Экономиканы жақсы жолға қойып, дамыту мемлекеттің басты назарында болу керек - сарапшы
2023 ж. 17 қазан
1442
5
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының профессоры, з.ғ.к. Исабеков Ақылбек Қашқынұлы «Қазақ үні» ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, конституциялық реформа жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті.
- Конституциялық реформа бүгінгі қоғамның сұраныстарына жауап бере алама? Ел көкейіндегі өзгерістер Ата заңға енгізілді деп санайсызба?
- Қазақстандық қоғам дамуы мен мемлекеттің жаңа жағдайдағы негізгі қырларын айқындау мақсатында халықаралық тәжірбиеге сүйенген конституциялық реформа жүргізу мәселесі жұмысын бастады. Президенттің өкілеттігін шектеп, Парламенттің құзыретін кеңейтіп отыр. Алғаш рет адам құқын қорғайтын омбудсмен институты енгізілді.Конституциялық кеңес жойылып, толыққанды конституциялық сот өз жұмысын бастады.Еліміздегі жаңаша бастау алған конституциялық реформа қоғамның сұраныстарына жалпы жауап береді және құқықтық негіз қаланды.Қазіргі таңда Конституциялық сотқа бір ай уақыт ішінде мыңнан астам адам өз өтініштерін жолдап, тоғыз іс өндіріске қабылданып, қаралып жатыр. Осы жағдайларды салыстыра қарағанда азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі кеңейді. Осы сәтті біз құқықтық өміріміздегі жаңа серпіліс деп айта аламыз. Президент Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді халық талқысына салып отыр. Естуші Үкімет қалыптасу үстінде. Референдум шын мәнінде аса маңызды демократиялық институт екенін жұртшылықтың көңілінен шығып отыр.Қазіргі таңда қоғамның басқа да сұраныстары көп, соның ішінде басты сұраныстарының бірі - әлеуметтік жағдайының түзелуі және оңалуы. Бұл бағытта да жер ресурстарының иесі – халық деп конституцияда нақты шегелеп көрсетілді. Халықтың атынан осы бағытты басқаруды мемлекет жүзеге асырады деп көрсетеді. Соның бірі жер асты қазба байлықтан түскен пайданың бір бөлігі Қазақстандық әр балаға тиесілі екендігі. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы шотына аудару ұсынылды. Бастысы ұсынылып жатқан бағыт пен қадам дұрыс. Конституциялық реформалардың ішіндегі ең өзектісі сайлау заңына енген өзгерістер. Парламентке және мәслихаттарға депутаттарды сайлау бұрын тек партиялық тізіммен іске асырылса,енді кезекте өзін-өзі ұсынуға,яғни можоритарлық бір мандатты сайлауға түсуге құқық берілгендігі саяси құбылыстың дүмпуі болып табылады. Қоғамның негізгі сұраныстары - саяси реформаның қалыптасуына құқықтық негіз қаланды. Әйтседе ел көкейінде жүрген барлық ұсыныс толық дерлік орындалды деп айта алмаймыз, бірақ уақыт келе жаңа реформалар жүйесімен орындалады және көш жүре түзеледі деп сенім артамыз.
- Конституциялық реформаға Қаңтар қасіреті себепші болды дегенмен келісесізбе?
- Қаңтардың конституциялық реформаға тигізген әсері міндетті түрде бар. Қаңтар оқиғасы еліміздегі ахуалды мүлде өзгертті. Болашақ жағдайымызды айқындайтын жаңа құндылықтардың қажеттігін туындатты. Қаңтар қасіретіндегі халықтың көтерген көкейтесті мәселелері қаңтар оқиғасына дейін президентіміздің жасап жатқан жолдаулары мен реформаларында көрініс тапқан болатын және халықтың талаптарына сай бағытта құрылған болатын. Осы жағдайға орай президентіміздің арнайы жолдауда айтылған бастамалары бүкіл саланы демократияландыруды талап етті және қойылған мақсаттар конституциянализмді одан әрі нығайтуға бағытталды. Осы аталған факторлардың міндеттерге жетуі үшін конституциялық реформа керек болды. Конституциялық реформа – мемлекетімізді одан әрі демократияландыру жолындағы маңызды тарихи кезең.
- Конституциялық өзгерістер мемлекеттің экономикалық,әлеуметтік әл- ахуалына әсер етеме?
- Мемлекеттерде экономикалық жүйенің негіздері көп жағдайда адам жəне азаматтардың əлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтар жүйесі арқылы анықталып, бекітіледі. Елімізде экономикалық қатынастар орталық қатынастар сипатында болып, осы уақытқа дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. ҚР Конституциясы экономикалық дамудың бағыттарын белгілеп, халықтың экономикалық сұраныстары мен мүдделерінің құқықтық көрінісі болды. Конституция қоғамның экономикалық ұйымдастырылуының құқықтық негіздерін бекіте отырып, экономикалық дамудың негізгі мазмұны мен жалпы бағытын анықтап, экономикаға конституциялық сипат берді. Ал экономиканы онтайлы конституциялық-құқықтық реттеу оның тиімді дамуын қамтамасыз етуіне негіз болады. Конституцияның шынайы мəнін анықтайтын негіздері ретінде оның экономикалық аспектісін айтуға болады. Конституция қоғамдық өмірдің барлық салаларын реттейді, соның ішінде экономика алдыңғы орында. Конституция өзінің мазмұнымен экономика негіздерін бекітетін немесе оған ықпал ететін көптеген нормалар мен басымдылықтардан тұрады. Ол əр түрлі мемлекеттік органдардың экономика саласындағы өкілеттілігіне, экономикалық дамудың норма-принциптеріне, шаруашылық субъектілердің мемлекет пен бір-бірінің арасындағы қатынастарға, меншікке жəне, ең бастысы адам жəне азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормаларды қалыптастырады.
- Елдегі экономиклаық ахуалды жақсарту үшін алдымен үлкен саяси өзгерістер керек деп жатады.Бұған көзқарасыңыз қалай?
- Тарихи деректерге сүйенсек, ұдайы дамып, жетіліп, өзгеріп отыратын мемлекеттік құрылыс пен қоғам өмірі конституцияның дамуына әкеледі. Экономикалық ахуалды жақсарту-маңызды міндет. Барлық халықтың әл –ауқаты ,әлеуметтік жағдайы экономикаға тығыз байланысты. Экономиканы жақсы жолға қойып,дамыту мемлекеттің басты назарында болу керек. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қаржыландырып, елімізде өнім өндіретін өнеркәсіп ошақтарының салынуын және өркендеуіне мелекет тарапынан қолдау қажет.
- Ата заңда әлі де түзелсе деген нормалар бар ма сіздің ойыңызша?
- Ата Заңға енген өзгерістер мен толықтыруларды бекіту үшін референдум өткізуді халық жаппай қолдады. Мұның өзі мемлекет тағдырына, елдің өркендеуіне әр азаматтың жауапты екенін түсінуі азаматтық ұстанымын айқындауы деп білеміз. Көпшілік үнін жеткізетін қоғамдық кеңес ретінде –Ұлттық құрылтай құрылды. Бұл конституциялық консультатаивті кеңесші орган болып табылады. Қоғамдағы болып жатқан мәселелерді бұл құрылтай тікелей президентке жеткізіп отыратын кеңесші орган болып табылады.
Бұл – билік пен қоғам байланысын жақындата түсетін үлкен мүмкіндік. Өзгерістің барлығы халыққа керек, олар оны күтіп отыр. Конституцияға енгізілген өзгерістің барлығы – тарихи дүние. Ол құқықтық, саяси жағдайдың бәрін өзгертеді. Бастысы, оның халыққа пайдасы болады. Егер заң маманы ретінде айтар болсам, бұл толықтырулар мен өзгерістер де халыққа қажет, елде саяси-экономикалық реформа жасауға мүмкіндік беретін нормалар баршылық. Бүгінгі таңда елімізде үлкен тарихи оқиғалар болып жатыр. Президенттің Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі барлық бастамалары өзекті және дер кезінде болып отыр. Оны қоғам күтіп тұр, ол болашаққа үміт сыйлайды. Қазіргі қазақстандық жүйе биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған.Жалпы, конституциялық реформа ҚР президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстанды шынайы демократияландыруға қарай жасаған нақты қадамдарының бірі болды деп нық айта аламыз.