Қазақстанның тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз - Си Цзиньпин
2022 ж. 14 қыркүйек
1015
1
Қытай Қазақстанның сенімді досы әрі серіктесі болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaquni.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа зор көңіл бөлетінін тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қытай Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болды және қала береді», - деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы қос елдің арасындағы қарым-қатынас жаңа тарихи бастау алғанына тоқталды.
«Дипломатиялық байланыс орнағалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы беріктік сынынан лайықты өткен қарым-қатынас үнемі жаңа мазмұнмен толығып, дамумен жемісін беріп келеді. Біздің елдеріміз бірқатар салалардағы ынтымақтастықтың авангардына айналды. Шекара мәселелерін алғашқылардың бірі болып шештік. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық үлгісін көрсетіп, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты алғашқылардың бірі болып дамыттық. Біз екіжақты қарым-қатынасты серпінді дамуға қол жеткізіп, Қытай дипломатиясында теңдесі жоқ мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығардық. Бүгінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи бастау алды», - деді Си Цзиньпин.