«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қатаң сынға алып, оның қабылдануына қарсы дауыс берді

«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қатаң сынға алып, оның қабылдануына қарсы дауыс берді

Бүгін парламенттің бірлескен отырысында «Ақ жол» лидері Азат Перуашев Үкіметтің 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қатысты «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының ұстанымын жариялады. 

«Қазақ үні» партия ұстанымыны  толық нұсқасын ұсынады. 

***

«Ақ жол» фракциясы Үкіметтің есебін қолдамайды және біз оған қарсы дауыс береміз. 

Бірінші себеп - Кірістердегі күмәнді жетістіктер.

Үкімет есебінде бюджет кірістері артығымен орындалды деп отыр.

Оның негізінде салық түсімдерінің 42%-ке және уақытша тартылған қаржының 13%-ке артуы жатыр. Салық түсімінің 42%-ке артуы деген не?

Негізгі себеп – мұнай бағасының өсуі, нәтижесінде бюджет кірісіндегі өндіруші салалардың үлесі 46%-ке дейін артты.

Бірақ, сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11%-ке дейін төмендеді.

Салық түсімдерінің өсуінің басқа себептері ретінде салық ставкаларының артуы және салықтық әкімшілендірудің жақсаруын атап өтті.

Өкінішке орай, кәсіпкерлер бұл терминдердің астарында не жасырылғанын жақсы біледі.

Үкімет кез-келген мінбеден бизнеске тексеру мен қысымды азайтып жатқанын мақтанып айтуда. Ал, шын мәнінде жағдай мүлдем басқа.

2022 жылы мемлекеттік кірістер органдары 20 мың салықтық тексеру жүргізді, бұл алдыңғы жылға қарағанда 24 пайызға артық.

Кәсіпкерлерге 677 млрд теңгеге қосымша салық салынды, бұл алдыңғы жылдан 2,5 есе артық.

Салық жүйеміздің репрессиялық саясатқа көшіп бара жатқанын ашық айту қажет. Мысалы, салық органдарының мәмілелерді жарамсыз деп тануы кесірінен, мыңдаған кәсіпкерлер қайта салық салуға ұшырауда, небәрі екі жылдың ішінде мұндай фактілердің саны 3 есе өскен. 

Мұндай фискалды саясатпен жақын арада бюджетті толтыратын ешкім қалмайды, керісінше инвестициялық саясат тәуекелге ұшырап, бизнес-климаттың беделіне нұқсан келеді.

Ең сорақысы, - қарапайым табысы бар кәсіпорындар қысымға ұшырап, ал жөнсіз жоғары табысты секторлар «тиісуге болмайтын» болып қалуда.

Банктерге түсетін салық салмағы - оларға бүкіл экономика, яғни, мемлекет, бизнес пен халық төлейтініне қарамастан, небәрі 2-ден 5-ақ процентке дейін құрайды. Пандемия кезінде де, экономика әлсіреген тұста, банктердің кірісі тек өскен болатын. 

Олардың бюджетке қосқан үлесі (428 млрд теңге) өнеркәсіптің, құрылыстың немесе көлік саласы үлесінен аз, тіпті кәсіби және ғылыми қызметтен де кем (578 млрд тг.). Ал, банкир мен ұстаздың табыстарын салыстырып көріңіз.

Мұнай-газ саласының мемлекетке әкелетін табысы да күмәнді. Ең ірі кен орындары бойынша шетелдік инвесторлар СРП режимінде жұмыс істейді, ал біздің Үкімет Қазақстан осы Келісімдерге сәйкес мұнай сатудан қандай үлес алатыны туралы ақпаратты жария етуден бас тартуда.

Бұл келісім-шарттар әділ болса, инвесторлар мақтанып, оларды ашуға өздері мүдделі болар еді. Тек олар Қазақстан үшін тиімсіз болғанда ғана ондай ақпаратты ашуға қарсы болуы мүмкін

Уақытша тартылған қаржының ұлғаюына келетін болсақ, бұл шын мәнінде бюджет үшін табыс емес, қарыз екенін түсіну керек.

Мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ішкі өнім өсімінен әлдеқайда жоғары. Осылайша, бір жылда мемлекеттік қарыз 18 пайызға өсті. Соңғы 10 жылда сыртқы қарыз 7 есе өсті (2012 ж. – 3,6 трлн. теңге, 2022 ж. – 25,3 трлн. теңге). Қарызға байланысты шығындарының жүктемесі 9 есе өсті (2013 жылғы 177,3 млрд. теңгеден 2022 жылы 1,6 трлн. теңгеге дейін).

«Ақ жол» фракциясы мұндай әдетті қолдауға әрине қарсымыз.

Үкіметпен келіспеуіміздің екінші себебі – бюджетті жоспарлауға жауапсыздық.

2022 жылға арналған республикалық бюджет қабылданғаннан кейін соған 8 рет түзету енгізілген. Сонда да, 162 млрд.теңгеге 2 түзету орындалмай қалды.

Мұндай жауапсыздық - бюджеттік тәртіптің күйреуі деп санаймыз. Жеке компанияда мұндай «жоспарлау» үшін жауапты менеджмент жұмыстан шығып кетер еді.

Мемлекеттік қызметкерлер де халық ақшасын басқаруды сеніп тапсырған менеджерлер. Бірақ үкіметтің солардың көзбояушылықтарын жазалағанын естіген жоқпыз.

Үшінші себеп – мұнайдан тыс бюджет тапшылығының артуы.

Былтырғы жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде мұнайлық емес тапшылық бекітілген 7 трлн теңгенің орнына 9,3 триллион теңгеге, яғни 25 процентке дейін ұлғайтылды. 

Ал, бұзылған 8,1 пайыздық тапшылық шегін 10,2 пайызға көтеріп, айналып өтті.

Бұл «бармақ басты, көз қысты» деп аталады.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық экономика министрлігі президент Қ.Тоқаевқа 2022 жылы мұнайлық емес тапшылық 5,1%-ке дейін төмендейді деп уәде берген болатын. Бірақ шын мәнінде, ол керісінше, 2 есе өсті.

Ал, парламентке оны қабылдап, сол арқылы заңдастыруды ұсынуда.

Ақ жол фракциясы мұндай өтірікті өз мойына алғысы келмейді.

Төртінші себеп - Ұлттық қорды талан-таражға салу 

Жоғарғы есеп палатасы атап өткендей, Ұлттық қордың қаражаты бекітілген тұжырымдама мен экономикалық дамудың сипатына қайшы жұмсалуда.

Үкімет Ұлттық қордан бөлінген қаражатты стратегиялық мақсаттардың орнына ағымдағы күн көріске - зейнетақы, әлеуметтік шығындарды төлеуге, тіпті несиеге жұмсауда.

Сонымен қатар, ашық ақпарат бойынша, былтырғы жылдың нәтижесінде Ұлттық қорды басқарудан 1 трлн 400 млрд тенге көлеміндегі рекордты зардап тіркелді.

Годунова ханымның мәліметінше, мұндай тәсілдермен Ұлттық қордың болашағы өте күмәнді.

«Ақ жол» фракциясы мұндай ысырапшылықты мақұлдауға әрине қарсы.

Бесінші себеп – квазимемлекеттік сектордың масылдық рөлі.

Бұл сектор жиырма жыл бұрын мемлекеттік кірістерді тиімді басқару мен арттыру үшін құрылған. Осы жылдар ішінде ұлттық компаниялардың аяққа тұрып, пайда табатын кезі келді. 

Кезінде Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік қаржыландыруды қысқартып, бюджетке квазимемлекеттік сектордың үлесін арттыруды тапсырған. 

Оның орнына былтыр квазимемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыру көлемі 38%-ға өсті (722 млрд теңгеден 1 трлн астам теңгеге дейін).  

Дегенмен, халық үшін соның нәтижесінің өзі өте күмәнді. 

2020 жылы Мемлекет басшысы ұлттық компаниялардың табысының 100 пайызын бюджетке аудару туралы тапсырмасын берді. Бірақ іс жүзінде 12% ғана түскен.

Ал, «Самұрық-Қазына» қоры былтырғы жылы 1 триллион 600 миллиард теңге тапқан кірістен, - бюджетке 170-ақ миллиард теңге, яғни 10 пайыз ғана дивиденд төледі. 

Түсінесіздер ме? Мемлекет - холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөлсе, ал олар бюджетке 6 есе аз қайтарып жатыр.

Мемлекет мүддесі қайда қалған сонда?

Квазимемлекеттік сектор экономикамыздың 60%-ға дейінін құрайтынын еске сала кеткен жөн. Сондықтан, оның кірісі болмаса, парламент мемлекет есебінен қалыптасатын нақты қаржылық ағындардың бір бөлігін ғана көріп отыр. Қалған триллиондарды Үкімет пен ұлттық компаниялар өз қалауы бойынша, парламентке көрсетпей жұмсауда. Ал, сонда «ықпалды парламент» пен «есеп беретін үкімет» қайда?

Құрметті әріптестер.

«Ақ жол» демпартиясы өзінің саяси бағдарламасында нарықтық негіздерге қайта оралу үшін ұлттық еркін экономиканың кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет деп санайды.

Сондай-ақ:

● Мемлекеттің мүмкіндіктері бюджетпен анықталады, сондықтан барлық мемлекеттік қаржыны парламент бақылауына қайтару керек. Яғни мемхолдингтер мен ұлттық компаниялардың қаржылары республикалық бюджетке енгізіліп, және Парламентте бекітілуі қажет.

● Дәл солай, Зейнетақы қоры, Медициналық сақтандыру қоры және басқа да міндетті жарнасы бар, барлық қорлардың бюджеттерін парламенттен өткізуі керек. 

● Бүгін Парламент Үкіметтің жұмысын тек бюджетті игеру бойынша ғана бағалайды. Ал, қоғамға Үкіметтің тек қаржылық есебі ғана емес, оның алдында Үкімет күш-жігерін қандай мәселелерге бағыттайтынын, қандай нақты міндеттер қоятынын көрсететін саяси құжат та керек.

2007 жылға дейін «Үкімет туралы» Заңның 7-бабында Үкіметтің Парламентте нақты әлеуметтік-экономикалық мақсаттар бекітілетін іс-қимылдарының бағдарламасын қорғау шарты болған. Бұл шарт жасырын түрде алынып тасталды, содан бері Парламент Үкімет жұмысына тек бюджетті игеру бойынша баға беріп келеді.

Біздің ойымызша, аталған норманы қайтару қажет.

Сонда ғана президент Қ. Тоқаевтың ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкімет формуласы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, Ақ жол фракциясы конституциялық реформаны дамыту мен халықаралық тәжірибеге сәйкес, депутаттық бақылау барысында, Жоғарғы есеп палатасы анықтаған бюджет жымқыру және жемқорлық фактілері бойынша - парламенттік тергеу құқығын беруді талап етеміз.

Өкінішке орай, бұл қағидаттардың ешқайсысы Үкіметтің есебінде жоқ.

Жоғарыда айтқанымды ескере отырып, «Ақ жол» демпартиясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамайды және де соған қарсы дауыс береді.

Тыңдағандарыңызға рахмет.