Азат Перуашев: СІМ-нің Медведевтің мәлімдемесіне қатысты үнсіздігі бізге түсініксіз
2022 ж. 03 тамыз
1743
1
«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Ресейдің экс-президенті Д. Медведевтің Вконтакте желісіндегі Қазақстанның жер тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы пікірлеріне түсініктеме беруді талап етіп, ҚР СІМ-ге сауал жолдады.
«Қазақ үні» ақпарат агенттігі сауал мәтінін оқырман назарына ұсынады.
***
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі М. Б. Тілеубердіге
2 тамызда БАҚ Ресейдің экс-президенті, Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Д.Медведевтің бұрынғы КСРО-ның тәуелсіз республикаларына қатысты бірқатар қорлайтын мәлімдемелері бар «ВКонтакте» әл.желісіндегі жеке парақшасында орналастырылған жазбасы туралы ақпарат таратты. Атап айтқанда, Қазақстанның атына жазылған постта «орыстардың геноциді» туралы, ал Қазақстанды «жасанды мемлекет» деп көрсеткен арандатушылық және қисынсыз мәлімдемелер бар. Автор «90-шы жылдардың басында орын алған қателік түзетілетініне ешкім күмәнданбауы керек, егемендік шерулері ешқашан болмайтынын» атап өткен. Оның айтуынша, сол үшін, Ресей билігі «бар күші мен қаражатын» аямайды.
Автордың Қазақстанға қатысты айтқаны келесідей: «Тарихтың тағы бір мысалы, XVII ғасырдың басында орыстар Солтүстік Қазақстанның жабайы жерлерінде алғашқы қоныстарды құрды. Үш ғасыр бойы Ресейдің осы аумақты отарлау процесі жалғасты... Қазақстан - жасанды мемлекет, бұрынғы орыс аумақтарынан тұрады. Қазіргі ғасырда Қазақстан билігі республика ішінде, орыстардың геноциді деп санауға болатындай… бастамаларды іске асыра бастады. Біз бұған көз жұма қарамаймыз. Ол жаққа орыстар бармайынша, тәртіп болмайды».
«Ақ жол» демократиялық партиясы мұндай мәлімдемелерді арандатушылық және тарихи шындыққа (атап айтқанда, XVIII ғасырда орыстар келгенге дейін мыңдаған жылдар бұрын қазақтар мен олардың ата-бабаларының Қазақстанның бүкіл аумағын игеру фактісі), сондай-ақ біздің елдеріміз арасындағы мемлекетаралық шарттар мен қатынастардың бүкіл кешеніне қайшы келеді деп санайды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің назарын осындай мәлімдемелер көрші мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының бірі, әсіресе экс-президент және Қауіпсіздік кеңесі төрағасының қазіргі орынбасары атынан айтылғанына аударамыз.
Осы жазба біраз уақыттан кейін жойылғанына қарамастан, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы орынбасарының баспасөз хатшысы ресейлік БАҚ-қа Д. Медведевтің жеке парақшасы «бұзылғанын» және құзыретті қызметтер осы мәселемен айналысатынын түсіндірсе де, «Ақ жол» демократиялық партиясы бұл уәжді қазақстандық қоғам үшін жеткіліксіз деп санайды.
Ең алдымен, жазбада Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына тікелей қауіп-қатерлер туралы айтылғандықтан, Д. Медведевтің өзі де, оның баспасөз хатшысы да бұл қауіптердің мазмұнын жоққа шығармады, осы лас жарияланымда айтылған агрессивті көзқарастармен келіспейтіндіктерін мәлімдемеді.
Яғни, біреу парақты бұзған болуы да мүмкін, бірақ бұл Д. Медведев мырза көрші мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы ретінде онда көтерілген мәселелер бойынша басқа ұстанымды ұстанады дегенді білдірмейді (!).
Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы парақшаның ресми иесі тарапынан тікелей Қазақстан Республикасы мен Қазақстан халқына жолданған тиісті түсіндірмелерді талап ету қажет деп санайды.
Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрлігінің үлкен қоғамдық резонанс тудырған осы жайтқа қатысты үнсіздігі бізге түсініксіз.
«Ақ жол» демпартиясы еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына кез келген қол сұғушылыққа жол бермеу туралы ұстанымын нық белгілеу қажеттігін талап етіп отыр.
Осыған байланысты, ҚР Сыртқы істер министрлігінен Ресей Федерациясының уәкілетті органдарынан осы жарияланымға және онда қамтылған Қазақстанның атына арандатушылық әрекеттерге қатысты ресми түсіндірмелер сұрауын сұраймыз.
Өз тарапымыздан, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығының беріктігін қатаң ұстанатындығымызды тағы да мәлімдейміз.
Құрметпен,
«Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы
Азат Перуашев