«Ақ жол» фракциясы 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын қолдамады
2024 ж. 30 қазан
85
0
«Ақ жол» фракциясы 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын қолдамады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында партия лидері Азат Перуашев мәлімдеді.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің сөйлеген сөзін ұсынады.
***
Құрметті әріптестер!
● Президент Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы жолдауында бірнеше маңызды тәсілді атап көрсеткенін еске салған дұрыс деп санаймыз. Үзінді келтіре кетейін:
«Қазіргі кезеңде еліміздің қуатты өндірістік негізін қалыптастыру және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету ең маңызды міндет».
«Жаңа өндірістік саясат арқылы біз дамудың басқа сапалы үлгісіне көшуіміз керек» және т.б.
● Бірақ іс жүзінде ұсынған бюджет жобасында бюджет саясатының бағыттарында да, құралдарында да ерекше өзгеріс болған жоқ.
Иә, кейбір параметр бойынша процент өзгерген болар, алайда ол жақсы жаққа қарай емес.
Бірақ жеке пайыздарды емес, президент айтқандай негізгі тәсілдерді, экономикалық модельді өзгерту керек.
●Оның орнына Ұлттық қор қаржысының таусылуын ғана көріп отырмыз.
Егер биыл қаражат алудың ұлғаюын бұрын-соңды болмаған су тасқынымен және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалған шығындармен ақтауға болатын болса, одан арғы трансферттер көп күмән тудырады.
Мәселен, 2025 жылы 3 триллион 300 миллиард теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда.
Осы орайда, осыдан тура бір жыл бұрын үш жылдық бюджетті талқылағанда сіз бен біз, әріптес депутаттар, Үкіметтің 2025 жылдан бастап Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттерден толық бас тарту туралы жоспарын қолдағанымызды еске салуды қажет деп санаймыз. Біз бекіткен үш жылдық бюджетте 2025, 2026 жылдарда бұл бағанда 0 саны тұр.
Ал, енді нөлдің орнына, аяқ астынан 3,3 триллион шығын.
● Осы орайда, ҚР Бюджеттік кодексінің 23 б. тек екі жағдайда ғана Ұлттық қордан нысаналы трансферт жасауға рұқсат етеді: экономика құлдыраған кезеңде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды, қаржыландырудың балама көздері болмаған жағдайда әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін.
Алайда, үкімет дағдарысқа қарсы бағдарламасын да, өзгелердің барлығы бақылап отырған дағдарыстың бары туралы да мәлімдеген жоқ.
Ал, біздің ойымызша, қаржыландырудың балама көзі бар және "Ақ жол" фракциясы әрдайым бюджетті талқылаған кезде сол туралы айтып келеді. Ірі мұнай-газ жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімдердің (ӨБК) шарттарын жария етіп, қайта қараудан, банктерге әділ салық салудан бастап - квазимемлекеттік компаниялар мен "Самұрық-Қазына" қорының қазіргідей 10-12% емес, жоқ дегенде 70% деңгейіндегі ақылға қонымды кірісін бюджетке аударуына дейін.
● Тағы бір айта кететін жағдай, былтыр біз Ұлттық қордың активтерін 2025 жылы 80,7 миллиард доллар көлемінде жинақтауды қамтамасыз ету жөніндегі үкіметтің жоспарын бекіттік.
Енді біз 2025 жылы Ұлттық қорда 80,7 емес, 62,2 млрд болатына келісуіміз керек екен, яғни, 18,5 миллиард долларға аз.
Алайда, 18,5 млрд доллардың қайда кеткенін жария етілмейді, Ұлттық қордағы мұндай жетіспеушілік қайдан шықты, оған нақты кім жауап береді?
●Ия, былтырғы жылы бюджет жобасын басқа үкімет әзірлеген деп сылтауратуға болатын шығар, бірақ, "Ақ жол" фракциясын мұндай түсіндірмелер қанағаттандырмайды.
Министрлердің тегіне қарамастан, мемлекеттің экономикалық саясаты бірізді болуы керек, оған қоса үкіметтің бұрынғы да, бүгінгі де құрамы бір партиядан жасақталған.
Оған қоса, үкімет сүйенетін президенттің жыл сайынғы Жолдаулары бір-бірін жоққа шығармайды, керісінше, толықтырып, дамытып ғана отырады.
● Жалпы мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны да сұрақтар, тіпті алаңдаушылық тудырады.
Несиелерді өтеу және оларға қызмет көрсету шығыны 2025 жылы бірден 20% артып, 6,1 трлн теңгені құрайды. Бұл республикалық бюджеттің барлық түсімдерінің 38%-ын (Ұлттық қордан түсетін трансферттерді қоспағанда) құрап, мемлекеттің төлем қабілеттігінің тәуекелін арттырады.
Алайда, қарызға біреудің ақшасын уақытша алғанмен, әрдайым өзіңнің ақшаннан мәңгілікке қайтарасың.
Бұл ретте бюджет жобасында қарыз қаражатын қандай мөлшерлемемен, қандай мерзімге, қандай көзден тарту жоспарланып отырғаны туралы ақпарат ашылмаған. Бұл бюджет тапшылығын жабуды қоса алғанда қарыз алудың ашық еместігін көрсетеді.
Ұлттық қор жағдайындағыдай, мұндай тәсіл мен мұндай тәбетті бекітіп, яғни, заңдастырып беруді ұсыну белгілі бір күмән тудырады.
● «Ақ жол» демпартиясын, әсіресе, құлдырап кеткен шығынға жұмсалатын шығыстың ұлғаюы мен кіріс базасын құрайтын қаржыландырудың қысқаруы арасындағы алшақтықтың өсуі алаңдатады.
Осылайша, әлеуметтік салаға шығысты 15%-ға – 2024 жылғы 9,9 триллионнан 2027 жылы 11,4 триллионға дейін арттыру ұсынылды.
Ал, нақты секторды қаржыландыруды керісінше 30 пайызға дерлік – 3,1 триллионнан 1,8 триллионға дейін қысқартуды ұсынып отыр.
Мұның бәрі экономиканың негізгі принципіне қайшы келеді. Өндірістің симметриялық өсімінсіз шығынды ұлғайту - инфляциялық бомба және импортқа тәуелдікті нығайту саналады.
Демек, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеруді жалғасып, несиелер бойынша тонаушылық пайыздар сақталып, мұндай пайыздық мөлшерлемедегі инвестиция тиімсіз болып, теңге бағамы тұрақсыз болатынын білдіреді.
Біздің ойымызша, мұның барлығы президент айтқан қуатты өндірістік негізді қалыптастыру, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету немесе дамудың сапалық үлгісіне көшу міндеттеріне сәйкес келмейді.
Одан бөлек, мемлекеттің бюджеттік саясатындағы мұндай ауытқудың заңды салдары байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықтың одан әрі ұлғаюына әкеп соғады.
● Шағын және орта бизнесті қолдау тәсілі де өте парадоксалды және түсініксіз болып көрінеді.
Осылайша, басым жобаларды кредиттеу үшін (087-бағдарламасы бойынша) қаржыландыру 2025 жылғы 198 млрд теңгеден 2027 жылы 263 млрд теңгеге, яғни, 30%-дан астамға дейін өседі.
Бұл ретте қаржылық қолдау шарасын алатын кәсіпкерлік субъектілерінің санын биылғы 2024 жылдағы 7 мын субъектіден 2025 жылы 1 мынға және 2027 жылы 1300-ге дейін, яғни, бірден 6 есеге дейін қысқарту ұсынылады!
Егер басымдықты өзгерту және кез келген кәсіпкерлерді қолдаудан іріктелген, әсіресе серпінді және қуатты кәсіпорындарды қаржыландыруға көшу туралы айтатын болсақ, бұл қайшылықтың түсіндірмесі болар еді.
Бірақ бұл болжамды дәл осы кәсіпорындардың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлары жоққа шығарады. Биылғы 3 мыңнан 2027 жылы 1100 жұмыс орнына дейін - бір кәсіпорынға 1 жаңа жұмыс орнынан да аз.
Бұл серпінді немесе ерекше маңызды жобалар емес, барлығы бұрынғыдай. Бірақ енді 7 мың кәсіпорын емес, 1 мың, есесіне 7 есе көп қаражат алады.
Бұл «таңдаулық» кейбір таңдаулылар үшін бәсекеге келмейтін артықшылық туғызатыны анық және құжатта атымен жоқ бағдарламаны реттеуді теңшеуді қажет етеді.
Жалпы, ұсынған құжатта идеялардың ғана емес, шын мәнінде өзгеріс жасауға деген ерік- жігердің де аздығы анық көрініп тұр.
● Біз бірқатар салаларда позитивті нәтижеге қол жеткізген Үкіметтің ерік-жігерін көріп отырмыз, ол туралы, мысалы, кешегі Үкімет жиынында да айтылды.
Алайда, жоғары аталған қайшылық бұл нәтиженің қалыптасқан жағдайға байланысты ғана болып жатыр деген ой қалыптастырады, оның басты кепілі бизнестің табандылығы мен іскерлігі.
● Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Ақ жол» фракциясы ұсынылған бюджет жобасын қолдай алмайды.
Үкіметтің практикалық жұмысы мына қағазда жазылған жобадан гөрі, бұдан да нәтижелі болады деп үміттенеміз.
Назар аударғандарыңызға рақмет.