Тәуелсіздігімізді сақтау үшін еш нәрседен де аянбауымыз керек!

«Ақ жол» демократиялық  партиясының МӘЛІМДЕМЕСІ

  «Ақ жол» партиясы сан ғасыр қаны мен тері төгілген ата-бабаларымыздың аңсап кеткен арманының орындалуының жарқын көрінісі – Тәуелсіздігімізді баянды етіп, оның іргесін бекіте түсу, елді өркендету, халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекеттікті нығайту, Қазақстанның демократиялық дамуы және ұлтымызды жаhандық экономикалық тайталасқа дайын болуы бағытында қызмет жасауды өзінің басты мақсаты, қасиетті парызы деп санайды. Тәуелсіздік сан ғасырдан бері осы кең байтақ даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап, бізге табыстап кеткен батыр ата-бабалардан, өткен ғасырдың басында қазақ әлеміне шоқ жұлдыздай жарқырай шыққан, қазақ тарихында тұңғыш рет заманауи саяси партия мен үкімет құрған Алаш арыстарынан қалған Аманат!    Кейінгі кезде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің болашағына күмән келтірушілер шыға бастады. Әсіресе, мұндай пікір Қазақстан Кеден одағына қосылып,  Еуразиялық экономикалық одаққа  беттеп бара жатқан соң,  сырттан да, іштен де айтылуда. Әрине, одақтасың бұрынғы отарлаушы ел Кеңес одағының мұрагері Ресей империясы болғандықтан, олардың қауіптенуін түсінуге болады. 2013 жылдың 25 сәуір күні Астанада  Халықаралық деңгейдегі үлкен басқосу алаңы - XI Еуразия медиа форумына қатысып, сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев болашақ Еура­зиялық одақтың мүшелері өзге әлемнен оқшауланбайтындығына, барлық мем­лекеттермен белсенді ынтымақтастықты жалғастыратындығына сендірді. «Біз, әрине, «Бұл не қылған Одақ» деген сөз­дерді естиміз, бізге басқа елдерге барғанда, сұрақ қояды. Тіпті «Ресей тағы да империя жиюда, жаңа Кеңес Одағын құруда» деген байламдар ай­туда. Барып тұрған сандырақ! Біріншіден, бүгін әлемнің ақпарат құралдары алдында нақты атап көрсеткім келеді: Қазақстан өзінің жүздеген жылдық тарихында тұңғыш рет Тәуелсіздік алды. Біздің халқымыз өз тарихында алғаш рет еркін­дік дәмін, азаттық дәмін сезінді. Біз еш күмәнсіз, осы Тәуелсіздігімізді ешкімге беріп қойғалы отырған жоқпыз! Егер қандайда бір бірлестіктер еліміздің Тәуелсіздігіне, Ата заңына нұқсан кел­тірсе, біз дереу, сол сәтте-ақ ол ұйымды тастап шығамыз!»,- деп мәлімдеді. Президент бұл жерде  мәселе «таза экономикалық интеграция» тұрғысында болып отырғанын және ондай үдерістер бүкіл әлемде жүріп жатқанын баса айтты. Ол «соңғы ең көрнекі мысал» ретінде Еуропалық одақты атады. «Біз онда өте үлкен кемшіліктер, қателіктер көріп отырмыз, Біз ол қателіктерге жол бергіміз келмейді»,- деді. Осыған байланысты «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының Орталық кеңесі Президиумы мәлімдейді: 1)    Тәуелсіздік ешбір дүниемен, әлеуметтік-материалдық игіліктермен өлшенбейтін теңдессіз басты байлығымыз, баламасыз бақытымыз, ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздігімізді сақтау үшін еш нәрседен де аянбауымыз керек. 2)    Сол үшін «Ақ жол» партиясы Елбасының XI Еуразиялық медиа форумында айтқан қағидалы ұстанымын қызу қолдайды 3)    Еліміздің барлық саяси күштерін, азаматтарын, барша отандастарымызды ең басты құндылығымыз - Тәуелсіздігімізді қастерлеп, құрметтеуге, одан әрі нығайту жолында атсалысуға шақырамыз

 «Ақ жол» партиясының ОК Президумы

www.qazaquni.kz