“Ақ жол” Демпартиясы “Парламенттік тергеу туралы” заң жобасын әзірлеп, Үкіметке сараптамаға жіберді
2023 ж. 20 қыркүйек
1796
0
“Ақ жол” Демпартиясы “Парламенттік тергеу туралы” заң жобасын әзірлеп, Үкіметке сараптамаға жіберді.
Бұл туралы партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Ақ жол» фракциясынан Республика Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа жолдаған сауалында мәлімдеді.
***
Заңсыз шығарылған капиталды қайтару туралы заң жобасы Мәжілісте қаралғанда, парламенттік тергеу функциясының қажет екеніне тағы да көзіміз жетті.
«Ақ жол» демпартиясы мұндай ұсыныстарды «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасына 2013 және 2020 жылдары ұсынғанда, Үкімет соған үнемі қарсы болып, тосқауыл қойып отырды.
Ал, еліміздің демократиялық дамуының өзі бұндай институтты талап етуде.
Негізінде, барлық дамыған және өзге де мемлекеттердің парламенттеріне тергеу құзыреті берілген. Мәселен, парламенттік тергеуді Америка Құрама Штаттарының Конгресі мен, Ұлыбритания парламенті кеңінен қолданады.
Германия, Италия, Испания, Чехия, Польша, Литва, Оңтүстік Корея, Жапония, көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінде парламенттік тергеу және бақылау туралы арнайы заңдар мен регламенттер бар.
2016 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы да «Парламенттік тергеу туралы» үлгілік заңын қабылдаған болатын.
Осыған байланысты, капиталдарды қайтару бойынша заңын жақында болған талқылауға сай, өз бастамамызға қайта оралып, «Ақ жол» Демпартиясы, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Құқықтық актілері туралы» заңдарына сәйкес әзірлеген, парламенттік тергеу туралы заң жобасын сондай-ақ оған түсіндірме хатты қоса, үкіметке сараптамаға жіберіп отырмыз.
Заң жобасының мақсаты - демократиялық институттардың халықаралық тәжірибесін енгізу, қоғамдық және парламенттік бақылауды күшейту; өкілді, атқарушы және сот биліктері тармақтарындағы тежеу мен тепе-теңдік балансын қалыптастыру; резонансты оқиғалар, сондай-ақ, соларға байланысты және қоғамнан жасырылаған болуы мүмкін фактілерге қоғамдық-саяси жағынан да баға беру сияқты қағидаттарды іске асыру.
Парламенттік тергеу институтын енгізу туралы бастама - Президент Тоқаевтың «Күшті президент – ықпалды парламент - есеп беретін үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары