Президент мультибрендті автомобиль зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты
2022 ж. 15 қараша
1002
0
Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында Changan, Chery, Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Президентке жобаның төлқұжаты таныстырылып, 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылады деп жоспарланған зауыттың үлгісі көрсетілді. Зауыттың өндіріс аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Үш автокөлік маркасының әрқайсысы үшін дәнекерлеу және құрастыру жұмыстарына арналған жеке цех салынады.
Зауыт іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам көлік шығаруға жетеді. Инвестицияның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады. «Astana Motors» компаниясы 2200-ге жуық жұмыс орнын ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жобамен танысқан соң зауыт жұмысшыларымен әңгімелесті.
– Бұл жоба елімізге өте қажет. Сондықтан тәуекел дейміз. Зауыттың жұмысына сәттілік тілеймін. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырза биыл Қазақстанға келген кезінде келіссөз жүргіздік. Соның ішінде осы жоба туралы да әңгімелестік. Нәтижесінде, міне, бұл жоба іске асырыла бастады. Құтты болсын! – деді Президент.