Қазақстан Президенті шекара маңындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды
2022 ж. 28 қараша
1547
2
Бүгін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы шекара маңындағы инфрақұрылымды жақсартуға ерекше назар аударуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Президенті елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бірлескен күш-жігерді бірнеше салаға жұмылдыруды керек екенін атап өтті. Осы орайда шекара маңындағы және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Шағын комиссияның негізгі міндеттерінің қатарында өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру әрі іске асыру жатады. Соңғы отырыс 2019 жылдың қазан айында өтті. Алайда коронавирусқа байланысты содан бері шағын комиссия аясында отырыстар болған жоқ.
Мемлекет басшысының пайымынша, аталған комиссияның кезекті отырысын жақын арада өткізу керек. Себебі талқылауды қажет ететін кейбір мәселелер бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, шекара маңындағы инфрақұрылымды жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара өткелдерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмысты қалыптасып келе жатқан трансұлттық дәліздерді назарға ала отырып жүргізу керек.