ЖҰМЫРТҚА МАРЧЕНКОҒА ЛАҚТЫРЫЛУЫ КЕРЕК ЕДІ...

      Қазір еліміздегі әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының 58-ден 63-ке ұзартылуын ұсынған заң жобасына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовті жөнді-жөнсіз сөгу сәнге айналды. Мәселеге тереңірек мән берсек, аталған маңызды шаруада министрдің «кінәсінің» жоққа тән екендігін түсінер едік. Алдымен, Әбденов осыдан жарты жыл ғана бұрын министрлік орынтаққа жайғасқанда, зей­неткерлікке шығу жасы туралы былай деген еді: «Біздің елде қабылданған заң – халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған іс. Оны өзгертудің қазіргі кезеңде ешқандай қажеттілігі жоқ». Егер өзінің бұл жасты ұзартпаса болмайтындығы жайлы айрықша ұсынысы, бағдарламасы болса, дәлірегі – оны сондай жобаны іске асыру үшін үкімет әкеліп отырғызып жатса, ол сол кезде жариялар еді ғой. Бізде ешқандай мәселе атқарушы биліктің өз ішінде пісіп-жетілмей, шешім қабылданбай сыртқа жария етілмейтіндігі белгілі. Ендеше, Серік Әбденов министр болып келгеніне жарты жыл өтер-өтпестен бастапқы ойына мүлде кереғар қорытындыға келді деу қисынға симайды. Себебі, ол аталған министрлікте сонау 2004 жылдан бері қызмет істеп келеді. Вице-министр де болған. Тек кейінгі үш жарым жыл Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Б.Сапарбаев секілді аса қарапайым, халыққа шын жанашыр басшының мектебінен өткен адам көпшіліктің мүддесіне қарама-қайшы бастама көтеруі мүмкін емес. Бұл «реформаның» бастауы 2012 жылда жатыр. Біз әдетте Президент Жолдауларын зер салып, зейін қойып оқымаймыз. Осынымыз бекершілік, өйткені, көп мәселе сол жерде көтеріледі. Әсіресе, онда айтылған ойдан гөрі – айтылмаған ойдың салмағы маңыздырақ. Сондықтан, мұқият оқып-үйренгеніміз жақсы. Жолдауға кездейсоқ сөйлем тұрмақ бір де бір сөз кірмейді (солай болуы тиіс), оны жазатындар ойланып жазады, оны тексеретін лауазымдылар тағы бар, ең ақыры, Елбасының өзі де терең сіңіріп алмай, ел алдында оқымаса керек. 2012 жылы қаңтардағы Жолдауында Президент: «Қазақстан посткеңестік елдер арасында бірінші болып жинақтаушы зейнетақы қорын табысты түрде енгізді. Салымшылар саны 8 млн. адам. Жинақталған қаржы қоры 17 млрд. долларды құрайды. Сонымен қатар, бүгін салымшылар зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына әсер ете алмайды, сол себепті оған алым (салық) ретінде қарайды. Жекелеген зейнетақы қорларының басшылары болса, ол қаржыны өзінің жеке дүниесіндей көреді және акционерлердің шығынын жауып, солардың мүддесіне қызмет етеді. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, бірінші жарты жылдықтың соңына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстарын даярлауы шарт» деген еді. Бұл не деген сөз? Бұл – «жинақтаушы зейнетақы қорын табысты түрде енгіздік» десек те, оның соншалықты мақтанатындай табысты емес екендігіне биліктің көзі жетті, соны жөндеудің қамына кірісейік, деген сөз. «Бұл саладағы реформа ойлаған мақсатына жете алмады» деген әңгіменің көтеріліп жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Жаңаша жүйенің «атасы атанған» Чили мемлекетінің өзі одан бас тартуға мәжбүр болғаны аталмыш жобаның қаншалықты «сәтті» ойлап табылғанынын айғақтаса керек. Президенттің өзі бұл өзгерістердің орындалу уақытына дейін көрсетіп, үзілді-кесілді талап еткен ұсыныстар былтыр өз уақытында жасалды ма? Жоқ. Демек, үкімет ол мәселені шешуге қауқарсыз болып шықты. Президент енді не істеуі тиіс? Ол тағы да тапсырма берді, бірақ, бұл жолы нақты мерзімі көрсетілген жоқ. Сол 2012 жылдың желтоқ­санындағы кезекті, 2013 жылға арналған Жолдауында Президент зейнетақы қоры жайлы ашып ешнәрсе айтқан жоқ. Айтылғаны мынау ғана: «Біздің қоғамда заман ауыртпалығын жеңе алатындай әлеуметтік саясатқа деген сұраныс өсіп келеді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, дүние жүзінде бесаспап әрі идеалдық әлеуметтік саясат жоқ. Азаматтарының бәрін бірдей қанағаттандыратындай әлеуметтік жүйесі бар бір де-бір қоғам тағы жоқ. Әлеу­меттік қауіпсіздік пен біздің азаматтарымыздың тоқшылығын шешу мәселесі – бұл әрбір қазақ­стандыққа қатысы бар өте ауыр да, жауапты тірлік. Сондықтан, бұл жерде іс-әрекеттің бәрі мұқият ойланып жасалуы тиіс. Әлеуметтік саясаттың ұстанымдары бойынша, мемлекет қоғамның осал қабаттарындағыларға – зейнеткерлерге, мүгедектерге, еңбекке жарамсыздарға, ауру балаларға және т.б. – адрестік қолдау көрсетудегі жауапкершілікті толық өз мойнына алады. Әлеуметтік және зейнетақы жүйесін үнемі жетілдіріп отыру, аналар мен балаларды жан-жақты қорғау қажет». «Ақылды адам абыроймен шығатын жағдайға – дана адам тап болмайды» деген бір жақсы сөз бар. Мемлекет басшысының жағдайдың күрделілігін түсініп: «Көп болып жол табайық, абыроймен шығайық мына жағдайдан, мұқият ойланып жасаңыздар» деп, қолма-қол берген тапсырмасын үкіметіміз қалай орындады? Үкімет тығырықтан шығудың баламалы жолдарын іздестіріп, басын ауыртып, жанын қинағысы келіп отырған жоқ, оны тағы да халықтың мойнына іле салғысы келіп отыр. Бұндай таптаурын да оңай жолмен жүріп отырған бұл біздің бірінші үкімет емес қой, соңғысы да болмас... Әйтпесе, посткеңестік елдердің бәрі дерлік, оның ішінде Кедендік одақтағы өзімізбен бірге Ресей мен Беларусь, Украина, тіпті біз «күнін көре алмай жүр ғой байғұстар» деп, бәріміз бірдей халқына жанымыз ашып, аянышпен қарайтын Қырғызстан мен Өзбекстанның үкіметтері ерлерге 60, әйелдерге 55 жасты көтермей қалай ұстап отыр, осы жайлы бір мезгіл ойлануға болмай ма? Солардан барып үйренуге намыстанамыз ба? Айтпақшы, осыдан біраз жыл бұрын да зейнеткерлік жас­ты әйелдерге 55-тен 58-ге, ер адамдарға 60-тан 63-ке көтерер кезде де біздің үкіметіміз бюджеттің қамын ойлаушы болып көрінген еді. Тарихтың қайталанатыны заңдылық қой, ендеше, осымен тоқтаса да шүкір деңіз. Еуропаның дамыған кейбір елдерінде еркектер 67-68 жасқа дейін жұмыс істейді, тағы бірер жылдан соң бұл заңымызға да өзгеріс енгізіп жатсақ, таң қалып жүрмеңіздер... Үкіметтің айтар уәждерінің ең үлкені – біз әйелдердің зейнетке шығар жасын көтермесек, бюджет тапшылығы 2023 жылға қарай 19,6 млрд. долларды құрайды екен. Мемлекет ондай шығынды көтере алмай, «құлайды екен»... Біріншіден, Зейнетақы қорлары қауымдастығының президенті Айдар Әлібаевтың есептеуінше, бұл қаржы былай есептелуі тиіс: 2012 жылғы ресми статистикалық мәліметтер бойынша жасы 58-ге келген еліміздегі әйел саны 78 758 адам. Орташа зейнетақы – 40 300 теңге. Егер заң жобасы қабылданса, әйелдердің 2014 жылы 58 жарым жаста зейнетке шыққаны есебінен үнемдейтініміз 5 млрд. теңге болады. Ол 2023 жылға қарай үнемдейтін қаржымыз барлық факторды қоса есептегенде 365,1 млрд. теңгеге немесе 2,4 млрд.долларға жетеді екен. Бірақ, бұл Г.Марченко мырза елдің бәрін қорқытқан қаржыдан 8 есе аз ғой! Оны біздің бюджетіміз көтере алады ғой, яғни, «құлап қалмауға» шамасы әбден келеді! Одан бөлек, 2012 жылғы мемлекеттік органдар мен мекемелердің, жергілікті атқару органдарының жалпы сатып алу сомасы 4,3 трлн. теңгені құраған. 2013 жылы ол 10 пайызға ғана өскеннің өзінде 4,73 трлн. теңгеге тең. «Самұрық-Қазынаның» биылғы жылға шығарып отырған 3,5 трлн. теңгесімен қосқанда 8,23 трлн. теңге болды. Осы қаржының бюджетке әдейі артығымен есептелетіндіктен, игерілмей қалатын жағдайымен қоса есептеп, 10 пайызын ғана үнемдесек, 823 млрд. теңге немесе 5,5 млрд. долларды құрайды. Ендеше, біз бір жылдың ішінде-ақ Г.Марченко мырзаға «керек» соманың 28 пайызын тауып алдық қой! Тіпті шенеуніктерге 5 па­йызы кеткеннің өзінде де қалғаны А.Әлібаев мырза есептеген (дұрыс есептегенін көріп отырмыз), 10 жылда үнемдейтін қаржыны жабуға жетіп жатыр. Мейірім-қайырымды ұмытпай, жатпай-тұрмай тер төгіп, зерделеп-зерттеп, талмай іздесек, еліміздегі орташа өмір сүру жасы 71-ге тең апаларымызды зар еңіретпей, резерв көзін табуға мүмкіндік әбден бар екен! Бұл хикая қалай аяқталуы мүмкін? Біріншіден, халықтың реакциясын көріп отырған (егер «көзі көріп, құлағы естісе») сенат оны артқа қайтаруы ғажап емес. Рас, оның бұлай етеріне үмітіміз өте аз... Екіншіден, оны Президент қол қоймастан, Конституциялық Кеңеске жіберуі ықтимал. Бұл да «абыройды сақтап қалудың» бір жолы. Сол арқылы «әлі уақтысы келмеген» бұл заң бірнеше жылға шегеріле тұрады. Бізде Жер кодексі де алғашқы ұсынылғанда, халықтың қатты наразылығын тудырғаннан кейін билік оны жылы жауып қоя салып, біраз жыл өткен соң, жарыққа қайта алып шыққан болатын. Қазір де осы заң жобасын ұсынғандар мен оны қолдаған Мәжіліс депутаттарына халықтың өкпесі қара қазандай... Басқа-басқа, өздерін ымырасыз оппозиция, халықтың жалғыз ғана қорғаушысы етіп көрсеткісі келетін Косаревтың халықтық коммунистер партиясы да кешегі дауысқа салған кезде толығымен қарсы шығуға жарамады. Олардың қатарынан екі адам – Владислав Косарев пен Галина Баймаханова ғана қарсы дауыс берсе, қалғандары қалыс қалды. Тіпті, оппозициялық партияларда қабылданған тәртіпке сай императивтік мандат (партия басшысы қайда болса, қатардағы депутаттар да сонда) бойынша дауыс беруден бас тартқандары да түсініксіз. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» немесе «ұялған тек тұрмас» дегендей партия жетекшісі: «Біздің депутаттардың қалыс қалғаны – қарсы дауыс бергенмен бірдей» деп бұлталақтады. «Егер ол екеуінің дәрежесі бірдей болса, екеуіне екі бөлек дауыс беріп не керегі бар?» деген сұраққа депутат әлгі жауабын қайталаудан танбады... Басқа депутаттар Григорий Марченко мен Серік Әбденовтің сөзіне иланғансыды. Алданғысы келіп отырған адамдарды – алдау қиын ба?.. Жалпы, осындай кезде «мұндай қолбала парламент керек пе өзі?» деген сұрақ тағы да еркіңнен тыс тілдің ұшына оралады. Біз әлі де ескі сарынмен депутаттарды – «халық қалаулылары» деп әспеттеп жатамыз, халқының мұңын-зарын естігісі келмейтін қайдағы қалаулы?!. Негізі, қарағандылық әдепсіз журналист шын халықшыл болса, басы артық жұмыртқаларын министр С.Әбденовке емес, банкир Г.Марченкоға қарай лақтырып, «жалатып-жазалауы» керек еді. Қазақтың: «Айран ішкен – құтылды, шелек жалаған – тұтылды» дегені осы да... Біздің шенеуніктер, әдетте, өздері құдайдай табынып, үлгі тұтатын батыста, шын мәнісінде, қариялар зейнетке шыққаннан кейін жердегі жұмақта өмір сүргендей болады. Бұл елдерде қарттарға барлық жағдайлар жасалған. Қай мемлекет, қандай қо­ғамның да шынайы бет-бейнесі – қарттары мен балаларына қарым-қатынасынан айқын көрініп тұрады. Біз қандай қоғам құрмақ­шымыз?.. Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ