ТОҚЕТЕРІН АЙТҚАН ТОҚАЕВ СЫНАҚ АЛМАҚ БОЛҒАНДАРҒА САБАҚ ҮЙРЕТІП КЕТТІ!..

ТОҚЕТЕРІН АЙТҚАН ТОҚАЕВ СЫНАҚ АЛМАҚ БОЛҒАНДАРҒА САБАҚ ҮЙРЕТІП КЕТТІ!..

Әлем көз тіккен Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумының бас кейіпкері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды!

Осы уақытқа дейін біздің елдің көкейінде ғана емес, халықаралық аренада да жиналып қалған күрделі сұрақтарға бір-ақ жинап, күшті жауап берді! 

Украинадағы Луганск пен Донецкке қатысты модератор, Кремльдің насихатшысы Маргарита Симонянның:

-Біздің (Ресейдің) Украинадағы арнаулы операциямыздың мәжбүрлікпен жасалып жатқаны және заңдылығы туралы не айтасыз”-деп үміттеніп, өзіне сенімді күйде жетектеп қойған сұрағын Тоқаев сырбаз отырып-ақ тас-талқанын шығарды. 

“Турасын айтайын, бұл мәселеге қатысты түрлі пікір бар. Қоғамымыз ашық, азаматтық қоғамның толысқаны анық байқалады. Сондықтан, түрлі пікірлер айтылады. Дегенмен, келесіні атап өткім келеді: қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ Жарғысы. Бірақ, БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы.

Егер ұлттарға таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді.

Бұл бейберекеттік тудырады. 

Дәл осы себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкке де қолданылатын болады», - деп, Тоқаев тоқетерін бір-ақ айтты!

Луганск мен Донецкіні мойындамақ түгілі, оларды квазимемлекет ретінде атап, Тайвань, Косова, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның қатарына бір-ақ қосты. 

Бұл сөзімен Ресейдің қатысы бар Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамайтынын мәлімдеді. 

Ал, керек болса! Артық қылам деп, қалған-құтқан аз абыройынан да айрылған Ресей саясаткерлері сандарын соғып қалды…

Ресейдің өзі әлемдік ақпарат алаңын жасап беріп отырған оңтайлы сәтті текке жібермейтін терең ойлы дипломат Тоқаев Путиннің көзін бақырайтып қойып, оның Қазақстанға қарап үріп жүрген саясаткерлерінің де сазайын беріп, бір сыбап алды. Сұрақ қойғыш Симонян үйіндегі үргіштердің бірі екінші Симонянға қалай сәлем арқалап кеткенін де білмей қалды!..

Ол аз болса, Тоқаев Украинаның Европалық Одаққа қосылуын қолдап, оған көмектесу керектігін қадап айтты.

Осылайша Ұлы даладағы Ұлытауда ұлттық құрылтай өткізіп, Ресейдің бағынышты болып, салық төлеуі бес ғасырға созылған Алтын Орданың алғашқы ханы Батудың әкесі Жошы ханның басынан келіп отырған Қазақ Елі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Алтын Орданың нағыз мұрагері екенін айқын көрсетті!

Санк-Петербургтағы самсаған саясаткерлерді аузына қаратып, Ресей төрінде шалқайып отырып, шалқасынан түсірді Путинді! Ресей президентінің сасқаны сонша, Қасым-Жомарт Кемелұлының аты-жөніне тілі келмей қалып, шатасып кетті…

Пұтқа табынғандай Путинге қарап отырған шовинистер бұтына жіберіп қойды…

Сумаңдап сұрақ қойып отырған Симонян ханымның жағдайы не болғанын күреңітіп кеткен ұсқынынан байқауға болады! “Қайдан ғана қағынып, осы сұрақты қоя қалып едім. Қожайын сазайымды тарттыратын болды”-деген күйініш тырысқан шекесіне жазылып шыға келді…

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы басшылық тәжірибесімен дипломатиялық шеберліктің шегі жоқ тереңдігін Кемелұлы кемелдікпен дәлелдеп берді.

Осылайша Тоқаев өзінен емтихан алмақ болғандарға сабақ үйретіп, сабасына түсірді.

“Қазақстан біздің қанжығамызда екенін әлемге көрсетіп қояйық” деген Путиннің командасы оңбай опық жеді. Қазақстанның Ресейдің империялық саясатына қарсы екенін Тоқаевтың тоқетер жауаптары әлемге айқындап берді.

Бұл оқиғаға куә болған елдегі біз түгілі сырттағы қазақтардың да жалы көтеріліп, жалындап шыға келді. Алманиядағы Өмірхан Алтын бауырымыз әлемнің жетекші елдерінің баспасөзінде Батыстың Тоқаевқа таңқалып жатқанын жақсылап келтіріп, қатты қуанып жатыр.

“Германияның ең ықпалды ақпарат порталдарының бірі болып саналатын T-ONLINE Қазақстан президентінің баяндамасын „Аса назар аударарлық көрініс. Путин ашық сахнада тосын тойтарысқа тап болды. Кремль басшысы бұл сөздерді күтпеген болса керек. Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Ресейдің одақтасы делінетін ел назар аударарлық мәлімдеме жасады“ деді.

Ал BLOMBERG NEWS басылымы болса „Путин Украинадағы соғысқа байланысты одақтасының күтпеген тойтарысына тап болды. Путин форумда басқыншылықты қорғап жатқанда Қазақстан басшысы Тоқаев онымен келіспейтін сөз айтып, Қазақстан Луганск пен Донецк сияқты квазимемлекеттік аумақтарды мойындамайды“ деп атап көрсетті деді. Аталған басылымның айтуынша, Кремль Ресейдің Путинді оқшаулауға бағытталған АҚШ пен Еуропаның санкцияларына сәтті қарсы шығып жатқанын көрсету үшін Қазақстан президенті Тоқаевты Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысына шақырғанымен екі жақ арасында сирек кездесетін келіспеушілік орын алды. Бұл аса назар аударарлық жағдай болды. 

Бұлардан басқада көптеген батыстық баспасөз құралдары бұл мәселе туралы хабарлап жатыр”-деп жазғанын “Қазақ үні” сайты хабарлады.

Бұларға қоса тағы бір тақым қысар тақырып-Тоқаевтың кеше Путин берген "Александр Невский" орденінен бас тартуы. 

Қазір орыс тілді ақпараттар осылардың бәрін айтып, ойбайлап жатыр…

МемДума депутаты Константин Затуллин дегені Тоқаевтың жауаптарын сынап, Украинаны мысалға келтіріп, байбалам салуда. “Қазақстанның Луганск мен Донескіні мойындамайтынын жақсы білеміз, ең болмаса, үндемей-ақ қоймай ма?”-деп көлгірсиді. Бір елдің президенті болсын, кім болсын, қойылған сұраққа жауап бермей үнсіз отыра алмайтынын білмейтін ол қандай депутат екенін білмедік?!. Олар ашуын сол сұрақты қоямын деп сұлап түскен Симоняннан алсын керек болса…

Алтын Орданың атасы Жошы ханның таққа отырғанына 800 жыл толады келесі жылы! Соны мемлекеттік деңгейде тойлап, Ресейден бастап, әлемнің бар президентін шақыру керек!

Алла Алашқа жар болсын!

Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні