ТАҚ ПЕН ТАБЫТТЫҢ ЕГЕСІ ЖОҚ...

" АНА ТІЛІНЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?..

БІЗДЕ МИСЫЗ МИНИСТР, МИСЫЗ ӘКІМ, МИСЫЗ ДЕПУТАТ, МИСЫЗ ШЕНЕУНІКТЕР БОЛУЫ ЗАҢДЫЛЫҚ болса,

онда БІЗ ҚАНДАЙ ЕЛМІЗ?" атты мақалаға орай

 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  назарына!

  Еліміз егеменді алып тойлағалы қашан? 21 жылға жуық уақытта өз мәртебемізді аспандатып, өзге елдердің алдында абыройымыз асқақтап, көк туымыз көгімізде желбіреп тұрғанына міне біршама уақыт өтті.  Бұған да шүкіршілік. Көршілеріміз қақтығысып жатқанда көмек қолмызды созып еліміздің мәртебесін және көтеріп отырғанымыз ақиқат. Елбасының салып берген саясатының арқасында  түтініміз түзу,  іргеміз берік, өзге елдерден елімізге келіп жатқан дипломанттарды көріп тағы да арқамызды кеңге салып қоямыз. Бұған қуанбасақ еш өкініп жатқанымыз жоқ. Таққа келіп, кетіп жатқан шенеуніктеріміз қаншама. «Тақ пен табыттың егесі жоқ» екені дұрыс айтылған ау,  шамасы. Халық қалаулысы етіп сайланған қалаулылар не тындырып, қандай заң жобалары мен халық үшін атқарып жатқан қандай істері бар? Елбасының тапсырмасы қаншалықты орындалып жатыр? Халықтың мұң мұқтаждарын естір құлақ бар ма? Алғыс арқалаған шенеуніктер табылады ма? Көкейдегі көптеген сұрақтарға жауапты қайдан аламыз? Міне, сіздерге арнап хат жазуымыздың себебі де осы. Иә, шындығында қалаулылар қандай істер атқарып жатыр? Тоқталып өтейік. Жылдар бойы кезекке тұрған халыққа жер берілмейді деп бір сілкігенде Елбасының тапсырмасын қай «тасаға» қойды екен.? Қазақстанда 3000000 га жер бола тұра тарыдай шашылған қазақстандықтарға қалайша жер жетпеді екен? Еліміздің кейбір шенеуніктерінде салынған алып ғимаратар мен гектар- гектар жерлер тұрғанда, қарапайым  халықтың 8 сотық жерлері көзге көрініп қалғаны ма? Оны да алып «қарық» болып жатқан қарапайым қазақты көрмедік. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 63 мыңнан астам жер кезегінде тұрса  өзге облыстарды шамалап алып қараңыз. Сонда, еліміздің жерлері қайда? Халықтың наласын алғанша, атқамінерлердің мыңдаған гектар жерлеріне көз салып, бірінші кезекте неге солар кері қайтарылмады? Әр Қазақстандық 8 сотық жер алуға құқылы десе, сол құқымыз қайда қалды? Екінші кезекте халықтың талқысына түскен зейнеткерлік жасы туралы да аз айтылған жоқ. Иа, дұрыс-ақ делік. Бірақ, кімдер үшін? Астананың төрінде орналасқан  Парламент «ханшайымдары» үшін бе? Әрине, жылы жерде отырып, жалақысы мыңдаған доллор болып тұрғанда ол орынды қайдан қисын? Сол креслода жайғасқан «ханшайымдарымыз» ауылдағы құрбылары мен апа, сіңлілерінің қандай күй кешіп жатқанынан хабардар ма? Әй, қайдам? Алатын зейнетақылары алды 50 мың болса, арты 18 мың теңгеден аспайтынын қайдан білсін? Бұл 18 мың теңге не тәйірі,? Бір күндік шығындары мен бір киер киімдерінің өзі бұндай сома тұрмас сірә? Оған бас ауыртып жатқан біздің қалаулыларымыз байқалар емес.  Зейнеткерлік жасын ұлғайту керек деп айта бастағанда қуана келіскендерін тек өздерінің бас пайдалары үшін екенін ойлағанда қынжылғаннан басқа қолымыздан ештеңенің келмегеніне «қайнайды қаның» екен. Мен бас пайдамды ойлап айтып отырғаным жоқ. Қолымыздан келетіні халық мұңын жеткізу ғана. Әрине, «көзіңе қарап тұрып турасын айтса, досың деп бағала» дегендей жоғарғы жақта бір-бірлеріне достың табылмағаны қандай өкінішті? Алайда, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, күнделікті халық арасында жүргеннен соң, халықтың сәлемін жеткізуді азаматтық парызым деп санағаным жасырын емес.  Иа, зейнеткерлік жасын ұлғайтқаннан не ұттық? Тек «ханшайымдардың» тақта ұзақ мерзім отыруы ғана. Бұл шындық.  Халықтың пайдасын ойлап, ауылдағы ағайындардың кейпіне еніп көретін шенеуніктеріміздің табылмағаны өкінішті ақ. Қалай десек те, «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды».  Үшінші кезекте елімізде «жазылмайтын індет» болған тіл мәселесіне келсек. «Жазылмайтын індет» деп атауымның өзі айтып тұрғандай,егемендік алғалы 21 жыл болса да  тіліміз сол шалажансар қалпынан алға қарап жылжымауы. Бұл да сол «астаналық жылы кресло» егелерінің арқасында тіліміз мүшкіл халінен жазылар емес. Қайдан жазылсын, шенеуніктеріміздің өздері тілдерін бұрап сөйлеп жатса, екінші бірі тілімізді жаттауға тіптен құлықсыз. Оған дәлел ретінде біршама министрлеріміздің сөйлеген сөздерін еске түсіріп көрелік. Теңгенің «құдайы» санаған Марченко мырзаның өзі «тілді жаттамаймын, жаттауға құлқым жоқ» -дегенді теледидардан тікелей айтпады ма? Сонда, Нұрсұлтан Әбішұлы тікелей тапсырма бергенде жаттамаған тілді көрер едік. Әрбір шенеунікке «мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді таза сөйлеуі керек»- десе,  «сайрамаған»  министр мен шенеунік табылмасы хақ.  Сөз сөйлеуге келгенде тілімізді «шалажансар» етіп,  қызметке келерде «жоғары жорғалайтын» қандастарымызды көріп жанымыздың ашығанын да жасыра алмаспыз сірә.? Шенеунік мырзаларға емес, тілімізге. Шырылдаған тек Бекболат бен Айталы ағаларымызды сол үшінде Парламентте отырғызбағаны деген сөздердің жаны бар ма деп қаламыз. Халықтың жоғын айтып, мұңын жеткізе бастаған қалаулыларымыз не үшін ұзақ отырмайды деген сұрақ туындайды? Төртінші кезекке «солқылдақ» заңдарымыз туралы айтып өтсек. Иа, «солқылдақ» деп айтпасқа амал жоқ. Өздеріңіз куә болып жүргендей, кейінгі кезде құқық қорғау орындарына деген халықтың өкпелері қара қазандай.  Қалай десек те, «заңы мықты елдің, іргесі берік» дегендей заңдарымыз «қауқарсыз»  болып жатқанда Жоғарғы сотқа деген өкпелерін немен жеткізерін білмеген халықтың қарасы көп-ақ. Егерде сенбесеңіздер ауылдарға «айбарақсыз» келіп көріңіздер. Атой салмай, ауылға келсеңіздер біршама шындыққа көз жеткізіп, ауылдықтар мен шалғайда орналасқан қандастарыңыздың алғысын арқалауларыңыз ғажап емес. Соттың табалдырығын тоздырып, ақиқатқа қол жеткізе алмай жүрген, жазықсыздар қамалып, жазықтылардың  сайраңдауына тиым сала алмай, жемқорларға тор құрамыз деп жүргенде, өздері торға түсіп жатқан «қорқау шенділеріміз» көбейіп бара жатқанына тек басы ауырып, балтыры сыздап жүрген  сол баяғы журналистер қауымы ғана. Сонда да, алғыс арқаламай керісінше, істі болып бастарын қатырып жүргенде, бар күйені жағуға тырысатын шенді-шекпенділеріміздің айыбы ашылмаса екен деген іс әрекеттері көңілімізге кірбің ұялатып,  қолымызға қалам алуымызға мәжбүр болатынымыз. Елдің жоғын жоқтаймыз, мұңын жеткіземіз деп жүргенде сотқа сүйреліп жүрген әріптестеріміз аз емес. Ең қынжылатынымыз: Сот мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізіп, «қолдан келгенде басып қал» емес, сотты ашық түрде өткізуді сұраған болар едім. Жоғарыда айтып өткендей, өз жеке пайдам үшін емес, халықтың көзін жеткізу үшін барлығы ашық түрде, сотқа ешкім баға бере алмайды деген пиғыл мен заңды өзгерту ғана болмақ.  Соттың қаулысына келіспей шағым жаза қалсаң, «сотқа ешкім баға бере алмайды» деп өзі сол қаулыдан бетер күшті екенін көрсеткенде, «амалым қанша» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Бұл өз басымыздан өтіп жатқан, журналистердің күнделікті кездесіп жатқан жағдайлары үйреншікті болып бара жатқандай ма? деп те қаласың. Шындықты жеткізгені үшін, халықтың мұңын айтып, жоғын жоқтағаны үшін, әділдікке қол жеткізуге көмек қолын созғандары үшін сол таяқ баяғы журналистер қауымына тиіп жатқандығы жасырын емес. Сонда, біздің сөз бостандығын «тұншықтыруға» тырысқан шенеуніктерге тосқауылды кім қояды? Әділдік іздегендерге араша кім болады? «Солқылдақ» заңдарымыздан көмек болады деп жатқанда, қауқарсыз баланың кейпіне енген заңдарымыздың бізге беріп жатқаны шамалы ау?  Кейде пендешілікке беріліп, бәріне «нәлет» айтпасқа амалымыз да қалмайды. Алайда, құр «нәлеттен» не өзгеріп, неміз түзеле қояр? Сырттай «қарғысқа көміліп» жатқандары болмаса, шенеуніктеріміздің де шекесі шылқып тұрғандары шамалы. «Шабақтарымыз тұтылып, шортандарымыз құтылып» тұрған заманда заңымызға кім бағына қойсын? Ол үшін, заңымызды қатал, баяғы бабаларымыз айтқандай «ханға да, қараға да» бірдей етсе ғой деген «бала арманы» орындалар ма екен? Оған да Елбасы мен Парламенттегі «көкелеріміздің» сөздері өктем болып тұрса ғой, шіркін.? Жоғарғы соттың назарына дегеніміз, бүгінгі таңда қолымыздағы жиналған мәліметтер мен жиналып жатқан мәліметтерді топтастырып, «солқылдақ» заңымыздың құрбаны болғандар туралы көлемді мақала жариялау. (Бұл журналисттік зерттеу біткен кезде міндетті түрде жолдайтын боламын.) Сол үшін сіздерден сұранатыным; Елбасының тапсырмалары «тасада» қалмай орындалуын мұқият талап етіп отырсаңыздар, арқалайтын жүктеріңіз тек алғыс боларына сене беріңіздер. Кезекті тоқталатыным «теңгенің ұйығы» болған тендерге басты назарды салсақ. Былыққа батқан мемлекеттік сатып алу туралы қанша тоқталсақ та нәтиже шығара алар емеспіз. Неге? «Ұйыққа» айналып бара жатқан бұл салаға қаншама тексерулер жүріп жатыр, қаншама қираған құрылыс нысандарын көрсетіп жатырмыз. Бірақта, нәтиженің ұшы көрінер емес. Сонда, көрінбейтін бұл не қылған былық? Бұның басы неден бастау алады? Соңғы кезде «электронды вариант» деп алдағандары болмаса сол баяғы «процент», пен «ауыз тию» . Қалай деп сұрақ қоюдың өзі ерсі көрінетін шығар.? Бұған да аз маз тоқталып өтсек. «Теңгенің ұйығы» деп қашаннан бері аталып жүр.? Шындығында солай ма? Тендердің жеңімпазы болу үшін бірінші кезекте, кішкене «ауыз тидіріп» қоймасаң тек түсіңде көретінің ащы да болса ақиқат. Берілетін жарнаң 15 пайызды құраса, технодзорға дегенің бар, тапсырыс берушіге, қабылдау актсіне дегендей тізе берсек жалпы «ауыз тигізу»  үшін 25 пайызды жоққа санада жеңімпаз атана бер. Қарапайым қатардағы кәсіпкер бұл пайызды беріп тұрса да жеңімпаз атана алмайды. Неге дерсіздер. Себебі, әрбір шенеуніктің «подполный» фирмалары жұмыс алмайынша «орындалмас арман» күйінде қалуың факт. Бұған да сенбесеңіздер, барлық облыс пен қала басшылары, халық қалаулылары  мен олардың балдыз, құда жекжаттарын тексеру жіберіп көруге болады.  Оны да тексеріуін тексереді ау, бірақ, «қазан жабулы» күйде қалатыны тағы да бар. Неге деген заңды сұрақ туындайды.? Оған да жауап іздеп көрелік. Тексеруге келген құзырлы органдарда «ауыз тиюден» құр қалмайды, сол үшін ол басшылар орнынан кетпейінше шындық ашылмайды. Соңғы кездері «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөзді өзгертіп алыпты. «Әкім бол, тендерге жақын бол» деп. Міне, «балық басынан шіриді» дегендей басымыздан айрылмай тұрғанда ойланып, нәтиже шығарайық. Барлығымызда пендеміз. Дегенмен, «ТАҚ ПЕН ТАБЫТТЫҢ ЕГЕСІ ЖОҚ екенін естен шығармайық. Бұл тақ бізбен  мәңгілік бірге емес екенін, халықтың алғысы ғана мәңгілік екенін, көзіміз кетсе де, әрбірінің көңілінде тұрған алғысқа қол жеткізу үшін не істеу керек екенін ойланып, жоғалып бара жатқан сенімге қол жеткізу үшін атқаратын істерімізді ғана ойлап әрекет етсек, берекесін алатынымыз шындық.

Жалғасы бар

 Анар СҮЛЕЕВА,

Республикалық құқықтық ақпараттық «Темірқазық-Ой»

газетінің бас редакторы

www.qazaquni.kz