САЙЛАУ НАУҚАНЫ КҮННЕН-КҮНГЕ ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ
2023 ж. 06 наурыз
1847
0
Биылғы сайлауға қызығушылық бұрынғыға қарағанда артқанын байқау қиын емес. Сайлау нуқанының бел ортасына да келіп жеттік. Депутаттыққа үміткер жеке тұлғалар мен партиялық тізімдер жасалды. Онда қай партиядан қанша үміткер ұсынылғаны айтылып, ресми түрде бекітілді. Партиялық және жеке үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастап, еліміздің барлық аймақтарын аралауда. Әрқайсысы сайлаушыларды өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, жақтастарын көбірек жинауға күш салып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен сайлаушылар тізімі де жасалды. Олардың дерегінше, сайлаушылар тізімін жасау барысында республика бойынша 12 032 550 дауыс беруші тіркеліпті.
ПАРТИЯЛАР САЯСИ БӘСЕКЕГЕ БЕЛ БУДЫ
Елімізде демократиялық қоғам орнату мақсатында парламент пен партиялық жүйеге жасалған саяси реформалардың әсерін бүгінгі сайлау науқаны кезінде байқай бастадық. Бұл саяси өзгерістер Мәжілістегі өкілдікті күшейтіп, партиялар арасындағы бәсекелестікке оң ықпал етті деуге болады. Алдымен партиялар үшін ең тиімдісі – тіркеуді жеңілдету болды, енді олар бұрынғыдай 20 000 жақтаушы емес, тек 5 000 қолтаңба жинаса жетіп жатыр. Бұл партиялардың кедергісіз тіркелуіне жол ашты. Партиялардың Мәжіліске кіру мүмкіндігі де артып келеді. Енді сайлауда кемінде үш депутаттық мандатқа кепілдік беретін 7 пайыздың орнына сайлаушылардың 5 пайызының қолдауын алу жеткілікті. Халық үшін маңызды мәселелерді көтеріп, тиісті күн тәртібін ұсынған партиялардың қай-қайсысы болса да қажетті дауыс жинай алады. Мысалы, биыл «Байтақ» және «Республика» атты жаңадан құрылған партиялар осы және басқа да міндетті талаптарды орындап, ресми тіркелгені белгілі. Сондай-ақ бұған дейін сайлауға бойкот жариялап, наразылықтарын білдіріп келген ЖСДП осымен екінші сайлау науқанына белсенді түрде қатысып отыр. Осыған қарап партиялар арасында бәсекелестік күшейіп келе жатқанын көруге болады. Партиялық тізімдерді ұсыну мерзімі аяқталғанына қарамастан, жаңа партияларды тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сондықтан болашақта тіркелетін партиялар келесі сайлауға қатысу үшін тәжірибе жинақтап, дайындық жасай беруіне болады. Мұның бәрі партиялық реформалардың дұрыс жолда екенін аңғартады және осы өзгерістер алдағы уақытта да партиялық саланың ұзақ мерзімді дамуына ықпал етуі тиіс. Биылғы Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихат сайлау додасына түскен, өзін-өзі ұсынған жеке тұлғалар да іске қызу кірісіп кетті. Жеке тұлға болсын, немесе партия өкілі болсын өзінің бағдарламасының өзгелерден артықшылығын көрсетуге тырысады. Өйткені ертеңгі сайлау қорытындысы осыған да байланысты болмақ.
ПІКІРСАЙЫСТЫҢ ДА БЕРЕРІ МОЛ
Сайлау ережесі бойынша өзгелермен пікірсайысқа түсіп жұртшылық алдында телеарналар арқылы өз мүмкіндіктерін көрсете алады.
«Qazaqstan» телеарнасының тікелей эфирінде партия өкілдері арасында алғашқы пікірсайыс та өтіп үлгерді.
Пікірсайысқа сайлауға түсетін 7 партия өз өкілдерін атаған болатын. Олар: «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев,
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев,
«Respublica» партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау,
Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков,
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев,
«Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев.
Пікірсайыстың да басты мақсаты – өзгелерді сұрақтың астына алып сүріндіру емес, өз бағдарламаларының артықшылығын дәлелдеу, халыққа дал қызмет етеіндіктерін көрсету. Енді біздегі Мәжіліске өтуден үміткер партиялардың пікірсайыс барысында білдірген ойларына назар аударып көрелік.
«АМАНАТ» ХАЛЫҚТЫҢ АМАНАТЫН ҚАЛАЙ ОРЫНДАМАҚШЫ?
«Ең біріншіден, «Amanat» партиясы ретінде әділетсіздікті жоюымыз қажет. Олигополияға жол бермей, ондағы барлық мәселені бірге талқылауымыз керек деп есептеймін. Жемқорлық түбімен жойылуы тиіс. Сонымен қатар әр отбасының, әр азаматтың табысын арттыруға атсалысумыз қажет. Әр отбасының табысын арттыру үшін біз лайықты жалақыны ілгерілетеміз. Сонымен қатар 100-деген кәсіпорын ашамыз, - деді партия хатшысы. «Amanat» партиясының атынан сөз сөйлеген Елнұр Бейсенбаев партия бағдарламасы шынайы түрде халықпен бірге жазылғанын және ел аймақты аралап миллионға жуық халықпен кездесу өткізгенін атап өтті.
Әр адам мемлекеттің қамқорлығында болуы қажет. Ауыр жұмыс істеп жүрген азаматтардың зейнет жасын төмендетуге атсалысамыз. Елімізде әрбір бала бақытты болуы қажет. Балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз етілуі керек, – деді «Amanat» спикері. Бейсенбаев апаттық жағдайлардағы және үшауысымды мектептерді жою керегін айтты. Сондай-ақ жастарға қолдау көрсетіп, жатақхана мәселесін толықтай шешетінін атап өтті.
«АҚ ЖОЛ» ӨЗ БАҒЫТЫН БЕРІК ҰСТАНАДЫ
Мәжілістің өткен шақырылымдарында да депутаттық фракциясы белсенді жұмыс істеген ақжолдықтар алдағы уақытта да сол бағыттарын ұстанатынын байқатты. Өткен шақырылымдарда саны жағынан аз болғанмен «Ақ жол» депутаттары Алаш идеясын, ұлттық идеологияны, кәсіпкерлікті қолдап, еліміздегі экономика мәселесіне қатысты жүздеген ресми сауалдар жолдағаны белгілі. Олардың көпшілігі кейін заң жүзінде іске асып, халықтың қолдауын тапты.
Сондықтан да болар «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов партия нақты жүйелі жұмыс атқаруы тиіс. екенін баса айтты. Respublica партиясының өкілі Сырымбек Тау «Ақжолдың» басшысының отырғанына 7 жылдан асып кеткенін және құрамның мүлдем өзгермейтінін айтып сұрақ қойды. «Қытайда қамалған қазақтарға ең бірінші болып араша түскен біздің партия. Тек соңғы екі жылдың ішінде Азат Перуашев заңға 500-дей түзету енгізді. Кәсіпкерлік кодекстің авторы да біздің партия. Біз партиядағы адамды ауыстыру керек екен деп жол жөнекей адамды термейміз. Партия – әлеуметтік желідегі әдемі сурет емес, жүйелі жұмыс, – деді «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов.
ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ КЕДЕЙЛІКПЕН КҮРЕСПЕКШІ
Пікірсайыстың бірінші кезеңінде ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, әр отбасы мемлекет қамқорлығында болуы тиіс. Алдымен Қазақстанда 3 млн. кедей және қайыршы адам бар екенін атап өтті. Сондықтан елдің байлығы мен билігі Қазақстан халқына тиесілі болатын Әділетті қоғам құру қажет. Асылбеков заңды дайындайтын институтты Мәжілістің құрамына енгізуді ұсынды. Атқарушы билік атқарушы билік болып қалуы керек. Ұлттың қауіпсіздігі мен мемлекеттік тілдің мәселесін шешу үшін қандастарды қолдап отырмыз, – деді Асылбеков.
«8 млн адам несиеден басын көтере алмай отыр. Біз кедейліктен күрес туралы заңды қабылдауды талап етеміз. Аналар мен балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға баса назар аудару қажет. Жаңа еңбек кодексін қабылдап, әр балаға 13 мыңнан 70 мыңға дейін өсіреміз. Әйел азаматтар 58 жаста зейнетке шығу керек. Ипотека 3 пайыздан аспауы тиіс, – деді партия спикері.
ХАЛЫҚТЫҢ ТҮБІНЕ НЕ ЖЕТЕДІ?
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев бірінші кезекте тегін медициналық қызмет, жұмыспен қамту, зейнетақы, жалақыны көтеру сынды мәселелерді назарға алу керектігін атады. Ол жемқорлықпен күресті басты назарға алу керек деп айтты.
«Жылдар бойы жаттанды сөз айтқанымен оның шешу жолдарын көрсетіп, ол бойынша жұмыс жасалынбады. Жемқорлық біздің түбімізіге жетіп, құртып барады. Сол себепті, онымен күресу жолын күшейту қажет» - Н. Әуесбаев.
АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНАН АРТЫҚ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ
Жаңадан құрылған «Байтақ» жасылдар партиясының да алдына қойған мақсаттары бар екен. Партия төрағасы Азаматхан Әміртай сайлауалды бағдарламасымен таныстыра келе бүгінгі экологиялық жағдайдың өте ауыр екенін алға тартты. Оны түзеу үшін көптеген заңнамалық ержелер қабылдап, оның қатаң орындалуын қадағалау қажет. Ол ауаны ластайтын кәсіпорындарға сын айтты. «Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті, зауыттарды дамытамыз деп 30 жыл бойы партиялар қолдау көрсетті. Дегенмен ең соңында не болды? Адамдарымыз ауруға шалдықты. Біз осы сайлау кезінде көптеген зауыттарға барып, араладық. Онда қаншама ауру адамдар бар. Тіпті, обыр ауруына шалдығып өліп жатқандар бар. Олардың жағдайын кім ойлап жатыр? Әр жұмыс, әр өңдіріс адамға бақыт әкелмейтін болса, бұл өндірістердің бізге не керегі бар?, - деді партия басшысы.
БІЗДЕГІ БІЛІМ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ
Ал «Respublica» партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау білім сапасына қатысты сын айтып, ауылдық жердегі білім мен қала білімінің арасы бес жылға ажырап кеткенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл саланы жемқорлық жайлап алған.
«Бірінші кезекте білімді көтеруіміз керек. Неге ауылдағы бала қаладағы баладан кем білім алады, оның кінәсі не деген сұраққа жауап бере ала алмай келеміз. Қазіргі таңда бірінші байлық денсаулық емес, білім болып тұрған заман. Жас партия болғандықтан, жастардың білімін көтеруді талап етеміз», - деді Сырымбек Тау.
АУЫЛДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫР
Негізінен аграрлы ел болсақ та ауыл шаруашылғы саласы ақсап жатқаны жасырын емес. Қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанмен олар нақты нәтиже бермеді. Ең соңы қолда бар санаулы малын жаятын жер таппаған қарапайым адамдар жылдар бойы қиналып келеді. Ауылдың артта қалуынан жастар қалаға ағылып, жұмыссыздар санын көбйтіп жатыр.
«Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығында мәселе көп екенін, елдегі қарапайым еңбек адамының мәртебесі тым төмен екенін алға тартты. Сонымен бірге «Еліміздегі 280 түрлі шаруашылықты салықтан босатуды көздеп отырмыз. Өйткені ауылды көркейтемін деген жастар аз» – деді Дайрабаев.
Ия, байқап отырғандарыңыздай, осы пікірсайыстың өзінен-ақ әр партияның алдына қойған өз жоспары бар екені көреміз. Тағы бір байқағанымыз, олардың түпкілікті мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту. Бұл дұрыс! Өйткені олар халық қалаулысы ретінде, бұқараның мүддесін қорғау үшін билікке бармақшы. Ал осы жақсы ниеттері мен жоспарларының орындалуын алдағы уақыт көрсететін болады.
Бек МЫРЗАҰЛЫ,
Қазақ үні