Дос Көшім: Конституцияға әлі де көптеген нормаларды енгізу керек
2023 ж. 15 қараша
1408
0
Белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім былтыр елімізде өткен конституциялық реформа жөнінде «Қазақ үні» тілшісіне өз пікірін білдірді. Сұхбат аясында ол конституциялық реформа аясында президент Тоқаевтың ұсынған өзгерістерінің бірқатар қолдайтынын, алайда үлкен саяси өзгерістер әлі алда деп үміттенетінін айтты.
- Конституциялық реформа бүгінгі қоғамның сұраныстарына жауап бере ала ма? Ел көкейіндегі өзгерістер ата заңға енгізілді деп санайсыз ба?
- Жоқ. Бір ауыз сөзбен осылай деп жауап беруге болады. Ата заңға ену керек деген ел көкейіндегі көптеген өзгерістер енбей қалды. Бұл жерде президент Тоқаевтың өзінің ойлағаны, өзінің өзгерту керек деген мәселесі ғана енді. Ия, көптеген сұрақтардың ішінде, кейбір сұрақтарды мен өз басым қолдаймын. Мысалы, 16 өзгерістің алтауын мен қолдадым.
- Конституциялық реформаға Қаңтар қасіреті себепші болды дегенмен келісесіз бе?
- Әрине, конституциялық реформаға қаңтар қасіреті әсер етті. Содан кейін біз өзгеріс жасаймыз, жаңа Қазақстан құрамыз деп конституциялық реформа жүргізіп, халықтық референдум арқылы қабылдады. Егер қаңтар қасіреті болмаса, менің ойымша, мұндай мәселе көтерілмес еді. Бірақ, халықтың көкейіндегі барлық өзгерістерді Ата заңға енгізу керек еді.
- Конституциялық өзгерістер мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік әл-ауқатына әсер ете ме?
- Бұл мәңгілік сұрақ. Егер жақсы конституция болса, жақсы демократиялық ел болса экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамып кете ме деген. Көп жағдайда бұған жоқ деп жауап беріледі. Себебі, экономикалық және әлеуметтік дамудың басқа да шарттары бар. Ия, конституциялық өзгерістер белгілі бір түрде әсер етуі мүмкін. Бірақ, өзге де мәселелер бар. Сол жердегі биліктің мамандығы, менеджерлердің біліктігі, жер байлығы, мұнай қоры тағы сол сияқты. Сондықтан, конституциясы жақсы елдің экономикасы да жақсы болады деп саналмайды.
- Елдегі экономикалық ахуалды жақсарту үшін алдымен үлкен саяси өзгерістер керек деп жатады. Бұған көзқарасыңыз қандай?
- Үлкен бір саяси өзгерістер еш әсер етпеуі де мүмкін. Бізде саяси өзгерістер болған жоқ. Түбегейлі саяси реформа орын алған жоқ. Экономикамызды жақсартатын үлкен саяси өзгерістер әлі алдымызда шығар деп үміттенеміз.
- Ата заңда әлі де түзелсе деген нормалар бар ма сіздің ойыңызша?
- Менің өз көзқарасым, конституцияны қайта жазу керек сияқты. Қырық жамау болған конституция қаншама рет өзгеріске ұшырады. 95-ші жылы қабылданғанның өзінде, 96-шы жылдың өзінде ғана 18 өзгеріс енгізілген. Көптеген нормаларды енгізу керек. Жаңа Қазақстанды ескі конституциямен қалай жасаймыз?
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 5-маусымында Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтіп, көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізуді қолдаған болатын. Жалпы алғанда, референдум аясында 30-дан астам бапқа өзгерістер енгізілген.
Атап өту керек, Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы бұған дейін «Қазақ үні» редакциясына Қазақстан кәсіпкерлері ассоциациясының төрағасы Ермек Әбілдин де пікір білдіріп, өзгеріске ұшыраған баптардың маңыздылығы туралы айтқан болатын.
- Өзгерістердің айқын оң көрінісі – 6 баптың 3 тармағында қолданыстағы заңда «Жер және су қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мемлекет меншігі» деп жазылып тұр. Ал, жаңа редакцияда «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп көрсетілген. Бұл өте маңызды, дұрыс өзгеріс.
15 бапта «Ешкім адам өмірін өз бетінше қиюға һақысы жоқ. Өлім жазасы заңмен белгіленеді» делінге. Жаңа редакцияда «Ешкім адам өмірін өз бетінше қиюға һақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады» деп өзгертілген. Бұл да дұрыс. Адамға жанды беретін де, алатын да Жаратушы иеміз.
Біз сайлауалды бағдарламамызда бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан мәселе 43 бапқа қатысты. 43-і баптың 3-і тармағына толықтыру ретінде «ҚР Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде саяси партияға мүше болуына тыйым салынады» делінген. 4-і тармағында «ҚР Президентінің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметтері, квазимемлекеттік субъектілерде лауазымды басшылық қызметтерді атқаруға һақысы жоқ» деп көрсетілген.
Одан бөлек, Тұңғыш Президентке қатысты бапты да Ата заңнан алып тастап жатыр.
Адам құқықтары жөнінде маңызды өзгерістер енгізіліп жатыр. Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот болады. Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Өлім жазасы жойылады. Мұның барлығы азаматтардың құқығы мен бостандығына бағытталған маңызда қадам деп санаймын, - деген болатын Е. Әбілдин.