Мемлекеттік тілге миы жетпейтін Ерлан Ыдырысов қызметінен босатылды!..
2022 ж. 16 тамыз
2540
0
ЖИЫРМА ЖЫЛ КЕШІГІП ШЫҚҚАН ЖАРЛЫҚ
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Исландиядағы, Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды, деп хабарлайды Қазақ үні Ақордаға сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, осыдан 20 жыл бұрын, 2002 жылы сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Идрисов «Егер сіздер менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрена алмаймын» деп («Если вы мне не поменяйте мои мозги, мне казахский язык не выучить!») деп парламентте мәлімдеген болатын.
Сол кездегі қалғыған парламент бұл масқараға да оянған жоқ - “Қазақ тіліне миың жетпесе, қалай Қазақ министрі боласың?”- деп айтатын бір депутат табылмады. Өйткені, өздерінің де жартысына жуығы мемлекеттік тілге милары жетпейтіндер еді.
Айтпақшы, мемлекеттік тілге миы жетпейтіндер парламентте де, үкіметте де, президент әкішілігінде де, министрліктер мен әкімдіктерде Тәуелсіздігімізге 30 жылдан асса да, әлі де жеткілікті…
Дәл сол кезде ақын Қазыбек Иса “Қазақ үні” газетінде: “МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?”-деп өткір мақала жазған еді. Қазір ол “Қазақ үні” ұлттық порталында ең көп оқылған және ең көп пікір жазылған мақалалар айдарында тұр.
Яғни, мемлекеттік тілге миы жетпейтін министрді, бүгінде елшіні орнынан алу 20 жыл кешігіп шықты. “Ештен кеш жақсы” дейміз бе, әділеттілік орнағаны үшін ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа рахмет айтамыз. Енді ұзағынан сүйіндіріп, мемлекеттік тілді білмейтіндерді мемлекеттік қызметтен босатуды жалғастыру керек! Әділетті Қазақстан үшін!
Сонымен қатар, былтыр қараша айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, елшілердің ең алдымен мемлекеттік тілді білуі керектігін айтып, «Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз ең алдымен мемлекеттік тілді білуі керек» – деп, нақты тапсырған еді.
Бұл туралы «ЕЛШІЛЕР ЕҢ АЛДЫМЕН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУІ ТИІС!» - деді ТОҚАЕВ. Ерлан Идрисов енді қайтеді...» атты мақала да жазған болатынбыз.
2020 жылы 7 тамызда «Қазақ үні» газетінде Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі қызметкерінің сондағы қандасымыз Майгүл Аулыхқа орыстілінде сөйлегені туралы «ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІКТЕРІНІҢ ТІЛІ РЕСЕЙ ТІЛІ МЕ?!.Сыртқы істер министрлігін сырт елдің мүддесін қорғаушылардан тазалау керек, Президент мырза!» атты мақаламыз шыққан еді. Бұл мақала қоғамда үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Сол кезде Сыртқы істер министрлігі сыннан қорытынды шығарып, қазақ тілін қолдануға біраз қадамдар жасағаны анық.