Конституциялық реформалау үрдісінде оңды өзгерістер күтемін - сарапшы
2023 ж. 19 қазан
3216
0
2022 жылы елімізде конституциялық референдум өтіп, соның нәтижесінде Ата заңға бірқатар түзетулер енгізілген болатын. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Конституцияға 30 астам толықтырулар мен түзетулер енгізілді.
Осыған байланысты Сүлеймен Демирель университетінің Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы Исақұлов Ерғали Рахымбердіұлы "Қазақ үні" тілшісіне конституциялық реформа жөніндегі пікірімен бөлісті.
- Конституциялық реформа бүгінгі қоғамның сұраныстарына жауап бере ала ма? Ел көкейіндегі өзгерістер ата заңға енгізілді деп санайсыз ба?
- Өткен жылғы референдум ел тарихындағы елеулі саяси оқиға болғанын мойындау керек. Сонда да болса, рәсімделген конституциялық өзгерістер нағыз реформалық сипатта деп айта алмаймын. Әрине, бірнеше мәселелер бүкіл халықтық ашық талқылауға шығарылып, заңды бағасын алды. Референдум, ең алдымен, «тұңғыш Президентке» қатысты артықшылықтарды бекітетін нормалардың жойылуымен есте қалды. Басқа өзгерістер тек косметикалық сипатта деп айтар едім. Осы Реферемдумға дейін де Ата заңымызға бес рет ірі өзгерістер енгізіліп, алғашында барлығы 95 баптан тұратын заңның 64 бабына 100-ге жуық түрлі қосымшалар мен түзетулер жасалған болатын. Мені таң қалдырғаны, референдумнан кейін үш ай өтпей жатып, Конституцияға тағы да күрделіс өзгерістер енгізудің қажет болғаны. Және бұл өзгерістер бүкілхалықтық референдум нәтижесімен емес, Парламенттің шешімімен заңдастырылды. Референдумға шығарылған өзгерістердің мақсаты ретінде мемлекет басқарудың суперпрезиденттік моделінен арылу аталған болатын. Ал референдум негізінде енгізілген өзгерістердің сиясы кеппей жатып, Президент өкілеттігін одан ары күшейтуге бағытталған (мысалы, өкілеттік мерзімін 7 жылға ұзарту туралы) өзгерістер бекітілді. Менің ойымша, бұл «бір қадам алдыға – екі қадам артқа» сипатында.
- Конституциялық реформаға Қаңтар қасіреті себепші болды дегенмен келісесіз бе?
- Конституциялық реформалар - көптен ойда бар, өзекті мәселе ғой. Бірақ, өткен жылғы өзгерістердің енгізілуі мен олардың республикалық референдумға шығарылуына «Қаңтар қасіретінің» тікелей әсері бар деп санаймын.
- Конституциялық өзгерістер мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік әл-ауқатына әсер ете ме?
- Конституциялық өзгерістер әрине ел өмірінің барлық салаларына, әсіресе ішкі-сыртқы саясатына, тікелей әсер етеді. Бұл бағытта әлі шешімін таппаған көптеген проблемалық мәселелер бар. Солардың тек ел аузында жүргендерін қысқаша айтар болсам: мемлекеттік тіл мәселесі, сот әділдігінің тәуелсіздігі, сайлау заңнамасына қатысты проблемалар (мысалы, жергілікті басқару органдарының сайланбалығы), Парламент құрылымын реформалау, т.б. Жалпы, мен өзім жақын кезеңдерде конституциялық реформалау үрдісінде оңды өзгерістер күтемін.