзір арылмаған. «Әділдік пен адал­дықты біреу алыстан әкеліп, бізге мықтап орнатып береді», деп ойлайды... Бүгінгі қазақ қоғамы қай­сарлық пен жанашырлыққа зәру. Басын көтеріп, кеудесін бастырмайтын; зәбір көрген зарлы жамағат маңдайын тірейтін тұлғалар тым аз. Тіпті, саусақпен санарлық, жоқтың қасы... «...Қазақы ортада тәрбие­лен­ген адаммын, бірақ, елде бар проблема біздің отбасымызда да жоқ деп айта алмаймын!» – деген танымал саясаткер Жармахан Айтбайұлы ТҰЯҚБАЙдың сөзін оқып, оқыс ойға қалдым. Әдетте, биліктегі адамды атасы бөлек, анасы жаттай көруге дағдыланған түй­сігіміз – биліктегі жылы орын, қолайлы қызметін өз ер­кімен тастап, қарапайым халық жағына шыққан бүгінде 65 жастағы 50 жылдық еңбек жолы бар адамға да, әсте, аса жығылып сене қоймаймыз-ау?!. Сенім мен наным жұрдай за­манда өмір сүріп жатырмыз. Әйтпесе, отбасындағы он ба­ланың ең үлкені болғандықтан, бұғанасы бекімей жатып, бейнетті еңбекке араласып, комбайн жүргізушісінің көмекшісі, 8-сыныптан бас­тап комбайншы болып тер төккен, демалыс сайын үй бақшасында өсірген жеміс-жидек, көкөністі Ташкент базарына пұлдап, әке-шешесіне қант-шәйін айыруға қолғабыс еткен, өмір жолын ауылдың қарапайым жұмысшысынан бастаған адамға да сенімсіздік көрсетеміз. Сонда жұмысшыға сенбеген елдің болашағы қалай болмақ?!. ...Қазақтың қадым тарихында «Сайлау әділетсіз өтті!» деп, кенет, биік лауазым­ды қызметі мен жұмақтай жұмсақ дәрежесін тастап шыққан жалғыз адам – Жармахан Тұяқ­бай. Әрбір өзекті пенденің шамасы жетіп, жігері шыдайтын шаруа емес. Жүрегі мен ары таза адамның қылық-қасиеті!.. Пенде жеке басының бақытын, байлық-қазынасын не үшін, қандай биік мақсаттар үшін құрбан қылады? Жа­ратқан иеміз адамға жалғыз мәрте ғұмыр береді. Яғни, қайта-қайта қателесіп, кемші­ліктеріңді дүркін-дүркін тү­зетуге мүмкіншілігі болмайды, адамның өмірі тым қысқа, күрмеуге келмейді... Ендеше, кең мағынада, өмірлік деңгейде, жеке ба­сың­ның тағдыр-талайында бір-ақ рет қателесуге болады. Басқа мүмкіндік жоқ. Осынау жалғыз мүмкіндікті қолдан беріп, жақсы тұрмыстан, абырой-құрметтен – таршылық тұр­мыс­қа, бітпес күреске бел ше­шіп, белсене кірісу – оңай ма?.. Биліктен өз еркімен кету – аса қиын. Алда-жалда кете қалсаң, оның жүздеген себеп-салдарлары болуы мүмкін. Бірақ, меніңше, бастысы екеу: 1. Ырықсыз қуылу. 2. Сыйыса алмау, яғни, сенімді жоғалту. Мен Жармахан Айтбайұлы ТҰЯҚБАЙдың соңғы себеппен кеткеніне сендім... Сенген себебім: «Мен арымның «айтқанын» істедім, ұятымды аттап кете алмадым. Ертең біреулер мені де: «Әлгілермен бірге отырып, білгенін бірге істеді ғой» деп кінәліп-күстаналамасын, дедім. Балаларым мен немерелерім менің аты-жөніммен жазылуға арланбасын дедім» – деп жазды Жақаң (Жармахан ТҰЯҚБАЙ). Жақаңнан кешегі «сырлас-мұңдас достары» да бір-ақ күнде түгел теріс айналды. Күні кеше жатсаң – жастық, отырсаң – орындық болуға әзір «ләппай, тақсырлар» тегіс ғайып болды. Мемлекеттегі №3 адам әп сәтте шыңырауға құлады. «Таңдау мезгілі» жет­кендігін мәлім еткен Жақаңнан: «Мен нені жоғалтып, нені табатынымды жақсы білемін. Жоғарғы билікті аяусыз сынаудың мен үшін қандай да болмашы лауазымның есігін тарс жапқандығын терең түсінемін» – деген сөздердің қаншалықты қиыншылықпен шыққандығын әркім-ақ үнсіз ұғынды. «Оппозицияға келгенімде, жас баладай сенгіш едім» деген тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Бас прокуроры, Мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы, парламент депутаты, еліміздің билік деңгейіндегі үшінші адам – парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың өзін-өзі салмақты ұстап, салиқалы сөз саптап, қарапайым болмыс, жұпыны киінгеніне алғашында мен де илана қоймадым. Әйткенмен, әйдік шешімімен елді дүр сілкіндірген саясаткер бірқалыпты мінез-құлқынан танбай: «Мәселе тек қана би­лiкпен текетiрестiкте, тек қана, бiр-бiрiмiздi жамандауда емес. Ол саяси өркениеттiлiктiң, саяси мәдениеттiлiктiң көрiнiсi емес. Билiкте жақсы адамдар да, нашар адамдар да бар. Бәрiн «жаман адам» деп айта алмаймыз. Бiз егер де өзiмiздi жоғарғы деңгейлi, өркениеттi, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылған саяси күш деп есептейтiн болсақ, онда бiз билiктi тек қана сынап қоймай, ол жiберiп жатқан қателiктердiң, әдiлетсiздiктердiң жойылу жолдары қандай, бүгiнгi күнi елдегi проблемалардың шешiлу жолдары неде, деп сол тығырықтан шығу көрсету жолын ұсынамыз» – деген өткір де ащы мәлімдемесінен кейін, қазақ қоғамындағы қарсылық қадетін ауыздықтайтын ғана емес, ақылға келтіріп, артынан ерте алатын күш дүниеге келді, деп түсіндім. Бұл – күш-қуаты кемел, мүмкіндігі мол, ішкі жан-дүниесі тегеурінді тұлғаның уәжі еді. Биліктің «Отан» партия­сының кешегі басшыларының бірегейі – «социал-демократ» жейдесін киді. Жейдесі қонымды екен, бірақ, ел билігінің шын бет-пердесін көріп, шынайы болмысынан шошынды. Қазақ оппозициясының асханасындағы берекесіздікті көріп, көңіліне түйді. Қым-қиғаш қарсылықтар мен қа­теліктерге сүрінді. Қазақ оп­позициясының қос бүйрегі қысымда екен: алдымен, өзара ауызбірлігі жоқ, сосын, биліктің қоқан-лоққысы күшті көрінді. Ә дегенде мүйіздері қарағайдай қос саясаткер құрбан болды. Бірнеше бел­сенділер мен жігерлі жорналшылар да ажал тырнағына ілінді. Қиналғанға қол ұшын беретін, ушыққан ахуалға әсер ететін күш-қуат қазақ оппозициясында болмай шықты. Жүрек ауырды, жан күйзелді, қолдан келер дәрмен жоқ... Бұл – қазақ оппозициясы бас­тамаларының әлсіздігі емес, оппозиция бірлігінің әлжуаздығы болатын. «Мен білемін!» дейтін өр­көкіректік әркімде-ақ бар, бірақ, ортақ мақсат, негізгі мүддеге жету жолында тек құр айқай, бос қоқан-лоққымен жалындатып-жалаулата бермей, аракідік қарсыластармен әңгімелесіп-келісім жасауға да тура келеді. Қазақтың оппо­зициялық партиясының басшысы болу – жеңіл жол емес. Бұл – бірінші кезекте жалпы қазақ оп­позициясының басын қосып, біріктіруге тырысу. Әзірге бұл бедерлі белес Жақаңа да алдырмай, алыстан «қол бұлғап» тұр... Дегенмен, Мәжілістің кешегі маңғаз төрағасы, қатаң талапты прокурор, қатал тәртіпті тергеу комитетінің басшысының – аз ғана уақытта сөзі жұмсақ, өңі жылы, сынды көтеретін, мінді жетелейтін жағымды саясаткерге айналғанына досы да, дұшпаны да аң-таң қалды. Жалпақ жұрт та, ресми билік те «оппозиция» деген сөзді – «қарсылық» деп түсі­неді. Түбірімен қате. Анық адасу. Шындап келгенде, оппо­зиция – қоғамның қозғаушы күші. Биліктің баламасы немесе қарсыласы емес, биліктің серіктесі және кеңесшісі. 20 жылдан асқан еркін та­рихымызда осынау шын­дықты тұңғиық түсініп, боямасыз ұғынсақ – әлеуметтік әлеуе­тіміз анағұрлым қуатты болар еді. Саяси тұғырымыз мықты, әл-ауқатымыз артық тұрар еді... Ақылды оппозицияның тұғырнамасы – табиғи жолмен даму мен мәміле әдісімен алға жылжу. «Елдің баламалы даму жолын ұсынған адам – елдің дұшпаны емес. Мен бүгін «біреуді жауапқа тартайық» деуден аулақпын. Елдегі жағдайды жақсарту үшін қателік жасағандардың барлығына сырттай кешірім жасайық. Егер Елбасы саяси реформаны өзі жүргізсе, елді басқаруды жалғастыра берсін» – дейтін Жақаң айтқан тура сөз, ашық әңгіме елдің бәріне бірдей жаға ма? Жоқ! Қазақ оппозициясының тактикалық тәсілдері мен стратегиялық салиқалы­лы­ғында белгісіз бір кемшін-мін, түсініксіз түйткіл бар екендігі рас. Өйткені, жақтастары аз, жанашырлары кем. Қазақтан тым қашық, адамнан тым алыс... Мысалы, қазағы қалың Оң­түстіктің қайнаған ыс­ты­ғында туып-өскен қазақи азамат Жақаңның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) өзегі – қазақылығы басым Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары болса да, жалпы саны 140 мың адамның айналасынан алыстай алмай тұр. Бір заманда билік партия­сы­ның тізгінін ұстаған тәжірибелі де тісқаққан тұлға: «Қазақ ұлтын қорлайтын сөз айтқаны үшін кім болса да, қылмысты жауапқа тартылуы тиіс. «Тиісті құқық қорғау органдары не бағып отыр?» деген сұрақ туындайды» – дейтін уыты ащы, қуаты жойқын мәлімдемелер жасағанда, қазақтан басқа ұлттың түп-тұқияны тыжырынып, тоқтап қалады. Жаңа демократ жан-жүрегі сыздап: «Әрбiр саналы адамның ұлттық мәселеге бейтарап қара­мауы керек. Қазақстанда 4 миллионнан астам адам кедейшiлiк қамытын киiп жүр. Оның басым көпшiлiгi кiм? Қазақ! Кейбiр ауылдық жерлерде кедейшiлiк деңгейi тұрғын­дардың 80 пайызынан астамын қамтыды. Құрт ауруымен ауыратындардың саны соңғы бес жылда 81,5 пайызға өсті. Жүктi әйелдердiң 55 пайызы сапалы тамақтанбаудың кесiрiнен анемияға шалдықты. Мұның бәрі қазақтар!» – дегенде, қабырғалы қазағы кеңіреніп кетті... Халық байлығының талан-таражға салынғанын, табиғи шикізаттардың барлығын шетелдік компаниялардың иеленіп отырғанын, мұнайдан түскен қаражаттың оффшорлар арқылы шенеуніктердің қалтасына жұтылып жатқа­нын, зейнеткерлер мен жұмыс­шылардың еңбекақысы өске­німен, тауар бағасының бірнеше есеге көтеріліп, экономиканың инфлияцияға ұшырағанын, Конституцияда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік жоға­ры лауазымды қызметте істеуіне болмайды» деп жазылса да, Елбасының күйеу балаларының Қазақстан эконо­ми­касының басым бөлігін «ашса – алақанында, жұмса – жұмырығында» ұстап-басқарып отырғандығын, Президенттің қыздарының елдегі бұқара­лық ақпарат құралдары мен зер­герлік, құрылыс салала­рын билеп-төстеп келе жатқан­ды­ғын» шімірікпей тура әрі дәлелді сөз еткен еліміздегі №1 еркін ойлы адам – Жармахан ТҰЯҚБАЙдың да артына шам алып түскен ашық дұшпандары мен қасында жүріп, «қабырға» кемірген жасырын жаулары аз емес... ...Серкесі салиқалы қа­зақтың социал-демократтары билікпен мәмілелесуге, келісуге әрдайым әзір. «Менің ешкімге өштігім де, өкпем де жоқ, – дейді бір кездегі қазақтың Бас тергеушісі Жақаң. – Тек қана елдегі саяси шешімдерді қабылдау әдістерімен келісе алмаймын. Иә, біздің оппозицияның өзіне де қайта жаңғыру, модернизация, тактикалық тәсілдер мен стартегиялық мақсаттарды өзгерту, тіпті, кез келген жағдайға бейімделе алу (креатив) қажеттігін түсінемін. Билік пен оппозицияның бір-біріне кескілесе қарсы тұруы – ешқандай жақсылыққа да, жеңіс­ке де жеткізбейді. Таяу Шығыс та, «Араб көктемі» де сөзімізге дәлел...» Расында, жақтастары Ре­сеймен одақтастыққа қа­шанда мұқият болуды үнемі ескертуден жалықпаған Жақаңның Кеден Одағы туралы мәселенің тереңіне бойлап: «Отандық өнімдеріміз бәсекелесе ала ма?» – деген дәйекті дәлелі есте қалыпты. Өкініштісі сол: Жақаңның жақтастарының Кеден Одағы мүшелерінің экономикалық сәйкессіздік жайындағы күдігі рас болып шықты. Келесі тартыс Еуразиялық одақтың тәуелсіздігімізге төндіретін қаупі төңірегінде өрбімек... Заңгер адам қашанда құқық қағидаларынан қалыс кетпей, қай мәселеге де заңдылық тұрғысынан баға береді. Ал, әділдік көкпарға түскен қоғамда ақиқатқа қол жеткізу мүмкін бе? Мәселен, соттың төрағасы заңның баптарын басшылыққа алмай, қаржылық топтардың айдағанына көніп, айдауына жүрсе – мұндай мәңгүрт елдің болашағы бар ма?!. Елдегі заң шығарудың алтын тұғыры – Парламенттің қос палатасының құқықтарына тұсау түссе, не болғаны?.. «Жағдайды жақсартатын жалғыз ғана жол бар, ол – Ата Заңымызға өзгертулер енгізу, – дейді кешегі Мәжіліс спикері. – Ол үшін Парламенттің қос палатасы мен Президенттің келісімі қажет. Бүгінгі күні мұның өзі мүлдем мүмкін емес нәрсе.» Істің иінін, күрмеудің тү­йінін білетін адамның көңіл­сіздей сөзі – еріксіз сеніміңді сетінетіп, үмітіңді кемітеді... Бүгінгі шенеунік беделден жұрдай. Қызметіне бақылау жоқ. Қызмет бабын пайдаланбайтын, пара алмайтын, сыбайлас жемқорлыққа көнбейтін шенеунікті көрмеден де таппайсың. Мемлекеттік қызмет жүйесі: пара алмай – байымайтын, лауазым болмай – сыйланбайтын, сыбайластық жасамай – сенбейтін, жем­қорлық етпей – өспейтін тәсілмен түзілген. Қазір биліктегі сыбайлас жемқорлықпен – биліктің өзін күрестіріп қойған. Өз-өзімен күрескен палуанды көрдіңіз бе?!. Үгіт-насихат, жалынып-жалбарыну, ұялтып-қызарту, қорқытып-үркіту әдістері де бар. Билік «оң қолымен» алып, «сол қолымен» салып жатыр. Сыбайлас жемқорлық – биліктің өзіне қауіп төндіре бастады. Не істемек керек? Тез арада, шұғыл қимылдап, құқықтық реформалар жасау керек!.. Тағы да саяси реформасыз – құқықтық реформалар жасаудың мүмкін еместігі алдымызды кес-кестейді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сот саласында да, басқа құқық салаларында да реформалар жасауға талпыныстар болды. Әйткенмен, сырқат адамды емдеу үшін, алдымен, жалпы сауықтыратын дәрумендер салып, организмді тұтас тазартып алу қажет. Сол секілді қандай да бір реформа – саяси реформасыз нәтиже бермейді, сырқат адам күш-қуатын жинамай, ауруын жеңе алмайды... Айталық, «Прокурату­ра­ның тікелей міндеттерін айқын анықтап алу керек, – дейді бұрнағы Бас прокурор. – Прокуратура – Ата Заңымызға ғана бағынып, қолданыстағы заңдарды басшылыққа алатын тәуелсіз, әділ, алалап-бұрмаламайтын жоғарғы қадағалаушы орын ба, әлде, қылмыскерлікпен күресетін, белгілі қылмыстық істерді тергеумен айналысатын қылмыстық қуалаушылық органы ма? Қазіргі прокуратура дегеніміз – жоғарғы қа­дағалаушылықты да, қыл­мыстық қуалаушылықты да тиісті дәрежесінде атқаруға қауқары жетпейтін құрама ғана. Бас прокуратураның штат саны соңғы жылдары 2-3 есе өсті. Осы оң нәтижесін берді ме?..» Бұрынғы Бас прокурор Жа­қаң құқық жүйесінің жілігін шағып, майын ішкен майтал­ман маман. Сондықтан: «Билік тармақтарының жа­уап­кершіліктерін анықтап бөліп алып, халықтың қатаң бақылауын орнататын нақты тетіктер тауып, жүзеге асыр­масақ, бір орнымызда үйелеп тұра береміз!» – дейді тәртіпті сөйлеп, тиянақты ой қорытатын кешегі әскери прокурор. Біздің жеке тағдырымыздың да, тіпті, балаларымыз бен неме­релеріміздің күллі тағдырының да – қолданыстағы заңдар­дың талап-қуатымен емес, біреу­лер­дің көңіл-күйлеріне, туыс­­­тық-жуыстығына, дос­тық-қастығына, телефон әң­гі­ме­леріне байланысты ше­ші­ле­тін жағдайды қалай ғана жіберіп алдық, қалайша бай­қамай қалдық, деген ашу-ыза, уайым-қайғы іштей езіп-жаншиды, әрбірімізді... ...Бір заманда, бәлкім, Жақаңдардың қатарына басқа адамдар, жаңа толқын келер. Мүмкін мұны «үшінші күш» деп атаймыз ба, «құрылтай» дейміз бе, әйтеуір, ары тазалау, ниеті адалдау, бала-шағасының ертеңіне басы ауырып, балтыры сыздайтын адамдар бас біріктіріп, міндетті түрде Қазақ Елін жаңартып-жандандыруға ұмтылыс жасар... Бәлкім, бұл топқа саяси көз­қарастары әралуан адамдар шо­ғырлануы да кәдік. Басты мәселе – бетімен кеткен биліктің кеудесін басып, тәубесіне түсіру; жайылып жатқан жағдайдың етек-жеңін жинап, қалыпқа келтіруге күш салу. Арман-мұңы осыған сай­ған қазақтың бас оппо­зицио­нері былай дейді: «Еге­мендіктің 20 жылында халық билікке де, басқаға да сенуден қалды. Сондықтан біз жаңа тұжырымдамамызда: «Халыққа да, билікке де ең асыл қасиет – адамгершілік құндылықтарын қайтару керек» деп жаздық...» Жаңаөзен қасіретінің түйіні де қарапайым адамгершілік құндылықтардың табан­ға тапталуында жатыр. Жұ­мысшылар мен қожа­йын­дарының арасында келіс­пеушілік орын алды. Жұмысшының талабына құлақ аспай, кекірейген қожайын қолдан қарсылық туғызды. Келіспеушіліктің тамырын тауып, даудың күрмеуін шешу арқылы делдал болуға тиіс билік бірден қожайындарды қолдап шыға келді. Ақыры, жағдай ушығып, бақылау шеңберінен шығып кетті. Еліміздегі жаппай жұмыс­сыздық – кедейшілікке алып келді, кедейшілік – кикілжіңге сүйреді. Билік әр қадамын «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп», абайлап басуы керек. ...Қазір Жармахан ТҰЯҚБАЙдың биліктен өз ыр­қымен бас тартқанына 9 жыл толды. Осы жылдарда бірде-бір адам ашығын айтып, әділдік қуып, өз еркімен биліктен бас тартқан жоқ! Сірә, жаңа қазақ тарихында мұндай жүрек жұтқан батыл қадам мен бет қаратпас батырлық қасиеттің жалқы иесі – ұлтымыздың ұлағатты ұлы, қазақтың қаһарман перзенті Жармахан ТҰЯҚБАЙ жалғыз болып қалатын сияқты! Десе де, биліктің ұшар басында іші қазандай қайнап, тілін тістеген таза жігіттер де аз емес. Осыдан 10-15 жыл бұрын биліктің белгілі бір тармақтары мен кезеңдерінде шындық­тың ұшын шығарып, аз да болса, адал сөз айтуға мүмкіндік бар еді, болмашы ой еркіндігі бар еді – қазір оған қара құлып салынды. Бәрін белгісіз үрей билеген, қорқыныш қысқан. Билікке де, оппозицияға да көңілі қалған жұрт жолдан адасып, қайсыбір лаңкестердің құрығына түсіп жатыр... Билік жауапкершілікті сезініп, қоғам бақылау қоймаса, көңілсіз күніңнің көлеңкесі кетпейді. Шенеунік өзінен-өзі ақылға келіп, арына жүгінбейді. Мемлекеттік қызметте кадр таңдап-іріктеуден бастап, әрбір тағайындаудың бәрі халықтың алақанындағыдай айқын да, ашық болуы керек. Сонда ғана білімді озып, білікті өседі. Десе де, бұлай боларына: қазақ топырағында адалдық жеңіп, әділдіктің орнарына сенудің өзі қиямет. Ал, еліміздің Бас демократы: «Біздің елімізде бәрі де болуы мүмкін!» – деп, үміт шырағын үрлейді... Біздің тілегіміз де Жақаңның ниетімен сабақтас: «Біздің елімізде тек қана жақсылықтар болсын!». «Таңдау мезгілінің» майтал­ман-марқасқасымен басқаша болуы мүмкін бе?!. Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, «Қазақ Елі» халықтық қозғалысының төрағасы