Тоқаев: Үкіметті жеңіске жеткен партия жасақтайды, жауапкершілік те сол партияға жүктеледі

Тоқаев: Үкіметті жеңіске жеткен партия жасақтайды, жауапкершілік те сол партияға жүктеледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партиясы ұсынатынын айтты, деп хабарлайды «Қазақ үні» тілшісі.

«Мен Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді.

«Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын. Сондай-ақ, өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» демпартиясы Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керектігінін бірнеше рет ұсынған.

- Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керек. Сонда бұл партия өз Үкіметінің жетістіктері мен кемшіліктеріне де жауапты болады, - деген еді биылғы жылдың 9-наурызында Азат Перуашевтың Алматыда өткен «Ақ жол» демпартиясы жақтастарының митингіде сөйлеген сөзінде.