Тарихта тұңғыш рет саяси оппозиция өкілі Мәжіліс вице-спикері болып сайланды
2023 ж. 29 наурыз
3461
0
Билік партиясының өкілі болып табылмайтын депутат тарихта тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері болып сайланды.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы барысында палата төрағасының екі орынбасары сайланды, - деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
Мәжіліс төрағасы вице-спикер лауазымына Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.
«Дания Мәдиқызы тәжірибелі экономист. Көп жыл басшылық қызметте, банк секторында жұмыс істеді. 7-сайланымдағы Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болып, заң шығару қызметіне белсене атсалысты. Өзін кәсіби маман ретінде көрсете білді», - деді Ерлан Қошанов.
Дания Еспаеваның кандидатурасын 94 депутат қолдады, бір депутат дауыс берген жоқ, 2 депутат қалыс қалды.
Бұл туралы «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев та өзінің телеграм каналына жазды.
- Әріптесіміз, «Ақ жол» демпартиясынан сайланған депутат Дәния Еспева Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері болып сайланды.
Мұндай жоғары лауазымға билік партиясының өкілі болып табылмайтын депутат тарихта тұңғыш рет сайланып отыр. Бұл шешім әріптесіміз бен жалпы «Ақ жол» демократиялық партиясының беделі мен біліктілігін айқын көрсетеді.
Дәния Мәдиқызын құттықтап, жаңа қызметте табыс тілейміз! - деп жазды А. Перуашев.